Қазақстан Президенті «Лукойл» мұнай компаниясының президенті Вагит Алекперовпен кездесті. Кездесу барысында мұнай-газ саласындағы инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы «Қазмұнайгаз» және «Лукойл» компаниялары арасындағы серіктестік қарым-қатынастардың тиімділігін және оның жақсы дамып келе жатқанын атап өтті.
– Біз «Лукойл» компаниясымен бұ-рыннан бірге жұмыс істеп келеміз. Компанияларыңыз – Ресейдегі ірі кәсіп-орындардың бірі. Сондай-ақ, Сіздер Ресейдің Қазақстандағы маңызды инвес-торларының бірі саналасыздар. «Лукойл» біздің экономикамызға 9 миллиард АҚШ долларына жуық инвестиция бөлді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Ресей компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниеттестік білдірді.
Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысына Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі бөлігіндегі көмірсутегі шикі-затын барлау және өндіру жөніндегі «Жеңіс» жобасын бірлесе іске асыруға қатысты жоспар туралы егжей-тегжейлі баяндалды.
«Лукойл» мұнай компаниясының президенті Қазақстан аумағындағы жанар-жағармай материалдарын шығаратын зауыттың құрылыс жұмыстарының нәтижелері жөнінде Нұрсұлтан Назарбаевқа мәлімет берді.
– Кәсіпорынның жоспарланған қуаты жылына 100 мың тонна болады. Заманауи зауыт жағармай материалдарының барлық түрін, атап айтқанда, 700 өнімді түрлі атаулармен шығаратын болады, – деді В.Алекперов.
Кездесу барысында озық технологияларды қолдана отырып, жаңа көмірсутегілердің кен орындарын іздеу үшін бірлескен жұмыстар жүргізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі әзірлеп отырған 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлау бағдарламасын жүзеге асыру ісіне Ресей компанияларының атсалысу мәселесі талқыланды.
Akorda.kz