САРЫАҒАШТЫҢ ТАУСЫЛЫП-БІТПЕЙТІН ДАУ-ДАМАЙЫ ҚАШАН БАСЫЛАДЫ?

Мәселе
819 Views

Сарыағаш – ерекше аудан. Былай қарағанда өмір сүруге таптырмайтын қолайлы, сулы, нулы жер. Егіншілік, бау-бақша, көкөніс өсіру қатты дамыған. Күре жолдың бойында. Темір жол да кесіп өтеді. Бір жағы – Шымкент, екінші жағы – Ташкент. Не нәрсені сатамын десе де, сатып аламын десе де, қиналмаса керек. Аталған екі ірі қаланы былай қойғанда, Сарыағаштың өз базарлары да өздері түгілі, өзгелерге де жетіп жатыр. Сарыағаш курортының аты-атағы Қазақстаннан асып, шетелдерге жақсы мәлім болған. Айта берсе, Алла берген ырыс жетерлік. Бірақ…

Көп жылдардан бері осы ауданда дау-дамайдың дүмпуі бір басылмай қойды: Өлтіріп кетіпті! Зорлап кетіпті! Қиянат жасапты! Заңды белден басыпты! Осындай суық хабар бірінен кейін екіншісі Шымкент, Алматы, Астанаға жетіп жатады.

Тіпті адам айтса сенгісіз айуандық та, жауапсыздық пен имансыздық та жиі-жиі төбе көрсетеді. Былайғы жұрт Сарыағаштағы кей ауылдар арық суы мен көп ішуге болмайтын минералды суды қосып, ас-суын, шайын қамдап отырғанына сенбейді де. Бір қызығы, кезінде таза ауыз су үшін ауданға миллиондап, миллиардтап қаржы бөлінген. Сонда да ауыз су мәселесі шешілмеді…

Аудан мектептеріндегі талас-тартыс та қанша жылдан бері өрттей өршіп тұр. Орта мектептердің ҰБТ бойынша көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Басқасы басқа аудандық оқу бөлімінің басшылары істі болып, жиі ауысады.

Қанша жылдардан бері аудандағы қордаланған проблемаларға жергілікті билік тарапынан жете көңіл бөлініп, сараптама жасалып, нақты, тиімді жұмысты қолға алынғаны есте жоқ. Әкімдік пен басқа да органдардың қызметкерлері оқиғаны жасырып-жабулауға әуес. Содан шығар, бастықтар ауысады да, проблемалар шешілмей қала береді. Себебі мәселенің тамырына үңілу жоқ, көбісі бетінен қалқиды. Қазір Сарыағаштағы жауапсыздықтардың зардабын аудан тұрғындары ғана емес, алыстағы ағайындар да тарта бастады. Былтырғы жылы Ақтөбе аумағында өртке оранып, талайды ажал құштырған автобустың да жолға Сарыағаш аумағынан шыққаны белгілі…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *