ТӨРЛЕТ, «ТОЛҚЫН», ШАРЫҚТА, «ШАҒАЛА!»

Тұлға Әдебиет
108 Views

«Аруана бауыр дүние» сериясымен шығып жатқан «Шеге құм», «Толқын», «Шағала» үштаған-кітаптың екіншісі де қолымызға тиді.
Алғашқы «Шеге құмдағы» сияқты «Толқында» да елең еткізерлік кейіпкерлер галереясы алдыңыздан шығады. Жинақ белгілі журналист, республикалық «Егемен Қазақстан» газеті Бас редакторының орынбасары Талғат Батырханның алғысөзімен ашылған.

Кітапқа ғалым-журналист Бауыржан Омарұлының мерзімді басылымдарда, әлеуметтік желілерде жарияланған жазбалары топтастырылған. Қай материалына көз тоқтатсаңыз да «жұлқып» әкетіп, сол жерге жіпсіз байлап қояды. Көз алмастан аяғына дейін оқисыз. Бұл «магниттің» аты – ЖУРНАЛИСТІК ШЕБЕРЛІК ШЫҢЫ. Бұл биікке көтерілудің ар жағында қаншама көз майын тауысып кітап оқу, өзіне дейінгі мықтылардың құпияларын миға сіңіру, жүйріктердің шабысын жадыға тоқу жатыр.
Баукең әр мәтінін асықша иіріп, шабыттана шиырады. Ой толқындары табиғи түрде тербетіліп бара жатады – сана қатпарларында сілкініс туғызып. Үштаған-кітаптың тақырыптық жұлын-жүлгесі туған жер төсіне байланғандай. Қараңыз: Арал өңірінде өзіміз де жалаң аяғымызбен сезінген шеге құм, шексіздікке қарай тербетіле бағыт алған бұйра толқындар, табиғаттың сәнін келтіре қалықтап жүрген шағала, яғни тартымды трилогияда тақырыптық тұтастық бар.
Өзі де талай майталман журналистер туралы кітаптар жазған Баукең туралы бұған дейін де көсіле қалам тербегенбіз. Оны қайталамай-ақ осы жинақты қалыптаудағы бір сәтті тәсілді айтқан жөн. Ол – бөлімдерге топтағандағы сәтті тақырыпшалар. Қараңыз: «Арал. Ауыл. Адам!», «Тұлға. Талант. Таным», «Өмір. Өрім. Өріс», «Заман. Зейін. Зерде». ААА, ТТТ, ӨӨӨ, ЗЗЗ. Бұл ұсақ-түйек емес, бұлай жіктеуге де «Тұлға. Талант.» болып, ТАНЫМың тереңнен нәр алып жатпаса болмайды.
ЖАҚСЫ ТАҚЫРЫП – ТҰРАДЫ ШАҚЫРЫП. Бауке-дос — тақырып қоюдың жілігін шағып, майын ішкен қазақ журналистикасының қыраны Сейдахмет Бердіқұловтың мектебінде шыңдалған қарымды қаламгер. Осы «Толқын» жинағындағы мына бір тақырыптарды оқыған оқырман бұл кітапты іздеп кетеріне сеніміміз кәміл: «Сазан, қазан және қалам», «Шүректен Шрекке дейін», «Көкаралда Көпен жүр», «Газет пен гаджет», «Дегдардың дағдысы», «Терезе тұнжырап тұр», «Мегаполис менталитеті», «Тоқалар мен тұяқтар», «Карта сыртындағы курстас», тағы басқа ассонанс, аллитерация тәсілдерін бойына дарытқан тақырыптар елең еткізері хақ.
Бұл алғашқы әсер — жазбамызда кітапты терең талдамаймыз. Бір ғана байқағанымызбен түйіндейміз. Бұл интернет иінінен демалып, ақпараттық контент бірінші планға шыққан заманда бұрынғыдай көл-көсір очерктің тарих сахнасына бет алып, қысқа-нұсқа жазбалар оқырманды тарта бастаған тұста Баукеңнің осы тенденцияны ескергені сәтті қадам болған. Конвергентті журналистикаға көңіл бөліп, медиадағы трансформацияларды мұқият ескеретіндер саны көбейе бастары айдан анық. Ол біз қаласақ та, қаламасақ та сол кеткені кеткен. Заманына қарай — адамы. Трендтерді ескермесең, санаспасаң шаң қауып қаларың сөзсіз.
Ал Баукең әлеуметтік желі «…әңгімені сағыздай созбай, қысқаша күрмеп, шиырып һәм ширатып жазу жөнінде ой салғанын» атап көрсеткен. Жазбаларында сол тенденцияны ескергені де көрініп тұр. Бұйыртса, екі аптаның о жақ, бұ жағында үшінші кітап та шығады. Ендеше, «Шағалада» жүздескенше!

Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Баспасөз және баспа ісі кафедрасының профессоры.
Астана қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *