Таяуда ғана мегаполис саналатын Шымкент қаласы әкімінің идеология мәселелері жөніндегі орынбасары болып Алмасбек Кеңесбекұлы Мамытбеков тағайындалғанынан жұрт хабардар. Кезінде оның Оңтүстікте біршама лауазымды қызмет баспалдақтарынан өткені мәлім. Қалай атқарғаны бөлек әңгіме, әрине. Бүгінде ол Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне кірісті. Өздеріңізге белгілі ағымдағы жылы Шымкент қаласын республикалық және халықаралық жоғары деңгейде өтетін маңызды іс-шаралар күтіп тұрғаны жасырын емес. Оны жоғары деңгейде өткізу елге сын, соның ішінде Шымкент әкімдігіне де үлкен жауапкершілік артып отыр. Алмасбек Кеңесбекұлы мұнымен қоса қаладағы ақсап тұрған білім саласы мен мәдениетке басымен жауап береді. Ішкі саясат және дін істері басқармасымен, бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста, тонның ішкі бауындай араласып жұмыс істей алады ма екен? Өйткені қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы да Мамытбековке үлкен сеніммен қарап отырғаны тағы бар. Тарихта Шымкент қаласы алғаш рет ТМД елдерінің мәдени астанасы эстафетасына ие болып отыр. Онымен қоса биыл қаланың 2200 жылдық мерейтойы ерекше тойланбақ. Осы орайда «замәкімнің» беліне байлаған шоқпары қаншалықты салмақты екені байқалады. Мұндағы мәселе оның бұл шаруаны қалай атқаруына байланысты болып тұр. Ендеше, бұған Мамытбековтің қарым-қабілеті, біліктілігі төтеп бере алады ма екен? Әлде, тыңнан түрен салып, жаңаша идеяларды жарыққа шығарады ма? Бұл әрине, алдағы уақыттың еншісінде. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Шымкентте атқарылатын ауқымды істердің көздерін ашып берген болатын. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматқа осы орайда қыруар тірліктерді тірілтетін сәт келіп жеткенін дер кезінде аңғартқандай. Демек, аянбай еңбек ету қажет-ақ. Руханият жаршысы саналатын газет-журналдар, өзге де БАҚ-тар бұл салаға жіті көзбен қарап, талай дүниелер жазатыны айдан анық. Солай екен, Мамытбековты мазалайтын мәселе аз емес, аз емес… Олай болса, ісіңізге сәттілік Мамытбеков мырза!
Қуанышбек БОТАБЕК.