ҰЛАСБЕК МЫРЗА ҰМЫТҚАН ШЫҒАР, ЕСІНЕ САЛАЙЫҚ…

Билік
1 130 Views

Бұл осыдан он жыл бұрын, дәлірегі 2008 жылдың 20-21 ақпан күндері орын алған оқыс оқиға еді. Сол кезде Сарыағаш ауданындағы Қошқарата, Жүзімдік, Бірлесу, Ақтөбе ауылдық округтеріндегі су тасқынының зардабы аз болған жоқ. Мемлекет, Үкімет тасқыннан зардап шеккендерге қажетті көмекті дер кезінде көрсеткені белгілі. Бұның үстіне кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар, қайырымдылық қорлары, аймақтар, жекелеген адамдар тарапынан көрсетілген көмектің де қомақты болғаны рас. «Байдан пейіл, кедейден мейір кетпесін!», «Жақыныңа жәрдемдес»» деген секілді қайырымдылық шараларынан да жалпақ жұртшылыққа жәрдем жасалған. Қарғын судан зардап шеккендердің басым көпшілігі, яғни 1453 отбасы баспаналы, үйлі-жайлы болды. Материалдық көмек көрсетілді.

Алайда, келеңсіз кемшіліктердің, әділетсіздіктердің де орын алғанын жасыра алмаймыз. Оған «Азат» Жалпы ұлттық социал-демократиялық партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының заңгері ретінде өзім де куә болғанмын. Әр аптаның жұма, сенбі, жексенбі күндері, жалпы екі ай көлемінде осы мәселе бойынша жұмыс істедім. 500-дей үйге акт түздім. Қолымда экспертизалық сараптаманың қорытындылары бар. Сол кездегі Премьер-министрдің де актісі сақтаулы.

Арыз-шағым айтушылардың жанайқайы алыстағы Астанаға дейін жеткен. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің 2008 жылғы 26 желтоқсандағы нөмірінде Александр Тасболатовтың «Егеменге елден келді» айдарымен «Қиянат жасау да қылмыс» деп аталатын мақаласы жарық көрді. Онда: «ОҚО Сарыағаш ауданына қарасты Ақтөбе, Қияжол және Лесбек батыр ауылдарында топан су алмайтын жер үйлер бар көрінеді. Қабырғалары жарылып, құлау қаупі төнсе де биліктегілер онда адамдарға тұра беруге болады деп шешім шығарған. Содан олардың баспаған жері, шықпаған тауы қалмапты. «Ақпан айындағы су тасқынынан үйлеріміз орасан зардап шегіп, отбасымызға қауіп төнді. Елбасы үйлері жарамсыз болғандарға дереу көмек көрсетуді тапсырды. Біздің үйлеріміз су басқанда қандай күйге ұшырады, сол күйінде қалды. Ал қатарымыздағы өзге үйлер тұрғызылып жатыр. Біз оларға қарсы емеспіз. Өйткені табиғи апат бәрімізге бірдей тиді. Бірақ бәрімізге бірдей Үкімет бөліп отырған ортақ көмектен неліктен біз құр қалуға тиіспіз? Қолында билігі барлар неге алалайды», – дейді» деген дерек-дәйек келтірілген.

Сарыағаш ауданы бойынша аумағы 100 шаршы метрлік 345 үйге 13865242 мың теңге, 80 шаршы метрлік 388 үйге 1286247,5 мың теңге, барлығы 813 үйге 2994550,5 мың теңге қаржы қарастырылған. Бірлесу ауылдық округі Бейсен Әміров елді мекені бойынша 60 шаршы метрлік 32 үй, 80 шаршы метрлік 121 үй, 100 шаршы метрлік 22 үй салу көзделген. Қошқарата ауылдық округі бойынша 60 шаршы метрлік 21 үй, 80 шаршы метрлік 36 үй, 100 шаршы метрлік 43 үй деп көрсеткен. Су басқан үйлердің тізімін төмендегідей деп берген: Жуантөбе ауылы – 39 үй, Максим Горький атындағы ауыл – 38, Жаңа дәуір ауылы – 58 үй, Көгерту ауылы – 20 үй, Лесбек батыр атындағы ауыл – 406 үй, Қаратөбе ауылы – 50 үй, Ақжар ауылы – 16 үй, Көкбұлақ ауылы – 146, барлығы 979 үй жарамсыз болып қалған екен. Бірлесу ауылдық округіндегі жарамсыз үйлер 211 болса, ал жаңадан салынғаны – 175. Зардап шеккен үйлердің тізімі төмендегідей: Бірінші мамыр ауылы – 35, Шынар ауылы – 11, Ұшқын ауылы – 23, Қошқарата ауылы – 30, Алғабас ауылы – 12, Аманжар ауылы – 26, Бесқұбыр ауылы – 17, Жаңа қоныс ауылы – 13, Қара бура ауылы – 26, барлығы – 210 деген мәлімет бар. Осыған қарап-ақ, жан-жаққа берілген мәліметтердің әртүрлі екеніне көз жеткізуге болады.

Мұндай дерек-дәйектер «ала қойды бөле қырыққан» жергілікті атқамінер шенді-шекпенділердің жұмысының жүйесіздігін көрсетсе керек. Қошқарата ауылдық округінің тұрғыны Күлпаш Асқарова, Жүзімдік ауылдық округінің тұрғындары, ерлі-зайыпты мүгедек жандар – Өтешовтер – сондайлардың санатында болған. Түн жарымында келіп, ақ параққа қол қойғызып кеткен өкілдер де кезіккен. Шағым айтушылардың бірі «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының жергілікті өкілінен таяқ жеген. Ақтөбе ауылының әкімі ішімдікке салынып, автокөлігімен адам қағып кетсе де қызметінен алынбаған. Алматы қаласына қоныс аударған тұрғынның төрт бөлмелі үйін жалға алған мектеп директоры балабақша ашып, оған 20 баланы қабылдап, соларға қарау үшін 30 адамды жұмысқа алған. Бұнда қандай сыр бар?!

Суармалы жерлер мен дренаждарды қалпына келтіру жұмыстары үшін де қомақты қаржы бөлініп, 13 мердігермен 432294,62 мың теңгеге келісімшарт түзілген. Атап айтқанда, «СМБ и К» ЖШС-мен бес канал мен бір бөгетті (плотинаны) қалпына келтіру үшін 51136,5 мың теңгеге, «Югтехснаб» ЖШС-мен үш каналды қалпына келтіру үшін 25354,48 мың теңгеге, жеке кәсіпкер «Нұрлыбаев Н. Б.»-мен үш каналды қалпына келтіру үшін 15650,01 мың теңгеге, «Жол құрылыс и К» ЖШС-мен үш каналды қалпына келтіру үшін 20082,58 мың теңгеге, «Жолсерік» ЖШС-мен екі каналды қалпына келтіру үшін 5967,59 мың теңгеге келісімшарт жасалды. Барлығы 41 канал мен 2 бөгетті (плотинаны) қалпына келтіру көзделген екен.

Өз кезегінде Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша салық департаменті бастығының орынбасары Р. Исаевадан 2010 жылы 30 қыркүйекте Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің 557 бабына сәйкес «СМБ и К», «Югтехснаб», «Жолқұрылыс и К», «Жолсерік», «Құлтас» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша салық басқармаларында тіркелмегені жөнінде мәлімет алдым. Дәл сол күні Оңтүстік Қазақстан облысының Әділет департаменті бастығының орынбасары М. Махамбетов «СМБ и К», «ИП Нұрлыбаев Н.Б.», «Құлтас» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің ресми түрде тіркелмегенін мәлімдеді. Сонда бүгін бар, ертең жоқ болатын осындай фирмалардың мемлекет есебінен қомақты қаржы алғанына сол кезде тергеу-тексеру амалдарының жүргізілмегені кісіні таңқалдырады.

Жол салуға да қомақты қаржы: 386559076 теңге жұмсалған. Тұрғын үйлерді салып болмастан, күрделі жөндеуден өткізбестен, үйлердің шатырларын материалдармен жылыту, қаптау жұмыстарымен де айналысып, оған да қомақты қаржы 39095212 теңге жұмсалған. Жергілікті биліктің тұрғын үйлерді толық аяқтамастан, осындай «жұмыстармен» айналысқанына таң қалуға болмайтын шығар. Өйткені салынбаған, күрделі жөндеуден өтпеген үйлерде шенеуніктердің өздері тұрмайды ғой. Солай бола тұра олардың: «Қаржы жетпей жатыр», деп ақталғандарын қалай түсінуге болады. Жергілікті тұрғындар көпір, арық, канал, бөгет (плотина) тазалап, жол жөндеп жүрген техникалар мен адамдарды көрмегендерін айтқан. 2008 жылғы 12 наурызда Қазақстан Республикасы ҚМ Оңтүстік Қазақстан облыстық инспекциясынан Ә. Жұмашев, Төтенше жағдайлар министрлігінен Н. Құрманбеков, бас есепші Г. Сайдуллаева жұмыстың толық атқарылғаны туралы акті түзген. Тұрғындар пікірі мен өкілдердің мәліметтері бір-біріне қайшы келіп тұр.

Сарыағаш ауданындағы су тасқынынан келген зардапты қалпына келтіру барысында жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері жайында облыс прокурорына шағымдануыма тура келді. Осыған орай 2009 жылы 13 қарашада №7/324 ф—09 жауап хатында облыс прокурорының бірінші орынбасары Ғ. Т. Миразовтан мынадай жауап алдым: «Арызды қарау нәтижесімен су тасқынынан келген зардапты қалпына келтіру мақсатында құрылған комиссиямен залалды анықтау және шығынды өтеу барысында заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталды. Сондықтан облыстық прокуратура мен облыс әкімінің атына су тасқыны салдарынан зақымданған үйлерді толық анықтауға, келтірілген залалды өндіруге, елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуге нақты шара көру үшін заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізілгенін хабарлаймын». Бұл жауап та көп жайды аңғартып тұр емес пе.

Облыстық прокуратураның тексерулері алты томнан тұрады. Онда Сарыағашта орын алған көптеген кемшіліктердің төбесі көрініп тұр. Мысалы, су шайған үйлердің жарамды-жарамсыздығын анықтау ісіне құрылыс саласының мамандары тартылмаған. Комиссия мүшелері негізінен ауыл мұғалімдерінен жасақтала салған. Мәселен, комиссия төрағасы Е. Жарылқапов – «Нүр Отан» ХДП мүшесі, комиссия төрағасының орынбасары Е. Рабилов – зейнеткер, Ж. Қонысбеков – комиссия хатшысы Ж. Қонысбеков – мұғалім, комиссия мүшелері: С. Қадірбаев – мектеп директоры, У. Себагимов, Б. Таңқыбаев, О. Төреқұлов – мұғалім, Ш. Ешенқұлов – кәсіпкер.

Бұл не деген сөз? Комиссия мүшелерінің тек мұғалімдер мен зейнеткерлерден жасақталғаны қалай? Олардың шалағай шешім қабылдап, құжаттардағы мәліметтердің түрліше берілуіне қарап, құрылыс саласына ешқандай қатысты жоқ, біліктілігі төмен мамандар екенін аңғару қиын емес. Олар үйдің ішіне кіріп, еденнің астында ұзақ сақталған, іргетасы (фундаменті) жоқ, қабырғасы қам қыштан тұрғызылған үйлер арада біраз уақыт өткен соң суды бойына тартып, зәктеген қабырғалар үгітіліп, іргетасы отырып, жөндеулері жәрдем бермей, сылақтары түсіп қалып, қайта-қайта сылауға тура келетінін түсінбеген. Уақытша қалқиып тұрған үйлерге кірместен, сырттан көзбен шолып, «жарайды» деп, шешім шығарып кете барған. Іргетасы астының топырағы, қабырға кесегі, материалдары алынып, зертханалық тексерудің қорытындысы бойынша тұжырым жасалмаған.

Міне, осындай жағымсыз жағдаяттардың орын алуына қарамастан сондай кемшіліктерге жол берген өкілдердің ешқайсысына шара көрілмеген. Көп арыз-шағымдар қараусыз қалған. Сол кездегі аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков алдымен «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болған. Көп кешікпей Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланған. Мемлекеттік наградалармен марапатталған. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқарып отыр.

Бәрін айт та, бірін айт, Ұласбек Сәдібековтің ұмытылмайтындай сырлары осындай. Ал оған әй дейтін әже, қой дейтін қожаның табыла қоятын түрі жоқ.

Тілеулес ДҮЙСЕНҰЛЫ.

Шымкент қаласы.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *