ЕЛІ ҚҰРМЕТТЕГЕН ЕРМЕКБАЙ

Мерей
18 Views

Сендер жайлы шырқалар асқақ ән бар,
Күйіп кетсін көре алмас пәтшағарлар.
Сендер аман болыңдар жақсы адамдар,
Қарап өссін сендерге басқа жандар.

Жұматай Оспанұлы

Ол осыдан алпыс үш жыл бұрын киелі Отырарда Өзбекбай ақсақалдың жанұясында тұңғыш бала боп дүниеге келді. Содан кейін де бұл шаңырақта алты рет қалжа қойы сойылып, шілдехана жасалды. Бір қызығы бұл шаңырақта қыз болмады. Алланың берген жеті ұлы қыздардың орнын жоқтатқан жоқ. Бәрі де ұл мен қыздың шаруасын бірдей атқаратын жинақы, пысық, еңбекқор болып өсті. Анда-санда «шіркін бір қызым болса ғой» – деп армандайтын апамызға ақсақалы «Бәйбіше, жеті ұлың аман болса жеті қыз үйге келеді, оған несіне уайымдайсың», – деп басу айтатын. Ермекбай да үйдің үлкені болғаннан кейін артындағы інілеріне қарап, ақ таңертеңнен қас қарайғанша кетпені қолынан түспей сушы боп істейтін әкесі марқұмның қайтсем бір жағына шығып, жұмысын жеңілдетсем деген арманмен өсті.
1980 жылы ел қатарлы орта мектепті бітіріп, Ленинградтағы ауыл шаруашылығы қызметкерлерін дайындайтын оқу орнының студенті атанды. Оқып жүр-генінде 1982 жылдың жазында Совет армиясы қатарына алынып, Германиядағы Совет әскерлерінің тобына түсті. Әскери қызмет жас жігітке ауырлық түсірмеді. Кішкентайынан үйдегі шаруа мен түздегі шаруаның барлық түрін көріп шыңдалып, шынығып өскен жігіт көп ұзамай-ақ озаттар қатарына ілінді. «Әкей марқұм ірі денелі, көп сөйлемейтін, өте сабырлы кісі болатын», – деп еске алады әкесін Ермекбай.
Сушының арықтағы суға бөгеу салу үшін қолданатын бас қаруы «кетпен» деп аталады. Ол кісінің кетпенінің өзі 8-9 кг-нан кем түспейтін, ал оның алып шығатын топырағы мен жабысқан балшығын есептегенде әжептәуір салмақ болатын. «Мен өзім мектеп бітіргеннен кейін ғана әкейдің сайманымен қиналмай жұмыс істеуді әрең үйрендім» дейді ол. Небір апайтөс азаматтардың әкеммен қатар тұрып, әлгіндей сайманмен кешке дейін шыдап жұмыс істеуі некен-саяқ еді.
Германиядағы әскери топқа қойыла-тын талап қатаң, тәртіп күшті болды. Әсіресе әскери дайындық пен спортқа үлкен көңіл бөлінеді. Дәл жандарында (ФРГ-да) бүкіл Социалистік мемлекеттер лагерінің бас қарсыластары санала-тын НАТО-ның әскерлері. Одақта дабыл кезінде әскери бөлімді тастап, соғысқа кірісу үшін 40 минут уақыт берілсе бұ-ларға ол уақыт тек 25 минут қана. Олар-ға Одақтағы сияқты көшеге шығып қы-дыруға (увольнительное) берілмейді, посылка, тағы басқа үйден келетін зат-тар алдырмайды. Соғыс басталса ГСВГ-нің әскерлері НАТО-ның алғашқы шабуылын бір сағат ұстап тұрулары тиіс. Осыған әскери топтың әскерлері әрқашан дайын болуы керек. Аптаның әр сенбісінде алты шақырымға жүгірудің өзі-ақ талайды титықтатып жіберетін.
Таң бозынан ерте тұрып, сиыр мен қойды өріске жіберу, одан бұзауды бұлақ жанына арқандау деген шаруалардың Ермекбай үшін күнделікті жүгіре басып, жылдамдатып істейтін үйреншікті шаруасы болғалы қашан. Жүгіріп жүріп істемесе сабаққа үлгермейді. Оның бер жағында үйге келіп, киім ауыстырып бір-екі шыны шай ішіп үлгеруің керек. Міне, осының бәрі әскерде жас жігітке өзінің үлкен пайдасын тигізді. Бөлім бастықтары сол кездегі екінің біріне көрсетілмейтін құрмет пен сенім көрсетіп партия қатарына кандидаттыққа алды. Суреті «Олар біздің озаттарымыз тақтасынан түскен жоқ». Екі жыл әскер қатарында болып, әке-шешесіне екі рет мақтау қағазын алдыртып, бойы да, ойы да өсіп, шынығып, шымыр болған жас коммунист туған еліне оралды. Екі жылда жоғары командованиеден талай алғыстар алып, кеудеге тағатын төсбелгілермен марапатталды.
Әскер қатарынан келген жас жігіт Ленинградтағы оқуын жалғастырып, оны 1985 жылы үздіктер қатарында бітіріп шығады. Осы жылы Ленинград қаласында оқып жүрген жерлесі Гүлнар атты сұлумен танысып, екеуі отбасын құрып, шаңырақ көтереді. Сол жылдың қараша айында Ленинград облысындағы Сланцы қаласындағы 15-інші ПМК-да шебер болып қызметін бастайды. Мұнда да озаттар қатарынан орын алған жас маманды ПМК-ның басшылығы аға прораб қызметіне жоғарлатады. Екі жыл жолдамасы бойынша қызмет атқарған жігіт туған еліне оралып, Шымкент облысының Сырдария су пайдалану басқармасына аға инженер болып қызметке орналасады.
«1994-2002 жылдары Ақмола облы-сындағы «Шырынбек» шаруа қожалығында инженер экономист те болып іс-тедім» деп жымияды біздің кейіпкері-міз. Содан 2002 жылдан күні бүгінге де-йін Су және су шаруашылығы ресурстарымен ирригация министрлігінің гидро-геолого-мелиративты орталығының Ақ-мола бөлімінің бастығының орынбасары. Бұл мекемеде Ермекбай Өзбекбайұлы табаны күректей 25 жылдай еңбек етіп келеді. Су ресурстары қызметінің ардагері.
Су тіршіліктің нәрі, қайнар көзі, тіршілік иесіне ауа қандай қажет болса, судың қажеттілігі де сол мөлшерде екенін бәріміз білеміз. Кейінгі жылдары бұл салаға үлкен көңіл бөлініп 2023 жылғы 4 қыркүйектегі ҚР Президентінің Жарлығымен ҚР Су ресурстары және ирригация Министрлігі боп қайта құрылғанын атап айтсақ та жеткілікті. Иә, әке жолын абыроймен жалғастырған Ермекбай бұл жолды табандылықпен, адалдықпен, шыдамдылықпен жүріп өтті. «Жарлы болсаң да арлы бол», «Еңбектің наны тәтті» деген әке өсиетіне адал болды. Әрине, бәрі осы қалпында бола қоймайтыны да белгілі.
Соқтықпалы, соқпақсыз жолдан өтті. Қиындық көрді, иілді, бірақ сынбады.
– Астана құрыла салысымен көшіп келгендердің бірімін. Екі бала мен әйеліміз екеуміздің пәтер іздеп табанымыздан таусылған күндеріміз де болды. Бәрінен аман-есен өткенімізге шүкірлік айтамыз. Шалкөде көшесінен үш бөлмелі пәтерге қол жеткіздік. Өзіміз тұратын үйдің астыңғы жер төлесін өз күшіммен жөндеуден өткіздім. Ондаған жылдар бойы жиналып қалған 33 машинадай қоқыс шығарғаным күні кеше ғана сияқты, үстіндегі шатырын ауыстыру үшін ғана бес миллиондай кредитке алған қаражатымды жұмсадым. Осыдан кейін ғана жертөлені ұзақ мерзімге жалға алып, ішіне күрделі жөндеу жүргізіп магазин аштым. Сол кезде ел түскі тамаққа шыққанда, мен магазинге тауарға жүгіретінмін. Осылай ақырындап ел қатарына іліктік. Ол кезде дачалардан жер алу оңай болатын. Магазиннен түскен азын-аулақ ақшама бір жазда шпалдан бір үй саламын. Отырарда тұратын әке-шешемді кенже ұлмен көшіріп алып, жаңа үйге кіргіздім. Әкей марқұм басында келісімін бермей маған «Балам, кәрі қойдың жасындай жасым қалды, көзім жұмыла қалса туған жерден топырақ бұйыртса деген арманым бар, осыны ұмытпа» – деген өз аманатын айтып, інілеріме бас көз болуды тапсырды. Бүгінде әкеміздің келместің кемесіне жолаушы болғанына да бірталай жылдың жүзі бопты. Аманатын орындап туған жерге апарып қойдық, өтерінің алдында әкем қасына шақырып, еті қашқан әлсіз саусақтарымен қолымды қысып «Ризамын саған, балам» дегенді айтты, – деп күрсіне еске алады біздің кейіпкеріміз.
– Бұл күндері шешей Шымкент қаласында ортаншы ұлы Өсербайдың қолында күйлі-қуатты тұрып жатыр. Осы жасқа келгенде менің бір түсінгенім, адамға уақыттан қымбат ештеме жоқ сияқты, – дегенді айтады Ермекбай бауырымыз. – Мен, ылғи уақыттан тапшылық көретін жанмын. Басқалар екі қолын қайда жіберерін білмей жүргенде біздерге уақыт жетпей жатады. Осындай қызу қарбалас өмірдің арасында Гүлнар екеуі Мекке – Мединаға қажылыққа да барып келді. Иә, оған уақыт жетпейтінін менде көріп жүргендердің біреуімін.
2022 жылы шетелде әскери борышын өтеген Варшава шартына қатысушы қарулы күштер ардагерлерінің Астана қаласындағы қоғамдық бірлестігі құрылып, үлкен жиын болды. Алғашқыда осы қоғамдық бірлестікті басқарған Сүйіндік деген азаматымыз қызмет бабымен басқа қалаға ауысатын болып, Төлегенов Ермекбай Өзбекбайұлын төраға сайладық. Ермекбай осы қоғамның алға жылжуы үшін уақытын да, күш жігерін де аяған жоқ. Аталған ұжым бүгінгі күні Астанада өз орны бар, белгілі қоғамға айналып, әсіресе жастарды Отансүйгіштікке елімен жерін қадірлеуге тәрбиелеуде белсенділік танытуда. Қоғамның осындай деңгейге жетуіне біздің бүгінгі кейіпкеріміздің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Куба, Вьетнам, Германия, Моңғолия, Чехославакияда, Венгрия, Польша т. б. шетелде әскери борышын өтеген ардагерлер бұл бағытта өздерінің бай тәжірибесімен бөлісіп, тәрбие жұмысына үлкен көмектерін жасауда. Қаладағы барлық орта мектептермен, «Өркен» атты оқушылармен жастарға тәрбие беретін оқу комбинатымен, Қорғаныс министрлігімен, қалалық оқу басқармасымен іскерлік байланыс орнатылып, бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізілуде. Оның бер жағында ауылдан келген ағайынның шаруасы да шығып жатады. Орта жүздің Қоңырат деген руының бел баласы болғанан кейін ру басы төрағасының орынбасары деген міндеті де бар.
Жақында ғана қаладағы 35-інші Нәзір Төреқұлов атындағы мектеп-лицейінде алаштың ақтаңгер азаматы, қазақ елшілік қызметінің негізін қалаушы біртуар тұлға Нәзір Төреқұлов атамыздың кеуде мүсіні қойылып, мұражайының ашылу салтанатына куә болдық. Н.Төреқұловтың танымдық дүниесіне арналған ғылыми конференцияға қатыстым. Алаштанушы академиктер мен белгілі ғалымдар, Парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлері қатысқан аталған іс-шара мектептің шағын конференц залында емес, бейне бір республикалық деңгейдегі зәулім сарайда өтіп жатқандай әсер алдық. Бұл пікірімізді сөз алған азаматтардың бәрі қостап, атап өтті.
Айтайын дегенім, осы іс-шараны ұйымдастыруда да Ермекбайдың еңбегі ерен, бұл сөзімізді қоғам және мемлекет қайраткері екі мәрте сенаттың экс депутаты Қуаныш Айтахановтың бүкіл елдің көзінше Ерекеңнің азаматтық тұлғасына баға беріп, сіңірген еңбегін атап өтіп, ақжарма тілегі мен ағалық алғысын білдіргені де бекіте түссе керек.
Оның тағы бір көрінісі Н.Төреқұлов атындағы қоғамдық қордың «Ерекше еңбегі үшін» медалымен марапатталуы. Иә, қазақта мақал бар «Әрбір мықты еркектің артында ақылды әйел тұрады» деген. Ермекбайдың елдің алғысын алып, «Жігіт болсаң Ермекбайдай бол» деген халықтың батасына ие болуына асыл жары Гүлнардың да сіңірген еңбегі аз болмаса керек-ті. Ол инабатты келін, асыл жар, аяулы ана, немерелерінің жақсы көретін әжесі. Бүгінде біздің осы шағын мақаламыздың бас кейіпкері: ҚР су шаруашылығының құрметті ардагері, озат қызметкері, Варшава шартына қатысушы қарулы күштердің құрметті ардагері, ар ожданын кірлетпей, азаматтығын аласартпай, пайыммен парасат биігінде зейнет жасы 63-ке де жетіпті. Ендеше, сөз соңын «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген мақсатпен Ереке, туған күнің құтты болсын, мықты денсаулық, бақ-береке тілейміз. Зейнетіңнің игілігі мен қызығын көр. Гүлнар екеулерің Бауыржанды үйлендіріп, немере-жиендердің қызық қуанышын бірге көре беріңдер деген жақсы тілекпен аяқтағанды жөн көрдік.

Кәдірбек САЛҚЫМБАЕВ.
Астана қаласы.