ӘУЕЗОВ ӘЛЕМІ

Әдебиет
859 Views

Биыл жа­зушы, ғалым, ұстаз, драматург, сын­шы бір сөзбен айт­қанда, ұшан теңіз білім дариясының кемеңгері әрі ұлы қайраткер Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толып отыр.

XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасыр басындағы Қазақстан қоғамдық ойының бір белесі – ұлттық интеллегенциямыздың үлкен алыптар шоғырының саяси-әлеуметтік, мәдени майдан алаңына шығуы болды. Солардың ішінде өз талантымен халқының есінде мәңгі қалған, шығармашылығы халқымыздың алтын қорына айналған аса танымал тұлға – биылғы жылы туғанына 125 жыл толып отырған қазақ халқының әдебиетінің негізін салушылардың бірі, дүние жүзі әдебиетінің классигі, Лениндік және мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик М.О. Әуезовтің де өзіндік орны бар. Әлемдік мәдениетке қазақ халқы қандай көркемдік игіліктер қосты дегенде, ауызға алынар есімнің бірі – Әуезов. Ол – әлемдік құбылыс. Әуезов ғасырлар бойы жиналып келген қазақ топырағындағы асыл құнарлардың жарқырап қайта көрінуінің үлгісі. Қазақтың реалистік әдебиетіндегі халықтық арнадан, ұлы Абай айдынынан нәр алған М.Әуезов қазақ әдебиетіне реалистік дәстүрлердің тереңдеп сіңгенін танытты.

М. Әуезов ауыл мектебі, медреседе ғана емес, Семей семинариясында, Орта Азия, Ленинград университеттерінде оқып білім алды. Әуезов әлемі -Шығыстың ежелгі өнері мен Батыстың алдыңғы қатарлы мәдениетінің тоғысуынан туған дүниежүзілік мәні бар құбылыс. Абай топырағы – оның қаламына айырықша әсер еткен алғашқы фактор. Атасы Әуез бен әжесі Дінасыл Мұхтарды «Қоңыр» деп атаған. Абай мен Мұхтардың балалық шақтары ұқсас. Мұхтар Әуезов азамат ретінде де, қаламгер ретінде де тез ер жеткен. Алғашқы әңгімесі «Қорғансыздың күнінен» үлкен талант, терең мәдениет үлгісін көреміз.

Көрнекті қаламгер Алаш жастарының құрылтайына қатысты, 1922-1923 жж. Губревком қызметкері, Ленинградта білім алған тұңғыш қазақ зиялыларының бірі. Қазақ зиялыларының рухани орталығы болған Семей қаласында 1918-1919 жылдары шыққан «Абай» ғылыми-әдеби және шаруашылық журналында Мұхтар Әуезовтің мақалалары басылды.

Академик Әлкей Марғұланның деректеріне қарағанда, Мұхтар Әуезовтің қауым алдында, әдебиет жүзінде көріне бастауы 1917 жылдан басталады. Әсіресе оның атын көпшілікке әйгілі еткен «Абай журналы болған. Журнал ұйымдастырушысының бірі де, оның негізгі мақалаларын жазған да Әуезовтің өзі. Осы журнал бетінде,– деп жазады Ә.Марғұлан,– «Мұхаң көбінесе журналист, публист, сыншыл, ойшыл, философ ретінде көрінді».

Әлеуметтік күрес аренасына XX ғасыр басында келген қазақ интелегенттері алдында тұрған көкейкесті қордаланған мәселелер көп болатын: мәдениетті өрлету жолдары, халық ағарту жайы, шаруашылық жөні, бұдан да басқа да көп түйін аз мерзім ішінде шешуді талап етті. Үлкен талант иесі Мұхтар Әуезовке қоғамның күнбе-күнгі тілектеріне орай, журналистикамен айналысуды бұйырған да сол өмір талабы, сол уақыт қажеттілігі болды. Мұның анық дәлелін «Ғылым тілі», (1918), «Оқу ісі» ( 1917) мақалаларынан көруге болады. М.Әуезов драматургия саласында көп еңбек еткен. XX ғасырға дейін қазақтың халық ауыз әдебиетінде драматургияға өзек болатын мол қазына жиналды. Осы байлықты игерген қаламгер – М. Әуезов болды. Ол халық әдебиетінен нәр алды. Әуезов қаламынан 30-дан аса драмалық шығармалар жазылды. Жеке пьесалардың варианттарын қосса, 50-ден асады. Бұларды тақырыптық материалдарына қарап шартты түрде бірнеше салаларға бөлуге болады:

а) аңызды, эпосты тарихи оқиғаны арқау еткен шығарамалары: «Еңілік -Кебек», «Қобыланды», «Айман -Шолпан», «Бекет», «Хан-Кене».

ә) тарихи-революциялық тақырыпқа жазылғандары: «Октябрь үшін», «Түнгі сарын», «Ақ қайың».

б) кеңестік өмір кезеңдерін бейнелейтін шығармалар: «Тартыс», «Тас түлек», «Алма бағында», «Шекарада», «Алуа».

в) Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналғандар: «Намыс гвардиясы», «Қынаптан қылыш», «Асыл нәсілдер».

г) ақындар өмірі туралы «Абай», «Ақан -Зайра», «Қаракөз» М.Әуезов драматургиядағы жанрлық формалардың бәрін қамтыған. М.Әуезов шығармашылығының жазылып, кейін өңделіп, толықтырылған «Еңілік-Кебек» трагедиясы қазақ драматургиясындағы төл басы туындылардың бірі. «Еңілік -Кебек» екі жастың бақытсыз махаббатын көрсетуге арналғанымен, онда қыр елінің басқа да мәселелері қамтылған. Ең алдымен адамгершілік, адамның жеке басын қадірлеу, ел бірлігін көксеу, бұқара халыққа бейбіт өмір тілеу, болашаққа үміт, сенім көзімен қарау мәселесі қаралады. Аса терең, мәнді шығарманың бірі – «Түнгі сарын». Бұл – қазақ драматургиясында реализмнің орныққанын көрсеткен туынды.

Мәселен, жазушының «Қараш-қараш» оқиғасы повесінде халықтың рухани оятуының күрделі процесі көз алдыңа келеді. Онда автор ойшыл-психолог, тәжірибелі социолог ретінде қарапайым халық басына туған ауыр күн, үстемшіл, әкімшіл империядан көрген қорлық, зомбылық, онан туындаған ішкі қайшылық, бәрі түгел көрініс тапқан.

«Қилы заман» повесіндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың барысы, әділетсіздікке төзбей, ел бастап шыққан ерлердің бейнесі көрсетілген. Мұхтар Әуезов бейбіт жатқан Албан руының 1916 жылғы маусым жарлығының зіл салмағынан іште тұншығып жатқан кегі оянып, дүр сілкініп, айбарлы күшке айналғанынын өмір шындығына сәйкес суреттеген. Оның «Қараш-қараш», «Қилы заман» атты әйгілі классикалық шығармалары Жетісуда XX ғасырдың басында орын алған айтулы тарихи оқиғаларға арналса, «Абай жолы» эпопеясының біраз беттерінде XIX ғасырдың екінші жартысындағы Жетісудың сан-салалы қоғамдық – саяси және мәдени өмірі суреттелген. Бұл шығармалардың тарихи негізі туралы көп айтылып, молынан жазылды. Атап айтқанда, Ақай Нүсіпбековтың естелік мақалаларында, Ләйлә Әуезованың докторлық монографиясында, Тұрсын Жұртбаевтың «Бейуақ» атты кітабында, Фатима Ғабитованың «Алыптар тағдыры» атты күнделіктерінде мәселенің бұл қыры жан-жақты әрі терең ашылған. Бұл авторлар Мұхтар Әуезовтың шығармаларына арқау болған деректерді жинау мен талдаудағы оның өзіне тән ерекшеліктерін, тарих шындығын классикалық көркем туындыға айналдырудағы хас шеберлігін сенімді дәлелдер арқылы баяндаған.

«Қилы заман» оқиғасына қатысты тарихшы ғалым, академик Кеңес Нұрпейіс зерттеулерінде былай жазған: «Негізгі себепті әңгіме болып отырған кезеңде КСРО -да, оның ішінде Қазақстанда да, бел алып күшейе бастаған әкімшіл – әміршіл мемлекеттік жүйеге, қатарында Мұхтар Әуезов те болған, ұлттық -демократиялық интеллигенцияның рухани қарсылығынан іздеген жөн сияқты. Ұлттық – демократиялық интеллигенция көсемдері өз өкілдерін мемлекеттік басқару жүйесін енгізу және сол арқылы халыққа идеялық ықпал жасау құралдары ретінде оқу-ағарту, мерзімді баспасөз, ғылыми орталықтар, әртүрлі салалардағы баспа орындарын кеңінен пайдаланудың ауқымды шараларын жүзеге асырды. 20-жылдардың 1920-1923 жж.) ұлттық-демократиялық интеллигенцияның жекелеген белгілі қайраткерлері Қазақстан мен Түркістан АССР-інің мемлекеттік басқару жүйесінде жауапты қызметтер атқарды. Мәселен, Ахмет Байтұрсынов Қазақ АССР -інің оқу-ағарту халық комиссары болса, Мұхтар Әуезов КазЦИК -те (Орталық Атқару комитетінде) жауапты жұмыста болды.

Ал Мұхтар Омарханұлы Әуезов болса, жазушы ретінде де ғалым ретінде де рухани саладағы бұл күрестен сырт қала алмады. Кеңестік ресми тарихнамада 20-шы жылдардың екінші жартысынан қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілістері тарихын бұрмалауға ашық қарсылық ретінде 1916 жылғы Жетісудағы ұлт-азаттық қозғалыстың негізгі ошақтарының бірі болған Албан көтерілісін өзінің «Қилы заман» романына тақырып етіп алды. Тоталитарлық жүйе 20-шы жылдардың соңынан, дәлірек айтсақ, 1928 жылдың күзінен бастап, өзіне қарсы жүргізілген, рухани күрестің көш бастаушылары болған бұрынғы Алаш қозғалысының жетекшілері мен идеологтарын жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыратып, оларды түрмелерге жапты. Бұл зұлмат Мұхтар Омарханұлы Әуезовті де айналып өтпеді.

Мұхтар Омарханұлы Әуезов Жетісу тарихы тақырыбына арналған көптеген шығармалары ішіндегі шоқтығы биігі – «Қилы заман» арқылы 20 жылдарды қамтыған тоталитарлық жүйемен бетпе-бет келген қазақ зиялыларының рухани өміріндегі қарсылық қозғалысының аса көрнекті өкілі болғандығын дәлелдеді.

«Абай жолы» – М.Әуезовтің әлемге әйгілі роман-эпопеясы. «Абай жолы» қазақтың көркем прозасын классикалық деңгейге көтеріп, әлем әдебиетіне биік эстетикалық талғам, көркемдік қуат әкелген үздік туынды. М.Әуезов өзінің эпопеясында қазақ халқын, оның тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрлерін барша қырынан ашып көрсетеді. Қазақтың дана ұлы Абай бейнесін, оның шығармашылық және қайраткерлік тұлғасын өзгеше даралықпен сомдаған. М.Әуезов алдымен романға «Телғара» деген ат бермек болды. Автор алғашқыда екі кітаптан тұратын «Абай», одан соң оның жалғасы «Абай жолы» романын жазды. Бірінші кітабы 1942, екіншісі 1947, үшіншісі 1952, төртінші томы 1956 жылдары жарыққа шықты.

Бұрынғы кітап музейінің қорындағы әр жылдардағы М.Әуезов кітаптары:

Академик Зәки Ахметов Мұхтар Әуезовтің романындағы әлдебір алыстағы, басқа бір күндердің елесін көргендей болады. Бұл «Абай» эпопеясының эпилогындағы толғаныс-толғам: «Алда – өмір, тартыс. Сол тартыста бұл жалғыз. Шынға келсе, жап-жалғыз. Рас, оның бір қуаты, бір үміті бар екені рас. Қуаты – ақындық, үміті – халық. Бірақ бірі оянбаған күш болса, бірі танылмай, ұғылмай кетер ме? Жетер ме сабыр, жетер ме қайрат?» Бұл Абай арманы еді. Мұхтар Әуезов Абайдың мұндай тебіреністі, жан күйзелісті неге салды? Соның аржағынан Мұхтар Әуезов армандаған егемендіктің ұшқынын көргендей боламын…».

Мұхтар Омарханұлы Әуезов қазақ әдебиетін әлемге танытты. «Абай» туындысы эпостан – эпопеяға дейінгі қазақ әдебиетінің жүріп өткен жолының кемел кезеңін көрсетті. Үлкен әдеби мектеп қалыптасты. Әбдіжәміл Нұрпейісов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Ілияс Есенберлин, Шерхан Мұртаза, Сәкен Жүнісов, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов сынды қазақ әдебиетінің алыптары Әуезовтің рухани мектебінен өтті. Осылай М.Әуезов ғалым, академик, жазушы ретінде жалпы әдебиеттің өркендеуіне үлес қосып қана қоймай, халық ауыз әдебиетінің асыл мұраларын, көшпенділер мәдениетін жинастырып, зерттеп, оны сахналап ұлтының ұлы тұлғасына айналды.Әр ұлттың ұлы тұлғалары болады. Олар қаншама ғасырлар өтсе де сол ұлттың мөрі секілді санаға соғылып, адамзаттың ортақ құндылығына айналады. Мәселен ағылшындар үшін – Шекспир, француздар үшін – Бальзак, орыстар үшін – Пушкин ал қазақтар үшін әрине – Абай Құнанбайұлының орны ерекше. Сол Абайдың ұлылығы мен данагөйлігін дүйім жұртқа паш еткен Мұхтар Әуезов те өткен ғасырдағы қазақ әдебиетінің алыбы.

Ал, М.Әуезовтің абайтану мәселелері бойынша атқарған еңбектері, бұл жолдағы ізденістері мен табыстары өз алдына бір бөлек. Мұхтар Әуезов «Абайдың өмірбаяны» атты зерттеу еңбегінде былай дейді: «Абай өзі бір жазып тастаған өлеңін қайтадан жоқтап, жинап отырмаған. Әрқашан, кейде кітап оқып отырғанда, кейде жай бір оймен қозғалып отырғанда, қолына қағаз, қарындаш алып, айтпақ өлеңін жазып тастайды екен». Абайтануды дербес ғылым саласы дәрежесіне көтерген Мұхтар Әуезов болды. М.Әуезов 1933 жылдан 1957 жылға дейін ақын шығармаларын жариялауда, олардың ғылыми басылымын жасауда орасан зор еңбек етті.

Кітап музейіндегі мына бір мәліметке тоқталсақ: Әлем әдебиетінің асқан білгірі дана Абай тарих, философия ғылымдарымен ұзақ шұғылданғанын. Абайтанушылардың пайымдануынша, ол Спенсердің, Спинозаның, Тэннің басқа да әр алуан философтардың шығармаларын оқиды. Дарвин ғылымымен айналысады. Бұл орайда Қазан төңкерісіне дейінгі баспасөз деректері мол мағлұмат береді. Бір ғана мысал, 1891 жылы Абайдың тірі кезінде, американ журналисі һәм саяхатшысы Джордж Кенанның ағылшын тілінде «Сібір және қуғын-сүргін» атты кітабы жарияланды.

Оның әлемге танымал «Сібір және қуғын-сүргін» кітабы – орыс және Орталық Азия елдерінің тұрмыс-тіршілігінен, әдет-ғұрпынан, тарихы мен мәдениетінен, ең бастысы саяси өмірінен жан-жақты мәлімет беретін бірден бір елеулі жинақ. Ағылшын саяхатшысының орыс әлемін зерттеудегі ізденісі күрделі әрі қиын дәуірмен тұспа-тұс келді. Бұл кітап «Сибирь» деген атаумен 1906 жылы Петерборда орыс тілінде шығады. Осы кітапта Абай-Ибраһим Құнанбаев туралы мынандай бір елең еткізерлік дерек бар.

– Мен осында Бокльді, Милльді һәм Дрэперді оқитын ғұлама қазақ қартын білемін.

– Бокль мен Дрэперді оқитын қазақ дедіңіз бе? – деп қалды бір студент иланғысы келмегендей.

– Иә,иә! – деді Леонтьев мырза әлгінің шүбәсін тойтарып. Өзімен алғашқы жолыққан жолы, ол индукция және дедукцияның айырмашылығын түсіндіруді өтініп мені қайран қалдырғаны бар; бұдан соң оның ағылшын философиясын зерттеп жүргенін, сөйтіп, мен жоғарыда атаған авторлардың орыс тіліндегі шығармаларын түгел оқып шыққанын өз аузынан естіп білдім.

– Сонымен, сіз ол өзі оқығандарының бәрін кәміл игерген деп ойлайсыз ба? – деп тағы да қадала түсті студент жігіт.

– Дрэпердің «Еуропаның ақыл-ойының даму тарихы» атты кітабы бойынша мен одан қатарынан екі түн емтихан алдым да, ол өзінің таным-білімі барынша терең екенін айғақ еткенін ашық айтуға тиіспін.

Сол ғұлама Абайдың өте-мөте сүйіп оқыған шығармасы – Джон Дрэпердің «Еуропаның ақыл-ойының даму тарихы» атты атақты кітабын біз қалайда қолға түсірудің жолдарын іздестірумен болған едік. Ақыр-соңында мұның да сәті түсті: бұл кітап Алматыдағы жоғары білім беретін «Әділет» құқық мектебінің кітапханасында болып шықты. Осы оқу орнының басшылығы аталмыш шығарманы кезінде Республикалық кітап музейіне тарту еткен еді.

Бұл кітаптың нақ осы данасы кемеңгер Абайдың кітапханасында болған, әрі оның бетіндегі араб қарпімен таңбаланған белгілер, бәлкім, Абайдың қолымен жазылуы да ғажап емес деген жорамал да бар. Тағы да бір үзік сыр: кітаптың бірнеше бетінде ұлы Мұхтар Әуезовтің қара түсті сиямен сызып көрсеткен белгілері де бар. Белгілі қаламгер, талғампаз библиофил Ісләм Жарылғаповтың жазбаша дерегіне қарағанда, Мұқаң өзінің «Абай жолы» эпопеясын жазу үстінде Джон Дрэпердің кітабына сан мәрте үңілумен болған екен. Кітаптың соңғы бетінде И.Ж Жарылғаповтың жеке кітапханасынан белгі соғылған.

Әуезов әлемі – түпсіз терең тұңғиық мұхит. Оны зерттеулерден-ақ көресің. Әуезов -әлемдік феномен. Мұхтар Әуезов феноменіне келсек, «Абай жолы» романы XX ғасырдың ұлы құндылықтарының қатарына жатады. Сәтпаев оны «қазақ өмірінің энциклопедиясына» теңеген. Бұл – ұлы көркем шығарма.

Қазақты ағарту жолында тынбай еңбек еткен ғалымның дара жолы бүгінгі жас ұрпаққа үлгі. Мұхтар Әуезовтің шығармашылық мұрасы халқымыздың ешқашан өз маңызын жоймайтын рухани қазынасына қосыла отырып, тарихымыз бен мәдениетімізді байыта түсті. Алайда Әуезов мұрасы әр ұрпақ оқырмандары үшін әрқашан іздеп оқитын, санасына тоқитын жаназығы.

С. К. ӨМІРӘЛИЕВА,

ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру Орталығының аға ғылыми қызметкері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *