ҚАРАМҰРТТА ГАЗ МӘСЕЛЕСІ ТОЛЫҚ ШЕШІЛЕДІ

Қоғам
152 Views

Қарамұрт ауылының тұрғыны Хусан Досметов облыс әкімінің ағымдағы жылдың наурыз айында өткізген жеке қабылдауында ауыл тұтынушыларына газбен қамтамасыз ететін «ҚарамұртГаз» ЖШС-нің жұмысына сын айтып, осы мекеменің газ жүйесін жекеменшігінен алу мәселесін көтерді.

Аталған мәселені зерделеп, оң шешімін қарастыру мақсатында аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев және ауылдық округінің әкімі Мамуржан Нажиев ауыл тұрғындарымен кездесті.

Х.Досметовтің сөзінше, қыс маусымында ауа райының күрт өзгеруіне байланысты ағымдағы жылдың қаңтар айында 5 көше немесе 600-ге жуық тұрғын үйде газ тапшылығы орын алған болатын. Аталған жағдай алдағы уақытта қайталанбау үшін тұрғындардың басым көпшілігі «ҚарамұртГаз» ЖШС-нен газ жүйесін Түркістан өндірістік филиалы «КазТрансГазАймақ» АҚ Сайрам аудандық газ шаруашылығына өткізуді сұранып отыр.

8 жылдың көлемінде газ мәселесі шешімін таппай отырғанын, қыс ауасында газ жеткізу қысымын жоғарылатқанда, өрт алу секілді келеңсіз жағдай болуы мүмкін екенін назарға салып өтті.

Жиында «ҚарамұртГаз» ЖШС-нің директоры Ф.Авалов газ тарту бойынша жоба және тиісті құжаттары дайын, жылу маусымы аяқталған соң газдың жоғары қысымды магистральді құбырларын тарту бойынша күрделі құрылыс жұмыстары басталатынын хабарлай келе, өз тарапынан тұрғындарға тұрақты қызмет ететінін жеткізді.

Келесі сөз кезегін алған «Оңтүстік Коммуналдық Қызметі» ЖШС-нің директоры Е.Жәнібеков елді мекендегі 587 тұтынушыны қамтып отырған 18 шкафты газ реттеуіш пункттерін (ШРП) өз есебінен орнатқанын, сонымен қатар бүгінгі күнге дейін «ҚарамұртГаз» ЖШС осы пункттерді ақысыз пайдаланып келетінін және тұрғындардан қаржы жинап отырғанын айтты. Жаңа тұрғын үйлерді газ жүйесіне рұқсатсыз қосып, газ құбырларының гидравликалық есебін жүргізбегендіктен, газ қысымы жетіспеушілігі орын алуда.

Серіктестік жеткізуші қызметін көрсететіндіктен, орнатылған барлық шкафты газ реттеуіш пункттерін «КазТрансГазАймақ» АҚ теңгеріміне өткізуді ескертті.

Басшылар тарапынан газға қатысты нақты бір шешімге келулері қажет және тұтынушылар өзіне қызмет ететін мекемені таңдау құқығына ие екендігі түсіндірілді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *