40 МЫҢ АДАМ ТҰРҒЫН ҮЙ КЕЗЕГІНЕ ТІРКЕЛГЕН

Қоғам
832 Views

Шымкент қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясының басқармасы атқарған және жоспарланған жұмыстары бойынша баспасөз брифингін өткізді.

Шымкент қаласында коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж ретінде 39 170 азамат тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға артып отыр (2018 жылдың бірінші жарты жылдығында тұрғын үй кезегінде 34 100 адам тіркелген). Соның ішінде санат бойынша:

  • 1639 азамат жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • 12 285 азамат халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы;
  • 21 066 азамат мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер;
  • 24 адам жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар.

Сондай-ақ, бүгінгі күні ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайға мұқтаж халықтың әлеуметтік әлсіз тобы санатында тіркелген «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар есебінің бөлек тізімі шығарылып, 4152 мұқтаж адамдарды құрады.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2018 жылы 1152 отбасы арендалық (коммуналдық) тұрғын үйге қол жеткізді.

Ағымдағы жылы «Shymkent City» қалашығында орналасқан 10 көпқабатты 540 пәтерлі арендалық (коммуналдық) тұрғын үй пайдалануға тапсырылып, 177 пәтері көпбалалы отбасыларға, 108 пәтері жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және 255 пәтері әлеуметтік әлсіз топ санаттарындағы азаматтардың пайдалануына берілді.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша 8602,3 млн. теңгені құрайтын 866 өтінім қабылданып, 4944,5 млн. теңгеге 487 өтінім қанағаттандырылды.

Қазіргі таңда бағдарламаға сәйкес 246 пәтерлі 3 кредиттік тұрғын үйді сату жұмыстары жүргізілуде.

«2-10-20» («Бақытты отбасы») бағдарламасы бойынша ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Шымкент қаласына шамамен (болжамды) 3 414 млн.теңге сомасына 410 кредит мөлшерінде қарыз көлемінің лимитін бөлді.

Ағымдағы жылдың 17 шілдесінен бастап 17 тамызына дейін тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардан бағдарламаның параметрлеріне сәйкес келетін 1010 азаматтан өтінім қабылданды.

Қазіргі таңға бұл бағдарлама бойынша 691 отбасына жолдама беріліп, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкісінің мәліметтеріне сәйкес, банкте жалпы сомасы 4001,6 млн. теңгені құрайтын 302 азаматтың құжаттарымен төлем қабілеттілігін растау жұмыстары жүргізілуде, 2428,9 млн. теңге сомасына 184 несие мақұлданды, соның ішінде санаттар бойынша:

  • көпбалалы отбасыларға 75 несие – 1036,3 млн. теңге сомасына;
  • толық емес отбасылар 84 несие – 1035,9 млн. теңге сомасына;
  • мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар 25 несие – 356,7 млн. теңге сомасына.

Қазіргі күнге бұл бағдарлама бойынша 16 азамат 217 млн. теңгені құрайтын қаржыға екінші нарықтағы тұрғын үйлермен қамтылған.

Бағдарламаны тұрақты түрде тұрғындарға түсіндіру мақсатында «Ақпараттандыру орталығы» ашылып, онда екінші деңгейлі банк пен құрылыс компанияларының, «Баспана» Ипотекалық ұйымының өкілдері «7-20-25» және «2-10-20» бағдарламаларына қатысты сауалдар бойынша қала тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, пәтер бағасының алғашқы жарнасына (1 млн. теңгеден аспайтын сомаға) тұрғын үй сертификаттарын әлеуметтік көмек ретінде және бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау бойынша мәслихатпен сертификат мөлшері мен оны алатын азаматтар санаты айқындалған.

Жалпы, жыл соңына дейін қаламызда 828 пәтерлі 14 арендалық (коммуналдық) тұрғын үй, Нұрсат тұрғын алабында 656 пәтерлі 11 кредиттік тұрғын үй, «Шымкент» ӘКК-сы арқылы 1016 пәтерлі 24 кредиттік тұрғын үй, 70 пәтерлі екі жатақхана және жеке құрылыс жүргізушілер есебінен 1293 пәтерлі 26 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы аясында қаламызда бекітілген кестеге сәйкес 2011-2020 жылдар аралығында – 947 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізілуі тиіс болса, қазіргі күнге дейін соның – 152-і күрделі жөндеуден өткен.

2019 жылдың 1-жартыжылдығы бойынша 10 көпқабатты тұрғын үйге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Шымкент қаласында жыл соңына дейін 3500-ден астам пәтер пайдалануға берілмек. Бұл туралы баспасөз брифингінде тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мәлік Құттымбетұлы мәлімдеді.Тарқатып айтар болсақ, 828 пәтерлі 14 арендалық (коммуналдық) тұрғын үй, Нұрсат тұрғын алабында 656 пәтерлі 11 кредиттік тұрғын үй, «Шымкент» ӘКК-сы арқылы 1016 пәтерлі 24 кредиттік тұрғын үй,70 пәтерлі 2 жатақхана және жеке құрылыс жүргізушілер есебінен 1293 пәтерлі 26 тұрғын үй ел игілігіне тапсырылады деп жоспарлануда. Брифинг барысында журналистер тұрғын үй қорын жаңғырту, «7-20-25» бағдарламалары аясында түйткілді сауалдарына жауап алды.

«Әділет-ақпарат».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *