(Соңы. Басы өткен санда).
Аядай ғана таразышылардың бөлмесінде екеуміз ғана. Әйнектенген терезе аржағында таразыға машиналардың бірі келіп, бірі кетіп жатыр.
Бұның өкпелегені қандай әдемі. Кәмпитке ренжіген сәбидей қабағы ашылмаған қыз күліп жіберді.
– Айсұлу, тергеп жантерімді шығардың ғой.
– Мә, алыңыз Назымбек ағай, – деп сөмкесінен беторамал шығарып ұсынды. Борша-борша қапырықтан терлеп, әтір иісі бұрқыраған орамалымен сүртіне бастадым.
– Бері еңкейші қарағым, – деп бетінен шөп еткізіп сүйіп алдым.
– Не үшін ағай? – деп қызара жөнелген қыз жанарын жарқ еткізді.
– Орамалың үшін… Ал, мынау сені қызғанғаның үшін – деп екінші бетінен және сүйдім.
– Назымбек ағай, Сіз де сондай ма едіңіз?
– Қандай?
– Осындай. Мына отыз студент қыздардың қаншасын сүйдіңіз өстіп?
– Өй, қой жаным. Ешқайсысына тіпті жолағам жоқ, қарағым.
– Қайдам, ағай. Ақын-жазушылар сондай жеңілтек деп жатады ғой.
– Тек саған ғана еркелегім, әзілдесіп, сөйлескім келіп тұрады.
– Сіз ізім-қайым көрінбей кеткеніңізге орай ойлағаным ғой.
– Мына орамалды кірлетіп тастадым, өзім тершең едім, мына шаң-топырақта тіпті шыдар емеспін. Пойыздардың, шойын жолдың иісі қандай.
– Менің туып-өскен жерім осы станция. Бәріне үйренгенбіз ағай, мән бермейміз.
– Біздің ауыл таудың саясында, бұлақтың жағасында көкорай шалғын, бау-бақшалы рахатстан жеріненмін.
– Әркімнің туған жері – жұмақ емес пе ағай…
– Айсұлу шешен сөйлейді екенсің.
– Мен болашақ филологпын ғой, ЖенПИ-дің екінші курсын бітірдім.
– Әп, бәсе? Сенімен жақсылап әңгімелесуім керек екен.
– Кешкі асты апарамын Сізге.
– Күтемін.
– Мені ме, асты ма?
Екеуміз де рахаттана күліп жібердік.
– Сені тәттім деймін енді. Күтемін тәттімді.
Ол шешіп тастаған орамалын басына қайта тақты да:
– Беторамалды беріп кетіңіз. Жуып апарып берейін, – дегенде қос білегінен ұстай алып, өзіме тартып, маңдайынан иіскелей сүйдім.
– Назымбек аға, машина кеп қалды. Ұят болар! – деді қымсына қысыла.
– Әлемдегі ең ғажап сұлу қыз сенсің Айсұлу! – дедім кетіп бара жатып.
Күлімсіреп, орамалын жөндеп, оң қолын көтере жақсы деп қоштасып қала берді.
Шам жақпай қаракөлеңкеде отырғам. Қызыл іңірде ол өзі ас алып келді.
– Ағажан, келіңіз, тамақты суытпай ішіп алыңыз, – деп столды жасай бастады.
Шолақ жең мойны ашық, жаздық гүлді-гүлді көйлек киіпті. Орнымнан лып түрегеп, қызды қапсыра құшақтап, ернінен сүйдім. Жаңа ғана шомылса керек шашының суы кеппепті, денесі сап-салқын, өзіме тартып мойнынан, дымқыл шашын иіскеп, қайта ерніне қадалдым. Мың-миллион қиял-сезімдерім атойлап көтеріліп, құштарлық атты ләззат буы басымды айналдырып, қолым қыздың ашық омырауына сүңгіп кетіп, екі топ-томпақ төңкерілген кеседей төсін аямай аймалай бастады.
Не деген шетсіз-шексіз шалқар іңкәр сезім, тәтті дәурен құлындай шауып, қыз көзін жұмып, ырқыма көніп, жандүниесі қорғасындай балқып, шалқып, құшағымнан құлап түсердей ынтық әуезбен сүйсіне әзер-әзер үн шығарып, болып-толып тұр.
Дәл біздің мекеніміздің жанынан гүр-гүр етіп мотоцикл тоқтады. Қыз селк етіп, есін жиып, құшағымнан сытылып шығып, шашын жөндеп:
– Е-е, анау тағы кепті ғой! – деді.
– Кім? Кімді айтасың?
– Мына көрші Рославль ауылынан. Механик. Оның әкесімен менің папам әскерде бірге болған дос, жегжат. Менің сыртымнан құда болайық деп баяғыда-ақ келіскен ғой. Қызғаншақ әбден. Кеттім ағай, мына сыртпен көрінбей үйге барайын.
Үш аяқты «Урал» мотоциклінен түсіп, басындағы шлемін шешіп, үсті-басын қаққыштап жатқан жігіт сұлбасын терезеден байқап қалдым. Толықша тапал жігіт мотоцикл қорабынан бір заттарды алып, сүртіп, тазалап, мықшыңдай көтеріп тыпылдай басып ұзай берді.
Жаз дидарлы жаңағы қызды мына бір жанға қимай, қызғаныш оты тұтанып, терезеге телміріп тұрып қалдым.
Жарты сағат өтер-өтпесте мотоциклін тырылдатып тапал жігіт кетіп қалды.
Ол ұзағаннан кейін барып, дастарханға жақындадым.
* * *
Таңғы асты алып келген шешесі:
– Бүгін кешке біздің үйде қонақ болыңыз. Үндік сойдыртып жатырмын, кеше жекжатымыз Раславльдан қымыз беріп жіберіпті. Әнеукүнгі қырғыз концерті тамаша болды, ә? Оларға керемет сөз айттыңыз.
– Қырғыз әндерін өте жақсы көремін. Әжем қырғыз еді, ылғи ыңылдап жүретін. Әуезді ғой олардың әндері.
– Рас па? Мен де қырғыз қызымын ғой. Мына Тоқмақта ән салып жүрген жерімнен Айсұлудың әкесі алып қашып кетті емес пе?!
– Апырай-ә? Солай ма?
– Кешке ұмытпасам бір-екі ән айтып берермін. Айсұлу қызым өлең жазады, Сізге көрсетуге ұялады.
– Оқып көрейін, маған берсінші.
– Сіз ешкімдікіне қонаққа бармаймын депсіз. Бірақ бүгін біздікіне келіңіз, дәм татыңыз.
– Қырғызша ән айтып берсеңіздер барамын.
– Айтамыз. Келесіз ғой?
– Барамын.
Кешке сол үйдің төрінде отырдым. Айсұлудың әкесі шомбал қарасұр кісі моторист, бүкіл осындағы техниканың жүріп-тұруына жауапты жанның бірі, үндік қуырдақпен шәй келгенде жұмысына шақырып кетті.
– Анда сыбағаңыз пісіп жатыр. Асықпай соны жеп қайтарсыз, – деді кетерінде. – Үлгерсем келермін.
Бұрыш-бұрыштағы екі желдеткіш зыр айналғанымен лапылдаған ыстық табы кетер емес. Есік алдындағы тапшанға шығып, құрақ көрпенің үстіне жантайдым. Айсұлу қос жастық әкеп берді.
– Мамаңды шақыршы, қашан ән айтасыңдар?
Айсұлу жүгіре басып шешесін ертіп келді.
– Тамақты көріп жатырмын, пісіп те қалыпты, – деп қолын орамалға сүрте-мүрте келіп, тапшан түбінде тұрып түсіндіре бастады.
– Біздің үй станцияның шетінде, дөңесте салынған.
Отағасы көп сөзге жоқ жаңа көрдіңіз ғой. Құдайдың берген үш қыз, үш ұлымыз бар. Мынау тұңғышымыз Айсұлу, одан кейінгі мына сары қыз Таңсұлу, тоғызыншыны бітіріп отыр. Жарас деген баламыз бесінші сыныпта оқып жүр. Қане бәрің келіңдер, мұнда. – Өзіңіздің қанша балаңыз бар – деп сұрап қалды.
– Бір ұл, бір қыз өсіріп отырмыз.
Шешесі ескі қол сөмкесіндей ғана кішкентай қара гармонды қолына алды, кекілі желбіреген бала барабанын әкелді.
Қара гармон құйқылжып, кере тартқанда тіпті жүрегіңді суырып алардай әуендер аспандағы жыпырлаған жұлдыздарға ілініп, тамылжып, аптаптан дамылдап жатқан кең дала төсінде шарықтап ап жөнелді. Қара гармонды ары-бері аударып, төңкеріп, бунақ-бунақ ән қайырмаларын төгіп-төгіп жіберді де шырқай жөнелді.
Қазақтың нәрлі, шерлі халық әндерінен попуриді айтқанда бал қосқан бапты қымызды ішкендей аяқ-қолымды жинап, еңсемді көтеріп, ынтыға тыңдап отырдым.
Айсұлу шешесінің артына тығыла, сіңлісі екеуі қосылып кеп бергенде жапан түз гүл-гүл жайнап кеткендей әсем үн ақтарыла, үздіге төгілді дерсің.
Кенет бәрі тына қалып Айсұлу аузындағы сырнайын үрлеп ойната бастады. Оған Таңсұлу қолындағы ат тұяғын тақылдатып, інісі барабанын ұрып, шешесі гармонмен қосылып қырғыз әуендерінің нақыштарын ойнай жөнелді.
Алатаудың арғы-бергі, күнгей-теріскейі шырқайтын әнді үшеулеп бастап кеп кетті.
…Сағынғанда бір келерсің,
Сарғайғанда бір келерсің
Алатауды көруге…
Ән айтқанда шешесі жасарып, түрленіп, бұлттан шыққан күндей жайдарланып кетеді де, ал Айсұлу осы әнді маған арнап айтқандай екі көзі тұнықтанып, мұңдана сырын ұқтырғандай дауысы діріл қағады. Таңсұлудың тұнық үні бәрін басып тұр…
Қырғыз әндерін бірінен кейін бірін төгіп-төгіп шырқады дейсің… Мына анда-мұнда поездар боздап өтетін құла түздегі станция шетіндегі қараша үйден естілген әуен түнгі даланы елбіретіп, елжіретіп тұр.
Жүрегім аударыла төңкеріліп әнге елітіп, ынтық сүйсініспен мына тымық түндегі көркемденіп кеткен Айсұлу бойжеткенге көз тігіп, ғажап үніне, сұлу сымбатына іңкәр болып тұтқындалып, тұла бойым балқып, кейде тіпті шымырлап екі құлаш жерде тұрған оны көңіл көзіммен аймалап, аялап, соншама ыстық сезіммен құштарлана жақсы көріп кеткенім-ай!..
Алқара аспанның күміс сырғасындай боз сәуле себелеген толған ай көтеріліп келеді. Көк жүзінде жымыңдаған қызыл алтын моншақ жұлдыздарға бір, мына ән әуеніне берілге шырқаған Айсұлуға бір қарап, осы керім көркем сұлулық әлеміне сұқтанамын. Бойжеткен де анда-мұнда тұп-тұнық жанарын электр жарығына жарқ еткізе маған қарағанда жүрегім шым ете түседі. Үлбіреген балғын бейне, жүзі қандай, қанат қағып сызылып шыққан дірілдеген үні қандай? Ара-арасында аузына сала салып бізге таңсық сырнайды тарта жөнелгенде алпыс екі тамырыңа ыстық сезім құйылып, ұжмақ әлеміне кіргендей рахат күй кешесің.
Аптап бетін сылап қайтарып, тау жақтан үлбіреген самал желпіді.
Үшеулеп шырқап тұрса да Айсұлудың дауысы ерекше: үкілі сағым-армандарды алып қашып, қияли сезімдерге атой салдырады.
– Қой, ет әбден піскен болар. Ас дайындайын – деп шешесі екі иығындағы гармонын алып, тершіген маңдайын сүртіне бастады.
– Керемет әнші екенсіздер! – деп таңданғанымды жасыра алмай алғысымды жаудырып жатырмын.
– Қайдағы қазір өнер? Жастайымнан талай-талай әншілер байқауына қатысып, Бішкекке оқуға шақырған да болатын. Тоқмақтың жұлдызы атанып шырқап ән салып жүргенімізде осы үйдің отағасы достарымен келіп алып қашып кетті емес пе?! Алты бала өсіру де оңай емес. Осылардың басын қосып оркестр құрсам ба деген ойым бар еді, – деп шешесі салдырлап ас дайындауға кірісті.
Нән табақ етке беттей алмай, ырымын жасадым. Тағы да қолқалап едім, үшеуі қосылып тамылжыта екі-үш ән айтып берді.
Қош бол қалқа көргенше,
Қайта айналып келгенше!.. – деп кетерімде айтқан әні жүрегімде тербеліп тұрып алды.
* * *
– Назымбек аға, қарамайсыз ғой бізге. Студент қыздарға асығып барасыз ба? – деді артымнан қуып жеткен Айсұлу еркелей.
– О, тәттім, жаным! Халің қалай? Кешегі айтқан әндерің көкейімде ұйып тұр.
– Аға, ертең үйдегілер Рославльге досының туған күніне кетеді. Мен бармаймын.
– Айка, онда ертең Отардағы көлге шомылып келейік. Қазір соған барып көріп, тапсырма беремін. Екеуміз ғана рахаттанып демалсақ жарай ма, тәттім?
– Жарайды, – деп қолындағы кішкентай орамалын тербете сыңқ күліп, бұрылып кетті.
* * *
Түске салым отыз шақырымдай жердегі Отар көлінің жағасына келіп жеттік. Машина іші қапырық. Көл жағасы салқын, тотияындай көкпеңбек боп жарқырап, самал ұрып, бойыңды сергітеді. Жағасындағы тал-теректер қалың тоғайға айналған, жапырақтары сыбырласып, біздің келгенімізге қуанғандай құстар да шулай қарсы алып пыр-пырлай ұшып қонады.
Осы жердің күзетшісі мосқал сақалды орыс қонақ күтуге әбден төселіп алса керек, бөлек үй дайындап, балық аулап қойыпты. Шыныдай мөлдіреген көлдің екінші қабағы қалың қамыс құрақтарынан көрінбейді, ал төменгі жағы – жап-жасыл толқыған теңіздей жүгері алқабы. Жұп-жұмсақ құмды жағалауда шешіне сала суға күмп секірдім.
– Айка, келші жаным.
– Ұяламын біртүрлі.
– Ешкім жоқ қой.
– Сіз ше?
– Мен екеуміз бір жан болып кеттік пе деп жүрсем…
– Ой, тәтті сөйлейсіз Назымбек аға. Қыздардың бәріне осылай дейсіз бе?
– Жоқ, жоға. Аспанда ай жалғыз, жерде мен үшін Айсұлу тәттім жалғыз.
Ол ішке кіріп, бел мен кеудесін бір тартар қызыл гүлді шомылатын лыпасымен шыға келгенде бас салып құшақтай сүйіп алдым.
Ешқандай бір міні жоқ құлын мүсінді, ай келбетті Айсұлу қымсына басып көлге кіріп барады. Соңынан суды шолпылдата барып, қолынан ұстадым. Ол суда жарқыраған ақ сазандай жүзіп, сүңгіп, ары-бері әппақ тәнін жарқырата аунап, рахаттана сақ-сақ күледі.
– Тәттім, сен керемет жүзеді екенсің ғой.
– Жазда жылда нағашыларыма барып, Ыстықкөл жағасында демаламыз.
– Ал мен әскерде Тынық мұхитта шомылғанмын.
Екеуміз тып-тыныш жатқан көгілдір айдын бетін айран-асырын шығарып, бір-бірімізге су шашып, ол қашып, мен қуып мәре-сәре болып, тоңғанша судан шықпадық.
Күзетші әйелі екеуі бөлмемізге тамақтарды әкеп, дастархан жасап қойыпты. Балық пен құс етін қуырып, қасына картоп, көк-мөкті салып пісіргендері тіл үйіреді.
Ол шәй құйды, екеуміз әзілдесіп отырып ас ішкен қандай десеңші!
Қол жууға далаға шығып, күзетшіге демалатынымызды ескертіп, кешкі асты сағат алтыларға дайындауды тапсырдым.
– Кепеден сірне жасап қоямын – дейді ол қауға сақалын сауып, көзі күлмең қағып. Кеше келіп тиын-тебенін беріп, келісіп кеткенім қандай жақсы болған.
Көл жағасында екі үй, мынауы бөлек демалушыларға арнап салынған, ішінде бәрі бар: мұздатқыш, кондиционер, бөлме іші сап-салқын, рахат.
Ішке кірсем Айсұлу дастархан жиыстырып жүр екен, белінен қапсыра құшақтап, өзіме қарай қысып, үлпілдек қаздың тамағындай омырауын құшарлана иіскеп, ып-ыстық ернінен ынтыға сүйдім.
Сол бойы тік көтеріп, түпкі жатын бөлмеге алдым да жөнелдім. Бұл бөлме терезелері тұмшаланып жабылған, қаракөлеңке, қоңыр салқын.
Төсекке әкеп шалқасынан жатқызып, жаңа киіп алған халатының түймелерін ағыта бастадым.
Оның екі көзі тарс жұмулы. Асығыс-үсігіс барлық түймелерін ағытып, кеудесінде төңкерілген қос әппақ шыныдай төсіне ернімді төседім. Екі анары қап-қатты, біреуін алақаныммен сипалап, уқалап, екіншісін тіліммен төңірегін түгел түрткілей шүйіліп, өліп-өшіп өбіп жатырмын. Түймедей қоңырбарқыт түстенген ұшын ерніме сала ойнап, тісіммен ауыртпай тістелей бастасам:
– Аға, ағатай. Не істеп жатырсыз? Қытығым келеді – дейді қыз әлсіз үнмен. – Қойыңызшы – Қайдағы қойған, махаббат майданы жаңа басталып жатқан шақта бас баһадур қарыс жер шегіне ме? Піспеген әңгелектей топ-толық қостөбені айналып-толғанып, мытып-мытып қоямын.
Қайта шиедей қызарып, алаулап тұрған ерінге желімше жабысып, сүйісе де білмейтіндігін аңғарып:
– Айка жаным, тіліңді берші – деймін үздігіп.
Ол балшырын тілін шығара бергенде шөліркеген жандай төніп түстім. Аймалап, бүкіл құлақ түбі, тамағы, көтеріліп-басылып тұрған төсінің түкпір-түкпіріне дейін құныға, қызыға сүйіп, төмендей бергенімде:
– Аға, ағатай төстен төмендемеймін деп едіңіз ғой.
– Жоқ, тиіспеймін, тек иіскеймін.
– Онда неге тартқылап жатырсыз?
Қос төсінің ұшын қайта еміп, сорып, тіліммен, тісіммен ойнай бастағанымда қыз «уһ!» деп, денесі түгел жайылып, жайланып, босап, көзі шоқтанып өзі мені сүйе бастады. Екі алақаны ып-ыстық, арқамды сипалап, шашымды тарақтап, өзіне қысып, құшып тартып барады.
Кеберсіп, ісініп кеткен ерні пісіп ағып түсер бүлдіргендей толықсып, бал татиды. Дір-дір етіп, құмарта сүйіскен қалпымда бәрі-бәрі өң мен түстің арасында қиюласа кетті. Арқыраған арқар алып найза шыңда күркіреп, тастан тасқа секіріп зар күйіне келіп, оған сағынып жеткен қосағына жақпар-жақпар құз жартасқа қарамай мекіреніп, мейірленіп, тасыған қуат-күшін аямай сыйлап жатты…
Терезені тұмшалап жауып тастаған қаракөлеңке бөлмеде ақ сазандай бұлықсыған бойжеткеннің жалаңаш әппақ тәні есті алып, армантауларға ұшып әкетті дейсің. Бүкіл әлемдегі ың-жыңнан аулақ, бәрін-бәрін тарс ұмытып, құмарлық пен құштарлық сезіміне алаулап, екі жан ынтыға сүйісіп, қорғасындай балқыды. Көңілдері шаттана жұптасып, айхай да ойхай шарпылған сезім тәттілігін шәрбатша жұтып, шалқып жатты.
Кеудесіне жасырған қос алмасын иіскелеп, тістелеп жауар күндей күркіреп, сарқыраған жүрек әміріне бойұсынып, бүкіл алпыс екі тамырымдағы ыстық қан атойлап, қуаныш әнін асқақтата сала жөнелді.
Тау қопарғандай денем бусанып, жеті қат аспанға ұшып қайтқан дәуренсал күйі алқынған демімді басып, көзім ілініп кетіпті.
Жандүнием рахат буына шомылып, жадырап жайнап ояна кетсем Айсұлуым төсек шетінде бүкшиіп, бүрісіп теріс қарап, екі иығы бүлкілдеп жылап отыр.
– Не болды, жаным? – деп тоңазыған жалаңаш денесін қаусыра құшақтай алдым.
– Ештеңе…
– Айтсаңшы жаным?..
– Бұл ағажан қыз біткеннің осылай көз жасын төгіп алатын сәті ғой. Өзімдегі он тоғыз жылдан бері сары алтындай сақтап келген барымды, тап-таза арымды Сіздей жігіттің сұлтанына қиып, сыйладым.
– Не жаным, ренжіп қалдың ба? – деп бәйек болып кеттім.
– Жо-жоқ, О не дегеніңіз. Ә деп Сізді алғаш көргенде-ақ ұнап қалғансыз. Кітабыңызды оқып, жандүниеңізді, сыр-мұңыңызды ұғып, ғашық болдым. Сізді көргім, кездескім келіп тұрады. Рас айтсам ағажан, Сізді сүйеді екенмін.
Ол батылдана дәл осылай деп жәудірей қарағанда не дерімді білмей қатты қиналдым. Құшақтап бауырыма тартып шық тұрған гүлдің үлбіреген қауызындай мөлдіреген көздерін сүйіп алдым. Ерніме ашқылтым тұз белгісі жұқты.
– Айка, жаным, жүр шомылайық, – дедім сасқанымнан. Еңістен ыстық жел ұрып тұрған қапырық буған далада бірден мен көкмұнарланған көлге сүңгідім. Айсұлу душқа түсті.
Күзетшінің көк-мөк, дәмдеуіштер қосып балбыратып пісірген сірнесін ашқарақтана, сүйектерін сорып, қарпып-қарпып бөріше асадым. Өңі сынық Айсұлуым шәй ішкенсіп қана отырды. Ол ақжайманы жуып, кептіріп қайта төсегіне төсеп қойды.
Кешкі апақ-сапақта үйінің жанында машинамнан түсіріп жатқанда:
– Айка жаным, қабағың бір ашылмады-ау. Ағаңа ренжіп қалған жоқпысың? – деп тағы сұрадым.
– Жоқ, ағатай, – деді бәсең солғын үнмен.
Шаң жұққан бетінен өбіп, қош дедім. Қаша алдында оны Таңсұлу сіңлісі күтіп тұрғанын байқап қалдым. Айсұлу аяғын санап басып, басын салбырата иығы түсіп бара жатты.
* * *
Ертесіне ертемен Ақтерек совхозының егінжайын аралап кеттім. Ымыртта келіп, жуынып-шайынып, бөлмемде шам жақпай шалқамнан түсіп демалып жатқанымда кешкі асты ол өзі әкелді.
– Ағажан, үйдесіз бе? – деп сыңғырлай күліп, жадыраңқы қоңырау үнімен кіріп келгенде орнымнан атып тұрдым.
– Ағажан, жаным, алтыным! – деп бойжеткен талдырмаш денесін тақай мойныма асыла кетті. Кешегі пәс реніш белгісі ізім-қайым жоғалған, аста-төк шаттық кеудесін буа:
– Сізді сондай сағынып кеттім! Екі көзім төрт болды ғой. Сіз қырманға мені іздеп келе ме деп! – Ол ынтық оттай ыстық ернімен, сыңқыл қаққан үнімен шөпілдетіп сүйе бастады. Дереу оны тік көтерген күйі есік ілгегін іле сала тыпырлап, төргі бөлмеге ала жөнелдім.
Екеуміз мәз-мейрам күлісе ұмар-жұмар төсекке құладық. Балғын денесі керіліп-созылып, құштар құмығыңқы сезім буына бөккен ыңыранған, тұншыға шыққан ләззат үні мас қылып, мұхиттай тасып кетіп барамын.
Сүт пісірімдей уақыттан кейін екеуміз ағаш стол басында арқа-жарқа сезіміміз көлдей жарқырап, рахат пейіштен келгендей ас ішіп отырдық.
Ол қасыма жантайып отырып, еркелей наздана сан сұрақты сауылдатады, әңгімеге құштар.
– Сіз көп оқыған жансыз, қандай ақылды сөйлейсіз. Айтыңызшы махаббат деген немене?..
– Махаббат еркек пен әйел арасындағы сүйіспеншілік, бір-бірін жақсы көру, ұнату, сағыну. Ғашықтық, іңкәрлік, сүю – бұл адамзатқа берілген табиғат сыйы. Данышпан ойшылдар, ұлы ақын-жазушылар бұл жайында талай-талай жазып кеткен. Бірақ, әркімнің түсінігі әртүрлі, сезімі де сан тарау. Тіпті кейбіреулер сезімнен жұрдай махаббаттың не екенін білмей, сезбей өтеді.
– Ағатай, Сізге сырымды айтайын ба? Әке-шешем мені титтейімнен анау мотоциклші-механикпен атастырып қойған. Оның әкесімен менің папам қыл өтпес дос, жегжат. Шынымды айтсам оған түк сезімім жоқ. Бірақ шешем оңашада зарлайды: «Одан артық бай таба алмайсың. Бұлар дәулетті, бәрі бар. Өзі сені алақанына салып қадірлеп өтеді. Сүю-күю дегенді жазушылар ойлап тапқан, қыз бойжеткенде ата-анасы кімге күйеуге шық десе соған баруы керек. Оның әке-шешесі достарымыз, енді құда-құдағи болмақшымыз Құдай қаласа!» – деп анам мені көндіріп қойған, қалай әке-шешеге қарсы боласың. Механиктің жұмысы өте ауыр, қолы босай сала осылай мотоциклін тырылдатып жетеді. Ол келсе үйде отырамыз, шешем шәй береді, альбом көреді, содан қайтып кетеді. Білемін, мені өлердей жақсы көреді, әлі бір рет құшақтап, сүйіп көрген жоқ, оған жібермеймін. Не жарытып сөйлесе де алмайды. Өзі біртүрлі қызық. Жеке қалсақ қипақтап, ұялып, берекесі кетеді.
– Үндемеу де ұлылықтың бір белгісі.
– Білмедім аға. Сізді кездестірген Аллаға мың да бір рахмет!
(Жалғасы бар).
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы, қоғам қайраткері,
«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті
редакциясының алқа төрағасы