МАҢҒЫСТАУДА IT САЛАСЫН ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН ТЕХНОПАРК ПЕН ЖАСТАР САЯБАҒЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Білім Қоғам
20 Views

Кеше, 2 желтоқсан күні Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде «Yessenov Technopark» кешенінің ашылу салтанаты өтті. Шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин сондай-ақ еліміздің жоғары оқу орындарының ректорлары, ірі кәсіпорын басшылары, депутаттар мен қоғам өкілдері қатысты.

Жаңадан ашылған сан салалы технопарк кәсіпкерлерге, университет пен колледж студенттеріне және мектеп оқушыларына арналған. Мұнда олар өз идеяларын жүзеге асырып, стартап жобаларымен жұмыс істей алады. Сонымен қатар, токарь, дәнекерлеуші сияқты жұмысшы мамандықтарды меңгеру мүмкіндігі бар.
2000 шаршы метр аумақта орналасқан екі қабатты ғимарат заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бірінші қабатта робототехника, цифрлық өндіріс, металл және ағаш өңдеу шеберханалары жұмыс істейді. Екінші қабатта жасанды интеллект, ойын әзірлеу, блокчейн, криптовалюта, мобильді қосымшалар жасау және киберқауіпсіздік бойынша білім беріледі.

Технопарктың ашылуынан кейін Маңғыстау облысы әкімі жанындағы ғылыми кеңес өтті. Жиында білім беру, логистика, суды тұщыландыру, Каспий теңізінің экологиясы, теңіз саласы, сутегі энергетикасы және басқа да өзекті мәселелер талқыланды.
Отырыста ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысының ғылыми зерттеулерді өндіріске енгізу қажеттігін және ғылыми қоғамдастық пен бизнес арасындағы байланысты нығайтуды тапсырғанын атап өтіп, Маңғыстау облысы бұл міндеттерді жүзеге асыру арқылы жаңа технологияларды дамыту орталығына айналуға әлеуеті зор екенін жеткізді.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында ашылған технопарк жастардың инновациялық идеяларын дамытуға және өңірдің тұрақты дамуына үлес қосады.

Мемлекет басшысы ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру және оларды өндіріске енгізудің маңыздылығын ерекше атап өтуде. Бүгінгі ашылған технопарк өңір жастары мен кәсіпкерлері үшін ғылым мен экономиканы байланыстыратын алаң болмақ. Маңғыстау облысының тұрақты дамуы үшін өзгерістерге тез бейімделіп, тың мүмкіндіктерді пайдалану қажет. Мемлекет ғалымдарға үлкен үміт артып отыр. Сондықтан ғылыми зерттеулерді облыс экономикасының өзекті мәселелерін шешуге бағыттауымыз қажет. Біз әрдайым аймақ экономикасының дамуына септігін тигізетін барлық бастамаларды қолдауға дайынбыз, — деді Нұрдәулет Қилыбай.
Айта кетейік, 29 қараша мен 2 желтоқсан аралығында «Yessenov Forum: Тұрақтылық Мағыналар» форумы өтуде. Форум аясында ғылыми хакатон ұйымдастырылып, облыс үшін маңызды үш нысан пайдалануға берілді. Оның бірі — Yessenov Technopark болса, екінші нысан – «Жастар саябағы». Бұл саябақ жастардың таза ауада демалуына және музыкалық іс-шаралар мен ойын-сауық бағдарламаларын өткізуге арналған. Мұнда амфитеатр, субұрқақ және 50 орындық кафе жұмыс істейді. Саябақ аумағына 3000 ағаш отырғызылған. Саябақ барлық қала тұрғындары үшін ашық.
Yessenov университетінің аумағында пайдалануға берілген үшінші нысан – 1500 орындық футбол стадионы. Бұл спорттық нысан 7000 шаршы метр аумақты қамтиды. Мұнда футбол және жеңіл атлетика бойынша облыстық деңгейдегі жарыстарды өткізуге болады. Стадионның ашылу салтанатында Yessenov University мен Atyrau University командалары арасында жолдастық футбол ойыны өтеді.

Материал Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

ақпараты негізінде дайындалды

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *