ӨТКЕНДІ БОЛАШАҚПЕН ЖАЛҒАҒАН

Қоғам
1 067 Views

ӨТКЕНДІ БОЛАШАҚПЕН ЖАЛҒАҒАН

 

Өткенімізді бағалап, бүгінгімізді саралап, келешек ұрпаққа ой тастайтын тарихи деректердің қазынасы болып табылатын «Шымкент қалалық мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің құрылғанына 25 жыл толып отыр.

Кеңестік дәуір тарап, тәуелсіздік алғаннан кейін ел дамуының жаңа парақтары ашылды. Осыған сәйкес мемлекеттік саяси және экономикалық басқаруда өзгерістер болды, мемлекеттік кәсіпорындары таратылып, орта және кіші кәсіпкерлік сала дамыды. Шымкент қаласында да көптеген алып кәсіпорындар, фабрикалар, мекемелер меншік түрін ауыстырып жаңа заман ағымына сай қайта құрылып жатты. Осы кезеңдерде оларға тиесілі құжаттардың жоғалып кетпей, мемлекеттік сақтауға қабылдануына ерекше маңыз берілді. Тарихи маңызы зор мекемелердің, кәсіпорындардың құжаттарын көздің қарашығындай сақтау, азаматтарымыздың әлеуметтік құқығын қорғау мақсатында 1992 жылы Шымкент қалалық архиві мекемесі құрылып, іске кірісті.

Сонау Ұлы Отан соғысы жылдарында жауға атылған әрбір он оқтың жетеуін дайындап, Жеңіске ерекше үлес қосқан Шымкент қорғасын зауыты, республикадағы ең ірі май комбинаты, «Эластик» және «Восход» тігін фабрикасы, қаракөл зауыты, шина, цемент зауыты, асбоцемент конструкциялары комбинаты, пресс-автомат, «Электроаппарат», химфарм, фосфор зауыты, гидролиз зауыты сияқты ірі кәсіпорындар мен тағы басқа көптеген мекемелердің. өткен уақыт тынысындай құжаттарын ұқыппен, бүлдірмей сақтап келеді.

Маңыздылығына қарай архив мекемесі уақытпен бірге кеңейіп, өсе түсті. Алғаш іргетасы қаланған 1992 жылы қалалық мемлекеттік архивінде директормен бірге екі мұрағатшы, есепші мен еден жуушы штаты ғана болған екен. Қазір мұнда қызмет ететіндерді бір қауым ел десе де болады, олардың жалпы саны қырықтан асады.

Қалалық архивке қарасты толықтыру көздерінің, сақтау бірлігінің және келіп түскен сұранымдардың күрт артуына байланысты 2010 жылы Ұлттық мұрағат қоры құжаттарын жинақтау және есебін жүргізу бөлімі, ұйымдастыру және құжаттардың пайдалануын қамтамасыз ету бөлімі және шаруашылық бөлімі құрылды.

– Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы «Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек» деп атап көрсеткеніндей, уақыттың ажырамас байланысын, жаңарып отыратын қоғамдағы және тарихи кезеңдердегі мәліметтерді сақтауды жүзеге асыруда архив ісіне жүктелер міндет өте жауапты екенін біздегі әрбір қызметкер терең сезіне қызмет етуде, – дейді мекеме басшысы Айпар Амангелдиева. – Толықтыру көзіне енгізілген 400 мекемеге тиісті бөлім мамандары тығыз байланыста болып, әдістемелік кеңестер беріп, көмегін көрсетіп, әр жыл сайын жоспар бойынша семинарлар, «Іс жүргізу және архив ісі» бойынша байқау-конкурстар ұйымдастырып тұрады. Мемлекеттік сақтаудағы архивтік құжаттар негізінде алыс-жақын шетелдерден, Қазақстан аумағынан заңды және жеке тұлғалардан, пошта, электронды пошта, халыққа қызмет көрсету орталығынан келген жылына 6000 жуық сұранымдар орындалып, мемлекеттік қызмет көрсетіледі.

Айпар Шажалықызының айтуынша, алғашқы кезде өз алдарына ғимараты болмай құжаттармен көшіп-қона жүріп жалға алынған, ыңғайластырылған ғимараттарда құжаттарды аса ауыр жағдайларда сақтай отырып, көптеген қиын кезеңдерді бастан кешірген. Мекеме басшысы бұл жөнінде тиісті орындарға бірнеше рет өтінішпен шыққаннан кейін сөзі ескерусіз қалмай 2015 жылы мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, «Нұрсәт» шағын ауданынан 7 қабатты заманауи жаңа жай пайдалануға берілген. Мұнда сапалы қызмет етуге толық жағдай жасалған және архив қызметіне қажетті компьютерлер мен фотозертханалық қондырғылар, құжаттарды бүлдірмей, ұзақ сақтайтын құрал-жабдықтар, желдеткіштер, қоймалардың температурасын бірқалыпты ұстап тұратын қуатты қондырғылар орнатылған. Жаңа ғимаратқа көшкен соң жұмыс ауқымының, сақтау бірлігінің көбеюіне байланысты және ғимараты талапқа сай қалыпты ұстау үшін қосымша штат бірліктері берілді.

Мемлекеттік архив мекемесінің өңірдегі архив ісін дамытуда, оны жетілдіруде атқарып жатқан қызметтері де елеусіз емес екен. Мекеме басшысы А. Амангелдиева 2010 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің «Үздік мұрағатшысы» аталымын иеленді, 2013 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің «Құрмет грамотасымен», 2014 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» және 2016 жылы ОҚО мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағының «Еңбек озаты» төсбелгілерімен марапатталған. Мекеме басшысы Айпар Шажалықызы мұнда көп жылдан бері жемісті қызмет етіп, абыройға бөленген ұлттық архив қоры құжаттарын жинақтау және есебін жүргізу бөлімінің басшысы Алтын Сейтаева, ұйымдастыру және құжаттардың пайдалануын қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Рапия Нарымбетова, архив қоймасының меңгерушісі Мира Мырзабаева, бас бухгалтер Камила Байтөлешова, бірінші санатты архивистер – Баян Шыңғысбекова, Гауһар Шахантаева, Қарашаш Елекеева, Айнұр Әбдірәсілова есімдерін мақтанышпен атап өтіп, жылы лебізін білдірді.

Шымкент қалалық мемлекеттік архиві 25 жылдық тарихында бірлігі мен тірлігі жарасқан, кадр тұрақтылығы сақталған, психологиялық ахуалы жоғары деңгейдегі ұжым болып қалыптасып, еліміз бен қоғамымыз үшін ерекше маңызы бар архив саласы қызметінің өркендей түсуіне лайықты үлестерін қосып келеді.

Слам НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *