«АЛТЫН ОРДА» ЕМЕС, «ҰЛЫ ҰЛЫС»

Таным
2 790 Views

Атақты Шыңғыс ханның көзі тірісінде өзі жаулап алған ел мен жерді бәйбішесі Бөртеден туған төрт ұлына еншілеп бөліп бергені тарихтан жұрттың бәріне белгілі. Осыған байланысты іргесін Шыңғыс хан қалаған далалық алып империя бір орталыққа бағынған төрт мемлекетке бөлініп, оның әрқайсысы еншілік үлесі ретінде билік тізгінін қолға алған әлгі төрт ұлдың атымен: «Жошы ұлысы», «Шағатай ұлысы», «Үгедей ұлысы», «Төле ұлысы» деп аталған болатын.

Осының «Жошы ұлысы» осы ұлыстың негізін қалаушы Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы хан өлгеннен кейін мұрагерлік жолмен әке орнын басып, таққа отырған Батый(Бату) ханның тұсында, нақтырақ айтсақ, 1243 жылдан бастап «Ұлы Ұлыс» депаталады. Оның бұлай аталуы тарихи заңдылық еді. Өйткені Ұлы Дала тұрғандарықұрған мемлекеттің бәрі қай деңгейде екеніне (ірілі-ұсақтығына) қарамастан,ежелден қалыптасқан заңдылық бойынша ішкі құрылымы рулық-тайпалық жүйегенегізделгені мәлім. Соған орай далалық мемлекеттердің ішкі құрылымдық сатыларыда рулық-тайпалық жүйе заңдылығына негізделген. Мұнда кемі екі не болмасабірнеше аталықтың бірігуінен «ру» құралады. Сол секілді бірнеше рудыңбірігуінен «тайпа», бірнеше тайпадан «бектік», бірнеше бектіктен «хандық»,бірнеше хандықтан «қағандық», бірнеше қағандықтан «ұлыс», бірнеше ұлыстан «ұлыұлыс» құралады.

Шыңғыс хан өлгеннен кейін сегіз жылдай уақыт өткен соң Қарақорымда моңғол ақсүйектерінің бас қосқан Құрылтайы өтіп, Шығыс Еуропаға жаңа жорық жасау жөнінде шешім қабылданады. Жорықты басқару Шыңғыс ханның сүйікті немересі Жошының жауынгер баласы Батыйға жүктеледі. Жеті жылға созылған осы жорықта Батый хан Еділ болғарларын, орыс князьдіктерін талқандап, Солтүстік Кавказды бағындырып, Польшаны, Венгрияны, Чехияны, Молдавияны, Валахияны, Тансильванияны ойрандап, Адриат теңізінің жағасына жетеді. Сөйтіп 1242 жылы өзінің ордасы орныққан Еділдің сағасына үлкен жеңіспен қайтып оралады. Осылайша шетелдік бірнеше ұлыстарды (мемлекеттерді) қосып алу нәтижесінде Батый хан иелігіндегі жер Алтайдан Дунайға дейін кеңейіп, орасан алып аймақты құрайды. Соған орай бұрынғы бір «Батый ұлысы» жаңадан қосылған бірнеше ұлыстармен ұлғайып, күшеюіне байланысты енді «Ұлы Ұлыс» деп аталады. (Ұлы Ұлыс – еуропалықтар танымындағы «империя», «держава» атауымен мағыналас. – Қ.С.).

Міне, осыдан бастап, нақтырақ айтқанда 1243 жылдан қашан Ұлы Ұлыс ыдырап кеткенге дейінгі аралықта өткен екі ғасырдан астам уақыт ішінде бұл елдің елдік атауында ешқандай өзгеріс болған жоқ. Ішкі-сыртқы жұрт та осы Ұлы Ұлыстың негізін қалаған Батый ханнан бастап оның ең соңғы билеушісі болған Тоқтамыс ханға дейінгі аралықта билік тізгінін ұстаған ел билеушілерінің бәрі де бірдей өз елін «ҰлыҰлыс» деп атаған, өздерін осы Ұлы Ұлыстың билеушілеріміз деп таныған. Мұның солай екеніне, бүгінгі күнге аман жетен, Ұлы Ұлыстың соңғы ханы Тоқтамыстың Литва королі Витовитке жазған хатының аяғына «Ұлы Ұлыстың билеушісі Тоқтамыс баһадүр-хан» деп қолын қойып, мөрін басуы да айғақ. Өйткені өзі басқарып отырған мемлекет «Ұлы Ұлыс» деп аталмаса, оның солай аталатыны сырт елге әйгілі болмаса, Тоқтамыстай білікті хан осындай маңызды ресми құжатқа «Ұлы Ұлыстың билеушісімін» деп қол қояр ма еді?!.

Бірақ осындай басы ашық айғақты жайларға қарамастан, қазіргі ресми тарих ғылымында елдің «Ұлы Ұлыс» деген төл атауы аталмай, оның орнына «Алтын Орда» атауы қолданылып келеді. Басқаны айтпағанда, мұның солай екенін Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейінгі жазылған «Қазақстан тарихының» 2010 жылы жарық көрген көптомдығы екінші басылымы екінші томының: «Қазақ халқының қалыптасуы. Қазақ мемлекетінің құрылуы мен дамуы» деген бөлімінің бірінші тарауының түгелдей «Алтын орда» деп аталғанынан ((Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. Алматы. 2010 жыл. 76-100 беттер.) да көруге болады. Неге бұлай? «Алтын Орданың» Ұлы Ұлыстың атауы болып, басқа емес, академиялық еңбекке еніп, заңдастырылуы неліктен?

Бұл сұраққа «ресми тарихтың мемлекет атауын «Ұлы Ұлыс» деп атамай, «Алтын Орда» деуі қате. Өмірде «Алтын Орда» деген мемлекет те, империяда болмаған» деп қысқа қайырып, жауап беруге болар еді. Бірақ далалықтарға «көшкіншілер» (номад, кочевник) деп ат қойып, айдар тағып, халқын жабайылар (варварлар) санап, олардың елдік есімін де, халықтық атауын да өздерінің қалауларына қарай бұрмалап қолдана беретін еуропалықтар мен бастау тарихын солардың таным-түсінігіне бейімдеп жазған орыстардың еуроцентристік, русоцентристік көзқарастарымен жазылған тарих пен тарихи санасын қалыптастырған бүгінгі жұртшылықты бұл жауап қанағаттандырмайды. Қанағаттандырмағаны былай тұрсын, оны ойласарлық пікір ретінде қабылдай да алмайды. Оның солай болатынын, басқаны қойып, Жошы ұлысының негізі қаланып, шаңырағы көтерілген аймақтың байырғы тұрғындарының бүгінгі ұрпақтары – өздерін осы ұлыстың тікелей мұрагеріміз деп есептейтін қазіргі Қазақстанның ел тәуелсіздігін алғаннан кейінгі тарихын жазып отырған кәсіби тарихшыларының өзі Ұлы Ұлыстың тарихын «Алтын Орда тарихы» деп жазып отырғандарынан-ақ аңғару ешқандай қиындық туғызбайды. Сондықтан айтқанымыз түсінікті болуы үшін оқырмандардан кешірім сұрай отырып, «Алтын Орда» деген мемлекет те, империяда болмаған» деуіміздің мәнісін басынан бастап ежіктей түсіндіруге тура келеді.

Сонымен, әңгіменің әлқиссасын «Алтын Орда» атауындағы «орда» сөзінің сөздік төркіні мен атаулық мағынасын талдаудан бастайық.

Бұл ретте ой қайталап, сөзді көбейтпес үшін «орда» сөзінің мән-мағынасына қатысты өзінен бұрынғы біраз зерттеушілердің топшылаулары мен түйіндеулерін талдай келіп, өз пікірін білдірген «История Отечества» атты еңбектің авторы Қ. Данияровтың: «Көптеген түріктанушылар «орда» сөзі түріктің «орта» деген сөзінен шыққан деп есептейді. Басқаларға қарағанда осы шындыққа келеді. Қалай болғанда да «орда» мемлекет сөзінің баламасы (синонимі) емес, «орталық», «астана» деген мағынаны білдіреді(Данияров К. История Отечества. г.Алматы. 2000 год. Стр. 24), – деген тұжырымына ғана тоқталамыз.

Мұндағы алғашқы сөйлемдегі автордың көптеген түріктанушылардың «орда» сөзінің төркінін(этимологиясын) айтылуда азғантай дыбыстық өзгеріске түскен, нақтырақ айтқанда, «д» әрпі «т-ға» өзгерген түріктің «орта» деген сөзі деп тануын да және оны «басқа пікірлерге қарағанда дұрысы осы» деп қабылдауын да біз өз тарапымыздан, дұрыс тұжырым деп қабылдай алмадық. Өйткені бұл, бар болғаны, атау сөздің төркінін ғылыми талдау арқылы емес, ел билеушісінің ордасы қалайда елдің ортасында болуға тиісті ғой деген жалаң қисынға сүйенген, «орда» мен «орта» сөзінің ұқсастығынан басқа дәлелдік ешқандай негізі жоқ тиянақсыз тұжырым. Сондықтан бұл тұжырымның авторларымен келісу қиын.

Бұл орайда біз де өз шамамызға қарай біраз ізденіп көрдік. Соның нәтижесінде көңіл тояттарлық дұрыс жауапты жазба дереккөздерінен де, тікелей осы мәселемен айналысқан ғалымдардың зерттеулерінен де емес, халықтың өзінің ауызша тарихынан тапқандай болдық.

Ауызша тарихтың дерегі бойынша: «орда» сөзі этимологиялық тұрғыдан алғанда түріктің «ор» сөзіне «да» жалғауы жалғану арқылы жасалып, әуелгіде тура мағынасында «ордың ішінде», «ордағы» деген ұғымды білдірген. Содан «қайда» деген сұраққа жауап беретін осы ор-да сөзі уақыт өте келе ұғымдық мәніне қарай кейінгі қолданыста ауыспалы мағынаны иеленіп, «не» деген сауалға жауап беретін атау сөзге айналған. Оның бұлай мағыналық өзгеріске түсуінің себебі елдің мынандай дәстүрлік тірлігіне байланысты шыққан.

Есте жоқ ескі замандарда далалықтар жаз шыға жайлауға көшіп, жайылым жағдайына қарай жазыла орналасқанда ел билеушісінің қызмет кеңсесі болып белгіленген үй міндетті түрде қазіргі стадиондардағы футбол алаңмен шамалас кең жазық аумақты қоршай төрт бұрышты етіп қазылған терең ордың ішінде қолдан биіктетіп үйілген арнаулы орынға тігілген. Арнайы дайындалған мұндай орынды халық «шыт» деп атаған (І-сурет).

Ретіне қарай айта кетелік, осындай шыттың жел мүжіп, жаңбыр шайып әбден ескірген көне қалдығын (жұртын) ежелгі түрік қағандары ордасын тіккен әйгілі Ұлытаудың теріскей шығысындағы кең жазықтан 1965 жылы жергілікті көнекөз қарттың бастауымен арнайы іздеп барып, өзіміздің де көргеніміз бар еді, соны жақында (28 қыркүйек 2019 жыл) тағы арнайы барып көріп қайттық.«Хан ордасы» деген белгі орнатылыпты.

Шыт үшін төрт бұрышты етіп үйілген топырақтың төрт қабырғасы мен беті түгелдей осыған арнап басқа жақтан арнайы әкелінген көк шөпті шыммен көмкеріледі екен. Арнайы күтімге алынған шымның көк шөбі сонау қоңыр күзге дейін түрін өзгертпей, сары далада үнемі жасыл кілем жапқандай ерекше көз тартып тұратын болған.

Қазақтар арасында күні бүгінге дейін қолданылып жүрген, ине-жіптен жаңа шыққан киім киген адамға айтылатын «шыттай киініп», тұтынылғанмен өңін бермеген затқа айтылатын «шыттай жаңа» деген тұрақты тіркестер тікелей осы шытқа байланысты шыққан көрінеді. Жаугершілік заманда ел билеушісінің қауіпсіздігі үшін шытты қоршай қазылған орға су жіберілген. Шамасы шыттардың дала өзенінің бойына таяу орналасатыны осыдан болса керек. Біз көрген шыттың орыны да өзен аңғарынан елу-алпыс метрдей жерде орналасқан.

Міне, әуелдегі сөздік мағынасы «ор ішіндегі», «ордағы»; кейінгі қолданыстағы мағынасы «ел билеушісінің әкімшілік үйі, кеңсесі» дегенді білдіретін «орда» сөзі осылайша пайда болған көрінеді. Бұл ретте зерттеуші Қ. Данияровтың: «қалай дегенде де орда «мемлекет» сөзінің баламасы (синонимі) емес» деуінде жан бар. Расында да «орда» атауы ешқашанда мемлекеттің атауы болмаған. Көптеген дереккөздерінде «орда» сөзінің жеке айтылмай, көп жағдайда «ханның ордасы», «қағанның ордасы» деп біреуге еншіленіп айтылатыны да содан болса керек. Осындай хан мен қаған ордаларының кейбірі «Алтын Орда» деп аталып, ерекше әспеттелінгенімен, олардың да атқаратын қызметі басқа жәй ордамен бірдей мағынада. Екеуі де, яғни «орда» да, «алтын орда» да, бар болғаны мемлекет билеушісінің әкімшілік үйі, қызмет жасайтын кеңсесі, еуропалық түсінікпен айтсақ, резиденциясы. Бар айырмашылық: ханның немесе қағанның кеңсесі болған осындай үйдің, яғни орданың сән-салтанатын асыру үшін керегелерінің басын, уықтарының қарларын, шаңырағының шеңберін алтынмен аптап, сәндеп әшекейлеуінде ғана. Мұндай алтын ордалар және Батый құрған Ұлы Ұлыстан бұрын да болған. Бұл ретте басқаны айтпағанда, өзіміз тарихтан білетін Бірінші Шығыс Түрік қағанатының атақты қағаны Дизабулдың Византия елшісі Земархты осындай іші-сырты алтынмен апталған Алтын Ордада қабылдағаны белгілі. Ал мұны нақты Шыңғыс хан заманына тураласақ, мысалы, Рашид ад-Дин өз еңбегінде Қарақорымда мың адам сыятын үлкен үй тігілгенін, оның уықтарының алтынмен апталғанын, ол үйді «Алтын Орда» деп атайтындығын жазады. (Рашид ад-Дин. Сборник летописей. Том 2. Стр.41), Сол секілді Плано Карпини ұлы хан Күйікті таққа отырғызу рәсімін өткізген үйдің де «Алтын Орда» деп аталғанын айтады. Кейінгі Қыпшақ даласының ұлы ханы әз-Жәнібектің (1341-1357) үйінің де «Алтын орда» аталғаны мәлім (Қойшығара Салғараұлы. «Қазақтың қилы тарихы». Алматы. 1992 жыл. 79 бет). Бұлардан басқа да алтынмен апталғанына орай «Алтын Орда» аталған ұлыс хандарының ордалары баршылық.

Міне, осылардың өзінен-ақ ешбір «Орданың», тіпті, «Алтын Орда» аталса да, ешқашан мемлекеттің аты болмағаны анық аңғарылады. Мұны оқырман түсінігін одан әрі нақтылай түсу үшін салыстырмалы түрде айтсақ, мысалы, «Алтын Орда»дегеніміз далалықтардың мемлекеті үшін қай заманда да болсын, бар мән-мағынасы қазіргі АҚШ–тың «Ақ Үй» болмаса Ресейдің «Кремль» дегенімен бірдей. Бірақ осылай екен деп ешкім Америка Құрама Штаттарын «Ақ Үй мемлекеті», Ресей Федеративтік Республикасын «Кремль мемлекеті» деп атамайды, бәрібір «осылай десек те жұрт түсінеді ғой» деп оны ғылымға мемлекет атауы ретінде енгізбейді. Алайда, осыған қарамастан, қазақ тарихшылары әлі күнге дейін жоғарыда айтқанымыздай, ресми тарих оқулықтарында да, академиялық ғылыми зерттеулерде де «Алтын Орданы» Ұлы Ұлыс атауының баламасы ретінде ешқандай түсінік, ескертпесіз қолдана береді. Ең ғажабы, білмегендіктен емес, біліп тұрып осылай істейді. Мұның тарихи сауатсыздық; өз елінің мемлекетінің мемлекеттік құрылымына, оның атауына деген немқұрайдылық; өзгелердің айтқаны мен жазғанын ойсыз қайталай беретін ессіз еліктеушілік екенін елеп, ескеріп жатқан жан және жоқ.

Осы орайда «от жанбаса, түтін шықпайды» деген қағидаға сүйеніп, «Алтын Орданың» неліктен мемлекет атауына айналып, ғылыми айналымға еніп кеткені жөнінде де бір ауыз сөз айта кету қажет сияқты. Бұған қатысты айтылар ой түйінін айтсақ, «Алтын Орданың» мемлекет атына айналып, тарихқа еніп кетуінің негізгі күнәҺары – русоцентристік көзқарастағы орыс тарихшылары. Оның негізі олардың Орыс империясының құрамына енген, өздері «бұратана» деп санайтын халықтардың бәрін жабайылар санап, соларға қатысты айтылған өз пікірлерін талдауға, сынауға жатпайтын ғылыми тұжырым ретінде ғылымғы (тарихқа) енгізуді әдетке айналдырған өзімшіл менмендіктерінен бастау алады. Ал қазақ тарихшыларыныкі барлы-жоғы солардың осы сыңаржақ тұжырымдарын ойсыз қайталау ғана. Мұның солай екенін тарихи деректер арқылы көрсетуге болады.

Қарақорымда өткен Құрылтайдағы моңғол ақсүйектерінің шешімі бойынша Жошы ұлысының билеушісі Батый ханның басшылығымен Шығыс Еуропа елдеріне жасалған орасан шапқыншылық жорықтан кейін орыс князьдіктері иеліктерінің түгелімен Ұлы Ұлыстың құрамына еніп, соның боданына айналғанын жоғарыда қысқаша атап өттік. Міне, сол кезден бастап қашан Ұлы Ұлыс ыдырағанға (1480) дейін олар сол бодандықтан босаған жоқ. Ұзаққа созылған осы бодандық кезеңде кешегі кеңестік дәуірдегі одақтас республика басшыларының Бірінші хатшылық қызметіне беку үшін Мәскеуге баратыны сияқты, сол кездегі орыс князьдері де Ұлы князьдікке бекуге Ұлы Ұлыс билеушісінің Ордасына арнайы барып, оның келісімін алатын болған. Орыс князьдерінің осындай шаруамен Ұлы Ұлысқа барған сапарларын жазған орыс жылнамалары олардың барған мемлекетінің атын атамай, оның орнына оларды қабылдаған билеушінің кеңсесінің, яғни ордасының атын көрсеткен. Ұлы Ұлысқа барған сол князьдердің «Алтын Ордаға кеттік», «Алтын Ордадан келдік» деген ауызша мәліметтерін қағазға түсірген орыс жылнамаларында: «Ұлы князь пәленше Алтын Ордаға кетті», «Алтын Ордада мынандай жайлар болды», «Ұлы князь Алтын Ордадан елге оралды» тәріздес ақпараттық деректер пайда бола бастайды. Бір қызығы, мұның өзі Батый ұлысы Ұлы Ұлысқа айналған 1243 жылдан емес, арада жүз жылдан астам уақыт өткеннен кейін, яғни ХІV ғасырдың орта тұсынан басталады. Оған дейін «Алтын Орда» атауы еш жерде кездеспейді, тіпті, орыс жылнамаларында да айтылмайды. Осыған қарағанда, билеуші ордасын «Алтын Орда» деп атау Ұлы Ұлыстың атақты ханы, кезінде халқы әулие тұтып «әз» атандырған Жәнібек хан Өзбекұлының ордасынан басталған секілді. Бұл орданың алтынмен қалай апталғанын осында болған шетел саяхатшылары (Ибн Батута) тамсана жазғаны және оны Бердібек хан өлгеннен кейін Хызыр ханның талқандап қиратқаны тарихтан белгілі. Бұдан басқа жоғарыда айтқанымыздай, Батыйдан бастап осы әз-Жәнібек ханға дейінгі билеушілердің бірде-біреуінің ордасын «Алтын орда» деп атаған дерек еш жерден ұшыраспайды. Соған қарамастан, кейінгі тарих жазушылардың орыс жылнамаларында кездесетін осы «Алтын Орданы» ешқандай негізсіз, ғылыми талдап, зерттеусіз өз қалауларынша Ұлы Ұлыстың баламасына айналдырып жіберген. Бірақ, нақтылық үшін айтсақ, ол да бірден солай болып кетпеген секілді. Алғашқыда тек орыс тарихшыларының қолданысында ғана болған «Алтын Орданың» Ұлы Ұлыстың аты ретінде халықаралық деңгейде ғылыми айналымға енуі В. Г. Тизенгаузеннің «Алтын Орда тарихына қатысты материалдар жинағы» атты еңбегі жарық көргеннен кейін басталған тәрізді. (Тизенгаузен В. Г. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды». г. Санкт-Петербург. 1840). Осыдан кейін еуропалықтар да, басқалар да «Ұлы Ұлыс» атауының орнына жаппай «Алтын Орда мемлекеті», «Алтын Орда империясы» дегенді қолдана бастағанын көруге болады.

Қорыта айтқанда, ендігі жерде «өзгелер солай атайды» деп, ессіз қайталай бермей, өз еліміздің атын өзіміз дұрыс жазайық, ағайын!

«АЛТЫН ОРДАНЫҢ» 750 ЖЫЛДЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ БІР ОЙ

Ұлы Ұлыстың («Алтын Орданың) негізін қалаған Жошыұлы Батый (Бату). Бұл – барлық дереккөздерінде көрсетілген, ресми тарих ғылымы мойындаған шындық. «Алтын Орда» хандары кестесінің Батыйдан басталатыны да содан. Бұрынғы «Батый Ұлысы» – Батыйдың Шығыс Еуропаға жасаған жеті жылдық (1236-1242) жеңісті жорығынан кейін 1243 жылы «Ұлы Ұлыс» деп аталған. Осы дерекке негіздесек, алдағы жылы «Ұлы Ұлыстың» құрылғанына 777 жыл болады. Ал біз тойлағалы отырған 750 жылға келетін болсақ, бұл Батыйдан кейін билік басына келген «Алтын Орданың» төртінші ханы – Мөңке-Темірдің (1267-1280) заманына, яғни 1270 жылға дәл келеді. Арадағы айырмашылық – 27 жыл! Мұның үстіне «Алтын Орданың» негізін қалаған Мөңке-Темір еді» деген дерек еш жерден кездеспейді. Сонда біздің атап өткелі отырған «750 жыл» қандай негізге сүйеніп алынған?!. Күні кешеге дейін «300 жыл татар-моңғол езгізісінде болдық» деп келіп, енді өздерін «Алтын Орданың шынайы мұрагері – біз» деп аласұрып жатқан орыс тарихшылары ертең осыны желеу етіп шу көтеріп жүрмей ме? Қалайда мүмкіндік барда шындыққа көз жеткізу қажет секілді.

Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ,

ғалым, жазушы,

Мемлекеттік сыйлықтың иегері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *