Түркістан облысында жүргізілген бақылау іс-шараларының нәтижесінде бұған дейін жер заңнамасын бұза отырып берілген ірі көлемдегі ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды.
Жер ресурстарын басқару департаментінің мәліметінше, жоспардан тыс тексеру барысында жалпы аумағы 1 983,2 гектар жер учаскелері ауданның әкімшілік шекарасынан тыс жерде берілгені анықталған. Бұл қолданыстағы жер заңнамасының талаптарына қайшы келеді. Анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген.
Отырар ауданының әкімдігі уәкілетті органның нұсқамасын орындап, аталған жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Сонымен қатар басқа бір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 1 000 гектар жер учаскесін беру кезінде де осындай заңбұзушылық фактісі анықталған. Жерді беру заңдылығы сот тәртібімен қаралып, сот талап қоюды толық көлемде қанағаттандырды. Нәтижесінде аталған жер учаскесі де мемлекет меншігіне қайтарылды.
Осылайша мемлекетке қайтарылған жердің жалпы көлемі 2 983,2 гектарды (1 983,2 га + 1 000 га) құрады.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, қабылданған шаралар жер ресурстарын бөлу кезінде заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығы жерлерін заңсыз пайдаланудың алдын алуға және мемлекеттің мүддесін қорғауға бағытталған.
