Түркістандағы ботаникалық бақта қызғалдақтар жайқалды

Билік Экономика Қоғам
31 Views

Ходжа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Ботаникалық бақ» ғылыми-зерттеу институтында қызғалдақтар маусымы басталды. Жылыжайларда өсірілген гүлдер жүргізілген ғылыми жобалардың тиімділігін және селекциялық жұмыстың нәтижелілігін көрсетеді.

2022–2024 жылдары Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруы аясында «Қазақстанда қызғалдақтың бастапқы материалдарын жинау, эксклюзивті түрлері мен сұрыптарын көбейту және инновациялық технологияны енгізу» жобасы жүзеге асырылды. Жоба аясында перспективті сұрыптарды өндірісте қолдануға ғылыми база жасалып, селекциялық жұмыстарға арналған бастапқы материалдар қоры құрылды.

Қазіргі уақытта ботаникалық бақтағы жылыжайларда қызғалдақ өсіру жұмыстары жоспарлы түрде жалғасуда. Биыл 7 түрлі сұрыптан 7 000 дана пиязшық отырғызылды.

Биылғы маусымның ерекшелігі – бұған дейін өсіруді ғылыми зерттеу тобы жүргізсе, қазір бұл жұмысты ботаникалық бақ мамандары орындады. Бұл ғылыми әзірлемелердің тәжірибелік түрде тиімді қолданылғанын және технологиялардың тұрақты өндірістік үдеріске енгізілгенін көрсетеді.

Ботаникалық бақта өсірілген қызғалдақтар наурыз айындағы мерекелік шараларда университеттің ардагер оқытушылары мен серіктестеріне табысталады. Сонымен қатар ғылыми жобаның нәтижелерін коммерцияландыру және өнімді нарыққа шығару мүмкіндіктері қарастырылған.

Университет ғалымдары қызғалдақ өсіру, жерсіндіру және селекциялау зерттеулерін кезең-кезеңімен жалғастырып, отандық гүл шаруашылығын дамытуға жүйелі үлес қосуды көздейді.