ҚҰДАЙБЕРГЕН ЖҰБАНОВ ТАҒЫЛЫМЫ

Руханият Қоғам
391 Views

Жақында Елордада қазақ тіл білімінің ғылыми-теориялық негізін қалаушы, қоғам және мәдениет қайраткері, профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың 125 жылдығына орай «Құдайберген Жұбанов тағылымы» атты дөңгелек үстел өтті.


Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған ғылыми жиында, қазақ тіл білімінің дүниеге келуі мен оның қалыптасуы барысында бар өмірін, күш-жігерін отандық ғылымға сарп еткен ірі ғалымының еңбектері талданып, біртуар тұлғаның өмірі туралы естеліктер айтылды.
Іс-шараның кіріспе сөзін сөйлеген «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы атқарушы директорының орынбасары Әділбек Қаба:
– Тіл біліміне сіңірген өлшеусіз еңбегінен бөлек, ұлы ғалым ұлттық руханияттың қорғаны да бола білді. Қ.Жұбановтың сонау өткен ғасырда, 20-жылдардың ортасынан бастап, 30-жылдардың соңғы ширегіне дейін тындырып кеткен істері бұл күнде терең де өрісті ғылыми ойларға өзек, – деді.
Құдайберген Қуанұлының ұлттық өнер, мәдениет, тіл, ғылым, дін салаларын зерделеу арқылы қазақ халқының жалпы руханиятына қосқан үлесін баяндаған ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрбол Абдуллаұлы:
– Құдайберген Жұбановтың тiкелей мамандығы тіл ғылымына қатысты еді, соған қарамастан ол ұлттық мәдениетiмiздiң, өнерiмiздiң үлкен жанашыры болды. Ол кісі Абайтану ғылымының бастауы болған тұлғалардың бірі. Оған «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» деген аяқталмаған терең мазмұнды, орасан зор еңбегі дәлел, – деді өз баяндамасында.
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында оффлайн және онлайн форматта өткен дөңгелек үстелге еліміздің әр өңірінен белгілі ғалымдар мен тіл мамандары, ЖОО студенттері қатысты.


Жарқынбек ЖҰМАДІЛ,
журналист

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *