БӨГЕНБАЙДЫҢ БАССЫЗДЫҒЫ МА?

Мәселе
608 Views

ҚР Бас Прокуроры Ғизат НҰРДӘУЛЕТОВТІҢ назарына!

БӨГЕНБАЙДЫҢ БАССЫЗДЫҒЫ МА?

Жерді тонағандар жазасыз қалмасын!

«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті және «Аdilettv» ақпараттық агенттігінің редакциясына 2021 жылдың желтоқсан айында Түркістан облысы, Сауран ауданы, Қарашық ауылының бір топ тұрғындары арыз айта келді. Атап айтқанда, Пайзулла Ирисметов, Талиб Тұраханов, Күлара Бейсембаеваның шағымын тыңдай келе ұққанымыз, бірнеше жылдар бойы бүгінгі таңға дейін «Kazakh Construction Industsy» акционерлік қоғамы ауыл маңында заңсыз карьер жұмыстарын жүргізумен, яғни ауылға тиесілі жер астынан тас-құм алу және тасу әрекеттерімен айналысып келгені белгілі болды. Біз бұл мәселеге қатысты екі ай бойы журналисттік зерттеу жүргіздік. Зерттеу барысында Қарашық ауылының тұрғындары қазылып жатқан карьерге қарсы шығып, наразылықтарын білдіріп отыр, Карьер жұмыстары кейбір ауыл тұрғындарының ауласына екі метр жер қалғанға дейін қопарып қазылған. Бес метрден сегіз метр тереңдікке дейін қазылған шұңқырға ауыл балалары аңдаусызда құлап мертігіп, аяқ-қолдарын сындырған, Бәрінен бұрын ауыл тұрғындары осы қазба жұмыстарының кесірінен ауыз су, ағын сусыз қалғаны елді қынжылтады. Жаздыгүні шаң-тозаңға бөгіп қалатын ауыл тұрғындары ашу үстінде «Kazakh Construction Industry» компаниясының басшысы Бөгенбай Абылайұлы есімді азаматтың заңды белінен басып, Қарашық тұрғындарының үйінің іргесіне дейін қазғанын ашық дәлелдермен баяндады.

Ол аздай сол жердің тұрғыны Юлдаш Умаров аудан әкіміне шағым айтып барғаны үшін қарсы тарап үйін сот арқылы бұздыртып шешім шығаруға да қол жеткізген. Юлдаш Умаров қазір жұмыссыз, мүгедек, үш баланың әкесі, (видеода сөйлеген сөзі бар) Бүгінгі таңда тарихи жасы көп ғасырларды құрайтын бұл Қарашық ауылы жаңадан ашылған Сауран ауданының құрамына енген. Осы жанайқайға байланысты Түркістан облысының бірнеше тиісті жауапты мемлекеттік мекемелерге сұраныс хат жолдап, мәселенің мән-жайына тереңінен үңілдік.

Анықталғандай, «Kazakh Construction Industry» компаниясы қазып жатқан бұл жер бұрын Кентау қаласының аумағына қараған және Кентау қаласы Қарашық-1 кен орны болып табылған. Бүгінде бұл аймақ 2021 жылдың наурыз айынан бастап жаңадан құрылған Сауран ауданына өткен. Сауран ауданының әкімдігі бұл мәселеге қатысты 13.12.2021 жылдың №04-15\1691 шығыс хатымен мынадай жауап келді:

 «Kazakh Construction Industry» АҚ-ы 2005 жылдың 8 шілдедегі №191 келісім-шартына сай Кентау қаласы Қарашық-1 кен орнының Кентау қаласы аумағына қарайтын 100,5414 гектар жер учаскелерін рәсімдеп беру үшін 2021 жылдың 22 ақпанында №11 санды шығыс хатпен Кентау қаласы әкіміне жүгінеді. Кентау қалалық жер комиссиясының 2021 жылдың 3 наурыздағы №7 мәжіліс хаттамасымен бас тартылған».

Яғни, Кентаудың жер комиссиясы «Kazakh Construction Industry» компаниясына жер қойнауын пайдалануға рұқсат етпейді, Мұнан соң Кентаудың кен орнына қарасты 100,5414 гектар жер автоматты түрде Сауран ауданы қарамына өтеді де, бірақ әкімдік «Kazakh Construction Industry» компаниясына жер учаскесін беруді мақұлдаудан бас тартады.

Алайда, «Kazakh Construction Industry» жұмысын жалғастырып жатыр, бүгінгі таңда әлі де жерді заңсыз пайдалануын тоқтатқан жоқ. Осыдан «Kazakh Construction Industry» компаниясы Қазақстан Республикасының заңдарын өз «диірменіне» салып, бүйректен сирақ шығарғандай, тіпті еліміздің заңдарына «түкіріп қойғандай» кейіп танытқандай.

Өз кезегінде Сауран аудандық әкімдігі тура осындай хатты 13.12.2021 жылы №0415\1623 шығыс номерімен Түркістан облысының Инвестиция және экспорт басқармасының басшысы Қайрат Әзімовқа жолдайды. Яғни Сауран ауданының әкімдігі осы көтерілген мәселеге байланысты басқарма арасында түзілген 08.07.2005 жылғы №191 санды келісім шартты заңды түрде жоюды сұранады.

Біз де редакция атынан бұл басқармаға хат жолдай отырып, заңсыз жұмыс жасап жатқан «Kazakh Construction Industry» компаниясының құмды қиыршық тас қоспасын өндіруге бағытталған жұмысын тексеріп, келтірілген шығынды анықтап құзырлы мекемелер алдында жауапкершілікке тартуға байланысты шара қолдану мәселесін жеткізген болатынбыз. Өз кезегінде басқарма басшысы Қ.Әзімов 26.01.2022 жылдың шығыс хаты №1 н\қ Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен «Kazakh Construction Industry» АҚ арасында түзілген 2005 жылғы 8 шілдедегі №191 келісімшарттың уақытша тоқтатылғаны туралы бұйрық шығарады. Сонымен қатар, аталмыш басқарма маркшейдер Б.Ахмамбетовпен бірлесіп, тексеру-зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Оған жауапты етіп басқарма басшының орынбасары Қ.Шонбасовқа жүктейді. Нәтижесінде Түркістан облысы Инвестиция және экспорт басқармасы газет редакциясы жолдаған хаттың негізінде аталмыш кәсіпорынның №1 учаскесінде (8,5 гектар) учаскесінен тыс 35 202 метр куб пайдалы қазбаны заңсыз өндіргені анықталды. Осыған орай аталған кемшіліктерге заң аясында тиісті шаралар қолдану үшін Түркістан облысы Экология департаментіне хабардар етілді делінген.

Осынша метр куб қазбаны заңсыз алған компанияның ауыл халқын зар еңіреткенімен қоймай, мемлекеттің жерін қанап, пайдакүнемдікке жол бергені үшін сот алдында жауап беріп, заңға сәйкес жазалануы кезек күттірмейтін мәселе. Қалтасы тесік бір кедей байқұс тауық ұрласа үш жылға соттайды, ал тұтас бір ауылдың жерін ой-шұқырына дейін түк қалдырмай қазып, қарапайым азаматтардың жалғыз баспанасының ауласына дейін сұғынып қол салған, сол ауылдың ауыз суын бөгеп, жайқалған жерін қуратып, тоздырған пайдакүнем жазасыз қалып, көз қысты, бармақ бастылыққа салынып кетпеуіне жол бермеуіміз қажет! Бұл орайда шұғыл түрде облыс әкімінің қатысуымен мемлекеттік комиссия құрылып, облыстық прокуратура, жер инспекциясы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті қызметкерлерімен сүзгіден өте отырып қолға алатын, кезек күттірмеймін мәселеге айналып тұр.

Өйткені, компания мемлекеттің жерін заңсыз тонағанымен қоймай, салық төлеуден жалтарған. Бұл да бір қылмыс!

Бұл жөнінде Түркістан облыстық кірістер департаментінің басшының орынбасары Е,Мырзатаевтың 13.12.2021 жылдың №МКД-10-1-08\15313 шығыс хатында төмендегі мәліметті жолдайды:

««Kazakh Construction Industry» компаниясы (БСН 930940000570) Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында, орналасқан жері бойынша салық төлеуші ретінде тіркелген. Сондай-ақ, Сауран ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына салық төлемегенін хабарлаймыз».

Осы орайда Алматы қаласында орналасқан ОҢТҮСТІКҚАЗЖЕРҚОЙНАУЫ (ЮЖКАЗНЕДРА) мекемесіне де сұрау салған болатынбыз. Себебі, кезінде осы заң бұзған компанияға алғашқы рұқсат құжаттарын «горный отвод» зерделеп берген болатын. Яғни, құжат жең ұшынан жалғасқан сыбайластықпен әзірленген деген ойға еріксіз келесіз. Демек бұл мекемеде жауапқа тартылуы керек, өйткені мекеме басшысының орынбасары Қайрат Баубековтың бізге берген сырғытпа жауабында Түркістан облыстық Инвестициялар және экспорт басқармасы шешеді деп жазғандығынан байқауға болады, Әншейінде заңды жұмыс жасап жатқан карьері бар кәсіпкерлерді аңдып, айыппұл салып немесе жұмысын тоқтатуға құлшына кірісетін Экология департаменті «Kazakh Construction Industry» компаниясын байқамай қалатыны да көз жұмып өтетіні түсініксіз. Осыдан бір ай бұрын бұрынғы басшы Уәлихан Қайназаров мырзаға жедел хат жолдаған едік. Өкінішке қарай зейнеткерлікке күн санап отырған Уәкең «пенсияға» тайып тұрды. Қош делік, бұрынғы орынбасары, қазіргі міндетін уақытша атқарушы Қанат Қалмаханов жатқа білуі тиіс бұл мекеменің таудай кемшіліктеріне әдейі көз жұма қарап келген сыңайлы, Неге десеңіз, біз осы бір топ арызданушылармен оның қабылдауында болғанымызда бұл мәселемен енді айналысатынын алға тартты. Өкінішке орай, енді кеш. Себебі, қылмыс ашылды.

Сонымен сөз түйініне келсек, қазып алып жатқан жеріне көк тиын салық төлемеген, сөйте тұра жер астындағының тас-құмын заңсыз, рұқсатсыз пайдаланып, онысымен қоймай әкімдік пен тиісті басқарманың тоқтату туралы бұйрығына пысқырып қарамаған, ол аздай о баста өзіне тиесілі емес аймаққа дейін асыра дендеп қазған, жақын маңдағы ауылды сусыз қалдырып қуратқан бұл неғылған «дәу», бұл кімнің шікірәсі? Әлде оларды көлеңкеде демеп, ту сыртынан желеп-жебеп отырған шынымен бір дәу бар ма? Жоқ, әлде жоғарыда отырған шенділерге ауызбастырық сыйын беріп, сөзін сөйлетіп отыр ма? Қалай дегенмен, осынша ұзын арқау, кең тұсауға салынғанына қарағанда, мұнда бір кілтипан бар, Бұл жүгенсіздікті жөнге салмаса болмайды.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің осыдан хабары бар ма екен? Әй, оған жеткізбеген-ау… Өмекеңнің «Бөгенбай, мен бар жерде белден басып, батыл жүре бер» деуіне сенгіміз келмейді. Әлде оның орынбасары Рашид Аюпов қиыннан қиыстырып, келістіріп жүр ме екен?! Бұл да тексеруді талап етеді!

Біз осы тақырыпты зерттеу барысында алдымен Бөгенбай Абылайұлымен телефон арқылы алғаш тілдескенімізде құдды бір үлкен шенеунік секілді бізбен бетпе-бет жүздесуден бас тартып, «менің адвокатым сіздермен сөйлеседі» деуі көк тіреп тұрған тәкаппарлығын айғақтағандай болды. Менменсіп сөйлеуінің өзінде де астар бар. Тағы да бір айтып өтетін жайт, редакцияға келіп арызданған үш азамат та онымен соттасқандарын, одан жеңілгендерін, соттың біржақты шешіліп, әділетсіз қаралғанын айтып салған еді. Олардың айтуынша, Бөгенбай сотты да ақшамен «ұрып алған». Демек, бұл соттың да шешімдерін қайта зерделеп, жоғары сот назарына жеткізу де маңызды!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі жемқорлықты қатаң аяусыз жазалау және ауыздықтау жөнінде біршама тапсырмалар да берді, сын да айтты. Президенттің осы тапсырмасы екі етпей орындалатын болса, елімізде жең ұшынан жалғасқан сыбайластық пен жемқорлық жойылған болар еді. Ендеше тоқтатылсын деген бұйрыққа қарамай бүгінге дейін жер қазып жатқан «Kazakh Construction Industry» осы заңсыз іс-әрекетіне облыс әкімі, облыс прокуроры, басқарма басшысы Қайрат Әзімов, Экология департаменті басшысы Қанат Қалмаханов және жер инспекциясы, кадастр бөлімі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл департаменті не уәж айта алар екен?!

Әліптің артын бағайық!

Әділ ҚЫРАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *