ҮМІТ ҮЗБЕҢДЕР — Саясат Нұрбек гранттан құр қалған түлектерге арналған мүмкіндіктерді тізіп берді
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек гранттан құралақан қалған түлектерге мүмкіндіктер тізімін ұсынып, үміт үзбеуге шақырды.
«Соңғы уақытта елімізде болған су тасқыны бүкіл елге ортақ сынақ болды. Осы жағдайға байланысты жоғары білім гранттарының аз ғана бөлігін зардап шеккен өңір түлектеріне бөлдік. Саны көп те емес, 5112 грант. 20 мыңнан астам түлек су басқан өңірден бітірсе, соның 10 мыңнан астам түлегі өздеріңізбен бірдей жалпы конкурспен өтті. Біз оны әділ және ашық түрде бөлуге бар күш-жігерімізді салдық. Кешегі ата-аналар мен балалардың қуаныш жасын көріп, біз де бірге қуандық. Бірақ, өкінішке қарай, грант ала алмаған түлектер мен отбасылармен де біргеміз. Көптеген адам министрлікке, маған хабарласып, жазып жатыр, ал осы нәтижені сабырмен қабылдағандар да бар екен. Айтайын дегенім, үміт үзбеңіздер! Грант алу мүмкіндіктері әлі де бар!», — дейді Ғылым және жоғары білім министрі Telegram парақшасында.
Оның айтуынша, биылғы конкурсқа қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 11 мыңға көп, сондықтан бәсеке өте жоғары болған.
Су тасқынынан зардап шеккен аймақтар үшін квота қарастырылғанымен, сол аймақтардың талапкерлері жалпы конкурс бойынша грант ұтып алды.
Грант алғандардың тек 1130-ы немесе 1,7%-ы мүмкіндікті пайдаланды.
Бұл аймақтарды қолдау үшін талапкерлерге дайындалу және конкурсқа құжат тапсыру үшін мерзімі ұзартылып, конкурсқа ең жақсы ҰБТ нәтижесі бар сертификатын ұсыну мүмкіндігі берілді.
Жоғары балл жинаған 10 мыңнан астам адам грант ала алмады, оның ішінде 7 мыңнан астамы шығармашылық мамандықтар бойынша екенін айту қажет.
Мысалы, дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау бойынша 1 орынға 11 адам, сән және дизайн бойынша 9 адам, ал стоматологияға 1 орынға 35 адамнан келді.
«Құрметті түлек, қадірлі ата-ана біздің мақсатымыз — ел экономикасына қажетті кадрлар дайындау. Грант алу мүмкіндіктеріңіз қайталап жазам әлі де бар», — деген Саясат Нұрбек өзге гранттарды тізіп берді.
— 3 мыңға дейін талапкер гранттан бас тартуы мүмкін, олар келесі жоғары балл жинаған талапкерлерге беріледі.
— Жергілікті атқарушы органдардың яғни әкімдік гранттары бар.
— KazEnergy қауымдастығының гранттарын қосыңыз.
— Х. А. Яссауи атындағы ХҚТУ-де білім алу үшін Түркия Республикасының 500 гранты.
— Жұмыс берушілердің гранттары.
— Түркістандағы Халықаралық туризм және қонақжайлық университеті 800 мақсатты грант ұсынады.
— Қазақстан халқына қоры 850 грант бөледі.
— Ректорлар гранты, мысалы Тұран-Астана университеті Алтын белгі иегерлеріне гранттар бөлуде.
— Сессия қорытындысы бойынша бос грант алу мүмкіндігі және бар.
«Грант ала алмаған түлектерді осы жоғарыдағы мүмкіндіктерді барынша пайдалануға шақырамыз» дейді министр.