МӘРТЕБЕЛІ ПОЭЗИЯ МІНБЕРІ

Әдебиет
1 610 Views

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өту той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек

Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті.

Қазақ поэзиясындағы тұғырлы тұлғалардың бірі, қазақ даласындағы аузымен құс тістеген айтулы шайырлардың заңды жалғасы Ұлықбек Оразбайұлы Есдәулеттің шығармашылығына үңілсек.

Ақын өлеңдері өмір туралы толғаныстарға толы. Оқырман жанын тебірен­тер, көкірегіне сәулесін себер жырлары жетерлік. Сан қырлы әлеуметтік-қоғамдық тіршіліктің құбылыстары ақын өлеңдерінде өзгеше өрнектеліп, өнеге аларлық, сабақ боларлық сарында жазылған. Ұлықбектің азаматтық бекзат бейнесін, өмірге, қоғамға көзқарасын өлеңдерінен оқып, көңіліңе тоқисың.

Мемлекет басшысы, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасыр» мақаласы көпшіліктің көңілінен орын алып, руханият саласына тың өзгерістер мен жаңашыл серпін беруде.

Жыр жаттаған әр жастың тұлға ретінде қалыптасуына рухани тәрбиенің септігі ұшан-теңіз. Бүгінгі рухани дағдарыс тұсында өскелең ұрпаққа ежелгі ата-баба қастерлеген құндылықтарды үлгі ету – өлең оқу, қазақ жыры арқылы адамгершілік-өнегелік құндылықтарын дамыту мақсатында Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен ҚР жазушылар Одағының төрағасы, ақын, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Оразбайұлы Есдәулеттің қатысуымен Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасымен қоса Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі саясат және дін істер басқармасының басшысы Жанар Бектаеваның ат салысуымен, «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Мәртебелі поэзия мінбері» атты поэзиялық кеші өткізілді.

Іс-шараға Шымкент қаласының сол кездегі әкімі Ерлан Қуанышұлы Айтаханов, жазушы, журналист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Мархабат Байғұт, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, «Парасат» орденінің иегері, көрнекті ақын Ханбибі Есенқарақызы, филология ғылымдарының кандидаты, айтыскер ақын Анар Жаппарқұлова, ақын, аудармашы Нармахан Бегалыұлы және басқа да зиялы қауым өкілдерімен қоса жас ақындар қатысты.

Ұлықбек Есдәулет – сондай ұлағатты талант. Ондай талант жан ашуын емес, жан сырын ғана ортаға салады. Бүгінгідей күндері ортамызда ондай пәтуалы ауыздардың жүргенінің өзі қандай ғанибет. Кешке жиналған көрерменнің қарасы көп. Жыр алыбының жырларымен безендірілген сахна әлдеқайда әсем құлпыруда. Поэзиялық кеш өлкеміздің бойтұмарына айналған қала әкімі Ерлан Қуанышұлы Айтахановтың жылы лебізімен бастау алды.

«Бүгінгі күннің өзекті мәселесі – жас ұрпаққа адамгершілік-рухани тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек. Халықта: «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал, үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың», – деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Осы тұрғыда аталған рухани бағдарламаның ұрпақ тәрбиесінде алар орны зор болады», – деген қала басшысы ыстық ықыласын жеткізіп, Ұлы Абайдың бір шумақ өлеңін тілге тиек етті.

Ұлықбектің ерке назды, сылқым сазды, үкідей үлпілдеген, жан жадыратып, қай-қайдағы қайта оралмас өмір өткелдерін есіңе түсіретін нәзік сезімге толы лирикалары қандай керемет. Жақұттай жарқыраған жыр маржандарын қанша оқысаң да құмарың қанбай­ды. Иә, жалпақ елдің көкейкесті ой-арман, мақсат-мұратын көркем кестелеп, айшықтап айту жөнінен Ұлықбек шабытына қамшы салдырған жоқ. Көкірек көзі дүние құбылыстарын, тасада жатқан тылсым сырларын, қиядағыны шалатын, қыранша көре қоятын және оны жүрекке жеткізе жазатын көрнекті ақын, – деп Мархабат Байғұт ақынға деген өз ішкі сырымен бөлісті.

Жыр жауқазыны Ханбибі Есенқарақызы: «Ұлықбек Есдәулеттің ақын­дық қыры мен сырын бүгі мен шігіне дейін қалдырмай ашып беру мүм­кін емес. Телегей теңіз жырдың бетпердесін ашып, көзге шалынар, көңілге қонар, санаға сіңер, жетемізге ілесер ой-толғамдарынан сыр тартсақ демекпіз. Рас, ақын өлеңдерінің ішкі мәні мен мазмұнына ой жүгіртіп, зейін қойып зерттесек, көп қырларына қанығамыз. Ұлтымыздың қаны мен жанына сіңген, сана-сезімін тәрбиелеген ар-ождан, ақыл-парасат, қажыр-қайрат сынды ұлық қасиеттерін дәріптей отырып, оқырман қауымға ой салуды көздеген толғамды өлең сөздері қандай керемет», – деп өзгелерден дара, өзіндік қолтаңбасы бар ақынның стилін, тіл шеберлігін ерекше атап өтті.

Қаламгер «Қанат қақты», «Жұлдыз жарығы», «Аптайдың алтын тамыры», «Ұлыстың ұлы күні», «Ақ керуен», «Жаратылыс», «Жүректегі жарылыстар», «Алтай асулары», «Заман-ай», «Киіз кітап» секілді кітаптардың авторы.Ұлықбек Есдәулет сынды саңлақ ақын­ның қазақ өлеңіне қосқан мол мұрасын түгел қамтып, талдап-таразылау, бағалау қомақты ғылыми монографияның міндеті. Сонымен қатар, айтулы кеште ақынның Ташкентте жарық көрген «Қарағай» кітабының тұсауы кесіліп, поэзияны пайымдайтын ақынжанды жұртшылық үшін, өте құнды тағы бір кітап дүниеге келді. Бұл кітап бумасын Отырар кітапханасына Өзбекстаннан осы кешке арнайы келген ақындар табыс етті.

Баршаға құшағы ашық, пейілі түзу, тау-тасын түртіп қалсаң, сөйлеп кеткелі тұрған шежірелі мекен Оңтүстіктің жас ақындары, қазақ өлеңінің көшелі көшіндегі көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулеттің шығармашылығын қалың көрерменге тарту етіп, студент жастар мен мектеп оқушылары Абай Құнанбаевтың өлеңдерін жатқа айтып, қара сөздерінен үзінді оқыды.

Сондай-ақ, Нармахан Бегалыұлы, Анар Жаппарқұлова сынды жыр алыптары ойшылдық, сыршылдық сезімдерге жаны бай ақын Ұлықбектің ұлтымыздың ұяты, ерекше ерен ақын екендігін де тілге тиек ете кетті.

Бұл «Мәртебелі поэзия мінбері» жыр кеші «Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын» атап өту мерекесіне орай, ұйымдастырылып отырған іс-шара. Мақсаты, қазақ поэзиясының рухын биіктету, насихаттау. Қара сөздің қадірін түсінетін халыққа, елімізге, облысымызға танымал азулы ақындардың жырларын ұсыну. Сондай-ақ, өсіп келе жатқан ұрпақ қазақ әдебиетінің жауһар жырларын жаттасын, білсін деген ой. Бұл ашық аспан астындағы поэзия кеші алдағы уақытта жалғасын тауып, әр апта сайын жыр дүлдүлдерінің кешімен жалғаспақ,– деді Ұлықбек Есдәулет.

Қайырымды қаланың әр жұмасы көркем жырмен тербеліп, ой мен сезімнен туындаған әдемі әндер оқылатын болады. Шаһарымыздағы «Жеңіс» саябағының төріне жас ақындарға арналған «Мәртебелі поэзия мінбері» орнатылды. Мінберде көркем ойдың сұлулығы айқындалып, ақынжанды қазақ өз болмысымен қауышып, жыр оқитын, жыр жаттайтын саналы жастардың кеші ұйымдастырылады. Кемел ойдың, тапқыр сөздің иесі ақындар өз кезегінде ерекше шешендігімен, табан астында сөзді қиыстырып айтатын тапқырлығымен ерекшеленген. Қаламға – қанат, ғаламға – ғаламат, кемге – тілек, елге – тірек, ұлтқа – жүрек болған ақындарды ардақтау кейінгі ұрпақтың көшіндегі дүние. Қасиеттің құндылығын ұмытпай, жастарды поэзия әлеміне баулу басты мақсат. Сол арқылы ақындар жұртының жүрегінде, елінің есінде мәңгі жасай берері хақ!

Балшекер ЕЛЕУХАН.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *