ҰЛТТЫҚ КОД – МӘҢГІЛІК ЕЛІМІЗДІҢ ШАМШЫРАҒЫ

Қоғам
1 269 Views

Менің замандастарым кеңестік дәуір, қайта құру, КСРО-ның ыдырауы, жаңа қоғам құру – секілді күрделі кезеңдерді бастан кешірді.

Тәуелсіздік алған жылы туған бала биыл жиырма жетіге аяқ басты.

Бүгінгі мектептегі, жоғары оқу орындарындағы жастардың бәрі – тәуелсіздік төлдері. Жұмысқа жаңа орналасып жатқан алғашқы дипломды лек те солар.

Бүгінгі тәуелсіздік кезеңдегі туған жастар қандай? Олар алғыр, өжет, жалтақтау дегенді білмейді. Ойларын бүкпесіз ашық айтады.

Жастар ойы бүкіл әлемді шарлап кеткен, олар жер шарының көптеген жерлерінде болған немесе интернет, теледидар арқылы бүкіл дүниежүзіндегі жағдай, тұрмысты біліп отырады.

Жастарымыздың бойында кәсіпкерлікке, қаржы табуға, қайтсем тез байысам деген ой-қиял басым.

Екінші бір айтарымыз – бұлар кітап оқымайды, әдебиеттен аулақ өсті.

Неге? Өйткені бұлар бала кезінде тоқсаныншы жылдары ел қиын жағдайда ата-аналары Қытайдың ала қабын арқалап, жансақтау үшін тентіреп кетті, түрлі базарға барды, саудаға кірісті.

Үйде бала-шаға қараусыз, тәрбиесіз қалды. Оларды тек теледидар мен көше тәрбиеледі.

Олар кішкентайынан кітап оқымайтын болып өсті, сана-ойы басқаша қалыптасты.

Баланы не шеше тәрбиелейді, не көше тәрбиелейді, не дала тәрбиелейді, не ана тәрбиелейді.

Енді сол тәуелсіздік тұсында туғандар өздері отбасы құрып, бала тәрбиелеуге көшті. Әке-шешелері ата-әже болып немересіне ықыласы ауып, баласына бере алмай қалған ақыл-ойын немересіне айтып, бағып-қағуда.

Жастар – ХХІ ғасырдағы тәуелсіз Қазақстанымызды алға апаратын, мәңгілік ел болуға бел шешіп кірісетін біздің болашағымыз. Жастар тәрбиесі – ең басты құндылығымыз.

«Бірінші байлық – денсаулық» дейді атам қазақ. Еліміздің әр тұрғынының денсаулығы – бұл мемлекет байлығы. Кезінде біздің апаларымыз он-он беске дейін балалар туып, тәрбиелеп өсірді. Сонау соғыс, өте қиын кезеңдерде бала тууға шектеу қойылмады. Соның нәтижесінде әйтеуір ұрпақ жалғастығы үзілмеді.

Біздің елде Ақсеңгір деген ауылда 16 бала туып, аман-сау бәрін өсірген ана тұрады. Күйеуі де қарапайым еңбек адамы, балаларының бәрі тәрбиелі, бүгінді немере-шөберелер сүйіп отыр.

Меркі ауданында Жауһар атты әже 12 бала тауып, өсірді. Балаларының бәрі сан түрлі мамандық иелері, өсіп-өніп жатыр. Біз көпбалалы аналарға ерекше қамқорлық жасауымыз керек.

Әлемде тоғызыншы орындағы ұлан-байтақ жеріміз бар. Халқымыздың саны енді ғана 18 миллионға жетті.

Кезінде қазақ халқы да қанат жайып өсіп, өркендемек болған. Екі мәрте ашаршылық, ақ таяқ жұтта қырылды, асылдарымыз бен ақылдыларымыз репрессияға ұшырады. Ұлы Отан соғысында қаншама қыршын қиылды.

Мәселен, 1917 жылы қазақтар саны 5 миллион 400 мың болса, өзбектер – 4 миллион 800 мың болған екен. Бүгіндері өзбектер 30 миллионнан асып кетті.

Демографиялық дүмпу, өсу қажет.

Баяғыда мектептерде дене шынықтыру сабағына ерекше көңіл бөліп, үлкен үзілісте гимнастика жасататын. Таза ауада сабақ өткізу, табиғатқа шығу сабақтары өтетін.

Әсіресе ер балаларды әскерге дайындау ерте басталатын. Әскерге шыныққан, шымыр болып бару – әрбір бозбаланың арманы, борышы, парызы болды. Әскерге барып келгендерге құрметпен қарады. Әскер өмірі шыңдады, тәрбиеледі, шынықтырды. Спорт жаппай бұқаралық болатын.

Қазір әлжуаз, қит етсе ауырып қалатын, қаны аз балалар көбейді. Ертеден кешке дейін теледидарды жатып көреді.

Әр аудан, облыс орталықтарында зәңгіредей зәулім-зәулім спорт сарайларын бюджет ақшасына салып қойды. Ол көпшілікке жабық, тек элита ғана демалып, сергитін орынға ғана айналып барады. Оны айтасыз, стадион, спорт алаңдары да сатылып кеткен, тарс жабық.

Дене шынықтыру, спорт, бала тәрбиесі – бұл бірінші орында тұратын мәселе.

Қазір әскерге барудан қашатындар көбейді. Қазір әскерге барып қайту – 1- ақ жыл. Әр ер баланың көкірегінде намыс отын тұтатып, Отанды қорғау – басты борыш екендігіне орай кешенді дайындық жүйе бағдарламасын іске асыруымыз керек-ақ.

Патриоттық сезім, елжандылық – осыдан басталады. Ұзын сонар тарихқа көз жүгіртсек қазақтың қайсарлығы, биік рухы мен намысы, өршіл батырлығы арқасында ғана еліміз бен жерімізді сақтап қалдық емес пе?!

Тәуелсіздік алар жылдары елімізде ерекше рух пайда болды. Орыс тілінде оқып жүрген балаларымызды қазақ сыныптарына ауыстырдық, ел жаппай бала-шағасын қазақ мектептеріне бере бастады.

Бірақ бұл көп созылмады. Уақыт өте келе қазіргі кезде қазақтар балаларын қайтадан орысшаға беретін болып барады. Неге? Өйткені өмір сүру үшін, оқуда, жұмыста қазақ тілі қажеттілігі болмай тұр.

Енді не істеуіміз керек?

Ең алдымен еліміздегі барлық бала-бақшалар түгел қазақшалануы керек. Бала тілін қазақша шығарсын.

Мектептерде қазақ тілі мен әдебиетіне басымдық беру қажет. Колледжде, жоғары оқу орындарында сабақ қазақ тілінде өтуі керек. Басқа тіл де керек, қажет жағдайда тез өздері-ақ үйреніп алады. Тіпті «Болашақ» бағдарламасымен шетелге тек ЖОО-ның бітірген соң, бір-екі жыл жұмыс істетіп, көзқарасы қалыптасқан жастарды ғана жіберуіміз керек.

Мемлекетімізде жауапты қызмет тұтқасын ұстайтын – мемлекеттік қызметкерлерде қазақи тіл, мінез, рухы бар болуы керек.

Мектеп бітіргенде де, оқуға түскенде де, мемлекеттік қызметке тұрарда да мемлекеттік тілден емтихан тапсыру керек.

Қазақ тілі үйрену деген сылтаумен орасан қаржы бөлінді, тілді үйренген шенеуніктер аз. Өйткені заңымыз солқылдақ, бар заңды сақтамаймыз.

Тілді сақтау – елді сақтау, егемендігімізді сақтау. Тіпті теледидарда, радиодағы хабарлардың 50 пайызы мемлекеттік тілде берілсін деген заң да сақталмай отыр емес пе?

Аузын арандай ашып жаһандану бізге де келіп жетті. Елдің бәрі қалта телефон, интернет, фейсбук, сайт деп маймылша бүкшиіп, солардан шықпайтын болды, үлкен-кішісі бәрі шұқшиып отырады.

Сол интернет әлеміндегі хабар, дүниелердің озығы да, тозығы да, сорақы сұмдығы да толып жатыр. Біздің ел өте әуесқой, тез қабылдағыш ел. Жапатармағай бас салып, солардың ішіне түсіп, бәрін тоғыта көріп жатыр, ой-санасын жұтып жатыр.

Интернетте не бәле жоқ: жезөкшеліктің небір сойқан түрлері, адам шошитын жат нәрселер өріп жүр. Талғамай, таңдамай буыны бекімеген балалар мен жастар қазір бар тәрбиені сол интернеттен көріп, оқып бойына сіңіруде. Батыстың, шетелдің сыртқа лақтырып тастаған былапыт дүниесін құныға құлшына көріп жатқан жұрт, ондағы зымиян саясат бар екенін біліп, түсініп жатқан жоқ.

Ал, ондағы бір-бірімен жазысып, ой ұсыныс айтып жатқандардың хаттарын ашсаңыз — қатеден аяқ алып жүре алмайсың сауатсыз, өте тұрпайы. Сөз қадірін, тіл қадірін біліп, жазудағы мәдениеттілікті сақтау керек.

Елге, ұлтқа қарсы түрлі сорақы қылмыстық жолға итермелейтін, жаман әдетті дәріптейтін — сайттарға қарсы қатаң тоқтау салатын заң керек-ақ.

Жастарымызды жат әдеттермен уландырып, жындандырып жібермеуіміз керек.

Ал, бала не көріп, не қызықтап жүр? Кімдерге хат жазады? Ата-аналарға ұл-қыздарының қалта телефонын қарап, тексеріп, ақылдарын айтып тұрғандары жөн.

Бүкіл еліміздегі бар насихат қазір теледидарда қалды. Бірақ теледидарда ойлы, салмақты дүниелер аз, бәрі ырду-дырду, ойын-сауық, арзан күлкі.

Теледидарларда әншілер түгел жаулап алған, әншілер хабар жүргізеді, әншілер өмірі насихатталып, қайта-қайта көрсетіледі, әншілер елге ақыл айтады, әншілер әнін айтады.

Апыр-ау, үлгі-өнеге болатын сан мамандық иелері қайда, олардың тұрмыс, өмірі, айтар ойы қайда?

Зиялы қауым өкілдерінің құнарлы, маңызды ой-пікірлері, жалпақ жұртқа айтар өзекті мәселелері неге көтерілмейді?

Дулат Исабеков, Смағұл Елубай, Қали Сәрсенбай, Марат Тоқашбаев және басқа да парасат-пайым иелері бұл жайында жан айқайы шығып айтып та, жазып та жүр. Дос жылатып айтады. Теледидар түзелмей – тәрбие түзелмейді.

Қазақ тойшыл халық болып алдық. Түрлі сылтау, себеп тауып той өткізуге әбден құмартып, құлшынып, жаппай халықтық сипат алды. Жиған-тергеніміздің бәрін бір кештік тойға ысырап еткенімізге мақтанатын болып алдық. Адамзатқа ең қымбат нәрсе – уақыт. Шынын айтқанда өміріміздің алтын уақыттары тойларда есіл уақыт босқа кетіп жатыр. Қазақтың тойы ешқашан уақытында басталмайды. Шаласауат той басқарушысының сөз әдебіне қарап-ақ шаршайсың, ғибрат болар түк жоқ.

Ел-жұрт, жастар тойда тәрбиеленіп жатыр. Өйткені қазір әр аптада 2-3 тойға барасың, не өзің той жасайсың. Тойға адамдарды бес жүз, мыңға дейін шақыру – мақтаныш болып барады. Даңғазалық, дарақылыққа қарсы Тәжікстанда той өткізуге байланысты Президент жарлығы шығып, тәртіп белгіленді.

Той тағылымдық, танымдық болуы керек. Тойларды арақ-шарапсыз өткізу – бүкіл ел болып қолдап кетер игі іс.

Маскүнемдікке барар жол осы той. Тойдан кейін екі-үш күн есін жия алмай бас жазып жүрген тойшыл қауым — араққа бейім болып бара жатқанын ұқпайды-ақ.

Ең ауыр кесел – маскүнемдік пен нашақорлық, бұл ұлтты аздырып, тоздыратын ең қауіпті дерт. Нашақорлық бұрын қалаларда ғана болушы еді, қазір ауыл жастарына да жетіпті. Бұл сұмдық індеттен құтылу, біржола тазарту – ортақ ісіміз.

Қылмыскерлердің басым көпшілігі — осы нашақор, маскүнемдерден шығады. Олармен күресетін қатаң заң керек.

Ауыл – біздің тілімізді, салт-дәстүрімізді сақтап қалатын — киелі, қасиетті мекеніміз. Бәріміз де ауылда өстік, қазақи тәрбие алдық. Бүгінгі ауыл қандай? Ауыл тұрғындары кімге қарап бой түзейді, кімді үлгі етеді?

Алтын бесік ауыл жастарды еңбекпен тәрбиелейді, ауылдағы әр үйде мал басы бар. Бірақ соңғы жылдары тұрғын үйге деп ауыл маңына түгел үй салып тастады, жайылым жерлерді сатып жіберді. Сауып ішіп отырған жалғыз сиырын ауылдағылар қайтіп бағады?

Ауылды көркейту – мемлекетті көркейту.

Ең нәзік те жауапты саланың бірі – дін. Тәуелсіздік алған жылдарда демократияға жеттік деген ұранмен есік-тереземізді түгел ашып тастап, бұл салаға жете мән берілмей қалды. Өз қандастарымыз арасында басқа дінді қабылдаушыларды көргенде жаның түршігеді. Жат дін иелері шетелден қаржы алып жастарымызды біртіндеп тартып жатыр.

Басқа дін иелері қазақшаланған әдемі безендірілген кітаптарын еркін таратуда, сақ болуымыз керек.

Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында еліміздің санасын жаңғыртудағы үлкен серпінді жоспарлар жан-жақты айтылды.

Ал, Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы жетінші бағыт — адам капиталына арналған. Осындай кешенді бағдарламаға орай көкейімде қордаланып қалған ой-пікірімді ортаға салуды жөн көрдім.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *