ДИМЕКЕҢ ЕЛ ЕСІНДЕ

Тұлға
367 Views

Қазақстан Компартиясын ширек ғасырдан астам уақыт басқарған КОКП Орталық Комитеті саяси бюросының мүшесі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың Қазақстан экономикасы, әлеуметтік жағдайы, мәдениеті, өнері мен әдебиетінің өркендеп, өсуіне қосқан үлесі ұшан-теңіз.

Көрермендердің назарына ұсынылатын жаңа деректі туындыда Димекеңнің Қазақстан және оның халқы үшін жасаған орасан жеті ерлігі және тұла бойындағы жеті асыл қасиеті сөз болады. Әрине, ол кісінің Қазақстан және қазақ халқы үшін жасаған игілікке, ізгілікке толы істері, жаратқан Иеміздің өзі сыйлаған адами қасиеттері әлде қайда көп. Қазақ ұлты жетілік санды қадірлейді, қастерлейді. Сондықтан да өздеріңіз көретін деректі туындыға қасиетті жеті санды темір қазық етіп алдық. Сондай-ақ, дара тұлға Дінмұхамед Қонаевтың алысты болжай білетін данышпандығын, парасаттығын, көрегендігін, қарапайымдылығы мен кішіпейілдігін, адам баласына жақсылық нұрын шашатын ұлылығын туындыға арқау ететін боламыз.

Кең-байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірінде болғанымызда Димекеңнің көзін көрген үлкен мен кіші соңында қалған ізгілікті, игілікті, жасампаз істерге үлкен баға беріп, сағынышпен әңгіме қозғап жатты.

Біздің шығармашылық топ алғашқы болып қарт Каспий теңізінің түбегінде жатқан 361 әулиенің мекені, қасиетті Маңғыстау облысының орталығы – Ақтау қаласына ат басын бұрды. Экономикасы, мәдениеті, әлеуметтік жағдайы қарыштап өскен Ақтау – егемен еліміздің батысындағы көрікті, сұлу шаһарлардың бірі.

Дінмұхамед Қонаев 1951 жылы Қазақстан Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары болып қызмет атқарып жүргенде СССР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары Лаврентий Берия бастаған топ Маңғыстау облысының аумағынан атом ядролық қаруын сынақтан өткізетін жаңа полигон ашуды жоспарлап, соған қызу дайындық жүріп жатты.

И.В.Сталин әлі тірі, Л.Берияның қаһарлы қылышынан қан тамып тұрған кезі. Оларға қарсы шығу – өлімге бас тігумен пара-пар еді. Қазақстан Компартиясы басшылығының тапсырмасымен Димекең Маңғыстау түбегіне келіп, қолдағы бар геологиялық барлау жұмыстарының талдау нәтижелеріне сүйене отырып, жер астында орасан зор мұнай қоры бар екенін зерттеп, дәлелдейді. Сондай-ақ Каспий теңізіне, бүкіл аймаққа үлкен экологиялық зардап әкелетіні және көрші жатқан Түркіменстан, Әзірбайжан Республикаларына да тигізетін қасіреті жайлы бұлжытпас фактілер келтіреді.

Маңғыстаулық зиялы азамат, Маңғыстау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Төлеген Қағазов екеуі Мәскеуде 17 күн болып, Л.Берия бастаған үкіметаралық комиссияға осының бәрін дәлелдеп, Маңғыстау өлкесін үлкен қатерден құтқарып қалады.

Сан мыңдаған жылдардың сыры мен құпиясын терең қойнауында жасырып жатқан Каспий теңізінің жағалауындағы көрікті мөлтек аудандардың біріндегі көп қабатты үйде тұратын Төлеген Қағазовтың қызы Жұпар апайды арнайы іздеп барып, сәлем бердік.

1961 жылы КСРО басшысы Никита Сергеевич Хрущев қазақтар мұнай игере алмайды деген сылтаумен Маңғыстау түбегін Түркіменстан Республикасына беру жөнінде шешім қабылдамақ болғанда сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев қарсы шығып, бұл экономикалық және саяси жағынан да үлкен қателік екенін дәлелдеп, Маңғыстауды аман алып қалады. Бұл жөнінде жазушы, ҚР Президенті сыйлығының иегері Көлбай Адырбеков әңгімелеп берді.

Ендігі бағытымыз – бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысы. Мырзашөл – қазақтың оңтүстігіндегі ынтымағы мен бірлігі жарасқан, салты мен дәстүрге бай, ырыс пен берекеге толы қасиетті өлке. Бүгінгі таңда Жетісай, Мақтаарал аудандарында 300 мыңдай халық тұрады.

1960 жылдары Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Исмаил Юсупов болып тұрған кезінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы мақтаға бай, негізінен қазақтар тұратын Мақтаарал, Жетісай, Киров аудандары көрші Өзбекстан Республикасына өтіп, жергілікті халық экономикалық және рухани жағынан үлкен зардап шекті. Үш үлкен ауданды қазақ жеріне қайтару оңайға түскен жоқ. Мұндайда үлкен дипломатиялық білгірлік, ұлтжандылық және патриотизм қажет. Димекеңнің тұла бойынан осы бір асыл қасиеттер табыла біліп, бірнеше жылдан соң үш аудан Қазақстанға қайтарылды. Жергілікті халық Димекеңнің бұл ерлігін ешқашан да ұмытпайды. Осы туралы Киров аудандық атқару комитетінің бұрынғы төрағасы Тойым Жүнісов, бұрынғы партия қызметкері, еңбек ардагері Мықтыбек Тайпақов сыр шертті.

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың қамқорлығымен салынған Арыс – Түркістан каналы осы күнге дейін жерге су, нәр беріп, Ордабасы, Бәйдібек, Отырар аудандарының халқы игілігін көріп отыр. Еңбек ардагері Алтынбек Құдияров және Дінмұхамед Қонаев атындағы қордың төрағасы Ерұлан Жанысбеков Димекеңнің елге жасаған жақсылығын әңгімелеп берді.

Ордабасы ауданына қарасты Төрткөл ауылы мен Түркістан қаласының арасы таяқ тастам жер. Бүкіл Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан шаһары біз болмаған екі жылдың ішінде қанатын кеңге жайып, гүлдене, көріктене түсіпті. Түркістан қалалық партия комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы Орынбай Рахманбердиев Димекеңнің киелі Түркістан қаласының қалпына келуіне сіңірген зор еңбегін айтып берді.

Қасиетті, киелі Тайқазанды Түркістанға қайтару оңайға түскен жоқ. Бүкіл Түркі әлемі күткен қасиетті істі жүзеге асыруға Димекең үлкен еңбек сіңірді. Ел болып, халық болып күткен игілікті шараны көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков толық жүзеге асырғанда Дінмұхамед Қонаев шексіз риза еді.

Шырайлы Шымкент шаһарында болғанымызда қаланың қақ орталығына орналасқан Қонаев атындағы қордың мекен-жайында болып, атқарылып жатқан игі істерімен таныстық. Шымкент қаласында Қазақстанда тұңғыш рет Қонаев атындағы қор ашылып, қаланың көрнекті жерінде бой көтерген ғимаратты халық өз қаражатына салды. Шымкент қаласында, облыс орталығы – Түркістан шаһарында Дінмұхамед Қонаевтың есімін ұлықтауда көптеген игі шаралар жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, Түркістан қаласында Қонаевтың атына көше беріледі. Көрнекті қайраткердің ескерткіші бой көтереді. Бұл жөнінде еңбек ардагері Шәріпбек Жамалбек жан-жақты айтып берді.

Шымкенттен қайтар жолда 2000 жылдан астам тарихы бар, көне де мәңгі жас Тараз қаласына соқтық. Жамбыл облысында Димекеңнің соңында қалған ізгілікті іздер сайрап жатыр. Дінмұхамед Қонаев осы өңірге ресми сапармен келгенде аудандарды, шаруашылықтарды аралап, елдің тыныс-тіршілігімен танысушы еді. Облысқа келген әрбір сапарында шалғай жатқан Мойынқұм ауданына барып, атақты шопан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбековпен кездесіп, арқа-жарқа болып жататын.

Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласында негізін қаламы қарымды журналист Баттал Жаңабаев қалаған Қонаев атындағы қор бар. Оның жанында мұражай жұмыс істейді. Бүгінгі таңда игілікті істерді тараздық зиялы азамат Қабат Асқарбеков жалғастыруда. 2022 жылы қаланың көрнекті жерінен аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың еңселі ескерткіші бой көтерді. Жаздың шуақты күні облыс ардагерлерімен бірге Димекеңнің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, әруағына тағзым еттік.

Димекеңнің басына қиын күндер түскенде жамбылдық ағайындар бүкіл қазақ ардақтаған тұлғалы азаматты қолдай, қорғай білді, хан көтеріп, құрметтеді. Сол кездегі аудан әкімі Ералы Додабаев бастаған аудан жұртшылығы Дінмұхаммед Қонаевты құрметті қонақ етіп, 90 жылдығын дүркіретіп өткізді.

Деректі фильмге Сарысу аудандық партия комитетінің бұрынғы хатшысы Еркінбек Солтыбаев, бұрынғы партия қызметкері Жұмағұл Көшербек қатысты.

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, КОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросының мүшесі Дінмұхаммед Қонаевтың балалық, жастық шағы, ерлікке, парасаттылыққа толы саналы өмірі сол кездегі ел астанасы – Алматыда өтті. Қазақстанның, қазақ ұлтының тағдыры шешілген сын сәттерде батыл қадамға барып, нақты шешім қабылдай білді.

1960 жылдардың басында сол кездегі Кеңестер Одағының басшысы, шала сауатты Н.С. Хрущевтің бастамасымен, пиғылы теріс Қазақстан Компартиясының қолдауымен Ұйғыр автономиялық республикасы құрылатын болып, Алматы қаласы астанасы болып кете жаздады. Сол кезеңдегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Д.А.Қонаев бастаған нағыз патриот, ұлт жанды азаматтар болмағанда қазақ ұлтына, қазақ мемлекетіне балта шабылар еді. Бұл құнды деректі осы жолдардың авторы айтып берді.

Қазақстанның жер қойнауында Менделеев кестесіндегі барлық табиғи байлық бар. Осы орасан байлықты игеретін ұлтқа техникалық-инженерлік мамандар ауадай қажет болды. Әсіресе, мұнай-газ саласында ұлттық кадрлар жетіспейтін. Жыл сайын Мәскеу, Баку, Грозныйға отыз шақты студент оқуға жіберілуші еді. Бұл аздық етті. Ол кезде шағын журнал шығарсаң да Мәскеудің рұқсаты керек. Ал, жоғарғы техникалық оқу орындарын ашу – қияметтің қияметі еді. Жергілікті ұлттық кадрлар керектігін, онсыз мұнай, газ, электр энергиясын, алтын-күміс, басқа да жер асты байлығын толық игеру мүмкін еместігін республика басшысы Д.А.Қонаев Мәскеу алдына өзекті мәселе етіп қойды. Соның нәтижесінде Алматы политехникалық институтының жанынан мұнай-газ, құрылыс, автоматты жүйе бойынша басқару факультеттері ашылды. Энергетика институты жеке шаңырақ көтерді.

Тәуелсіздік алып, егемен ел болғанымызда ұлттық кадр жөнінен еш қиындық көрмедік. Құдайға шүкір, бүгінде өз байлығымызға өзіміз ие болып отырмыз. Міне, Димекеңнің данышпандығы қайда жатыр.

Ақтау қаласының азаматы, инженер Григор Әбубәкіров Димекеңнің ерлігін әңгіме етті.

Дінмұхамед Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетін басқарып тұрған жылдары ауылшаруашылық, өнеркәсіп, көлік, байланыс саласы өркендеп дамыды. Халыққа білім беру, медицина, тұрмыстық қызмет, сауда көрсету саласы артып, Кеңестер Одағы бойынша үшінші орыннан түскен емес. Қонаев Қазақстанды басқарған жылдар ішінде Республикада 47 қала салынды. Соның бірі – Қапшағай су қоймасының жағалауына орналасқан әсем қала – Қапшағай болатын. 2022 жылы 3 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бұл қалаға көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың аты берілді.

Қазақтың арысы үшін Алматы облысындағы Балқаш ауданының орны ерекше еді. Ата-бабаларының кіндік қаны тамған бұл қасиетті өңірді Димекең өмір бойы қастерлеп өтті. Есімін бір Кеңестер Одағы ғана емес, жарты әлем таныған тұлғалы азамат Балқаш ауданы бойынша қатарынан бес рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, өңірдің экономикалық-әлеуметтік жағдайының қарыштап өсуіне үлкен үлес қосты. Димекеңнің қамқорлығының арқасында жеті ірі күріш кеңшары ашылып, елдің дәулеті мен сәулеті артты. Елге ырыс пен табыс келіп, мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы қатар дамыды. Осы туралы бұрынғы Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов және басқалар толғана сыр шертті.

Облыс халқы Д.А.Қонаевтай кемеңгердің елі, туған жері үшін жасаған жақсылығын ешқашан да ұмытпайды. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің ата-бабалары мәңгі ұйқы құшағында жатқан Желтораңғы ауылындағы орта мектепке Дінмұхамед Қонаевтың есімі беріліп, білім ордасының алдына ескерткіш-бюсті қойылды.

Мектепте арыс азаматтың мұражайы жұмыс істеп, өмір өткелдерінен, қайраткерлігінен алуан-алуан сыр шертеді.

Осы деректі телетуындыны түсіру барысында республикамыздың түкпір-түкпірінде болдық. Димекеңнің тұла бойындағы ешкімге ұқсай бермейтін асыл қасиеттерін ел аузынан естіп, ол кісіге деген құрметіміз арта түсті.

Қазақстанның Халық әртісі, әйгілі сазгер Шәмші Қалдаяқов Дінмұхамед Қонаевтың қалай қабылдағанын: «Атынан ат үркетін Қазақстан басшысының қабылдауына жүрексіне кіріп, аяқ-қолым дірілдеп кетті. Жасауы келісті үлкен кабинеттің төрінде бірінші хатшы түрегеліп қолымды алып, жылы амандасты. Көзім көзіне түсті, жүзінен имандылық нұры төгіліп тұр екен.

Димекең қал-жағдайымды сұрағанда бойымды билеп алған қорқыныш өзінен-өзі сейіліп жүре берді. Сол-ақ екен, өзімді еркін сезініп, мейірімді әке шапағатына бөленгендей хәл кештім.

Көзінің тірісінде халық «Пайғамбар» санаған тұлғалы азаматтың бір көріп ақ адал болмысын танитын сезімталдығына, ұлықтың төресі бола тұрып, соншалықты кішіпейілділік таныта білуіне, тұла бойындағы парасаттылығы мен тектілікке толы асыл қасиетіне ұзақ жылдар бойы таңқалумен келемін.

«Ел үмітін ер ақтар, Ер атағын ел сақтар» дейді халық даналығы. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев мың жылда бір рет дүниеге келетін ерекше тұлға. Ол қазақ үшін туған нағыз ұлт мақтанышы еді. Димекеңнің Қазақстанға, қазақ халқы үшін жасаған жасампаз еңбектері ұшан-теңіз. Ел арысы адалдықтың, ақиқаттың жолынан таймай, халқына, еліне, оның ертеңі мен жарқын болашағы үшін табанды, жігерлі еңбек етті. Димекеңді алға жетелеген оның бойындағы – асыл қасиеттері еді. Ерекше туылған қазақтың Ұлы перзентінің, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің қайталанбас болмысын ашуға сәл де болса үлес қоссақ – біздің еңбегіміздің ақталғаны.

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,

Қазақстанның Құрметті жазушысы,

Халықаралық «Түркі әлемі»

телестудиясының Бас директоры.

Алматы қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *