ЖАҢА ӘКІМ ТҮРКІСТАНДЫ ТӨРГЕ ОЗДЫРАР

Билік
502 Views

Дархан Сатыбалды есімі саяси ортаға жақсы таныс. Қырық сегіз жастағы Дархан Амангелдіұлыпрезидент жарлығымен қазір Түркістан облысының су жаңа әкімі. Көпшіліккөкейінде екі сұрақ кесе көлденеңдейді: біріншісі – бұған дейін Д.Сатыбалды елқызметінде қандай жетістіктерімен көрінді? Екінші: үкімет үміт күткенТүркістандай алып өңірді жаңа әкім игеріп алып кете ала ма?

Алдымен бірінші сұрақтың жауабын берейік. 2013-2015 жылдары Дархан Амангелдіұлы Шымкент қаласының әкімі қызметін атқарды. Жас әкім сол кездің өзінде мемлекет басшысы көп үміт артатын сүйкімді кадрлардың бірі еді. Расын айтқанда, Дархан Сатыбалды Шымкент қаласы еліміздің үшінші мегаполисі атануына жұмыс істеді және о баста сол жобаны жүзеге асыруға келген әкім болатын. Ол әкім болып тұрғанда өңірдің инвестициялық экономикасы 30 пайызға ұлғайды. Әсіресе бұл құйылған қаржылар қаланың өнеркәсібі, ауылшаруашылығы және құрылыс саласына жұмсалды. Қазіргі Шымкент қалалық әкімшілік іскерлік орталығы, Шымкент-Сити, Тұран, Нұрсәт шағын аудандарының алғашқы кірпіштері қаланып, қаланың даму қарқынын көрсететін құрылыс жұмыстары қызу жүргізілді. Қалада «Жұлдыз» және «Тассай» индустриалды аймағының инфрақұрылымын бастады. Қала әкімінің жұмысына сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметов оң баға берді.

Дархан Сатыбалды іскерлігімен қатар қаланың руханият әлеміне де үлесін қосты. Саха еліне қазақ әдебиетін танытқан ақын, композитор Тұрсынай Оразова сырқаттанып, хәл үстінде жатқанда қаншама жағдайын жасаған, кейін дүниеден озғанда аяулы қазақ қызының сүйегін туған жерге әкелуге бірден-бір атсалысқан Дархан Амангелдіұлы еді. Ол кешегі Қаңтар оқиғасында Өзбекстан Республикасында ҚР Елшісі болып қызмет атқарды. Сонда өзбекстандық БАҚ өкілдері Қазақстан жайлы бастапқыда алып-қашпа дақпыртты ақпараттар таратты. Дархан елден жырақпын жеп жақауратып, сыртта жүрмін деп сылтауратқан жоқ. Кейбір депутаттар секілді оқиғаға баға беру барысында басын да алып қашқан жоқ. Өзбек медиасын жиып алып, Қазақ елінде болып жатқан қиыншылықтарды саяси тұрғыда салмақты, сауатты талдап берді.

Енді Дархан Сатыбалдыға қатысты екінші сауалдың жөніне көшсек…

Сонымен жаңа әкім үкімет үміт күткен Түркістанды игеріп кете ала ма?

Жалпы Түркістан — республикалық бюджеттен алатын дотация жөнінен алдыңғы орында. Мәселен, 2022 жылы Түркістан облысына ел қазынасынан 402,3 миллиард теңге бөлінсе, ал 2023 жылы – триллионға жуықтап, 975,8 миллиардқа дейін қаржы құйылатын болады. Сарапшы мамандардың айтуынша, өкінішке қарай Түркістан сыбайлас пен жемқорлық жағынан тағы да алдыңғы сапқа шығып тұр. Былтырлары білім саласына бөлінген 2 млрд. теңге қолды болды, сондай-ақ фермерлерге бөлінген миллиардтаған субсидия ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен. Қала берді экс-әкім Ө.Шөкеевтің өзі қоластындағы Кентаудың басшысы жемқорлықпен қамалған соң, бұқараға қарар бет болмағандықтан қызметпен қош айтысып отыр емес пе? Сондықтан Дәкеңе триллионға жуықтайтын бюджеті бар облыс орталығын басқару оңайға соқпайды десек те, тәжірибесі бар жаңа әкім Түркістанның туын жықпайды деп сенеміз!

Ел Президенті жүктеген міндеттерді орындауға Дархан Амангелдіұлының қарымы да, қауқары, білімі мен біліктілігі жететініне, киелі шаһарды дамытатынына көзіміз жетеді.

«Әділет — ақпарат»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *