Мен биыл Шымкент қаласындағы №65 мектеп-гимназиясын бітіріп, қолыма кәмелеттік аттестат алғаннан кейін алдымдағы сан тарау өмір жолын таңдау барысында көп ойланып жатпай, құжаттарымды Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетіне тапсырдым. Мектеп қабырғасында бастауыш сыныпта оқып жүрген шағымнан болашақта заңгер болам деп армандайтын едім. Есейе келе әкем Балталы Шажалыұлына осы ойымды айтқанымда ол кісі көп сөйлемейтін сабырлы қалпынан танбай «Ол үшін жақсы оқуың керек» деп қысқа қайырып еді. Мен әкемнің сол бір ауыз сөзін көкейіме мықтап түйіп, мектепте үздіктер қатарында болдым.
Енді міне, жақсы оқығанымның арқасында арманыма жетіп, жерлесіміз Жансейіт Түймебаев басқаратын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті атанғанымды үлкен бақыт санаймын және мақтан тұтам. Себебі бұл университетке Қазақстанның барлық өңірінен өзіміз сияқты арман қуған түрлі түлектер келеді. Мектеп – біз үшін өмірдің алғашқы баспалдағы болса, университет болашаққа басқан алғашқы қадамымыз. Университет – арман мен мақсатымыздың орындалар мекені. Әрине, бәрі өз қолымызда.
Біз университетке алғаш аяқ басқанда мектеп табалдырығын жаңа аттаған бастауыш сынып баласы сияқты сезіндік. Бізге мүлде таныс емес ғимарат, жаңа орта, жаңа ағайлар мен апайлар, Содан да туып-өскен мекеніңдегі мектеппен салыстырғанда мұндай әлемге танымал жоғары оқу орнының табалдырығын аттау бізге өзгеше толқу сезімін тудырып, қобалжу үстінде болдық. Себебі мектепте қасыңда қамқор да ақылшы ата-анаң болады. Ал мұнда барлығын өзің ойлап, өзің шешуің керек. Үлкен өмірге өз бетіңше қадам басу деген де осы екен…
Балалықшақтан армандаған бұл оқу орнында бұрын көрмеген жаңа құрбы-құрдастарментанысып, бірден қоян-қолтық араласа, жақын достар болып кеттік. Біздіңтопта 5 қыз, 16 ұл болдық. Олардың арасында Қалмұханбет Нұрисламжәне Талғат Даниал есімді өзім сияқты тағы басқа көптеген түлектермен арманымыз бен мақсатымыз ұштасқан, жаны жайсаң жақын достар болып, тез тіл табысып кеттік. Еліміздің түпкір-түпкірінен келгенқұрбы-құрдастармен танысып, олармен араласып, жаңа ой-өріс түйе бастадым. Еңқуантатыны, олардың бәрі де бауырмал,керек кезде көмек қолын созуға дайын тұратын пейілдері пәк, абзал жандар.
Алуниверситеттегі оқытушылар қауымы жоғарысауатты, білікті, өз міндеттерін мінсіз атқаратын, жай емес, ғылымды терең меңгерген ғалымдар, профессорлар менакадемиктер. Олардың студенттермен қатынасы да ерекше, бәрімізге қамқор, ізгіжандар. Білімі де, түсініктері терең жандардың бізбен араласуы да,қарым-қатынасы да өзгеше сыпайы, кішіпейіл, ерекше қамқор. Тек пән аясының тақырыбында қалып қоймай ақыл-кеңестерін, жақсы ойларын, тәжірибелерін ортағасалып, ақ пейілмен әдемі әңгіме өрбітеді. Біз дағы олардың әр сөзінен өмірліккеңестер аламыз, не дұрыс, не бұрыс екенін ұғынамыз.
Біздің кураторымыз Мадияр Нұрдәулетұлы Үмбетов ағайымыз жұмысын адал атқарумен бірге, бәрімізге қамқор болып жүреді. Ең алғаш келген кезде бәріміздің басымызды қосып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Арада шамалы уақыт өткенде топтың старостасын сайлау мәселесі талқыланды. Сонда таңдау маған түсіп, бәрі менің кандидатурамды ұсынды. Осылайша мен ойламаған жерден Қазақ ұлттық университетіндегі заң факультетінің 1-курс 106 тобының старостасы атандым. Енді барлық күш-жігерімді сенім үдесінен шығуға жұмылдырудамын.
Әрине, университетте оқу мектеппен салыстырғанда әлдеқайда қиын екені өзінен-өзі түсінікті. Дегенмен өзім қалап түскендіктен мұнда оқып, білім алу, әр пән мен үшін қызықты. Болашақта мектеп бітіріп, мамандық таңдайтын түлектерге берер кеңесім, осы Қазақ ұлттық университетіне түсіп оқуға үлкен кеңес берер едім. Маған осы университетке түсуге әке-шешем кеңес берген және өзім де жастайымнан армандап келгендіктен мұнда оқуға түскеніме ризамын және осынау әлемге танымал жоғары оқу орнында білім алып жатқанымды мақтан тұтам.
Дулат ШАЖАЛИЕВ,
Қазақ ұлттық университетінің бірінші курс студенті.