МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРДІ ҚҰРМЕТТЕУ – БАРШАНЫҢ МІНДЕТІ

Жастар Қоғам
1 858 Views

Мемлекеттік рәміз – елімізді әлемге әйгілі ететін символ. Себебі, онда халқымыздың бүкіл бастан кешкен тарихы, бүтіндей мәдениеті жатыр, сондықтан ол патриотизм сезімін оятатын, рух пен өршілдік беретін маңызды дүние. Кез келген ел үшін рәміз құнды болып саналады. Мемлекеттік рәміздерді ұлықтау мақсатында атқарылып жатқан шаралар да аз емес. Осы бағыттағы игі шаралардың бір-парасын білу үшін Халықаралық «Silkway» университетінің филология факультеті, тілдік пәндер кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, доцент міндетін атқарушы Гүлнар Исламқызы АҚЫЛБАЕВА ханыммен сұхбаттасып қайтқан болатынбыз.

– Мемлекеттік рәміздер — еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін барша әлемге жария ететіні мәлім әрі Мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі болып табылады. Халқымыздың рухын, ұлттық дәстүрін, қазақи өршілдігі мен даналығын, болашаққа сенімін, арман-мақсатын айқындайтын ерекше құнды белгілер. Қазіргі таңда барлық мемлекеттердің нағыз өзекті мәселелері экономика, саясат, қорғаныс саласымен емес, керісінше ұлттың басты құндылығы болып табылатын ұлттық нышандармен тығыз байланысты.

Мемлекеттік рәміздер ұлттық бірегейліктің қалыптасу тірегі және әрбір мемлекеттің дамуының ажырамас бір бөлігі екені даусыз. Еліміздің мемлекеттік рәміздері оның бетке ұстар құжаты сияқты бірегей негіздері мен салт-дәстүрін бағдарлап көрсетеді. Кең көлемде мемлекеттік биліктің рәміздері кез келген мемлекеттің негізін құрайтын тұжы-рымдамасы – ұлттық идеяда көрініс таба біледі. Ал нақты ұлттық идея тікелей сол халықтың арасында қалыптасады. Саяси жүйенің көшбасшылары уақыт өте келе ауысып отыруы мүмкін, бірақ халық өзінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан, ғасырлар бойы иемденген және жоғалтып алған ұлттық құндылықтарымен, жағымды және жағымсыз қасиеттерімен қалады, сонымен қатар өзара ұлттық менталитетті қалыптастырады. Мемлекеттік рәміздер мәдениетіміз, тарихымыз бен менталитетіміздің көркем туындысы болуы керек. Еліміздің азаматтарының рәміздерге деген қарым-қатынасы, олардың қаншалықты деңгейде өздерін осы елдің азаматы санайтындықтарының және болашаққа сенімінің, отансүйгіштіктің көрсеткіші.

– Университет студенттері арасында Мемлекеттік рәміздерге деген құрметті қалыптастыру және оны насихаттау мен дәріптеу қалай жолға қойылған?

– Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге паш ететін нышандар екені мәлім. Мемлекетіміздің өткені мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Сондықтан біздің оқу орнымызда төл рәміздерімізді қадір тұтып, қадірлеу қолға алынған. Оқу орнымызда өскелең ұрпақ ұмытпау үшін Мемлекеттік рәміздерді ұлықтайтын арнайы бұрыш бар. Тұғырлы тәуелсіздікті айқындайтын көк туымыз, егементік пен елдікті көрсететін елтаңбамыз, алтын әріппен жазылған әнұран сөздері стенд қабырғада орналасқан. Студенттеріміз де ерекше қадірлеп, құрметпен аяқ басады. Университет қабырғасына келген қонақтар да стенд қабырға алдында суретке түсуді мақтаныш санайды. Салтанатты жиындар да дәл осы отансүйгіштікке жетелейтін орында өткізіледі. Мемлекеттік рәміздерге арналған ашық-сабақтар міндетті түрде жыл сайын өткізіліп отырады. 4 – маусым Мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне орай тәрбие проректоры бастаған басшылықпен дәстүрлі түрде іс-шаралар өткізіліп отырады. Мемлекеттік рәміздерді дәріптеу дәстүрлі түрде өтетін шара. Барлық академиялық топта курторлар студенттерге ұлттық нышандарымызды ұлықтап, насихат жұмыстарын жүргізеді. Күнделікті сабақтар әнұранмен басталмаса да аптасына бір рет шымылдығы әнұранмен ашылатын тәрбие сағаты өткізіледі. Тәрбие сағатында рәміздердің тарихынан бастап, авторларын таныстырып, әнұранды қалай құрметтеу керек екені түсіндіріледі. Университет деңгейінде өтетін әрбір іс-шара, мерекелік кештер, тәрбие сағаттары міндетті түрде әнұраннан бастау алады.

– Әнұран авторы Шәмші Қалдаяқовтың биылғы 90 жылдық мерейтойына қандай дайындық шаралары жоспарланған?

– Әнұран авторы Шәмші Қалдаяқовтың мерейтойына байланысты бірқатар тәрбиелік іс-шаралар өткізу жоспраланып отыр. Әрбір тәлімгерлер мен кураторлардың да ашық сабақтар өткізу жоспарында көрсетілген. Тәрбиелік шарада Шәмші Қалдаяқовтың әрбір әні айшықталып көрсетіледі. Әнұранның жазылу тарихымен де таныстырылатын болады. Шәмшінің « Менің Қазақстаным» әнін қалай жазғаны жайлы пікірлері де айталытын болады. Тәрбиелік іс-шара барысында баяндамалар жасалып, әнұран орындалады. Университет көлемінде өтетін салтанатты іс-шара жоспары жасалып жатыр. Рәміздердің төресі — әнұран. Әнұранды жүрек тұсына оң қолды қойып айту елге деген құрметті көрсетеді. Қазақ халқы сонау өткен тарихын осы бір әнұранға сыйғыза білген. Болашақ пен тарихтың байланысы болған тәуелсіздіктің айғағы саналатын әнұранды ұлықтау басты міндетіміз!

Мемлекеттік рәміздер – болашаққа бағдар, Рухани жаңғырған, егемен еліміз үшін ерекше құбылыс. Сондықтан Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – азаматтарымыз үшін басты парыз. Сондай-ақ ұлтаралық татулық пен бейбітшілікті сақтау жолында және мемлекетіміздің әлемдік деңгейге танылып, өзіне тән белгілерімен дамыған елдер қатарынан орын алуы үшін бұл нышандарымыздың атқаратын қызметі айрықша. Біз студенттерімізге осының бәрін түбегейлі түсіндіріп келеміз.

– Әсерлі сұқбатыңызға рақмет!

Әлия ТҮГЕЛБАЙ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *