Бақыт МҰСАҚҰЛҚЫЗЫ 1958 жылы 9 ақпанда Түркістан облысының Отырар ауданындағы Көксарай елді мекенінде дүниеге келген. Шымкент педагогикалық институтынтәмамдаған. Көп жылдар бойы Шымкент қаласында халық ағарту саласында еңбек еткен. Оның «Бақыт мекені», «Өмірімнің өзегі», «Даналық шырағы», «Мейірім бұлағы»,«Ізгілік көшесі», «Ақ ниет» атты жыр жинақтары жарық көрген.
МАХАББАТ
Махаббат ғажап сезім жүректегі,
Нұрымен қуанышқа бөлер сені.
Рухыңа қанатымен күш беретін,
Ұлы іс, ерліктерге жеткізетін.
Махаббат – ішкі әлем сезімдері,
Кернетер өн бойыңа күш-жігерді.
Сүйген жан мақсаттарға ұмтылады,
Махаббатпен байланысты бар тілегі.
Махаббатпен – өміріңе мән келгенде,
Ғашықтарға, жүрегіне жыр бергенде.
Жан-дүниең тамылжыған әнге айналып,
Ұқсайды-ау, иісі аңқыған раушан гүлге.
Сүймеген жан , махаббатты түсінер ме,
Қыры менен ойпатыңа түсірер ме?
Зардабын махаббаттың сезінбеген
Өмір бойы «бұл қалай» деп күрсінер ме?
Махаббатты ынтызарлық сезім дейді,
Айналаға не болса да көз ілмейді.
Жүрек шіркін, сүйген жанды іздеп тұрар,
Тек сол жанды, басқа ешкім көрінбейді.
ӨМІР
Өмір деген тоқтамай өтіп жатыр,
Ортасынан ауыпты жарты ғасыр.
Талай сыннан өттік деп ойлағанмен,
Алдымызда күтпеген сынақтар тұр.
Өмір деген толқын боп жағаға ұрар,
Өмір деген маңдайды тасқа ұрғызар.
Қилы-қилы иіріммен адамзатты,
Бағытынан келе жатқан адастырар.
Өмір деген қатал екен білген жанға,
Өмір деген иілмейді жылағанға.
Өмірдің өз заңы бар, білер болсаң,
Талай адам, қорлық көрген бұл заманда.
Өмір деген лақтырады биік құздан,
Өмір деген болады екен ащы тұздан.
Арқаларын қарып-қарып алады екен,
Қаһары жаралған алып мұздан?
Өмір деген Жаратқанның өз қолында,
Жаратыпты ол өмірдің, әр жолында.
Хақ Тағалам жаратқан бар әлемді,
Сол өмірді сүру үшін пенделерді.
БАЛАЛЫҚ ШАҚ ЖАҢҒЫРЫҒЫ
Көз алдымда елестейді өткен шақ,
Тым алыстан қол бұлғайды мұндалап.
Қайта барып қайта өмір сүруге,
Әй, болмайды, қайта келмес жастық шақ.
Туған үйім, туған жерім ыстық-ақ,
Сол үйдегі қабырғаға бір сұрақ.
Балалықтың өткен сонау күндерін,
Естелікке қалдырды ма ол сақтап?
Сақтады ма бала нәзік сезімді
Сақтады ма сәби болған кезімді?
Бауырлармен асыр салып ойнаған,
Келісе алмай бұрқылдаған сөзімді?
Сақтады ма менің балғын бейнемді,
Әлди болып алғаш киген жейдемді?
Сақталды ма «Апа!» деген бала сөз,
Сағыныш-ай, кернеп отыр кеудемді.
Сақталды ма «Тәте» деген, бал дауыс
Бәсекеге түскен кезгі, пәк дауыс?
Үй алдында өсіп тұрған алмадан
Үзіп алған бала қолмен сол жеміс.
Сақтаулы ма былдырлаған бала сезім,
Сақтаулы ма күнәсі жоқ мөлдір көзім?
Жыл сайын Жаңа жылда шырша айналып,
Сақтаулы ма айтқан сонда бала өлеңім?
Сақтаулы ма ата-анаға махаббатым,
Қатайған туған үйде , жас қанатым?
Бәрі бәрі мәңгілікке кетті-ау, сірә,
Жалғандағы, осы екен-ау, жер жәннатым!
Жастығым, балалық шақ, туған жерім,
Әрқашан мен мұңая сені іздеймін.
Іздерің өткен жылдар сен сақтаған,
Бір күні еске алуға мен келемін!
ОТАНЫМ
Ес біле мен де сүйдім Отанымды,
Отан деген жүректегі қаның сынды.
Ыстық қаным алғашқы тамған жерім,
Отаныма арнап мен де жаздым жырды.
Отан екен өсіп жатқан қалаларым,
Гүлге толы жайнап өскен далаларым.
Сарқыраған бір тынымсыз өзендер мен
Асқар биік, қар жамылған тау шыңдарым.
Отанымның «қазақ» деген, өз ұлты бар,
Біз сөйлейтін қасиетті өз тілі бар.
Өзіне тән мәдениет, тұрмысы мен,
Салт-дәстүрі қалмайтын өз сыры бар.
Отанымды сүйемін мақтанам да,
Қазақ елі дегенге шаттанам да.
Отан десе кеудемде күмбірлейді
Қобызы ме қос ішекті домбырам да.
Отанның әрбір жері қымбат екен,
Өсірген бидайы мен тары еккен.
Ағашы тауда өскен, емендері,
Тау-тасы, табиғаты сымбат екен!
Бозторғайы кең далада шырылдаған,
Бұлақтары тау ішінде сыңғырлаған.
Бар санамның биігінде, Отан деген,
Жүректен шықты сөздер мен жырлаған!