ТЕРІСКЕЙДЕ АНА ТІЛІН ДАМЫТУ МАҢЫЗДЫ

Саясат Қоғам
224 Views

Елімізде күнгейден теріскейге көш керуенін түзеген отбасылардың қатары күн санап артып келеді. Бірі жұмыссыздық жағы мазалап, екі қолға бір күрек табу үшін келсе, ендібіреулері қазақыландыру саясатын қолдау мақсатында солтүстікке қоныс аударудықұп көреді. Әрине, теріскейге келіп, тіршілігіңді түзеп кету оңайға соқпасы анық. Алайда, аталған жоба арқылы ғана игі істердің бастамашысы болып, бағдарламаның толық түрде жүзеге асуына септігімізді тигізе аламыз. Газетіміздің бүгінгі кейіпкері де талай жыл бойы ұстаздық қызмет атқарып, жарты ғұмырын қазыналы оңтүстікте өткізгеніне қарамастан, мемлекеттік жобаны қолдау мақсатында Павлодар облысының Ақсу қаласына көшіп келеді.

Күлжан Нұрмұратова – Түркістан облысы, Жаңақорған ауданының тумасы. Бала күнінде ата-анасы шырайлы Шымкент шаһарына қоныс аударған соң кейіпкеріміз қала тіршілігіне бой үйретіп, бойындағы қабілетін жетілдіреді. Түрлі үйірмеге қатысып, талантын шыңдайды. Қазақ жазушыларының шығармашылығымен сусындап, әр қилы бағытта өлеңдер жазуды бастайды. Мектептен түлеп ұшар сәт келгенде саналы ғұмырын педагогика саласына арнауды қалайды. Ол бүлдіршін бойына бар жақсы қасиетті сіңіріп, әлі күнге дейін балабақшада қызметін жалғастырып жүр. Қазіргі таңда солтүстіктің күнделікті тынымсыз тіршілігіне бой түзеп, саналы ұрпақ тәрбиелеуге өзіндік үлесін қосуда.

– Кіндік қаным киелі оңтүстік өңірде тамды. Балғын балалық шағымды осында өткіздім. Тіпті, Жетісай қаласының ақ келіні атандым. Бастапқыда солтүстікке көшіп келу ойымызда да болмаған. 2021 жылы ұлым мемлекеттік бағдарлама жайлы естіп, құжаттарын дайындай бастады. Әрине, біз қарсы болған жоқпыз. Себебі, теріскейдің бүгінгі жағдайы барша халыққа мәлім. Қазақыландыру саясатын қолдау мақсатында ұлым мен келінім Ақсу қаласына көшті. Бір таңқаларлығы, жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері оларды құшақ жая қарсы алып, құжаттарды даярлап, бос жұмыс орындарын ұсынып жатты. Оңтүстікте халық тығыз болғандықтан шығар, белгілі бір мекемеге бара қалсаң, кезек күтіп, көп уақыт жоғалтасың. Ал, бұл жақтың атмосферасы өзгеше. Жоба жыл өткен сайын жанданып келеді. Ақсу қаласына қоныс аударып келгенімізге 8 ай өтсе де, тез сіңісіп кеттік. Айлық табысы жоғары жұмысқа орналастым, орталық қызметкерлері балаларыма да жайлы орын мен баспана ұсынды. Мемлекет әр адам басына 214000 теңге берді. Шынында да, қуанышымызда шек болған жоқ, – дейді Күлжан Сәрсенқызы.

Солтүстіктің табиғаты жанға жайлы, дертке дауа. Өнеркәсіп орындары мен жұмыс мекемелері жетерлік. Кейіпкеріміз халыққа қызмет көрсету орталығы мен аурухана дәрігерлері жұмыстарын жүйелі түрде істейтінін алға тартады.

– Қазіргі таңда атқамінерлер жол мәселесін шешіп жатыр. Мемлекеттік мекемелерде орыстілді қазақтардың қатары сиреді. Салт-дәстүріміз де қайта жаңғырып келеді. Мектептер мен балабақшаларда қазақ тобы ашылған. Арнайы мекемелер де бой көтерді. Бірақ, халық солтүстікке келуге жүрексінеді. Табиғаты қатал, жұмыс табу жағы қиын, тұрғындары суық деп ойлайтын шығар. Алайда, теріскейді қазақыландыру қажет. Бұл өңірдің халық санын оңтүстікпен салыстыруға келмейді. Солтүстікте халық аз, жұмыс көп.

Күлжан Сәрсенқызы бүлдіршіндердің тәрбиесімен айналысып қана қоймай, қазақи әдет-ғұрыптардың ел ішінде таралуына себепкер болып жүр. Ұстаздық қызметіндегі басты мақсаты да балаларға қазақ тілін үйрету.

– Елдің ертеңгі болашағы – бүгінгі бүлдіршіндер. Балаға тәлімді тәрбие беру – тұтастай ұлтты тәрбиелеумен тең екені ақиқат. Иә, балғындардың салиқалы ұрпақ болып жетіліп, олардың өмірден өз орнын адаспай табуына, тұлға болып қалыптасуына ата-анадан кейінгі тікелей жауапты тұлға – ұстаз. Ата-бабамыздың қанымен келген дәстүр мен тілді дәріптегім келеді, – дейді кейіпкеріміз.

Күлжан Сәрсенқызы жұмыссыз жүрген жастарды солтүстікке қоныс аударып, жағдайларын жақсартуға шақырады.

– Бүгінгі таңда әрбір жанға мемлекет тарапынан көптеген мүмкіндік қарастырылған. Тек жалқаулықты тастап, еңбек ету қажет. Білімді жанға әркез орын табылады, – дейді ол.

Солтүстік өңірде жұмыс та көп, мүмкіндік те мол. Жыл сайын берілетін гранттардың саны артып, кәсіпорын қатары көбейіп жатыр. Бір өкініштісі, бұл аймақта игерілмей жатқан жерлер мен бос жұмыс орындары жетерлік. Мемлекет осындай жағдай жасап жатқанда қол қусырып отырмай, тез арада теріскейге көш түзеген жөн.

Аружан САМИДИН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *