ТҮЙМЕБАЕВ ТҮРКІСТАННЫҢ ТІЗГІНІН ҚОЛҒА АЛДЫ

Билік
1 068 Views

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған асқаралы мақсат-міндеттерді жүзеге асыру жолында Оңтүстік өңірінде өнегелі жұмыстар атқарылып келеді. Осы орайда «Туған жер» бағдарламасының аясында киелі де қасиетті орындарды айқындап, туризмді дамытудың жаңа бағыт-бағдарлары ашылып отыр. Жалпы алғанда, Оңтүстік демографиясы дамыған, халық саны көп өңір болып саналады. Еліміздегі әрбір бесінші баланың осында дүниеге келуі біздің бұл пікірімізді дәлелдей түседі. Облыс халқының саны 3 миллионға жуықтап отыр. Шымкенттейін шырайлы шаһардың тұрғындары 1 миллионнан асты. Міне, осындай жағдаяттарға байланысты Елбасының  Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысының атауы Түркістан деп өзгертілді. Екінші Мекке, Рухани астана деп дәріптелетін 1500 жылдық бай тарихы бар көне де мәңгі жас қаланың мерей-мәртебесі өсіп, қалың жұртшылық мәре-сәре күй кешуде. Қаланың Бас жоспарын жасауға 40 миллион теңге қаржы жұмсалып, үлкен конкурс өткелі отыр. Келешекте бұл шаһардың көркем де көрікті, әсем де ғажап қалаға айналарына сенімдіміз.

Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы – Шымкент қаласы Республикалық бағыныстағы мәртебеге ие қалаға айналды. Осыған орай мұндағы облыстық деңгейдегі басқармалар Түркістанға көше бастады. Қалада жұмыс істеп келген бұрынғы бөлімдер басқарма, департаменттерге айналып, жаңа құрылымдар дүниеге келуде. Қала басшылығына қайта келген жас та талантты, іскер де дарынды әкім Ғабидолла Рахметоллаұлы Әбдірахимов өзінің жаңа командасын жасақтау үстінде. Алдымен қала әкімінің орынбасарлары тағайындалды. «Нұр Отан» партиясы мен қалалық білім басқармасының жаңа басшылары қызметке келді. Қалалық соттың төрағасы мен қала прокуроры да – жаңа кадрлар.

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев қазақы ортадан шыққан, қарапайым ауыл баласы. Ол  көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Қансейіт пен анасы Ұлмекен 13 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. 13 ұл-қыз дегеніңіз, етегінен бала саулаған, Батыр аналары көп Шаян өңірі үшін таңқаларлық дүние емес. Әкесі Қансейіт марқұм  уақтысында Бәйдібек, Созақ аудандарында басшылық жұмыстарды атқарған. Отбасында ұлдың үлкені Байсейіт Түймебаев да лауазымды  қызметтердің құлағын ұстады. Кезінде Маңғыстау облысында жауапты қызмет атқарған. Кейіннен Шымкент, Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдіктерінде қызмет еткен. Бәйдібек ауданының әкімі болған. Өмірінің соңғы жылдарында  антимонополиялық қызметтің Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстық департаменттеріне жетекшілік жасаған. Айтқандай, қазіргі уақытта Жансейіт Түймебаевтың туған інісі Имангелді Түймебаев Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет етеді. Жан жары Жанат Еңсебаевамен бірге Елдана және Елнар есімді ұл-қыздар өсіріп тәрбиелеген. Зайыбы өнер галереясының директоры болып істейді.

Түймебаев  сонымен қатар белгілі филолог әрі түркітанушы. Қазақ ұлттық университетінде 13 жыл студенттерге дәріс оқыған. Ол отызға жуық ғылыми еңбектің, оқулық пен оқу құралының  авторы. Бұл кітаптардың басым бөлігі филология мен түркі әлемін зерттеуге арналған. Осыдан шығатын қорытынды – ол ұлтжанды, түркі әлемінің бірлігін аңсайтын азамат. Әкімдік қызметіне дейін Қазақстанның Түркиядағы елшісі қызметін атқарған Жансейіт Түймебаевты жұрт көбінесе білім саласын  басқарған министр ретінде таниды. 2007-2010 жылдар аралығында Білім және ғылым министрі қызметін атқарған ол бір кездері реформалар мен ҰБТ-ға қатысты даулы мәселелер бойынша сыналған болатын.  Әйткенмен, арада қанша жыл өтіп, талай министр ауысса да  ҰБТ төңірегіндегі айқай-шу басылар емес. Себебі, қалай басқарсаң да Білім және ғылым министрлігі — уы мен шуы басылмайтын,  дау-дамайдан бас көтермейтін сала. Бұл ретте — Жансейіт Түймебаев басқару ісінде әжептәуір тәжірибесі бар, еңбекқор әрі талапшыл басшы. Батыл шешім қабылдап, жауапкершілікті өз мойнына ала білетін азамат.

Өзінің жоғары лауазымды қызметі барысында Астанада жүріп, Елбасының тәлім-тәрбиесін көрген Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевты қалың жұртшылық іскер де білікті басшы, ғибратты ғалым, елші, министр ретінде жақсы біледі. Ғалым ретінде отызшақты кітап, оқулық пен оқу құралдарын жазған. Елші ретінде Қазақстанның Ресей Федерациясымен, Түркиямен, Албаниямен қарым-қатынастардың жақсара түсуіне белсене атсалысқан. Министр ретінде Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының жүйелі түрде жүзеге асуы жолында ерен еңбегімен көзге түскен.

Әкім ретінде өзінің туып-өскен өңірінің одан әрі гүлденіп, көркейіп-көріктеніп, өсіп-өркендей түсуі жолында қолынан келген еңбегін аямай келеді. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев 2016 жылы атқарылған жұмыстар бойынша халық алдында берген есебінде тәлім-тәрбиені отбасынан бастау қажеттігін жеткізді. Есепті кездесуде бірқатар әлеуметтік, коммуналдық, ауыл шаруашылығы, мәдениет, кәсіпкерлік, туризм салаларына қатысты 80-ге жуық сұрақтар мен ұсыныс, тілектер жолданып, аймақ басшысынан тиісті жауабын алды. Сауалдар тікелей, хат арқылы және аудандармен интерактивті онлайн режимде қойылып, жолданды. Ал арнайы қатарға жайғасқан облыстық басқарма басшылары тұрғындардан келген сұрақтарды жазып алып отырды.
Сондай сауалдардың бірі бүгінде Түркия Республикасында білім алып жүрген студент Бағлан Ермахановтан онлайн сұрақ ретінде қойылды. Болашақ маман Түркістан қаласының туризмін дамытып, қызмет көрсету сапасын жоғарылатқысы келетіндігі жөнінде ойын білдіріп, бұл ретте, әкімдік тарапынан қандай көмектің боларын білгісі келді. Облыс әкімдігінің саланы жетілдіруде алға қойып отырған жоспарлары көп екенін жеткізген аймақ басшысы студентті алдағы уақытта ортақ мақсатты іске асыруда бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Айта кету керек, өңір басшысының есебін тыңдауға келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов жылдық есепті оң бағалап, аймақ басшысының жұмысына сәттілік тіледі. Өз сөзінде вице-премьер облыс әкіміне Сырдария өзенінің бойындағы бос жерлерді пайдалану ісін қолға алып, индустриалды аймақтардың жұмысын жүйелеу туралы ұсыныс, тілегін жеткізді.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаевтың жарыссөздегі ойы да осыған саяды. Оңды істердің бастауы болып келе жатқан Оңтүстіктегі ілкімді істерге куә болып жүрген халық қалаулысы өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, білім саласына одан әрі көңіл бөлу сынды ойларымен бөлісті. Сондай-ақ, жарыссөзде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, мемлекет және қоғам қайраткері Розақұл Халмұрадов, облыстық мәслихаттың депутаты, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Оңалбай Аяшев, Төлеби ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаевтар пікір білдіріп, аймақ басшысының жұмысын оң бағалады.

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында 2017 жылды қорытындылап, халық алдында есеп берді. Онда әкім өңірдің экономикалық және әлеуметтік салаларында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жылда іске асырылатын жұмыс жоспарлары туралы баяндады.

Есепті кездесуге жергілікті тұрғындармен қатар, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев пен ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Мұрат Имандосов және «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғабидолла Әбдірахымов,  ҚР Премьер-Министр Кеңсесінің бас иснпекторы Марат Жексембин қатысты.  Жалпы есепті жиынға қатысқан бір мыңнан астам тұрғыннан бөлек, өңір жұртшылығы аймақ басшысының есебін облыс әкімдігінің ресми сайты мен әлеуметтік желідегі facebook парақшасында жүрген тікелей эфир арқылы да тыңдады.

Өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталған өңір басшысы өнеркәсіп саласында 858,5 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 2016 жылмен салыстырғанда 69,5 млрд. теңгеге өскенін айтты. Ал өңдеу өнеркәсібі өндірісінің өсімі өткен жылмен салыстырғанда бірқатар салаларда артқан. Сонымен 2017 жылы индустрияландыру картасы аясында 36,4 млрд. теңгеге 1 мыңға жуық жұмыс орнын құрайтын  18 жоба іске қосылған.

Қазіргі таңда 11 индустриялдық аймақтың  9-ы толыққанды жұмысқа көшкен. Бүгінде аймақтарда іске асырылған жобалар саны 78-ге жетіп, 35,9 млрд. теңге инвестиция тартылды. Осының нәтижесінде 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

«Облысқа тартылған инвестицияға келетін болсақ, бұл бойынша облыс экономикасына 482 млрд. теңге инвестиция бағытталып, 2016 жылмен салыстырғанда  20,2%-ға артты. Бұл көрсеткішпен облыс республикада алдыңғы орында. Яғни, осы өңірге инвестиция тарту мақсатында өткен жылы шетел инвесторларымен 40-тан аса іскерлік кездесулер өткізілген. Нәтижесінде, Ресеймен  кіші гидроэлектрстанциясының құрылысы, Қытаймен – биоэтанол мен фосфор тыңайтқышы зауыттары, күн сәулесінен электр қуатын өндіретін электрстансасының құрылыстарын  жүргізу жөнінде келісімдер жасалды.

Инвестиция тарту жұмыстарын күшейту және шетелдік инвесторлармен жұмысты ұйымдастыру мақсатында 2017 жылдың маусым айынан бастап облыста «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ өңірлік өкілдігі ашылды. Жалпы өткізілген инвестициялық форумдар мен іс-шаралардың нәтижесінде, өткен жылы сырттан тартылған инвестиция көлемі 94,6 млрд. теңгені құрап, өсім 48%-ға жетті»,-деді Ж.Түймебаев.

Аграрлы аймақтың агроөнеркәсіп саласында атқарылған жұмыстарына тоқталған әкім  мемлекеттік қолдаудың арқасында 522 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 2 пайызға артқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл көрсеткішпен облыс республикадағы үлесі бойынша  2-ші орыннан көрінген. Ауыл шаруашылығына тартылған инвестициялардың көлемі 38,1 млрд. теңгені құрап, 3,4 есеге артқан. Осының нәтижесінде егіс көлемі 29 300 га ұлғайып, 818 мың гектарға, тамшылатып суғару әдісі қосымша 8 100 га ендіріліп, жалпы көлемі 59 100 га жеткен. Бұдан бөлек, облыс басшысы жылыжайлар қосымша 202 га салынып, жалпы 1 325 га жеткенін, республикалық үлесі 80 пайызды құрағанын мәлім етті. Есепті жылы салаға 24,9 млрд. теңге субсидия бөлініп,  40 мыңға жуық шаруаға қолдау көрсетілген.

Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 5,3 пайызға өсіп,  жыл басынан 721,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ол 2016 жылмен салыстырғанда 36,2 пайызға көбейген. Осылайша өткен жылы 7 482 отбасы баспанамен қамтамасыз етілген.

Биылғы 7 айда да бірқатар жоспарлы да жүйелі жұмыстар жүзеге асырылды. Оның ең бастылары өңірге инвестиция тарту шаралары өрістей түсті. Келес және Жетісай аудандары қайта ашылды. Облыстың атауы Түркістан деп өзгертілді. Шымкент Республикалық деңгейдегі мегаполис қалаға айналды. Жаңалық пен жаңашылдықты жаны сүйетін Жансейіт Қансейітұлы әсіресе Шымкентті бұрынғысынан да көрікті де көркем, әсем де саялы шырайлы шаһарға айналдыру жолында көп тер төккенін қалың жұртшылық жақсы біледі.

Кешегі Оңтүстік Қазақстан облысының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан Жансейіт Қансейітұлына жаңа да жауапты міндет жүктеліп отыр. Түркістан облысының тізгінін қолына ұстаған ол алғашқы күндерден  батыл да байыпты қадам жасап отыр. Қаладағы салынатын ғимараттардың қасиетті бабамыз Қожа Ахмет Ясауи мәңгілікке мекен тапқан керемет кесенеден биік болмауын қатаң ескертіп отыр. Бей-берекет салынған құрылыс жұмыстарын тоқтатып тастап, жаңа заманауи ғимараттар салуға ден қоюда.  Қашан да туған халқы үшін ерінбей еңбек етуден жалықпайтын Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың Түркістанды түлету жолындағы  жұмыстарына табыс тілеп, жолың болсын Жансейіт аға дегіміз келеді.

 

Қуанышбек БОТАБЕК,

Журналист.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *