Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Парламент Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен отырысында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуін жариялағанын бәріңіз жақсы білесіздер. Бұл – елдің игілігіне арналған ұтымды, сонымен қатар оптимистік жоба екені де баршамызды қуанышқа бөледі. Біз, жастар мұны Мемлекет басшысының халыққа жасап отырған шынайы қамқорлығының айқын көрінісі деп сезініп отырмыз.
Енді Президенттің бес әлеуметтік бастамасына қысқаша тоқталып өтейік. Бірінші бастама: «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» деп аталады. Елімізде тұрғын үй құрылысы жедел қарқынмен, тіпті бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішпен жүргізілгенімен, әлі күнге дейін көптеген отбасының баспанасыз екені жасырын емес. Мұндай айрықша маңызы бар мәселенің шешімін тұрғын үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру арқылы табуға барлық жағдай жасау керектігі белгілі. Осы орайда Елбасы ұсынып отырған «7 – 20 – 25» бағдарламасы қандай керемет десеңіздерші. Бұл дегеніміз, енді біріншіден, еліміздегі екінші деңгейлі банктер беретін ипотекалық несиелердің қолжетімділігін арттыра түсіп, үстемақы өсім мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 пайыз емес, 7 пайыздан аспайтын болады. Екіншіден, банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30-50 пайызын емес, 20 пайызын жинақтауды талап ететін болады. Үшіншіден, несие алушының ай сайынғы төлемінің мерзімі 10-15 жылға емес, 25 жылға дейін ұзартылатын болады. Осылайша бұл бағдарламаны жүзеге асырудың нәтижесінде миллиондағын қазақстандық үшін баспана алудың қолжетімділігі артатыны айтпаса да түсінікті. «Ауыл мұғалімі мен дәрігеріне қызметтік пәтер» атты қанатқақты жоба бойынша биыл біздің Оңтүстік Қазақстан облысының тоғыз ауданында аумағы 11,5 мың шаршы метрлік 212 пәтерлі 20 қызметтік тұрғын үй құрылысы жүргізіле бастайды. Жалпы, ағымдағы жылы барлық қаржыландыру көздері есебінен 730 мың шаршы метрлік тұрғын үйді пайдалану тапсыру межеленіп отыр.
Екінші бастама: «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» деп аталады. Жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 пайыз ғана салық салынады. Сөйтіп, салықты азайтудан шығатын қаржы олардың жалақысын көтеруге жұмсалатын болады. Мәселен, айлық жалақысы 60 000 теңгеден аспай азаматтардың еңбекақысынан жеке табыс салығы үшін 6000 теңге емес, небәрі 600 теңге ұсталатын болады. Бұл орташа айлық жалақы мөлшері республика бойынша ең төменгі жалақы мөлшері қалыптасқан біздің облысымыздың тұрғындары үшін айрықша маңызға ие.
Үшінші бастама: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын аттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» деп аталады. Бүгінде еліміздің жоғары оқу орындарындағы студент жастардың 30 пайызға жуығы мемлекет бөлген грантпен білім алуда. Елбасы жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін 54 мың грантқа 2018-2019 оқу жылында қосымша 20 мың грант бөлуді тапсырып отыр. Соның 11 мыңы инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология салалары сияқты техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болып отыр. Мұны біз, жастар үшін жасап отырған мемлекет қамқорлығының айқын көрінісі деп түсінуіміз керек. Жалпы 2022 жылдың соңына дейін елімізде 75 мың орынға лайықталған студенттер жатақханасы салынатын болады. Осындай ізгілікті де игілікті шарамен біздің облысымыздың студенттері де қамтылатын болады. Өйткені, Шымкенттегі жоғары және арнаулы орта оқу орындарында тәлім-тәрбие алып жүрген 100 мыңдай студенттің тек 6 мыңдайы ғана жатақханамен қамтылғанын ескеретін болсақ, алда үлкен міндеттер тұрғаны айқындала түседі. Бұл өткір мәселені шешу үшін енді кәсіпкерлер мен ірі бизнес өкілдерінің білек сыбана жұмыс істейтін сәті туды деп есептейміз.
Төртінші бастама: «Шағын несие беруді көбейту» деп аталады. 2017 жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын шағын несие берілген. Биыл шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізу көзделген. Нәтижесінде шағын несие алатындардың саны екі есеге артып, 14 мың адамға жететін болады. Бұл бастама әсіресе кәсіпкерлікті дамыту үшін айрықша маңызды. Жастарды қолдау мақсатында «Жас кәсіпкер» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Аталмыш бағдарлама аясында кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдірген жастарға кепілсіз 2 миллион теңге көлемінде несие қаражаты ұсынылады.
Бесінші бастама: «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» деп аталады. Қазіргі таңда ел тұрғындарының жартысына жуығы газбен қамтамасыз етілген. Біздің облысымыздағы 344 елді мекенде (62,4 пайыз) газ болса, енді бұл көрсеткішті 386-ға (64,5 пайыз) жеткізу жоспарланған. Сол себепті бұл жобаны жүзеге асыру әрі қарай да жалғасын тауып, өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру жаңа жұмыс орындарын құруға, сол арқылы ел экономикасының одан әрі қарай дами түсуіне жол ашатын болады. Әрине, бұл халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң ықпалын тигізетіні белгілі. Әсіресе студент жастардың сапалы білім алып, алаңсыз жұмыс істеп, шаңырақ көтеріп, бақытты ғұмыр кешуіне қолайлы жағдай жасайтыны айрықша қуантып отыр. Сол себепті біздің бәріміз бүгінгіден де еселі еңбек ете беруіміз керек.
Қарлығаш ҮСЕНҚҰЛОВА,
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Ақпараттық білім беру орталығының кітапханашысы, магистрант.