Мекембай ОМАРҰЛЫ 1949 жылы 9 ақпанда Өзбекстандағы Ташкент облысының Қыбырай ауданындағы Түзел ауылының Таукент елді мекенінде дүниеге келген. Ол – бүкіл саналы ғұмырын ағартушылық жұмысқа арнаған педагог, журналист, жазбагер әрі айтыскер ақын, жазушы, аудармашы. Өзбекстан және Қазақстан Жазушылар одақтарының мүшесі. Өзбекстан Жазушылар одағының жанындағы Қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы.
1966 жылы туған жеріндегі № 36 орта мектепті бітірген. Мектеп қабырғасында жүргенде Шәмші Жұмақұлов, Қамбар Ахмедов, Тұрдыгүл Ташкенбаева тәрізді ұлағатты ұстаздарының тәлім-тәрбиесін көрген. Дәл сол жылы Алматыдан шығатын «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде алғашқы өлеңі жарияланған екен.
1971 жылы Гәнжауи Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық институттың (қазіргі университет) қазақ филологиясы факультетін тәмамдаған. Жоғары оқу орнында Саид Усманов, Натан Маллаев, Мақаш Бекбергенов, Тұрап Айдаров, Әбдулақап Райымбеков, Мейірбек Оразов, Қыдырәлі Саттаров секілді ғалым, профессорлардың алдын көрген, дәрісін тыңдаған.
Ұзақ жылдар бедерінде өзі тәлім-тәрбие алған мектепте ұстаздық қызмет атқарған. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша мұғалімдер арасында өткен республикалық алғашқы байқаудың жеңімпазы атанған. Ташкентте қазақ тілінде жарық көрген республикалық «Достық туы», «Нұрлы жол» газеттерінде аға тілші, бөлім редакторы, Алматыда шығатын Халықаралық «Азия», «Қазақ елі» газеттерінде меншікті тілші болып қызмет істеген.
Белгілі сыншы Бақыт Сарбалаев, сатирик жазушы Көпен Әмірбектің ақыл-кеңесімен қазақ сатирасының классигі Оспанхан Әубәкіровтің ақ батасын алған («Жалын» альманағы, №6, 1979 жыл). Жазушы Молдахмет Қаназовтың қолдауымен Жетісай ауданы қаламгерлерінің «Жетісай әуендері», ақын Исраил Сапарбайдың қолдауымен 1988 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан шыққан «Төрткүл дүние» атты жыр жинақтарына өлеңдері енген. «Махаббат» (Ташкент, 1999), «Атамекен» (Алматы, 2008), «Таудай бол» (Ташкент, 2009), «Төрткүл дүние» (Алматы, 2011), «Күн күлкісі» (Ташкент, 2013), «Ай астындағы айналайындар» (Алматы, 2017), «Ақыл қайрағы» (Ташкент, 2018) атты жыр жинақтарының, «Ең тәтті алмалар» (Алматы) деп аталған әңгімелер мен хикаяттар жинағының, «Шанышқылы шежіресі» тарихи-танымдық кітабының (Ташкент, 2000) авторы. 1992 жылы жарияланған сатиралық өлеңдері үшін «Қазақ әдебиеті» газетінің лауреаты атанған («Қазақ әдебиеті» газеті, № 1, 1 қаңтар 1993 жыл). «Өзбекстандық қазақ ақындары жырларының антологиясын» құрастырып шығарған (Ташкент, 2017). Өлеңдері «Өзбек балалар әдебиетінің антологиясына» енген (Ташкент, 2006). Өзбекстандағы қазақ мектептерінің бастауыш сыныптарына арнап «Әліппе», «Ана тілі», «Қазақ тілі», «Оқу кітабы» секілді оқулықтар жазған.
Мекембай Омарұлы – қос тілде бірдей өлең жазатын шайыр. Оның өлеңдері мен сатиралық поэмалары Қыбырай аудандық «Коммунизм тонги», қалалық «Тошкент оқшоми», облыстық «Тошкент хақиқати», республикалық «Узбекистон адабиети ва саньати» газеттерінде жарық көрген. Ташкенттегі «Навруз» баспасынан шыққан «Умид юлдузи» кітабына өлеңдері енген.
Аудармашы ретінде бірқатар қазақ ақындарының өлеңдерін өзбек тілінде сөйлеткен. Мұхтар Шахановтың «12-3=?» поэмасын, Фариза Оңғарсынованың «Тағдырменен…» өлеңі бұған мысал бола алады («Узбекистон овози» газеті, 14 тамыз 1993 жыл; «Коммунизм тонги» газеті, 7 қаңтар 1993 жыл). Өзбек қаламгерлері – Мирпулат Мирзо мен Сирожиддин Саидовтың туындыларын қазақ тіліне тәржімалаған («Қазақ әдебиеті» газеті, 28 наурыз 1986 жыл). Әлішер Науаидің ғазалдары мен «Көңілдердің сүйгені» атты прозалық еңбегін төл тілімізге аударып, Өзбекстандағы қазақ мектептерінің төртінші сынып оқушыларына арналған «Ана тілі» оқулығына енгізген.
Суырып салма ақын ретінде Өзбекстандағы заманауи айтыс өнерін бастаушылардың бірі. Ташкент, Алматы, тағы басқа қалаларда өткен республикалық және Халықаралық айтыстарға қатысып, жүлдегер атанған. Қазақстанның халық ақындары – Әселхан Қалыбекова, Қонысбай Әбілов, Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Қатимолла Бердіғалиев, сондай-ақ Абаш Кәкенов, Қуаныш Мақсұтов, Мұхтар Құралов, Құлмахан Дүйсенов, Оңғар Оразбаев, Анар Жаппарқұлова, Маржан Есжанова секілді әріптестерімен сөз сайысына түскен. «Жылдың ең үздік әдебиеті және авторы» байқауында екі рет жеңімпаз атанған. Орталық Азия бахши-шайырларының сайысында екінші орынды еншілеген. Өзбекстан Республикасы Тәуелсіздігінің 1 және 15 жылдық мерейтойларына арналған төсбелгілермен марапатталған.
* * *
Тоғызыншы ақпан – қасиетті күн. Өйткені, бұл – Ұлы ақындар дүние есігін ашқан күн. Биыл Жыр әлемінің сұлтаны Әлішер Науаи 578, ХХ ғасырдың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев 88 жылдығын тойласа, қос халыққа етене танымал «Қыбырайдың Ыбырайы» атанған Мекембай Омарұлы 70, республикалық «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай 61 жасқа толып отыр.
Ақын өлең жұлдызына жолықты,
Талант тұлпар тектілігін танытты.
Мекембай өлең деген өлкенің
Жақұт жырлы жетпіс жасқа толыпты.
Ақын барда айнымайтын алыппыз,
Қасиетіне қара өлеңнің қанықпыз.
Мекембайы аман болсын қазақтың,
Ақындарын ардақтаған халықпыз.
Ташкенттің төріндегі «Түркістан» сарайында ұлағатты ұстаз, жазбагер әрі айтыскер ақын, Өзбекстан және Қазақстан Жазушылар одақтарының мүшесі, Өзбекстан Жазушылар одағының жанындағы Қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы Мекембай Омарұлының 70 жасқа толған мерейтойына арналған «Әдеби достық – мәңгі достық» атты мерекелік әдеби-сазды кеш өткізілді. Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығы ұйымдастырған мерекелік салтанатқа Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстаннан келген қадірменді қонақтар қатысты. Басқосуды Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Серік Назарұлы Үсенов қысқаша кіріспе сөз сөйлеп ашып, мерейтой иесіне естелік сыйлық табыс етті. Өзбекстан Республикасының Үкіметі, Ташкент облысы әкімдігі, Өзбекстан Жазушылар одағы басшылығының атынан сөз сөйлегендер жүрекжарды тілектерін жарыса жеткізіп, өздерінің тарту-таралғыларын тапсырды.
Алматылық ақын, республикалық «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай (өзбекстандық ақын Мекембай Омарұлына Қазақстан Жазушылар одағының куәлігін тапсырған), шымкенттік белгілі ақын Бақытжан Алдияр, алматылық ғалым Бекболат Тасболатов, Өзбекстан Жазушылар одағы Ташкент облыстық филиалының төрағасы Махмуд Таир, қырғызстандық қадірменді қонақ Эркин Бабеков, Шымкент қалалық Өзбек драма театрының директоры, Түркістан облыстық Өзбек ұлттық мәдени орталығының төрағасы Икрамжан Хашимжанов, Ташкент облысындағы Қыбырай аудандық Қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Жақсылық Оразбаев, Науаи облысындағы Кенимех аудандық Қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Кененбай Полатов, науаилық ақын Ақшагүл Төлегенова, Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті қашықтықтан оқыту институтының директоры Еңлікхан Қозыбаев, осы жоғары оқу орнының оқытушысы, белгілі айтыскер ақын Кәрима Оралова, Гәнжауи Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушысы, профессор Анар Қалыбекова, тағы басқалар құттықтау сөз сөйлеп, бірі арнау өлең оқыса, енді бірі мерейтой иесінің сан қырлы қасиеттерін тебірене тілге тиек етті.
Белгілі әнші, Қазақстаннның халық әртістері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары – Нұрғали Нүсіпжанов, Роза Рымбаева, сондай-ақ әншілер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері – Майра Ілиясова, Сәуле Байбосынова (Желдібаева), өзбекстандық әншілер – Ғияс Байтоев, Малика Эгамбердиева, Айжан Тәжібаева, Айдос Қалдыбаев, Бекбол Қалқожаев, қырғызстандық әнші Ержан Мусин әуелетіп ән шырқап, қос шекті домбыра шанағынан терме төгілтті. Көрермен қауым Зәмира Жиенбаеваның жетекшілігіндегі «Қыз Жібек» би тобы мен Шыршық қаласынан келген № 17 жалпы орта білім беретін мектебі домбырашылар үйірмесінің өнеріне де ерекше тәнті болды.
Кешкілік Ташкент облысының Қыбырай ауданындағы Мамыр ауылындағы «Bokirа» мейрамханасында мерейтойлық ақ дастарқан жайылды. Алдымен Қыбырай ауданының әкімі Мирозим Миркомилович Мирқосимов құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар Өзбекстанның аудан-қалаларынан, Қазақстан мен Қырғызстаннан ат арылтып келген қадірменді қонақтар өздерінің ізгі ниетке толы ақ тілектерін ағытты.
Аталмыш мерейтойлық салтанат ертеңіне Қыбырай ауданындағы Дүрмен мәдениет сарайында одан әрі жалғасын тапты. Онда Өзбекстандағы республикалық Қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Серікбай Үсенов, Ташкент облыстық Қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Дәмір Қалдыбаев, Ташкент облысындағы Бостандық аудандық Қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Өскенбай Алдабергенов, науаилық ақын Наурызбай Жарбосынов, алматылық ақын, республикалық «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай, белгілі әнші, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали Нүсіпжанов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сәуле Байбосынова (Желдібаева) құттықтау сөз сөйлеп, бірі өлең оқыса, енді бірі әуелетіп ән салды.
Ақындар айтысына алты адам қатысып, өзара сөз сайысына түсті. Алғашқы жұпта шымкенттік қос ақын – Анар Жаппарқұлова мен Нұрлыбек Мейірбеков, екінші жұпта шымкенттік Нұрлан Есенқұлов пен ташкенттік Талғат Орынбеков, үшінші жұпта шымкенттік Кәрима Оралова мен ташкенттік Құлмахан Дүйсенов өнер көрсетті. Олар сондай-ақ Құлмәмбет айтысқа да қатысты. Нәтижесінде, Құлмахан Дүйсенов «Қара қошқар», Талғат Орынбеков «Үлкен ала бұқа», Нұрлыбек Мейірбеков «Көк тұлпар», Нұрлан Есенқұлов «Сары тұлпар», Анар Жаппарқұлова «Көктеңбіл тұлпар», Кәрима Оралова «Ақ тұлпар» аталымдарының сыйлықтарын иеленді.
Соңында сөз сөйлеген ақын Мекембай Омарұлы мен төраға Жақсылық Оразбаев аталмыш мерейтойды өткізуге белсене атсалысқан азаматтардың бәріне өздерінің ризашылық сезімін жеткізді.
Райхан БАБАТАЕВА,
Ташкентте қазақ тілінде жарық көретін республикалық «Нұрлы жол» газеті жауапты хатшысының орынбасары.
Әбдісаттар ӘЛІП,
Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі.
Шымкент – Ташкент – Шымкент.