АЗИЯНЫҢ АЗУЛЫСЫ АҚПАНДА АНЫҚТАЛАДЫ

Спорт
1 128 Views

СПОРТ ЖЫЛНАМАСЫНА ҮҢІЛСЕК…

Сары құрлық деп саналатын Азиядағы дүбірлі доп додасы кәрі құрлық – Еуропаға қарағанда төрт жыл ертерек басталған екен. 1956 жылы Гонконгта өткен І құрлық чемпионатының шешуші ақтық финалдық сайысында Израильді 2:1 есебімен жеңген Корея Республикасы Азияның алғашқы чемпионы атанған. Мұндағы бәсеке тек топтық ойындармен ғана шектелгендіктен, алаң иелері үшінші, Оңтүстік Вьетнам төртінші орындарды иеленген.

1960 жылы Корея Республикасында өткен ІІ чемпионаттың финалында тағы да Израильден басым түскен (3:0) корейлер қатарынан екінші рет чемпион атанған. Мұндағы бәсеке де тек топтық ойындармен ғана шектелгендіктен, Тайвань үшінші, Оңтүстік Вьетнам төртінші орындарды еншілеген.

1964 жылы Израильде өткен ІІІ чемпионаттың финалында Үндістанды 2:0 есебімен ұтқан алаң иелері тұңғыш рет чемпион атанған. Мұндағы бәсеке де тек топтық ойындармен ғана шектелгендіктен, Корея Республикасы үшінші, Гонконг төртінші орындарды иеленген.

1968 жылы Иранда өткен IV чемпионатта да алаң иелерінің жолы болған. Олар шешуші сында Бирмадан 3:1 есебімен басым түскен. Мұндағы бәсеке де тек топтық ойындармен ғана шектелгендіктен, Израиль үшінші, Тайвань төртінші орындарды еншілеген.

1972 жылы Тайландта өткен V чемпионатта да ирандықтар чемпион атанған. Олар ақтық сайыста Корея Республикасын 2:1 есебімен жеңген. Үшінші орын үшін болған бәсекеде алаң иелері Кхмер Республикасымен кездескен. Ойынның негізгі және қосымша бөлімдері 2:2 есебімен тең аяқталған. Пенальтилер сериясында тайландтықтар 5:3 есебімен ұтып кеткен.

1976 жылы Иранда өткен VI чемпионатта алаң иелері топ жарған. Бұл жолғы финалда олар Кувейттен 1:0 есебімен басым түскен. Сөйтіп, ирандықтар қатарынан үшінші рет құрлық чемпионы атанған тұңғыш командаға айналған. Дәл осындай есеппен Иракты ұтқан Қытай құрамасы қола жүлдені қанағат тұтқан.

1980 жылы Кувейтте өткен VII чемпионатта Корея Республикасын 3:0 есебімен ұтқан алаң иелері тұңғыш рет чемпион атанған. Дәл осындай есеп қола жүлде үшін өткен Иран мен Корей Халық Демократиялық Республикасындағы кездесуде де қайталанып, онда алғашқысының мерейі үстем болған.

1984 жылы Сингапурде өткен VIII чемпионатта Қытайды 2:0 есебімен қапы қалдырған Сауд Арабиясы чемпион атанған. Кувейт пен Иран үшінші орын үшін таласқан. Олар ойынның негізгі және қосымша бөлімдерінде тең түскен (1:1). Пенальтилер сериясында кувейттіктер 3:2 есебімен ұтып кеткен.

1988 жылы Катарда өткен IX чемпионаттың ақтық сайысында алаң иелері Корея Республикасымен кездескен. Ойынның негізгі және қосымша бөлімдерінде есеп ашылмаған. Пенальтилер сериясында 4:3 есебімен жеңіске жеткен катарлықтар чемпион атанған. Үшінші орын үшін болған Иран пен Қытай кездесуінің негізгі және қосымша бөлімдерінде де есеп ашылмаған. Пенальтилер сериясында Иран ұтқан (3:0).

1992 жылы Жапонияда өткен X чемпионатта Сауд Арабиясын 1:0 есебімен жеңген алаң иелері чемпион атанған. Үшінші орын үшін болған бәсекеде Қытай мен Біріккен Араб Әмірліктері кездескен. Ойынның негізгі және қосымша бөлімдері тең есеппен (1:1) аяқталған. Пенальтилер сериясында Қытай құрамасы 3:2 есебімен басым түскен.

1996 жылы БАӘ-нде өткен XI чемпионаттың шешуші сынында алаң иелері мен Сауд Арабиясы кездескен. Ойынның негізгі және қосымша бөлімдерінде есеп ашылмаған. Пенальтилер сериясында 4:2 есебімен жеңіске жеткен саударабиялықтар үш дүркін құрлық чемпионы атанған. Үшінші орын үшін болған Иран мен Кувейт кездесуінің негізгі және қосымша бөлімдері тең есеппен (1:1) аяқталған. Пенальтилер сериясында ирандықтар 3:2 есебімен ұтып кеткен.

2000 жылы Ливанда өткен XII чемпионатта Сауд Арабиясын 1:0 есебімен жеңген Жапония чемпион атанған. Дәл осындай есеп үшінші орын үшін таласқан Корея Республикасы мен Қытай арасындағы кездесуде де қайталанып, онда алдыңғысының жолы болған.

2004 жылы Қытайда өткен XIII чемпионаттың ақтық сайысында алаң иелерін 3:1 есебімен жеңген Жапония үш дүркін құрлық чемпионы атанған. Үшінші орын үшін болған бәсекеде Иран Бахрейннен 4:2 есебімен басым түскен.

2007 жылы Вьетнам, Индонезия, Малайзия, Тайланд тәрізді төрт бірдей елде өткен XIV чемпионаттың шешуші сынында Сауд Арабиясын 1:0 есебімен ұтқан Ирак тұңғыш рет чемпион атанған. Үшінші орын үшін болған бәсекеде Корея Респубикасы мен Жапония жолыққан. Ойынның негізгі және қосымша бөлімдерінде есеп ашылмаған. Пенальтилер сериясында 6:5 есебімен жеңіске жеткен корейлер қола медаль иеленген.

2011 жылы Катарда өткен XV чемпионатың финалында Жапония мен Аустралия кездескен. Ойынның негізі бөлімінде есеп ашылмаған. Қосымша бөлімде гол салған жапондар жеңіске жеткен. Осылайша олар төрт дүркін құрлық чемпионы атанып, Азияда ең үздік көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Үшінші орын үшін болған бәсекеде Корея Республикасы Өзбекстаннан 3:2 есебімен басым түскен.

2015 жылы Аустралияда өткен XVI чемпионаттың ақтық сайысында алаң иелері мен Корея Республикасы кездескен. Қарсыластар негізгі уақытта 1:1 есебімен тең тарасқан. Қосымша уақытта гол салған жасыл құрлық өкілдері тұңғыш рет чемпион атанған. Үшінші орын үшін болған бәсекеде БАӘ Ирактан 3:2 есебімен басым түскен.

2019 жылдың 5 қаңтар – 1 ақпан аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) футболдан кезекті XVII Азия кубогы сарапқа салынады. Оған тұңғыш рет 24 ұлттық құрама команда қатысқалы отыр. Спорт шежіресіне үңілсек, сары құрлықтағы футбол чемпионаты кәрі құрлыққа қарағанда төрт жыл бұрын басталғанын білуімізге болады. 1956 жылы бастау алған Азия кубогында Жапония төрт рет (1992, 2000, 2004, 2011 жылдары) топ жарған. Иран үш рет алтын (1968, 1972, 1976), төрт рет күміс (1980, 1988, 1996, 2004) медаль иеленген. Сауд Арабиясы үш рет чемпион (1984, 1988, 1996), тағы соншама рет вице-чемпион (1992, 2000, 2007) атанған. Корея Республикасы екі рет алтын (1956, 1960), төрт рет күміс (1972, 1980, 1988, 2015), тағы соншама рет қола (1964, 2000, 2007, 2011) медальдарды жеңіп алған. Израиль бір рет чемпион (1964), екі рет вице-чемпион (1956, 1960) болған. Кувейт бір-бірден алтын (1980), күміс (1976), қола (1984) медаль еншілеген. Аустралия бір рет чемпион (2015), тағы бір рет вице-чемпион (2011) атанған. Ирак бір рет алтыннан алқа таққан (2007). Қытай екі рет күміс (1984, 2004), екі рет қола (1976, 1992) медальді місе тұтқан. Біріккен Араб Әмірліктерінде бір-бірден күміс (1996) және қола (2015) медаль бар.Үндістан (1964) мен Бирма (1968) бір-бір реттен күміспен күптелген. Гонконг (1956), Тайвань (1960) мен Тайланд (1972) бір-бір реттен қола медальді қанағат тұтқан. Көршілеріміз Өзбекстан ұлттық құрамасы 2011 жылы жүлделі үшінші орын үшін өткен бәсекеде Корея Республикасынан 2:3 есебімен ұтылып қалған. Енді биыл қай командалардың жұлдызы жанар екен?! Сонымен, аязды ақпанның алғашқы күні Азияның азулысы анықталмақ.

XVII Азия кубогына қатысатын ұлттық құрама командалар алты топқа бөлінген:

А тобы: БАӘ, Бахрейн, Тайланд, Үндістан

В тобы: Аустралия, Сирия, Иордания, Палестина

С тобы: Корея Республикасы, Қытай, Қырғызстан, Филиппины

D тобы: Иран, Вьетнам, Ирак, Йемен

Е тобы: Корей Халық Демократиялық Республикасы (КХДР), Катар, Сауд Арабиясы, Ливан

F тобы: Жапония, Өзбекстан, Оман, Түркіменстан

Әр топтан алғашқы екі орынды иеленген құрамалар 1/8 финалға шығады. Оларға үшінші орын алғандарының арасынан үздік деп танылған тағы төрт команда қосылады.

ӨЗБЕКСТАН ҚҰРАМАСЫ ЧЕМПИОНДЫҚТАН ДӘМЕЛІ

Сары құрлық чемпионаттарына жеті рет қатысып, төртінші орыннан аса алмаған Өзбекстан ұлттық құрама командасының футболшылары биылғы Азия кубогында чемпиондықтан дәмелі. Көрші елдегі Футбол қауымдастығының вице-президенті Умид Ахматжанов осы мақсатқа жету үшін «ақ бөрілердің» (команданың лақап аты) әрбір жеңісіне сыйақы тағайындалып отырғанын мәлімдеді. Аргентиналық білікті маман Эктор Купер баптайтын құраманың ойыншылары ешнәрседен аянып қалмайтындықтарын білдіруде. F тобында өнер көрсететін олар алғашқы кездесуде омандықтардан 2:1 есебімен басым түсті. Одил Ахмедов (34) пен Элдор Шомуродов (85) соққан доптарға Аль-Гасани (72) қарымта қайтарған. Аса тартысты өткен Жапония – Түрікменстан арасындағы ойын 3:2 есебімен аяқталды. Өзбекстандықтар енді 13 қаңтарда Түркіменстанмен тайталасып, 17 қаңтарда Жапониямен жолығады.

Құрама команданың сапына 23 футболшы тартылған. Атап айтқанда, қақпашылар: Санжар Қувватов, Игнатий Нестерев, Уткир Юсупов, қорғаушылар: Олег Зотоев, Анзур Исмаилов, Егор Кримец, Фаррух Сайфиев, Достонбек Турсунов («Ренофа Ямагучи» Жапония), Ислам Тухтахужаев, Даврон Хашимов, Акмал Шорахмедов, жартылай қорғаушылар: Одил Ахмедов (команда капитаны, 2018 жылдағы Өзбекстанның үздік футболшысы» «Шанхай СИПГ» Қытай Халық Республикасы), Икрам Алибаев («Сеул» Корея Республикасы), Жалолиддин Машарипов, Фозил Мусаев, («Джубило Ивата»Жапония), Жавохир Сидиқов, Азизбек Тургунбаев, Достонбек Хамдамов («Анжи» Ресей), Одил Хамробеков, Отабек Шукуров («Шарджа» Біріккен Араб Әмірліктері), Элдор Шомуродов («Ростов» Ресей), шабуылшылар: Марат Бикмаев, Сардор Рашидов. Байқап отырсаңыздар, өзбекстандықтардың сапында Еуропа мен Азияның бірқатар белгілі клубтарында ойнап жүрген алты легионер бар екен. Қалған ойыншылар өз елдерінде өнер көрсетеді. Олардың алдарына қойып отырған мақсат-мұраты да айқын. Өзбек футболындағы осындай жақсы дәстүрлер қазақ футболына да жұғысты болса екен дейміз.

ОЙЫН НӘТИЖЕЛЕРІ:

5 қаңтар

БАӘ – Бахрейн 1:1

Абу-Даби, Шейх Зайед стадионы

6 қаңтар

Аустралия – Иордания 0:1

Эль-Айн, Хазза бин Зайед стадионы

Тайланд – Үндістан 1:4

Абу-Даби, Аль-Нахайян стадионы

Сирия – Палестина 0:0

Шарджа, Шарджа стадионы

7 қаңтар

Қытай – Қырғызстан 2:1

Эль-Айн, Шейх Халифа атындағы Халықаралық стадион

Корея Республикасы – Филиппины 1:0

Эль-Айн, Аль-Мактум стэдиум

Иран – Йемен 5:0

Абу-Даби, Мохаммед бин Зайед стадионы

8 қаңтар

Ирак – Вьетнам 3:2

Абу-Даби, Шейх Зайед стадионы

Сауд Арабиясы – КХДР 4:0

Дубай, Мактум ибн Рашид Аль-Мактум стадионы

9 қаңтар

Жапония – Түркіменстан 3:2

Абу-Даби, Аль-Нахайян стадионы

Өзбекстан – Оман 2:1

Шарджа, Шарджа стадионы

Катар – Ливан 2:0

Эль-Айн, Хазза бин Зайед стадионы

Әбдісаттар ӘЛІП,

Спорт журналистері арасындағы республикалық шығармашылық конкурстың лауреаты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *