ТАРЛАНБОЗ
Жұмат Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық академиялық қазақ драма театрының ұйымшыл ұжымы абыз актер, тарланбоз талант, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген әртіс Мәжит Ілиясқаровтың сексен жасқа толған мерейтойын айрықша атап өтті. Облыстық мәдениет басқармасы өнер секторының меңгерушісі Ғалия Шарафиева мерейтой иесін шынайы құттықтап, сыйлығын тапсырды. Сонымен қатар ол көпшілікті өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатының мәтінімен таныстырды. Облысымыздағы сегіз театр ұжымының өкілдері кезектесіп сахнаға шығып, өздерінің сан қырлы өнерімен Мәжит Жамбылұлына зор құрмет көрсетті.
Мәжит Жамбылұлы Ілиясқаров 1937 жылы 1 қаңтарда Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Найманбай батыр ауылында жарық дүниеге келген. Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірген. Ол сондағы театр бөлімінің актерлер даярлайтын факультетінде Қазақстанның халық әртісі, профессор Асқар Тоқпановтан тәлім-тәрбие алған. 1961 жылы жас маман ретінде өзінің еңбек жолын Жамбыл облысындағы Абай атындағы қазақ драма театрында актер болып бастайды. Сонда бір жыл жұмыс істегеннен кейін Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан) облысындағы Жұмат Шанин атындағы қазақ сазды драма театрына ауысады. Бүгінде оның осында табан аудармастан еңбек еткеніне 55 жыл толып отырған жағдайы бар.
Сахнаның иесі де, киесі де – талантты әртіс екені даусыз. Осы орайда сахнаның сәніне айналып, театр тарланы атанған абыз актердің қасиетті қарашаңырақта еңбек ете жүріп үлкенді-кішілі 200-ге жуық рөл сомдағанын ерекше ілтипатпен тілге тиек етпеске болмайды. Солардың арасынан мыналарды бөле-жара айта аламыз. Мәскеуге гастрольдік сапармен барған кезінде жазушы, драматург Николай Васильевич Гогольдің «Үйленуіндегі» Жевакинді тамаша орындағаны үшін театр өнерін зерттеуші әйгілі ғылым докторы Людмила Ивановна Богатенкованың ыстық ықыласына бөленеді. Енді бірде ағылшын драматургы әрі ақыны Уильям Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасында» – Меркуцио, «Юлий Цезарында» – Кассий, француз драматургы, актері, театр қайраткері Жан Батист Поклен Мольердің «Сараңында» – Гарпогон, авар ақыны, Дағыстанның халық ақыны Расул Ғамзатовтың «Тау қызында» – Лабазан, Мұхтар Әуезовтің «Қара Қыпшақ Қобландысында» – Алшағыр рөлдерін қалай ойнады десеңізші! Петропавл қаласында өткен республикалық театр фестивалінде «Ең үздік актер» аталымын иеленеді. Мұнда ол жазушы, драматург Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуындағы» жағымпаз Жантықты атақты Камал Қармысовтен бір мысқал да кем ойнамаған. Қазақ халқының біртуар перзенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты да жақсы сомдағаны көзіқарақты көрермендердің жадында. «Кішкентай рөл болмайды, кішкентай актер болады» демекші, кейде оның елеусіз рөлдердің өзін нақышына келтіре құлпыртып жіберетіні бар.
Мәжит Ілиясқаров 1980 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Тәуелсіздік жылдарының басында Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген әртіс атағын алды.
Сексенге келсе де сергек Мәкең қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүреді. Шаршамайды, шалдықпайды. Сан түрлі тақырыпта көсіле шешен сөйлегенінің өзі не тұрады. Театрға жаңадан келген жастарға тәлімгер де бола біледі. Тағы бір ғажабы, атақты Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев сынды құрдастарындай өзінің замандастары мен театр ұжымы жайында жалықпай жазып жүретін қаламгерлік қасиеті тағы бар. Өзінің әріптестері: «Біздің Мәкең – театрымыздың жанды шежіресі, энциклопедиясы, бренді!» деп орынды мерей-мақтаныш тұтады. Оның портреттік мақалалары мен киелі өнер тұлғалары туралы толғаныстарын тебіренбей оқи алмайсың. Енді солардың бәрінің басын біріктіріп, кітап етіп шығарса ғой, қанекей!
Мәртебелі Мәке, жүз жасаңыз! Сізге сахнада сомдайтын бедерлі бейнелеріңіз де, театр жайында жазатын терең толғанысты туындыларыңыз да көбейе бергей деген ізгі тілек білдіргіміз келеді.
Ә. ҚАҢТАРБЕК.