«WORLDSKILLS TURKESTAN 2020» және ПЛОГГИНГ

Білім Жастар
838 Views

Техникалық және кәсіптік білімді дамытуға бағытталған «Worldskills Turkestan 2020» байқауында Түркістан облысының 319 студенті 46 мамандық бойынша бақ сынауда. Чемпионат 10 күн бойы жалғасады. Әлемнің 83 мемлекетіне таралған Халықаралық біліктілік сайысы колледж студенттері мен жас мамандар арасында білікті кадрларды анықтауға мүмкіндік береді. Мақсаты – жұмысшы мамандығының беделін және кәсіптік білім сапасын арттыру.

Сайыста жастардың тәжірибелік дайындығы мен кәсіптік біліктілігі шыңдалып, шығармашылығы мен жоғары еңбек мәдениеті, заманауи, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды іс жүзінде қолдана алу біліктілгі сыналады. Сайыстың биылғы ерекшелігін атап өтер болсақ, Түркістан шаһары үшін аса маңызды құрылыс саласына мейлінше назар аударылып отыр. «BI Group» компаниясы білікті мамандарға қолдау көрсетіп, демеушілік жасауда. Жеңімпаздары ұлттық чемпионатқа жолдама алады. Сонымен қатар бірінші орын иегеріне теледидар, екінші орын иегеріне планшет табысталады. Қалған жеңімпаздарға да арнайы сыйлықтар қарастырылған.

Түркістан өңірі аталған Чемпионатқа 2015 жылдан бастап қатысып келеді. Осы жылдар ішінде қол жеткізген жетістіктер аз емес. Былтыр мәселен Нұр-Сұлтан қаласында өткен «WorldSkills Kazakhstan – 2019» V республикалық чемпионатына облыстан 33 студент қатысып, оның ішінде өз шеберліктерін көрсете білген 17 дарынды жас 4 алтын, 2 күміс, 2 қола, 9 медальон жеңіп алды. Жалпы командалық есепте облысымыз үшінші орынды иеленген болатын. Облыстың студенттеріне биыл да үлкен үміт артылып отыр.

Жастар үшін жасалған шаралардың тағы бірі облыс орталығында «Жастар таза Түркістан үшін!» тақырыбында аймақтық алғашқы плоггинг марафоны. Игі шара Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығының бастамасымен Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай ұйымдастырылған.

Плоггинг – қоршаған ортаны қорғау бойынша әлемдік тәжірибеде жастар арасында танымал шара. Бұл – қашанда қоршаған ортаны қорғау үдерістерімен байланыста болу дегенді білдіреді.

Түркістандық еріктілер мен жастар қаладағы «Жеңіс» саябағына жиналып, плоггинг марафонының тәртібімен танысты. Белсенді жастар топтарға бөлініп, өз-деріне тиесілі аумақтарды жүгіріп өту арқылы қоқыс жинаудан жарысқа қатысты.

«Биыл өңірде Жастар орталығының ұйымдастырумен алғаш рет плоггинг марафоны өтті. Оған қаладан 40-қа жуық еріктілер мен жастар қатысты. 60 минутта Жеңіс саябағынан салмағы 300 келіден 4 қап қоқыс жиналды. Бұл экологиялық қозғалыс – салауатты өмір салтын ұстану мен табиғатқа деген қамқорлықтың тамаша үйлесімділігі. Марафон тұрақты түрде ұйымдастырылып, облыс көлемінде жалғасын табатын болады», – деді облыстық жастар орталығының басшысы А. Өміртай.

Зерек МҰРАТБЕКҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *