БАТЫРЛАРДЫҢ ЖОЛЫМЕН

Қоғам
1 102 Views

Әрбір құтқарылған адам өртке қарсы қызметтің кызметкерлері үшін үлкен қуаныш және сәттілік. Олар қанша адамға көмектесті? Олардың саны жоқ шығар, шындығында ол маңызды емес. Себебі олар адамның өмірінің қаншалықты құнды екендігін біледі. Әрбір өрт сөндіруші – құтқарушы-қаһарман. Сондай жас мамандардың бірі – Мыңбол Нұржігіт.

Шымкент қаласындағы №1 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Нұржігіт Нұрқожаұлы Мыңбол 1994 жылы 1 қаңтарында Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданы, Ақбастау ауылында дүниеге келген. 2012 жылы № 9 Ш. Уалиханов атындағы орта мектебін тәмамдап, елге қызмет етуді бала кезінен арман еткен Нұржігіт Көкшетау техникалық институтына түседі. Аталған оқу орнын 2016 жылы «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша бітіріп, Шымкент қаласы № 1 өрт сөндіру бөліміне қарауыл бастығы лауазымына тағайындалды. 2017 жылдың 8 тамызында отбасын құрып, қазіргі таңда бір қыз тәрбиелеуде. Қызмет атқару барысында өзінің білікті, белсенді жас маман ретінде көрсете білген азаматтық қорғау аға лейтенанты әрбір төтенше жағдай орын алған кезде алдыңғы шепте болып, адам өмірін құтқару жолында аянбай еңбек етіп келеді. Соның дәлелінің бірі көп қабатты үйлердің бірінде орын алған өрт барысында құтқарылған адам өмірі.

2019 жылғы 27 ақпанда Шымкент қаласы Нұрсат мөлтек ауданы Астана даңғылы №54 үйдің 6 қабатындағы 48 пәтерде өрт шыққаны туралы Шымкент қаласындағы №1 өрт сөндіру бөлімнің байланыс орнына орталық өрт сөндіру байланыс пунктінен хабар түсті. Тез арада оқиға орнына бөлімнен өрт сөндіру техникалары мен жеке құрам жөнелтілді. Шақырылған жерге жеткенде тұрғын үйдің жеке меншік автокөліктерін үйдің ауласына қойып кетуіне байланысты кіруге мүмкіндік болмағандықтан қарауыл бастығы азаматтық қорғау аға лейтенанты Н.Мыңбол жеке құрамға өрт сөндірудің қанатын жаюға бұйрық етіп, өзі аға өрт сөндіруші азаматтық қорғау старшинасы Р.Тургынбаевпен бірге барлауға кіріседі. №54 үйдің 6 қабатына көтерілгенде дәлізден күйгеннің иісін сезіп 48 пәтердің есігін қаққанда ешкім ашпағандықтан, бұзуға кіріседі. Есікті ашып, газ-түтіннен қорғау буынын құрып, азаматтық қорғау старшинасы Р. Тургынбаев, аға өрт сөндірушісі азаматтық қорғау сержанты Г. Кадировпен бірге газ-түтіннен қорғау аппаратына қосылып, үйдің ішін барлауға кіріседі. Үйге кірген кезде ес-түссіз жатқан 1994 жылы туылған әйел азаматын көріп, дер кезінде таза ауаға алып шығып, жедел жәрдем көмегін шақыртып, ол жәрдем келгенге дейін алғашқы медециналық көмек көрсетті. Н.Мыңболдың сауатты түрде алғашқы медициналық көмек көрсетудің арқасында қыз бала аман қалды. Үйдің тұрғыны өмірін құтқарған өрт сөндірушілерге, оның ішінде қарауыл бастығы Н.Мыңболға ерекше алғысын білдіріп, Шымкент қаласы ТЖД бастығының атына алғыс хат жазды.

Азаматтық қорғау аға лейтенанты Н. Мыңбол өртті сөндіру барысында көрсеткен қайсарлығы үшін ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының 2019 жылғы 2 мамырдағы №85 ж/қ бұйрығымен алғыс хатпен марапатталды.

Қашанда тәжірибелі мамандардан үлгі алуға, өзінің кәсіби шеберлігін ұдайы арттыруға белсенді атсалысатын, Отан, жалпы адамзат алдындағы, ар алдындағы міндетін мүлтіксіз орындау жолында аянбай еңбек етіп, батырлардың жолымен жүрген осындай жас мамандарымыздың барлығы бізді әрдайым қуантады.

С. ТАШИМБАЕВ,

Шымкент қаласындағы №1 өрт сөндіру бөлімінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *