ЖУРНАЛИСТИКА ЖҮЙРІГІМЕН ЖҮЗДЕСУ

Мерей мәдениет Тұлға
1 866 Views

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің ұйымдастыруымен белгілі қаламгер, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіппен кездесу өтті. Оған жүздеген студенттермен қатар ақын-жазушылар, ЕҰУ профессор-оқытушылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.

«Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі, өнертану профессоры Кенжеғали Мыржықбай кеш қонағының өмір және еңбек жолына тоқталып, қаламгерді жастармен таныстырды. Кейін университет студенттері Нұртөре Жүсіптің «Біз кімнен кембіз?», «Елес пен белес», «Желіге байланған жұлын» шығармаларынан үзінді оқып, әдеби-сазды кештің шымылдығын ашты.

Таныстық студент жастардың журналиске жазушылық, қоғамдық және әлеуметтік мәселелер, қазіргі журналистика туралы қойған сұрақтарымен жалғасты. Нұртөре Жүсіп әр сұраққа терең мән беріп, жастардың көкейінде жүрген сауалдарға анық әрі ашық түрде бүкпесіз жауап берді. Сонымен қатар Қазақстанның дамуына кері әсерін тигізіп жатқан проблемалар мен қазіргі қазақ қоғамындағы тәртіп, тәрбие, намыс, ұлттық мүдде жайлы кеңінен сөз қозғады. Жиналғандар әр мамандықта оқитын студенттер болса да барлығының әдебиетке деген қызығушылығы мен құштарлығы ерекше қуантты. Бір бойына журналист, жазушы, публицист сияқты мамандықтарды сіңірген сегіз қырлы бір сырлы Нұртөре Жүсіптің әуезді әңгімесін, сүбелі сөзі мен өнегелі ойын студенттер ұйып тыңдап, ұмытылмас әсер алды.

Кеш соңы жиналған құрметті қонақтардың ізгітілек-ниеттері мен ыстық ықыласына ұласты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист Сұлтан Оразалы қаламгердің ұшаң-теңіз жұмыстарына жоғары баға берді. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Бәтташұлы Сыдықов сөз алып, Нұртөре Жүсіпке зор алғыс айтып, «Күлтегін» медалімен марапаттады.

Бірнеше сағатқа созылған әдемі кездесуден жастар үлкен ой түйіп, рухани жаңғырып, мотивация алып қайтты. Кездесуге келген Нұртөре Жүсіп жастарға ақылын айтып, батасын беріп кешті аяқтады.

Аружан АЛПЫСБАЙ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *