КӨЗ

Әдебиет
748 Views

КӨЗ

Шытырман оқиғалы қылмыс хикаясы

(Жалғасы. Басы өткен санда).

Шегір тамақ ішіп әлденген соң рахаттана суға түсті. Жуынып шыққан соң тоңазытқыштағы бағанағы бөтелкені алып екі жүз грамдық стаканға ілпілдете құйып және ішті. «Ешкім көріп тұрған жоқ, қазір ұйықтап демаламын. Ешқайда шықпаймын» – деп өз-өзін жұбатып, темекісін будақтатып, қалған арақты да көп ұзамай тартып алды.

Ойды ой қуалап, көзі қылиланып, отша маздап алға жөн-жоспар құра бастады. Міне, айды аспанға шығарып, ғұмыр бойы көздеп жүрген, ішіне сары майдай сақтаған арманына қол жеткізді.

Ол электр жарығын өшіріп, терезені ашты. Даладан салқын леп толқи кіріп, масаңсыған денесін сылап-сипап, сергітіп жіберді. Көшеде ағылған сан түрлі машиналар бір тынбайды, қала да түні бойы қарбаласта.

Шегір соңғы рет Таразда отырғанда Қанжармен жақын болды. Уақыты бітіп түрмеден босап шығайын деп жүргенде күн жеген қара тастай беті бұжыр-бұжыр Қанжар бұған желімше жабысып, айландыра бастады.

– Саған ерекше бір іс табыстаймын. Істейсің бе? – деді мұны жеке шығарып алып. Ол атақты баукеспе рецидивист.

– Ол қандай шаруа? Адам өлтіруге бармаймын, – деп Шегір сақтана сұрады.

– Мұның дұрыс. Кісі өлтірсең іздеп соңыңнан қалмайды. Менікі өте жеңіл нәрсе, – деп қайта-қайта түсіндіріп айтып берді.

Зонадан шығысымен Қанжардың айтуы бойынша Шымкентке барып, зиратқа тыққан ақшасын алып, телефонда айтқан кісіге апарып берді.

Арада бір ай өткенде Қанжар мұны тауып алды, үстінде жап-жаңа киім, басында қарқарадай әппақ шләпі, көзінде қара көзілдірік.

– Қане, жүр, ресторандатайық, – деп қымбат мейрамхана төрінде отырып, неше түрлі асқа алдын толтырды.

Екеуі бір бөтелке тауысып, мұның бөлмесіне келіп, ұйықтап тұрған күннің ертеңіне шефир шәй ішіп отырып былай деді:

– Шегір, мен саған ризамын. Сен алғыр, тиянақты, нағыз серік болатын жансың. Мұнда ақымақты үйретуден – өліні тірілту оңай. Ал сен айтқанды тез ұғасың, серттен таймайтын арлансың. «Жаманмен жолдас болсаң басың кетер, жақсымен жолдас болсаң ісің бітер». Сен апарып берген ақша біздің түрме бастығының інісі. Солар міне есебін тауып босатып жіберді. Баяғыда Шымкенттен үлкен олжа тауып екі бөліп тығып қойғанмын. Бір бөлігін сен алып бердің. Екінші тыққанымды алып келдім, мә, саған ішіп жеуіңе он мың доллар.

Ол құрым қызыл шайды қайта өзі демдеп, шефирді ұзақ ішті.

– Енді тыңда Шегір. Екеуміз жорыққа шығуымыз керек. Есіңде болсын майда-шүйдеге емес, майлы, семіз жерге баруымыз керек, -деп бұжыр-бұжыр беті жазылып, терлеп жаңа жоспарын айтып, бұған сынай қарап қалды.

Шегір оның осы бір сай сүйегіңнен өтетін суық көзқарасынан үрейленіп шошиды. Екі көзінің орнына екі кесек мұз салып қойғандай тесіле, шаншыла қарағанда мысы басып, қара жерге қазықша қағып жібергендей әлем-жәлем берекең қашып, үрпиген күйге түсесің…

Жанарынан жасқанып көзіңді алып қаша алмай телміріп, тұтқындалып, жермен-жексен шөгіп, бойыңдағы бар нәр-сөліңді сорып алғандай құр саудырап сүйегің қалғандай әбіржіп, аптығың күрт басылып, дел-сал болып отырып қаласың. «Бұның өзі емес, көзі Қанжар» – дейтін ол туралы. Кеудесіне нан піскен небір бұзықтар тау қопарардай гүжілдеп келсе Қанжар қадала қараса, көзіне көзі түйіссе болды, сілейіп, сасып, мысықша жуасып теріс айналып кететінін талай-талай көрген.

– Шегір сен қанша рет осы сотталдың?

– Алты рет.

– Алтауында да ұрлықпен түстің, ә? Есіңе мықтап сақта, енді біз кәкүр-шүкірге малданатын, көрінгеннің қойын-қонышын тінткенге алданатын карманниктер емеспіз. Жазықсыз жандарды бауыздап, ұрып жанын алатын қарақшы, қанішер болмаймыз. Біз қылмыскерлер әулеті төбесіне көтеретін интеллигент – «сері ұрылар» дәрежесіне көтерілеміз. Ол не екенін білесің бе,ә? Біз вокзал, автобус, базарларда көрінгеннің костюмін, әйелдердің сөмкесін аңдып жүретін көртышқандықтан құтылып, қалтамызда уыс-уыс доллар-евро жүретін, ақшаны көсіп табатын ірі іспен айналысамыз. Саған әбден сенемін. Ал, тыңда, жалаңаш кісіні ұры тонамайды. Қусирақ кедейге ешкім жоламайды. Біз атақты байларды аңдимыз. Олар көл-көсір байлығын елді жеп, тонап, жең ұшынан жалғасып жинады. Сен екеуміз енді сондай қаржысы мол мырзасымақты іздеп, дәл табуымыз керек, – деп қып-қызыл жұғындысы шыныға жұққан шефирді ұрттап қойып, тебірене айтқан оның әңгімесіне үнсіз бас шұлғи берді.

Беті бұжыр-бұжыр мұз көзді Қанжар айтпайды, айтса қайтпайды.

Оншақты күннен кейін бұл ұйқысынан тұрмай жатып ол үйдің қоңырауын басып тұрды.

– Шегір, сапарға дайындал! Алтын сарайлы адамды таптым.

Бүгін жұма кешке олар «Сегіз көлге» екі күнге демалуға кетеді. Мен әдейі бай-манаптар тұратын коттедж қалашығынан пәтер жалдап тұрдым, төңірегіме көз салып, байқап қарай бастадым. Сырты келіскен мрамормен қапталған зәулім үш-төрт қабат хан сарайындай үйлердің номерін, жүріс-тұрысын аңдыдым. Ақыры есік алдында құмда ойнап жүрген кішкентай балалардың бір-біріне «Біз ертең екі күнге «Сегіз көлге» шомылуға кетеміз» деп айтқанын естіп, қатты қуандым. Бұл сары шаш бала – көрші үш қабат әңгіредей биік қамал шетел үлгісімен салынған үйдің жалғыз ерке ұлы. Оның әкесі соңғы екі-үш жылда кенеттен байлыққа бөгіп қалған жас жігіт, криминал топтардың айтуынша наша сататын барон. Бұлар ақшасын банкке салуға қорқады, үйіне тығып ұстайды. Дайындал, Шегір – ұлы сапарға!

Қанжардың екі көзі де қанталап, өртше жанып тұрды.

Бұл мақұл деп бас изеп, оның айтқандарын орындауға тырысты. Екеуі Тастақтағы базарды аралап, кәкүр-шүкір сатып алды да түс ауа Қанжардың пәтерінде отырып, терезеден көршісін аңдыды. Кезінде физкультура институтын бітірген бұл жігіт біраз жыл базарларда курстастарымен рекэт болып жүрді. Одан өзі наша шегуге әдеттеніп, Шу өңіріне шығып, сол қарасора өскен алқаптан, қаптап жинап беретін жанкешті жандарды іздеп тапты. Әлденіп, қорланып алған соң сонау Ауғанстан, Тәжікстан арқылы әкелетін адамдардан қабылдап алып, Ресейге, Европаға тарататын наркобарон болып алды. Нашаның түтіні ащы, қылмысы ауыр болғанымен түсетін қаржысы тәтті. Кеше ғана ешкі сирақтанып доп қуып жүгіріп жүрген физкультурник криминалды әлемде қазақ наркобароны атанып, қатты байыды. Үйден үй салды, фазенда ұстап, жүйрік баптатты, ережесіз жекпе-жек төбелесіне демеуші болып, күпшектей семіріп кетті. Қанжар оның үйінде күзетшісі барын, өзі оққағарымен жүріп-тұратынын, көңілдесі қаланың орталығында тұратынын да біліп алды.

Кешке қарай үйден екі джип машинасы шықты. Үй күзетшісі ұзынтұра қарасұр киім киген жігіт қақпаны бекітіп алды.

– Ауласында аю алатын иттері бар шығар? – деп Шегір қаупін білдірді.

– Әйелінің ит, мысықтан аллергиясы бар, оларды ұстамайды, – деп Қанжар сөмкесіне салған асай-мүсейлерін қайта бір тексеріп шықты.

– Күзетшіні қайтеміз?

– Қыңқ деме. Оның жарасы жеңіл, – дегенде Қанжардың бұжыр-бұжыр беті бүлк етпеді.

– Өлтіреміз бе сонда?..

– Есіңде болсын Сері ұрылар адам қанын жүктемейді. Кеттік қане!

Көршінің үйіне жақындағанда жан-жағына сақтана қараған Қанжар қолына қолғап киіп, қақпаны шұқылап ашып, екеуі лып кіріп, қайта жапты. Күзетшінің үйшігі үйден алыстау бөлек салыныпты. Соның арт жағындағы шырша ағашы түбіне жасырынған Қанжар:

– Қазір анау іннен шығады. Соны қарап тұр. Мә, қолғап киіп ал, таңбаң қалмасын – деп сөмкесінен әлдене алып жатты.

Батыста қызыларайланып күн батып, алакөлеңке орнаған сәтте күзетші үйшігінен шығып, белін күтірлете керілді де, электр жарығын жаға бастады. Мысықша баспалаған Қанжар лып етіп артынан қаусыра құшақтаған күйі аузы-басын қолғабымен басып тұрып еді, анау қыңқ деуге мұршасы келмей, бұралаң етіп сұлап түсті.

– Мынаумен есінен тандырдым, тағы кішкене иіскетейік, енді екі-үш сағат есін жия алмайды. Сонда да сақтық керек, – деп, қол-аяғын матап, жіппен байлап тастады.

«Қанжар ашпайтын құлып жоқ» деген аңызды түрмеде талай естіген, ол сигнализацияны өшіріп, есікті шырт-бырт еткізіп ашып, үйге кіргізді.

– Сейф қайда екен, соны іздейік, – деп ары-бері қарап, үшінші қабаттағы ұйықтайтын бөлмеге келгенде, қабырғадағы ілулі тұрған әйелі екеуінің үлкейтілген портретін дереу жұлып алып еді, арт жағындағы жасырып қойған сейф көрінді.

Ары-бері тартқыштап еді, түк қозғалта алмады, қабырғадағы сейфті тұтас бетонмен құйып тастапты. Қанжар отыра қалып, жасырын цифрын түрткілеп, құлпын шұқылай бастады.

– Ананы қарап қой, тұрып кетпесін! – деген соң астына түсіп, серейіп жатқан байлаулы күзетшіні көріп, қайта көтерілсе сейфті ашып, бума-бума ақшаны мойнына асып алған сөмкесіне салып алыпты.

– Кеттік! – деді ақырын ғана.

– Анау байлаулы жата ма? – деді бұл далаға шыққан соң күзетшіні нұсқап.

– Жатсын. Күн жылы, айқайласа да ешкім мұнда кіре алмайды.

Ертеңгісін сағат онда ауыстыратын адам келгенше демала тұрсын, – деп қақпадан зып беріп шығып, енді келесі көшеден такси ұстап мініп, Шегірдікіне келді.

Терезенің пердесін қымтап жауып, ә дегеннен сөмкедегі ақшаны ортаға төкті. Жай ақша емес, он мыңдықтан оралған су жаңа долларлар. Санап жіберіп еді екі жүз жиырма мың! Қанжар екіге теңдей бөліп, бұның қолына жүз он мыңын ұстатты.

Таң қараңғысында мұны оятып, шефирін ішіп отырып:

– Поезбен Петропавловскіге бара жатырмын. Мені оңдырмай алдап кеткен серігім жарты миллион доллармен сонда қашып жүр. Ресейге өтіп кетпесе соны ұстап, құстырамын. Ал, ары Тамбовқа кетсе қуып барамын. Ол сұмырай алты жыл түрмеде отырғанымда бір келмеді, не хабарласпады. Мен он екі жылға сотталғанмын. Ақшаны құлқындарына құйып-құйып жарты мерзімнен кейін шықтым ғой. Жыланның уы басында, ал адамның жауы қасында. Алтын періштені де жолдан тайдырады. Саған сенемін. Шымкенттегі тыққан қазынамды керек жерге жеткізіп бердің. Оны алысымен жоқ болып қашып кетсең қайтемін… Аман-сау қайтып оралған соң өмір бойы жоқшылықты білмей өтетін пұл табатын әнеукүнгі айтқан операцияны бір рет қана істейміз де, тым-тырыс байлыққа малынып өмір сүретін боламыз. Шегір, арақ ішпе, ешкімге жолама, тығылып, жасырынып жүр мен келгенше. Ескі «Жигули» машина сатып ал да, сыртына тиіспе, ал ішін, моторын түгел жап-жаңаға ауыстырып, мініп ал! Бірден иномарка мінсең көзге түсесің. Ана наркобарон полицияға хабарлауға қорқады, бұл қылмысты тіпті күзетшілерінен көруі де мүмкін. Мені күт, жайлап жақсылап демал. Енді қайтып зонаға бармауымыз керек. Бәрін ақылмен, ойланып істейік. Ал, жақсы, абайлап жүр, – деп құшақтап қоштасты.

Қанжар кеткеннен кейін бума-бума долларды қайта сипалап, елжірей мейірлене қарағанда көзі суланып, кілмиіп қылиланып кетті.

* * *

Сыртын бұршақ ұрған егіндей дала-даласы шыққан «Жигули» оңай табылды. Ақырын тырылдатып машина жөндеу шеберханасына келгенде ешкім кезек бермей, өңкей әп-әдемі үлкен иномаркалар қасында жапырайып, жүнін жұлған тауықтай сүмірейген мұның көлігіне шеберлер көз қиығын да салмады.

Шегір машинадан түсіп, шеберхана ішін аралап келе жатқанда, үстіне көк комбинезон киген шомбал денелі шебердің түр-тұлғасы көзіне оттай басылды.

Жанына барып ту сыртынан қарап тұрғанда әлгі жігіт артына жалт қарады да бірден:

– Шегір бұл сенбісің? – деп бірден таныды.

– Боксшы, сен осында ма едің?

– Иә, осыны кәсіп етіп жүрмін, айлығы жақсы, – деп май-май қолын шүберекпен сүрте берді.

– Көрмегелі қай заман, түк өзгермепсің, тек көлденеңнен өсіп, толып кеткен сияқтысың. Сені атақты чемпион болады деп едік, қалайсың?

– Физкультура инситутына түсіп, бітірдім ғой. Төбелескіш небір мықтылар көп екен. Осы қаланың жарысында бірінші орын алып жүрдік. Шегір, сен көп өзгеріп кеткендейсің, шашың ағарып кетіпті, жүдеу, арықсың тым. Шашыңды қап-қараға боятып алсаңшы. Иә, қайдан жүрсің?

– Бір ескі «Жигули» алып едім, соны жөндетейін деп.

– Ой, сол да проблема болып па. Қайсы, анау тұрған ба, кілтін тастап кет, не істеу керегін мә мына қағазға жазып бер. Қатырамыз, – дегенде бетінің жартысын алып жатқан алақандай көздері жайнап, жасылдана құлпырды.

Бұл бұрыштағы темір столға барып, қағаз-қаламын алып жаза бастағанда:

– Боксшы, Сізге Барон әдейі жіберді,– деген дауысқа жалт қараса, екі жігіт Ахметке әлденені айтып жатыр. Біреуі кешегі өздері байлап кеткен темекішіл күзетші.

Бұл есік сыртына барып, жасырынды. Аналар келіп жатқан иномаркаларды сүзіп, қарап шығып кетіп қалды.

– «Жаңадан қымбат машина сатып алған жан келсе ақырын бізге хабарлас» деп телефонын беріп кетті. Бастықтарымен институтта бірге оқығам.

– Сенімен ас ішейік, әңгімелесейік. Кешкі сағат алты жарымда анау тұрған кафеде кездесейік. Боксшы, күтем сонда. Ана «Жигулидің» бүкіл ішек-қарнын, ішін түгел жаңаға ауыстыр. Сырты осы қалпында қала берсін. Бағасын кешке айтарсың.

– Мұздай қатырамыз.

Ұйғыр кафесінде кешкі салқында екеуі манты, шашлык жеп, әңгіме-дүкен құрып отырды.

– Бала-шағаң бар ма?– деп Боксшы төтесінен сұрақ қойды.

– Қайдан болсын? Ана жақтан шықтық қой, – деп Шегір «Шын ұрылар үйленбейді» – дегенді айтуға ұмтылып барып тоқтап қалды. Өзіне көбігі көпіршіген сыра алдырып, екі саптыаяқты тартып алды. Ал сыныптасының тәбеті жау шапқандай алдына келген асты бос қайтармай соғып жатыр.

– Өзің ше, отбасың бар шығар?

– Әрине. Екі балам бар. Әйелім тағы екіқабат. Тек әттеген-айы үйім жоқ. Сені де шақырып, үйден дәм татқызуға болар еді, бірақ әлі жатақханада тұрамыз. Банктен ипотекаға үш бөлмелі пәтер алуға барлық қағаздарды реттестіріп қойып, қарызға ақша іздеп жүрмін. Аванс төлесе болды, үй дайын. Айтпақшы, банкте маған көмектескен Жарас. Баяғы мектепте көзілдірігі мұрнына түсіп жүретін Шәлтік ше? Сол банкте кредит бөлімінде дардай қызметкер. Үйіне шақырды, орталықта алтын квадратта төрт бөлмелі үйі бар, екі жыл бұрын үйленіпті.

– Иә, иә, есіме түсті сыныпта ылғи бірінші партада отырып алып, қай сабақ болса да қол көтеріп, тақылдаған бәле оқымысты еді. Айтпақшы, оның адресін берші, сәлемдесіп шығайын, – деп Шегірдің жанары ойнақшып кетті.

Кафеден шығарда қалтасынан бір бумасын шығарып екі мың долларды санап:

– Жигулидің моторы, дөңгелегі, салоны түгел жап-жаңа болсын, – деп беріп еді Боксшының бадырайған ала көздері алаң ете қалып, мұның қолындағы ораулы долларды тесіп жіберердей қарап, берген қаржыны лып еткізіп қалтасына салып алды.

– Қатырамыз! – деді көңілдене.

Далаға шыққаннан кейін қыбыжықтап, кетпей қолынан тартып:

– Шегір, бір сыныпта бірге оқып, бірге өстік қой. Маған жиырма мың доллар қарыз бере аласың ба? Ипотекамен үй алар едім… Ана Барон курстасым жұмысқа шақырып жүр, сұрасам қанша болса да беретін түрі бар. Бірақ оның қолы таза емес. Қылмысқа итеріп жіберіп, түрмеде шіруім, не біреу өлтіріп кетуі мүмкін. Анада қонаққа шақырды, әбден байып алыпты, төрт үйім бар деп бөсіп отыр. Одан алуға сескенемін…

– Боксшы, ойланайын. Хабарын беремін, – деді бірден лып етіп келіспей.

– Екеуміз де детдомда бірге өстік қой, ешкімім жоқ, қиын екен.

Шегір такси ұстап мініп кетті. Боксшы аялдамада троллейбус күтіп қалды.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері, «Әділет. Рухани жаңғыру»

газеті редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *