ӨМІРІ ӨЗГЕРГЕН ӨҢІР ХАЛҚЫ ЖАҢА ӘКІМНІҢ ІРГЕЛІ ІСТЕРІНЕ ДӘН РИЗА

Билік
21 Views

Бұл уақыт деген шіркін адамзатты таңдандырумен келе жатыр. Күні кеше сияқты еді…
Өткен жылғы 17 ақпанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Берік Уәли Абай облысының әкімі болып тағайындалған еді. Ақпанның 17-ші жұлдызында сол бір жауапты қызметке кіріскеніне де бір жыл толып үлгіріпті.
Әлемдік уақыт үдерісімен алғанда бұл шағын ғана сәт деуге болады. Осынау азғантай уақыт үзігінде Абай облысында қыруар тірлік атқарылыпты.
Жаңа шаруаға жанын бере кіріскен Берік бауырымыз өңірдің бойын тіктеп, экономикасының күрт дамуына ерекше ықпал етті. «Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылып» дегендей, өзгеше ыстық ықылас-ынтамен, ырғын күш-қайратпен іргелі іске құлшына кірісіп кеткен.

Содан бері әлеуметтік-экономикалық салаларда атқарылған жұмыстардың ұшы-қиырына көз жеткізгісіз десек – артық айтқандық емес. Ол ең алдымен өңірге жаны ашитын, қиындықтарға қасқая қарсы тұратын азаматтарды, білікті, іскер мамандарды маңайына жинап, уақытпен санаспай жұмыс істеуді олардан да талап етті, өзін де аямады. Облысты көтерудің сан қилы жолдарын ойластырып, қалың жұртшылықтың ерекше ілтипатына бөленді. Бірде-бір әкім аяқ баспаған алыс аудандар мен ауылдарды аралап, халықтың мұң-мұқтажымен танысып, маңайындағы атқамінерлерге бірден тапсырма беріп қана қоймай, елдің еңсесін көтеру жолындағы жаңа жобалардың жүзеге асырылуын мұқият қадағалады.
Енді сөзіміз дәлелді болуы үшін бізге келіп түскен ресми нақты фактілер мен цифрларға көз жүгірте отырайық. Айталық, 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Абай облысының жалпы өңірлік өнімі 101,5 пайызды құрап, 2 трлн 385,8 млрд теңгеге жетті. Былтыр өңір экономикасының 12 негізгі көрсеткішінің 10-ында өсім қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығы 101,1, өңдеу өнеркәсібі 102,9, ішкі сауда 103,5, тұрғын үйді пайдалануға беру 105,8, байланыс 106, құрылыс 106,2, инвестициялар 106,8, көлік саласы 125,9 пайызға орындалды. Өткен жылы мемлекеттік бюджетке Абай облысынан 648,7 млрд теңге салық түсті, бұл – 2024 жылмен салыстырғанда 135,5 пайызға артық. Меншікті кірістердің өсу қарқыны бойынша облыс республикада екінші орында тұр.

ИГІЛІКТІ ІС ИНВЕСТИЦИЯДАН ТАМЫР ТАРТАДЫ

Өңірде инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Осының нәтижесінде 2025 жылы іске асырылған жобалар саны 29-дан 101-ге дейін артты. Жыл қорытындысында жалпы құны 24,1 млрд теңге болатын 15 инвестициялық жоба іске қосылып, 391 жаңа жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар құны 605,5 млрд теңге болатын 48 жобадан тұратын өңірлік инвестициялық пул қалыптастырылды.
Былтыр облыс әкімі Берік Уәли өңірге инвестиция тарту үшін 100-ден астам шетелдік инвесторлармен кездесті. Халықаралық экономикалық ынтымақтастықты нығайту мақсатында «Үлкен Алтай» халықаралық субөңірлік конференциясы аясында Қытай Халық Республикасының ірі компанияларымен жалпы құны 1,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын 15 меморандумға қол қойылды.
Индустриялық инфрақұрылымды дамыту бағытында да тиісті жұмыс жүргізілуде. Семей қаласындағы аумағы 96 гектарды құрайтын «Өндіріс» индустриялық аймағын 190 гектарға дейін кеңейтіп, шағын өнеркәсіп паркін құру жұмысы қолға алынып жатыр. Өңірге инвесторлардың қызығушылығы жоғары. Осыған орай Семей қаласының өнеркәсіптік аймағында арнайы экономикалық аймақ құру үшін 500 гектар жер бөлу жоспарлануда.
Аймақта жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың бірі – жалпы ұзындығы 295,7 шақырым болатын «Бақты-Аягөз» теміржол желісінің құрылысы. Бұл – өңірдің және тұтас еліміздің дамуына тың серпін беру үшін Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен басталған ауқымды жоба.
Былтыр маусым айында облыс әкімі Берік Уәлидің бастамасымен Семейде «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумы өтті. 500-ге жуық кәсіпкер жиналған маңызды шара аясында жалпы сомасы 336 млрд теңгені құрайтын 15 меморандумға қол қойылды. Форумның алғашқы нақты нәтижесі – былтыр Cемейде Жаңа жыл қарсаңында ашылған «Pana Unique Semey» бес жұлдызды қонақ үй-мейрамхана кешені. Жобаның жалпы құны – 5,7 млрд теңге, 105 жаңа жұмыс орны құрылды. Мұндай қонақ үй қаламызда бұрын-соңды болған емес. 1890 жылы ағайынды Мусиндер салған тарихи ғимараттың архитектуралық сәулетін бұзбай қалпына келтіру – инвесторлардың үлкен жеңісі!
Форум аясындағы келісімдерге сәйкес іске асырылып жатқан ауқымды жобалардың бірі – заманауи ет комбинаты. Қазіргі уақытта Жаңасемей ауданында қуаттылығы жылына 11 400 тонна ет және ет өнімдерін терең өңдейтін өндірістік кешеннің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ағайынды Сайлау және Ерлан Мұқашевтер жетекшілік ететін «Eurasia Agro Semey» ЖШС жүзеге асырып жатқан жоба өңірдің ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнеркәсібін дамытуға тың серпін бермек. Жобаның жалпы құны – 7,7 млрд теңге. Өндірістік кешенді биыл тамыз айында іске қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, «Qazaq Astyq Group» компаниясы қазіргі уақытта Семейде күнбағыс майын тазарту, құю және қаптау цехын салып жатыр. Жоба құны – 7,1 млрд теңге, 100-ден астам жаңа жұмыс орны құрылатын болады.

SMART CITY ЖОБАСЫ ЖӘНЕ «АБАЙҒА ҚҰРМЕТ» АКЦИЯСЫ

Семей қаласының тарихи орталығының инфрақұрылымы әбден ескірген. Осыны ескере отырып жаңа әкімшілік-іскерлік орталық салу мақсатында жаңа тұрғын аудан құру туралы шешім қабылданды. Техникалық-экономикалық есептеулер жаңа әкімшілік-іскерлік орталықты инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қаладағы ескі желілерді жаңартудан әлдеқайда тиімді екенін көрсетті. Қазіргі уақытта жаңа ауданның даму тұжырымдамасы әзірленіп, оның аясында қаланың бас жоспарын түзету және егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлеу жұмысы жүргізілуде. Аталған жоба Семей қаласының солтүстік бөлігінде, жалпы көлемі 1200 гектардан астам бос аумақта жүзеге асырылады. Мұнда 75 мың тұрғынға арналған заманауи тұрғын үй кешендері, 40-тан астам әкімшілік, коммерциялық және әлеуметтік нысандар салынады.
Абай облысында Мемлекет басшысының қолдауымен Абайдың 180 жылдығына орай «Абайға құрмет» республикалық акциясы басталғаны белгілі. Бүгінде облыс әкімдігі акция аясындағы жобаларды жүзеге асыру бойынша өңірлермен белсенді жұмыс жүргізуде. Акцияны алғашқылардың бірі болып Маңғыстау облысы қолдап, Достық үйінің құрылысын бастады. Түркістан облысы көрме орталығын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» ғимаратын, Атырау облысы «Абай әлемі» орталығын, Солтүстік Қазақстан облысы Мемлекеттік рәміздер алаңын, Ақтөбе облысы Жекпе-жек сарайын, Павлодар облысы үстел теннисі орталығын, Қарағанды облысы ботаникалық бақ, Батыс Қазақстан облысы желілік саябақ, Қостанай облысы руханият орталығын, Алматы қаласы медиаорталық, Астана қаласы «Келешек» мектебін салып берсе, Шығыс Қазақстан облысы Ертіс өзені жағалауын абаттандырады. Рәміздер алаңы Бейбітшілік аралында, Жекпе-жек сарайы қаланың сол жағалауында, Заря ықшамауданында бой көтереді. Шымкент қаласы шығармашылық орталығымен қатар Семей қаласының Водный кентіне Мәдениет үйін сыйға тартпақ. Осылайша «Абайға құрмет» акциясы аясында жаңа ықшам ауданның ғана емес, облыс орталығының әр аумағы абаттандырылып, жаңа кейіпке енеді.
Акцияны ірі инвесторлар да қолдап отырғанын ілтипатпен айта кеткен жөн. Атап айтсақ, «KAZ Minerals» компаниялар тобы жаңа ықшам ауданда 25 мың көрерменге арналған жаңа стадион құрылысын бастап кетті. Бұдан бөлек жеке қоғамдық қордың есебінен 5 мың адамға арналған жаңа мешіттің іргетасы қаланды. Осы бағыт бойынша басқа да ірі инвесторлармен, іргелі компаниялармен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

ЖЫЛУ БОЛСА ЖЫМИЮ БОЛАДЫ

Халықты сапалы жылумен қамтамасыз ету мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Былтыр жылу маусымына дайындық барысында арнайы талдау жасалып, облыс аумағындағы әбден тозған жылу желілері жаңартылды. Бұл мақсатқа Үкімет резервінен және бюджеттен 11,8 млрд. теңге бөлінді. Аталған қаражатқа 23 жылу көзі жөнделіп, 22 шақырым жылу желісі ауыстырылды. Нәтижесінде облыс бойынша жылу желілерінің тозу деңгейі 59,3%-дан 55,6%-ға дейін төмендеді, соның ішінде Семей қаласы бойынша бұл көрсеткіш 61,5%-дан 58,2%-ға азайды. Аягөз қаласындағы «Орталық» қазандығында әрқайсының қуаты 10 Гкал/сағат болатын үш қазандық орнатылды. Яғни, қуаттылығы үш есеге арттырылды. Аягөзді жылумен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, 16,4 Гкал профицит пайда болып, қаланың дамуына мүмкіндік берілді.

АЙНАЛМА ЖОЛДЫҢ АЙРЫҚША АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Семей – тоғыз жолдың торабында орналасқан, логистикалық мүмкіндігі мол шаһар. Облыс орталығы арқылы Ресей Федерациясын, Қазақстан Республикасын және Қытай Халық Республикасын байланыстыратын республикалық маңызы бар «Омбы-Майқапшағай» автомобиль жолы өтеді. Жаңа айналма жолдың салынуы облыстың логистикалық әлеуетін арттырып, Семейдің көлік жүктемесін азайтуға септігін тигізеді. Облыс орталығындағы аспалы көпір арқылы жылына 700 мыңға жуық көлік қатынайды. Бұл жобаны іске асыру Семей қаласын айналып өтетін транзиттік дәлізді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған дәліз Ресей Федерациясы шекарасы (Омбы) – Майқапшағай бағыты бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолын және «Астана-Павлодар-Қалбатау-Өскемен» бағытындағы «Орталық-Шығыс» көлік дәлізін байланыстырады. Әлеуетті инвестор ретінде қытайлық компания (China Railway Asia-Europe Construction Investment) жобаға қатысуға дайын екенін білдірді. Облыс әкімдігі мен компания өкілдері арасындағы негіздемелік келісім аясында топографиялық түсірілім жұмысы жүргізілді. Айналма жолдың трассасы анықталып, ұзындығы 31 шақырымды құрайтын, 4 жолақты 1-інші техникалық санаттағы жол желісі бекітілді. Айналма жолды қаланың солтүстік-шығыс жағында салу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр.
Жалпы, былтыр өңірдегі көпірлер мен жолдарды жөндеуге ерекше көңіл бөлінді. Семей қаласының символына айналған аспалы көпір мен автогуж көпірінің асфальт жабындысы толық ауыстырылды. Облыста жалпы ұзындығы 494 шақырым жол орташа жөндеуден өтті. Өткен жылы Семейдегі 52 көшеге, оның ішінде 36 көшеге алғаш рет асфальт төселді.
Қазіргі таңда Семей қаласында төрт жолақты жаңа көпір салынып жатыр. Жобадағы 9 тіректің 8-і салынды, соңғы №4 тіректің құрылысы жүруде. Бұдан бөлек аспалы көпірді толық күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БІРЕГЕЙ ІСТЕР

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы шеңберінде былтыр облыста 4 заманауи мектеп ашылды. Бесқарағай ауданында 300 орындық, Аягөз ауданында 600 орындық, Семей қаласының Қарағайлы ықшам ауданында 1200 орындық, Водный кентінде 600 орындық мектептер пайдалануға берілді. Восточный кентінде осы бағдарламамен 300 орындық мектептің құрылысы аяқталды.
Ерекше атап өтерлігі, өңірдегі апатты жағдайда деп танылған мектептердің мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Жарма ауданының Суықбұлақ ауылында 100 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Ақсуат ауданындағы Екпін ауылында 300 орындық мектептің құрылысы басталады. Семейдегі №11 мектептің орнына жаңа мектеп салуға құжат әзірленіп жатыр. Бұдан бөлек Семей қаласындағы №4 және №30 мектептерде қосымша ғимараттар салынуда. Сонымен қатар 2026-2027 жылдары Семей қаласының Қарағайлы шағын ауданында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 1400 орындық БИНОМ мектебінің және дарынды балаларға арналған 400 орындық Білім инновация лицейінің құрылысы жоспарланған. Жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленді.

ДЕНСАУЛЫҚ САЛАСЫНА ДЕН ҚОЮ

2025 жылы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста салынып, құрылысы созылып кеткен 65 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысандарының құрылысы аяқталып, тұрғындардың игілігіне берілді.
Жыл басында, қаңтар айының соңында Семей қаласындағы облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына 10 санитарлық автокөліктің кілті салтанатты түрде табысталды. Былтыр «Абай облысы медициналық ұйымдары үшін санитарлық автокөлік сатып алу» жобасы шеңберінде «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-мен бірлесіп, облыстық бюджет қаражаты есебінен лизингтік қаржыландыру арқылы Hyundai, JAC және «Газель» маркалы 100 санитарлық автокөліктер сатып алынды. Оның ішінде 67 автокөлік облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына, 33 автокөлік аудандағы медициналық ұйымдарға беріледі. Жаңа көліктерді биылғы қыркүйек айына дейін табысталатын болады. Мұндай жаңа көліктер облысқа соңғы рет 2020 жылы алынған.
Өңірдің денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамыту мақсатында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Өткен жылы шекара шебіндегі Мақаншы ауданының орталығы Мақаншы ауылында күндізгі стационары, зертханасы және әйелдер консультациясы бар дәрігерлік амбулатория ашылды. Жергілікті халыққа аса қажет нысан құрылысы 27 жылдан астам уақыт аяқталмай, «сақалды құрылысқа» айналған болатын. Жоба республикалық «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта үш қабатты ғимаратта 15 орындық күндізгі стационар, ауысымына 100 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория, зертханалық диагностика, әйелдер консультациясы, хирургия, стоматология және гинекология кабинеттері жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек Аягөз ауданының көпсалалы орталық аудандық ауруханасының 10 төсектік реанимациялық бөлімшесінің қосымша құрылысы аяқталды. Осы медициналық мекемеде магниттік-резонанстық томографты орналастыру үшін қосымша ғимараттың және Үржар ауданының көпсалалы орталық аудандық ауруханасы базасында «Тері арқылы коронарлық араласу орталығы» ғимаратының қосымша құрылысы басталды. Семей қаласында Үкіметтің қолдауымен салынатын 300 орындық облыстық көпбейінді аурухана мен 200 орындық облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жобалық сметалық құжаттамалары жасалып жатыр. Жалпы, 2025 жылы облыстың денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға 6 жарым миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.

АДАМЗАТТЫҢ АБАЙЫНА – ЗОР ҚҰРМЕТ

Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы лайықты деңгейде атап өтілді. Тұңғыш рет 10 күндік ретінде өткен хакімнің мерейтойында түрлі мәдени-рухани, танымдық, интеллектуалдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Кешенді жоспар аясында энциклопедиялық порталдың, Абайға қатысты бірқатар кітаптың тұсаукесері, ғылыми конференция, жастар арасында интеллектуалдық сайыс және Қарауылда ұлттық ойындар сынды халықаралық, республикалық, өңірлік деңгейде 100-ден астам шара атқарылды. Мерейтой аясында Абай ауданында да инфрақұрылымдық жұмыстар қолға алынды. «Семей-Қарауыл» және «Семей-Қайнар» бағытындағы жолдарда орташа жөндеу жүргізілді. Бөрілі ауылы мен Жидебайда байланыс сапасын жақсарту мақсатында антенналық діңгектер орнатылды. Осының арқасында Абай ауданы 100 пайыз интернетпен қамтылды.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ АЛЫМДЫ АДЫМДАР

Облыстың тағы бір ерекшелігі – ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға қолайлылығы. Өңірде аймақтың осы аграрлық әлеуетін тиімді пайдалану, агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ауыл халқының табысын ұлғайту мақсатында бірқатар жүйелі шаралар қабылдануда. Ресми деректерге сәйкес ірі қара мал басы бойынша облыс елімізде 3 орында тұрса, қой мен ешкі саны жөнінен 7 орынды, ал жылқы басы бойынша 2 орынды иеленіп отыр. Бұл көрсеткіштер өңірде мал шаруашылығының жүйелі түрде дамып келе жатқанын және саланың экономикалық әлеуетінің жоғары екенін айқын көрсетеді.
Абай облысында кезінде қой шаруашылығы алдыңғы қатарда болды. Тарихи қалыптасқан қой шаруашылығының әлеуетін толық пайдалану мақсатында Абай облысының 2026-2030 жылдарға арналған салалық бағдарламасы әзірленіп жатыр. Бағдарлама «Игілік» бағдарламасы арқылы қаржыландырылатын болады. Қазіргі таңда 263 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 300 мың бас ұсақ мал сатып алуды жоспарлап отыр.
2025 жылы облыстың ауыл шаруашылығы саласына тартылған тікелей инвестициялар көлемі 45,2 пайызға өсіп, 63 млрд теңгеге жетті. Өңірде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында 2026-2028 жылдар аралығында жалпы құны 77,3 млрд теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба іске асырылады. Аталған жобалар ішкі нарықты сапалы, табиғи әрі жергілікті өнімдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне қашанда құрмет ерекше. Былтыр облыста ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні кең көлемде атап өтілді. «Алтын күз» салтанатты шарасы аясында өңірдің аграрлық саласында еңбек етіп жүрген үздік мамандарға алғаш рет 10 автокөліктің кілті берілді. Олар «Үздік шопан», «Үздік зоотехник», «Үздік механизатор», «Үздік комбайншы», «Үздік бақташы», «Үздік агроном», «Үздік диқаншы», «Үздік жас маман», «Үздік технолог», «Үздік тракторшы» сияқты номинациялар бойынша анықталды. Сондай-ақ, өткен жылы «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында облыстық «Үлгілі ауыл» байқауы жарияланып, өңірдің 10 ауданы мен 10 ауылына салтанатты түрде JINMA 904A маркалы 20 жаңа трактордың кілтін табысталды. Ауыл тұрғындарын қолдау бағытындағы мұндай игі бастамалар жалғасын табатын болады.

«ҚАЛАДАН – АУЫЛҒА» ҚАНАТҚАҚТЫ ЖОБАСЫ

Бұл жобаның мақсаты – алтын бесік ауылды түлету, өңір тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту. Бағдарлама аясында қаладан ауылға көшкісі келетін азаматтарға нақты көмек көрсетіледі. Жалпы, Үкімет тарапынан ауыл халқына бағытталған барлық бағдарламалардың басын қосып және Абай облысы әкімдігі тарапынан ауылға көшіп келем деушілерге көрсетілетін қолдауларды жинақталып, «Қаладан – ауылға» атты жаңа ПИЛОТТЫҚ жоба елдің назарына ұсынылады. Бұл пилоттық жоба арқылы ауылға қоныс аударушыларға бизнес жүргізуге, баспаналы болуға, мал алуға әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие беріледі.
Бастаманы өңірдегі ауыл тұрғындары жақсы қабылдап, қолдап жатыр. Мәселен, Абай ауданындағы Медеу ауылының азаматтары арнайы үндеу жариялап, қаладан ауылға келетін отбасыларды құшақ жая қарсы алуға дайын екенін мәлімдеді. Яғни, осы жоба арқылы келген отбасыларға қосымша ауыл тұрғындары атынан қомақты ынталандыру сыйлықтарын жариялап отыр. Мысалы: оқушысы бар әр отбасының басына баспана, 10 бас қой, 2 бас мүйізді ірі қара, 1 бас жылқы беріп, тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді. Көшіп келген отбасының ауыл округінде дүниеге келген баласына ат мінгізеді.

АУЫЛДЫҚ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ – ЕРЕКШЕ НАЗАРДА

Облыста ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Былтыр Көкпекті ауданының Көкпекті ауылында жүзу бассейні, Бородулиха ауданының Петропавловка ауылында спорттық сауықтыру орталығы, Жаңасемей ауданының Алғабас ауылында спорт кешені, Мақаншы ауданының Қарабұлақ ауылында және Үржар ауданының Жанай ауылында спорт модулі ашылды. Қазіргі уақытта Курчатов қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Аягөзде спорт кешені, Абай ауданының Саржал, Көкбай ауылдарында, Жарма ауданының Жаңғызтөбе ауылында, Бесқарағай ауданының Ерназар ауылында, Ақсуат ауданының Ойшілік ауылында спорттық модульдердің, Шар қаласында, Бесқарағай ауданының Бесқарағай ауылында, Жарма ауданының Қалбатау ауылында жүзу бассейндері салынып жатыр. «Туған жерге туыңды тік» жобасы аясында off-take келісім аясында Ақсуат ауданының Екпін ауылында спорт кешенінің құрылысы аяқталды. Былтыр Бородулиха ауданының Камышенко, Новопокровка ауылдарында 100 орындық ауылдық клуб жұмысын бастады, Шар қаласындағы Мәдениет үйі қайта жаңғыртылды. Бүгінде облыста бюджет қаражаты есебінен 35 әлеуметтік нысанның құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар, off-take келісімдері аясында білім беру, спорт және мәдениет нысандары салынуда. Мәселен, Бесқарағай ауданының Беген, Глуховка және Ерназар ауылдарында, Мақаншы ауданының Көктөрек, Үржар ауданының Жоғары Егінсу ауылында, Ақсуат ауданының Көкжыра ауылында мәдениет үйлерінің құрылысы жүргізілуде.

ТУРИЗМ – ТҮЛЕУДІҢ ТҰТҚАСЫ

Облыста туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Президент тапсырмасына сәйкес былтыр Алакөл жағалауының инфрақұрылымын дамытуға 1 млрд. теңге бағытталды. 2018 жылдан бері жөндеу жүргізілмеген Арбат алаңы жаңғыртылды. Жаңа қоғамдық кеңістік салынды. Қабанбай ауылында құтқару станциясының құрылысы аяқталды. Биыл Алакөл демалыс аймағын дамыту үшін жергілікті бюджеттен 2,4 млрд теңге қаражат бөлінді. Көл жағалауында абаттандыру, көшелерді жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Шомылу маусымына дейін жасанды интеллект технологиясын енгізе отырып, 117 заманауи бейнебақылау жүйесі, 6 антенна-діңгек құрылғысы орнатылып, мобильді интернет байланыс желісімен толық қамтылатын болады.
Былтыр күзде Алакөл жағалауының бас жоспарына өзгерістер енгізу жұмыстары басталды, биылғы қыркүйек айында аяқталады. Нәтижесінде аумағы 300 гектардан 3000 гектарға дейін жетеді. Туристік аймаққа күнделікті келушілер санын 20 мыңнан 75 мың адамға жеткізу көзделуде. Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қабанбай ауылында өрт сөндіру депосының құрылысы жүргізілуде.
Жыл сайын көл жағалауы қысқарып, туризм нысандарына қауіп төндіруде. Осыған байланысты қауіпті 360 метр жағалау анықталып, өткен жылы күзде нығайту жұмыстары атқарылды. Соның арқасында 300 орындық 3 демалыс орнын су басу қаупі сейілді. Барлық жағалауды нығайтуға ағымдағы жылдың қаңтар айында жалпы құны 15,2 млрд теңгеге жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді.
Көл жағалауындағы өзекті мәселенің бірі – электр қуатының жетіспеуі және электр желілерінің тозуы. Бұл мәселені шешу үшін магистралды электр желісімен трансформаторлық қосалқы станция құрылысының жобалау сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Биылғы шомылу маусымына электр желілерінің және ішкі қосалқы станцияларды жөндеу және күтіп-ұстау үшін 275 млн теңге қаржы қарастырылуда. Туристік аймаққа қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Су, кәріздік желілер, блок-модульді тазарту құрылғысын салуға, жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге қаражат бөлінді.
2025 жылы облыстың туризм саласында 8,9 млрд. теңгеге 4 жоба іске қосылды. Бесқарағай ауданының Старая Крепость аумағында 1 млрд теңгеге балық шаруашылығымен қатар қызмет көрсететін кешенді демалыс базасы жұмысын бастады. Жол бойындағы сервисті дамыту мақсатында өткен жылы «Семей-Павлодар» тас жолының бойында «Petro Retail» ЖШС жаңа Keruen Inn қонақ үйін ашты.
2029 жылға дейін облыста 87,4 млрд. теңгеге 48 жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың ішінде ірі жобалардың бірі – Әзербайжан Республикасы инвесторларының қатысуымен «Алакөл» емдеу-сауықтыру кешенін салу. Бүгінге құрылыс орнын бекіту жұмыстары келісуде. Сонымен қатар, Шипалы көлінде балшықпен емдейтін санаторийді салу көзделіп отыр. Эскиздік жобасы әзірленді, сәуір айында құрылыс жұмыстарын бастайды. Қазіргі таңда Семей қаласында «Semey Mall» мәдени ойын-сауық сауда орталығының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, «Abay Hospitality Group» ЖШС және «PanaComplexSemey» ЖШС Абай ауданының Жидебай аумағында этнокешенді, визит-орталығын, «Тары» кафесін салуды жоспарлауда. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.

ЦИФРЛАНДЫРУ, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ – ЕРЕКШЕ НАЗАРДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай облыста цифрландыру және жасанды интеллект бағытында бірқатар жобалар әзірленді. Негізгі басымдықтар – мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру, инфрақұрылымды цифрландыру және облыс тұрғындарына көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту. «Смарт қала» бағыты бойынша жаңа жол картасы әзірленіп, 2026-2030 жылдар аралығында Семей қаласында 13 жоба, аудан орталықтарында 7 жоба іске асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл жобалар қалаларды басқару, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, көлік, қауіпсіздік және экология салаларын цифрландыруға бағытталған. Абай облысының цифрлық трансформация картасы бекітіліп, 11 басым сала айқындалды. Үкіметтің тапсырмасына сәйкес Семейдегі Оқушылар сарайы базасында Tomorrow School және TUMO жобалары жүзеге асырылатын болады.
Былтыр облыстағы 13 ауылдық елді мекенде антенна-діңгек құрылымы орнатылып, мобильді байланысқа қосылды. Биыл жол картасы аясында Ақсуат, Аягөз, Жарма, Жаңасемей, Көкпекті аудандарының 10 ауылын интернет желісіне қосу жоспарланып отыр.

МӘДЕНИЕТКЕ ШЫНАЙЫ МӘН БЕРІЛГЕН ЖЫЛ

2025 жылы облыс әкімінің қолдауымен «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында Семей өңірінен шыққан ақын-жазушылардың, өнер адамдарының 19 автордың 25 кітабы (барлығы 12 500 дана) жарық көрді. Өңірдегі 8 мәдени нысанда ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, 100 орындық 2 ауылдық клуб ашылды. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.
2026 жылға бұл бағытта нақты әрі жүйелі жоспарлар айқындалды. Мәдениет саласындағы инфрақұрылымды жаңғырту мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтып, шығармашылық ұжымдардың кәсіби деңгейін көтеру мақсатында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Jana klub» жобасы аясында 30 ауылдық кітапхана жаңғыртылады. Олар тек кітап сақтау орны емес, цифрлық білім, жастар шығармашылығы мен оқырман мәдениетін дамытатын жаңа форматтағы орталықтарға айналады. Сонымен қатар «Абай жолы кітапханасы» жобасы арқылы жергілікті авторлардың еңбектерін басып шығару жалғасады.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Абайға құрмет» акциясы аясында өңірде жаңа мәдени нысандар бой көтереді. Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Абай облысында жаңа театр салу жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бүгінде осы театрдың жобалау жұмыстары басталды — бұл Семейдің ғана емес, бүкіл елдің рухани өміріндегі маңызды қадам. Мәдениет қызметкерлерін қолдау үшін жыл сайын «Руханият» облыс әкімінің сыйлығы табысталады. Ал өңірлік өнерді дамыту мақсатында «Абай елі — өнер кеніші» атты облыстық көркемөнерпаздар байқауы өткізіліп, үздік мәдениет үйлеріне автобус, музыкалық аппаратура сияқты қомақты сыйлықтар беріледі.
Бір жыл бедеріндегі қарышты қадамдар көңілге қуаныш ұялатады. Ал атқарылар істер мен биылға жоспарланған жобалар бұдан екі есе көп екенін ескерсек 2026-шы жыл Абай облысы үшін ерекше кезең болғалы тұр. Семейді көркейту, ауылдық жерлерде іргелі жобаларды қолға алу сияқты ауқымды жұмыстар биыл ерекше қарқынмен қолға алынатын көрінеді. Инвесторлар да өңірді көркейтуге зор үлес қоспақ. Ол енді жеке әңгіме жүгі…

Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН,
ҚР Бас редакторлар клубының бірінші вице-президенті,
Халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі