ҚАЛИЛА ҚОЖАНЫҢ ХИКАЯЛАРЫ

Әдебиет
322 Views

ЭПИГРАММА

Қалила ОМАРОВҚА

Сауатсыз саясаткер,

Сауатты кинорежиссер.

Сүйегі – қожа асыл,

Тірлігі – қожанасыр.

Сауат ашпаған – Ишаннан,

Сабақ алған – Иваннан.

Алыстау – азанға,

Жақындау – қазанға.

Мұрыны – кәртөшке,

Сұлуы – мәтүшке.

…Пайғамбар жасы 63 –

Қожекеңнің толмағы.

Ал ертең ше?.. белгісіз

Жайнамаз бес уақ жаймағы.

Һәм құман қолға алмағы…

Төреғали ТӘШЕНОВ

ЖИЫРМА БІР ЖЫЛ ӨТКЕН СОҢ НЕМЕСЕ АЛҒЫ СӨЗ

Жуалыда тұратын Жүзбай деген көкем: «Астымдағы көк дөнен жүйрік па десем, уақыт одан да жүйрік екен» деп отырушы еді. Иә, уақыт ұшқыр, оған ешкім ілесе алмайды. Аузын ашса көмекейі көрінетін, көзі тірісінде Қожанасыр атанған белгілі режиссер, қазақтың деректі киносының майын ішкен Қалила Омаров туралы жазылған «Қалила қожаның хикаялары» кітабының шыққанына жиырма жыл болып қалыпты. «Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік» демекші, сәтті шыққан әдеби дүние осы күнге дейін ел аузында, оқырман іздеп жүріп оқиды. Аңқау, сенгіш, өзі тоңып отырса да, көршісіне отын апарып беретін, қиялымен айға ұшатын, жұмыс десе баласы тұрмақ, құшағында жатқан келіншегін ұмытып кететін режиссердің боямасыз өмірін сомдайтын туынды өзінің шынайылығымен, көркемдігімен әдебиетшілердің, сыншылардың назарына ілігіп, лайықты бағасын алды. Сатириктердің генералы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғаббас Қабышев «Жас алаш» газетінде жарияланған «Аяғы бар күлкі» атты мақаласында «Қалила қожаның хикаяларына» ерекше көңіл бөліп, былай деп жазды: Ең бастысы, әзіл, қазақы қалжың сүйетін оқырмандардың көңілінен шықты. Көптің ыстық ықыласына бөленген туындыны орыс тілін былай қойғанда, ағылшын тіліне аударуға талап қылғандар да табылды.

Тәуелсіздік алған отыз жылдың ішінде байып кеткен не жазушыны, не режиссерді көрген емеспін. Екеуміздің де қолымыз қысқа. Аударма жасайтындарға қаржы тауып бере алмадық. Қалиланың немересі – Айқожаның: «Ата, сен неге кедейсің?» деуінде үлкен шындық бар. Менің немерем – Димаш та бірде мені оңдырмады. «Ата, жақсы жазушы болғанша, жаман әнші болмадың ба? Маған велосипед әперетін ақшаң да жоқ», – деп бір ауыз сөзбен екі аяғымды бір етікке тығып кетті.

Қалиланың туған інісі Әбдрахман айтпақшы, екеуміздің сырымыз да бір, жырымыз да бір, қиялшыл, қуғанбаймыз. Соңғы кезде «Антисуаит» деген атаққа ие болдық. Осыдан екі жыл бұрын жоғарыда сөз еткен кітаптың жалғасын жазу жөнінде екеуміз, орысша айтқанда, гитлерше жоспар жасаған болатынбыз. Ойламаған жерден коронавирус деген індет киліге кетіп, тай түгілі бас қайғы болып кетті. Кітап жазу қайда, екеуміз де о дүниеге кете жаздап, бетіміз әрең қайтты. Шығармашылықтың айналасында жүргендіктен, екеуміздің де оңып тұрған мұрнымыз жоқ, сұлу қыздарды көрсек, жиі-жиі ғашық болып қаламыз. Содан болса керек, басқа да себептері бар, жүрегіміз сыр бере бастады, жиі-жиі ауруханаға түсеміз.

– Қалеке, – дедім жақында. – Ел білмейтін небір құпияларың бар, сен айтпаған, мен жазбаған талай-талай әзіл мен қалжыңдарың бар. Өткен жолы үйіңе қонаққа барғанда байқадым: Айқожа бастаған немерелерің де айнымай атасына, тойыс, саған тартыпты. Шетінен кішкентай Қожанасырлар. Сен әлі бірнеше тоқал алуға жарайсың. Ал, мен болсам, ақсақ аяқ, қолда таяқ дегендей, қалтаңдаған шал болып қалдым. Жаман айтпай, жақсы жоқ, тоңқайып қалмай жүргенде жазып кетейін.

– Қойыңызшы, қайдағыны айтпай, – деді Қалила жез мұрты едірейіп. – Өлу қайда сізге, әлі де бір қызды қартайтуға шамаңыз жетеді. Бастасақ бастайық, мен дайынмын.

Сөйтіп екеуміз жаңа іске білегімізді түріп, кірісіп кеттік. Қалиланың жасы алпыстан асса да, түрінің өзгере қойғаны шамалы. Баяғы селдір шашы көзден бұл-бұл ұшып, тақыр басы ұшақ қонатын шағын аэродромға ұқсайды. Оның есесіне бетінде, көзінің алдында бірде-бір әжім байқалмайды. Ақсары жүзі қаймақ жаққандай жылтырап тұр. Өзін әлі күнге дейін 65 жасқа қимайтын досым, кейде сұлу келіншектермен 53 жастамын деп танысатыны бар. Мінезі сол баяғыдай, титтей болса да өзгермеген. Аңғал, сенгіш, кішкентай бала жұмсаса да жүгіріп кетеді. Сөзі де – нағыз Қожанасыр, өзі де – нағыз Қожанасыр. Кейіпкерімнің мінез-құлқы, жүріс-тұрысы өзгермегенмен, әлеуметтік дәрежесі өзгерген. Бүгінде көп ағайын баяғыдай «Қалила» емес, «Қалеке, Қалеке» дейді. Сұлу келіншектер «Қалила Умарович» деп сызылады. Өйтетіндей жөні бар, Омаров анау-мынау емес, талайлар санасатын мықты, мүйізі қарағайдай режиссер. Атағы да дардай: Қазақстан Республикасына Еңбегі сіңген қайраткер, омырауында «Құрмет» ордені жарқылдайды.

Баласы мен әйелінің ренжігені түк те емес, былайша айтқанда, майда-шүйде. Қалекең жасырақ кезінде бір деректі фильм түсірмек болып, Жаңақорғанға қалбалақтап бара қалады. Баласының кино түсіріп жатқанын мақтан тұтқан әкесі – Ниматулла жақын екі-үш досын жанына ертіп, біз де түсіп қалайық деп түсірілім алаңына барады.

– Әй, Ниматулла, сен Омар ишанның баласы болсаң, мен – туған немересі боламын. Әрі-бері көлбеңдемей, түсірілімге бөгет жасамаңдар! – деп туған әкесі мен оның достарын қуып шығады.

Ойбай, сіз сұрамаңыз, мен айтпай-ақ қояйын, бұл жезді мұртты режиссер жұмыс дегенде бүкіл Кеңестер Одағын дірілдеткен Сталин көсемнен де қатал. Қазақстан Республикасы қоғамдық даму және ақпарат министрлігінің жанынан құрылған кілең ығайлар мен сығайлар қатысатын көркемдік Кеңестің мүшесі. Енді қарыны бар болса да, дарыны жоқ жазушыларға, режиссерлерге жол жоқ.

60 жылдығында туған жерінде «Антисуаит Қалила» деген комедиялық спектакль қойылып, асығы алшысынан түсті. Қалекең бүгінде баяғыда Шерхан Мұртаза ағасы берген көп қабаттағы сұр бетон үйдегі екі пәтерлі бөлмеде тұрмайды, көшіп кеткеніне біраз болды. Қолына өмірінде балға мен шеге ұстамаған Қалила мырза үйді қайдан салсын, Қобыланды Қыпшақ батырдың қарындасы Рыскүл келініміздің пысықтығының, балалары мен бауырларының көмегінің арқасында Алматының шетіндегі көрікті жерде екі қабатты, бүгінгі күннің талабына сай келетін еңселі үй бой көтерді. Менің досым әрі кейіпкерім Қалила Омаров орыстардың ақсүйек помещиктері сияқты бай әрі қуатты дегендей тұрып жатыр. Бізге көптен бері жақсы таныс – Рыскүл келініміз бүгінде дөңгеленіп қалған салиқалы бәйбіше. Көңілі мен ықыласы баяғыдай: дастарханы үнемі жаюлы, ойдан-қырдан келген қонақ бір үзілмейді. Қазақ ырым үшін санын айтпайды, перзенттерінен тараған ұрпақ бүгінде құдайға шүкір, үбірлі-шүбірлі.

Кішкентай кезінде жазушы боламын, анау-мынау емес, қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолын» қайта жазып шығамын деп шатақ шығаратын Мұхтар компьютердің нағыз шебері, графика жасаудың майталманы. Ортаншы ұлы – Қуаныш әке жолын қуып, режиссер атанды.

«Қазақтелефильмде» Бас директор болып жүргенімде Қалиланың пәтеріне барғаным бар. Қыл мойынсыз дастарханның сәні қайдан болсын, Қалекең бір бөтелке арақ қойды. Бүйрегім ауырып, емделіп жүргенмін. Соны сылтау етіп, рюмкаға қол соза қоймадым.

– Доқа, келіңіз, 100 грамм алып қояйық, бұл жарықтық кейде ауруға ем болады, – деп Қалила мені қыстай бастады.

– Әке, – деді жанымызда томпайып отырған алты-жеті жастағы Айша сөзін бұзып, – ішпеймін деген адамды іш-іш деп зорлай бермесеңші. Ол кісі мас болып құлап қалса, диванға көтеріп жатқызатын жайым жоқ.

Тұлымшағы желбіреген кішкентай қыздың мірдің оғындай сөзіне мырс етіп күліп жібердім. Кішкентайынан әкесінің жанынан бір елі қалмай жүретін Айша жақын адамының жолын қуып, Жүргенов атындағы Өнер академиясын бітірді. Бүгінде үлкен болашағы бар – режиссер. Әкесінің сүйікті қызы Сәуле кино академиясын бітірді. Ол да небір биіктерді бағындырып, шыңдардан көрініп жүр.

Патша көңілді қадірменді оқырман! «Қалила қожаның хикаялары» атты жаңа туындымның екінші бөліміне арнаған кіріспе сөзімді осымен доғарайын. Қолыңызға тигелі отырған кітапты алып, оқып шығыңыз. Қалила қожаның жаңа хикаялары сізге ұнап жатса, еңбегімнің жанғаны, ұнатып жатсаңыз – пікір айтыңыз, телефон қоңыраулатыңыз. Құдай қаласа, антисуат-қуғынбай, қиялшыл Қалиланың арқасында менің де атағым дүркірейін деп тұр. Мақтағанды кім жек көреді дейсің!

АВТОР

ҚОЖА КӨРГЕНГЕ – КӨРІМДІК!

Деректі фильмнің майын ішіп, атағы енді-енді дүркіреп тұрған 1990 жылы жанына ассистент Балтабай Иманбаев, кинооператор Мұстафа Өсерді ертіп, Қалила қонақжай Оңтүстік өңіріне бара қалды. Шымкенттіктер мейман күтуді қатырады емес пе, барғаннан үшеуінің аяғы жерге тиген жоқ. Салмағы он алты килә болып қалатын «Конбас» кинокамерасы да тыным таппады, режиссер бастаған топ Алматыға жиналғанша берекелі дастархан бір жиналмай-ақ кетті. Шетінен дарылдап қалған ағайындар «посошок, посошок» деп айғырдай арқырап тұрған ақаңды қайта-қайта алғызып, ақкөңіл Қақаңды ақыры құлатып тынды. Үш-төрт жігіттің көтеріп, купеге жабыла кіргізгені Қалекеңнің еміс-еміс есінде. Қалила әбден тозығы кеткен ескі вагонның сықырынан, жолаушы пойызының дөңгелектерінің үздіксіз тықылдағанынан оянып кетті. Шөл қысып, аузы кебірсіп, қазандай басы сынып, ауырып барады.

– Әй, Қожеке, тұрсаңшы! Мына түріңмен Алпамыс батырдай жеті күн, жеті түн ұйықтайтын шығарсың? Сенің еміңді білемін, кел, 100 грамм тартып жібер, бұл жарықтық ауыртады, өзі жазып алады. Амандық үшін алып қояйық, Қожа, – деп қырлы стақанға құйылған арақты ұсына берді.

– Мына қасқабас шынымен Қожа ма? – деді есіктің жанынан өтіп бара жатқан орта жастағы ер кісі жалт бұрылып.

– Ішейін деп отырған арақ сияқты самопал емес, нағыз Қожаның өзі, – деді Балтабай әзілдей үн қатып.

– ؘ Орыстардың арасында өскен қазақ едім. Қожалар туралы көп естимін, бірақ, осы күнге дейін кездестірмеппін. Бірінші рет көріп тұрмын, көруге бола ма? – деді әлгі ағайын алға ентелеп.

– Жоқ, жоқ, көруге болмайды! Көрімдік беру керек, – деді Балтабай жолаушыны Қалилаға жақындатпай – көрімдікке бір шиша арақ!

Шала қазақ көкеміз талайды көрген қу болып шықты.

– Қазір келемін, – деп купеден асығыс шыға берді.

Көп ұзамай қойнына бір қылмойынды тығып, Қожаның жанына жалп етіп отыра кетті. «Көрімдіктің» арқасында төртеуінің де дауысы жарқын-жарқын шығып, әңгімелері жарасып жүре берді…

ТОҚАЛДЫҢ МҰРТЫ

1988 жылы кезінде «Қазақтелефильмді» салғызып, өзі басқарған Тұрғанбай Маткаримов режиссер ретінде «Решительный паворот» атты деректі фильм түсіретін болып, Алматының маңайындағы бір ауылға бара қалады. Кинооператор Анатолийдің ассистенті, қазақша айтқанда, барып кел, шауып кел деп жұмсайтын шабарманы – өзіміздің Қалила қожа. Келініміз Рыскүл ақылды әйел ғой, жолдасым алаңсыз жұмыс істесін деп, балаларын ертіп, Жаңақорғанға тартып кеткеніне екі аптадай болып қалған. Деректі туындының кейіпкері Буденныйдың мұрты сияқты шалғы мұртты жігіт ағасы болып шықты. Отағасымен салыстырғанда әйелі жап-жас, құмырсқа белі үзілейін деп, қос анары тепсініп, бота көздері жайнап тұр. Әсіресе, оймақтай аузын айтсаңшы!

Күн ұясына еңкейе бастағанда, режиссер мен кинооператор аудан орталығындағы қонақ үйге кетіп, Қалила ауылда қалады. Режиссердің тапсырмасы бойынша, таңғы көріністерді, күн шыққанды түсіруі керек.

Малды жайғап болған соң, кинооператордың көмекшісі ерлі-зайыптылармен бірге отырып, кешкі шай ішті. Қайнап тұрған самаурыннан ыстық шай ішкенге не жетсін! Көп ұзамай-ақ бүгін ғана сойылған тоқтының етінен жасалған қуырдақ бұрқырап, дастарханның төрінен орын алды. Мұндайда жүз грамсыз отырыстың сәні болған ба?

Есте қалатын қойлы ауыл кеші, ықыласпен жайылған ақ дастархан, қыпша белі майысып, шай құйған әдемі жас келіншек… Бәрі керемет, жарасып-ақ тұр. Қалила қанша қарамайын десе де, көзі жанында отырған сұлу перизатқа қайта-қайта түсе береді. «Шіркін, ақ төсінен аймалап, оймақ ернінен сүйер ме еді» деп іштей тамсанып-тамсанып қояды. Кенет, жаңа ғана жарқырап тұрған электр шамы өшіп қалып, айналаны қараңғылық тұмшалап алды. Ильич шамы сол өшкеннен молынан өшіп, келіншек төсек сала бастады. Қалиланың көңілі алып-ұшып, жүрегі дүрсілдеп, төсегінде әрі-бері аунап, біраз жатты. Үйдің иесінің орнынан тұрып, моторды қосатын түрі байқалмайды. «Қанша дегенмен, ауылдың шаруасы ауыр ғой. Шаршап, ұйықтап қалған болуы керек» деген ой қылаң етіп, қонақ жігіт орнынан жайлап тұрып, дастарханды айналып өтіп, сұлу келіншек жатқан ақ төсекке мысықтабандап жылжыды. Қолдары дірілдеп, түнгі ұйқы құшағында жатқан сұлу келіншекке жеткендей болды. Мамық төсін сипалап, шашынан иіскеп, оймақтай ерніне ұмтылып еді, аузына шалғы мұрт орала кетіп, кеңк-кеңк еткен күлкі естілді. Батырға да жан керек, Қалила орнынан атып тұрып, тұра кеп қашты…

«Тау мен тау жолықпайды, адам мен адам кездеседі» деген рас болып шықты. Арада екі жыл өткен соң, «Қазақтелефильмнің сол кездері Бас директоры Мұсабек Рахманбердиев Қалиланы шақырып алып: «Қалеке, Ресейдің Свердловск қаласынан әріптестеріміз қонаққа келіпті. Олар қазақтың ауылдағы тыныс-тіршілігімен, әсіресе, шопандардың өмірімен танысқысы келеді. Сен анау-мынау емес, Ленинградты көрген, сонда тұрған жігітсің. Орыс бауырларыңмен бой жазып қайтуға қалай қарайсың?» – деп қолқа салды.

– Бастықтың айтқанын орындамай, босқа өлетін жағдайым жоқ, – деді Қалила күле жауап беріп.

Ертесіне арнайы бөлінген көлікпен Омаров бастаған топ Алматының маңайындағы ауданға аттанып кетті. Аудан орталығынан ілескен өкіл таныс ауылға бастағанда, Қалила отырған орнынан су шыққандай тыпыршып кетті. «Шаруашылықтағы озат, әрі қонақжай шопан баяғы түн ішінде тұра қашқан мұртты ағайынның үйі болып шықпаса екен» деп ойлағанша, жеңіл көлік таныс үйдің жанына екпіндетіп тоқтай берді.

Аузын ашса көмекейі көрінетін ақкөңіл шопан мен оның әдемі келіншегі қонақтарды ашық қабақпен қарсы алып, төрге шақырып, жайылып көрпе, иіліп жастық болып жатыр. Ресейлік қонақтармен бірге үлкен бөлмеге кіргенде, Қалиланың көзі кішкентай столдың үстінде жатқан қымбат тұратын кинокамераның объективіне түсіп, тұрған орнында қақиды да қалды.

– Ағасы, дәл осындай объективті жоғалтқаныма екі жыл болды, менің затыма қатты ұқсайды екен, – деді режиссер екі көзі жыпылықтап.

– Ұқсайды дегенің не? – деді шопан жымия күліп. – Ол сенің бұйымың. Сол түнде тұра қашып, молынан кеттің ғой, бауырым! Аман болса бір келер деп жүргенбіз жеңешең екеуміз…

«АБАЙДАН ҰЯТ БОЛДЫ»

Қалиланың желөкпе кезі, 1980 жылдар, Нева өзенінің жағасындағы әсем қала – Ленинград шаһары. Бір күні Равиль деген татар жолдасы әскер қатарына шақырылатын болып, өзі тұратын жатақхананың 14-інші қабатындағы бөлмесінде өтетін қоштасу вечеріне шақырады. Келгендердің бәрі шетінен шіреніп-шіреніп қалған шовинистік пиғылдары көк көзді орыстар, мұсылман атаулыдан Равиль екеуі ғана. Сөз кезегі келгенде, Қалила орнынан тұрды.

– Равиль бауырым, Ұлы Түркі бабамыздың Исламмен қуатталған алмас қылышы әрқашан да қынабыңда болсын, – деп тост көтеріп, қолына шарап құйылған бокалды алды.

Бәле іздеп отырған орыстарға бұл сөз қайдан ұнай қойсын.

– Подлый турк!

– Потомок Шынгысхана! – деп өре түрегелген орыстар Қалиланы 14-інші қабаттан лақтырмақ болып, тап берісті. Батырға да жан керек.

– О, Достоевский помоги! Великая Русская литература! – деп Қалиланың жан дауысы шықты. Сонан соң: – А вы у казахов кого знаете? – деді жанталаса сұрақ қойып.

– Абая! – деп жауап берді орыстардың біреуі.

– Ваш великий Достаевский пас баранов Абая! – деді Қалила қасқайып.

– Врешь!

– Федор ссылке был в Семипалатинске. Был! Бай казахи платили начальникам. Платили. Каторжане кошары чистили. Вы такие правды скрываете! «АЗиЯ» и Олжаса Сулейменова то же скрываете! – деп Қалила алған бетінен қайтпай бажылдап қоя берді. – Вот так!

– Жоқ! Мына басурманды лақтырмай тоқтамаймын! – деп біреуі қайта ұмтылғанда, татар досы оған қарсы шығып: «Мен өзіңді лақтырып жіберемін!» – деп саңқ етті. Қолында – жалаңдаған қанжар. Орыс біткен есін жиғанша, Равиль Қалиланы қолынан ұстап, өз бөлмесінен қаша жөнелді.

– Ты сукин сын, Халил! – деді татар досы Қалиланы таксиге отырғызып жатып, – Достоевского не трожь! ؘ

– Шовинистерге ерегісіп айттым, Равиль. Федор Михаилович менің кумирім! – деді Қалила досына ақтала сөйлеп.

Түнгі Нева қанша сұлу, керемет болса да Қалиланың көңілін жұбата алмады. Таксиде келе жатып: «Біз сендерді үндістер сияқты қырып салуымыз керек еді! Ленин бәрін теріс ағызды», – деген шовинист суретшінің сөзін есіне алып, қаны басына шапты, жүрегі тас шеменге айналып жүре берді… Есіне алыстағы Жаңақорған, туған үйі, ата-анасы, бауырлары, достары түсіп, жанарына мөлт-мөлт етіп жас келді. Бұл – сағыныш жасы еді. Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген осы деп, көңілі жетімсіреп қоя берді.

(Жалғасы бар).

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

жазушы, журналист

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *