А. МАМИН: «ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЭКОНОМИКАСЫ 5 ЖЫЛДА 1,5 ЕСЕГЕ ӨСЕДІ»

Экономика Қоғам
711 Views

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қаралды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев баяндама жасады. Үкімет басшысы Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру облыстың дамуына жаңа серпін беріп, халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Халық сумен жабдықтау қызметтерімен 100%, газбен жабдықтау қызметтерімен 85,4% қамтамасыз етілетін болады. АӨК саласында бес жыл ішінде 100-ге жуық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, бұл жалпы өнім көлемін 729 млрд-тан 1,3 трлн теңгеге дейін арттыруға және еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Бес жыл ішінде 5 млн ш. м. жуық тұрғын үй, 130 жаңа мектеп, 10 денсаулық сақтау нысанын, рухани-мәдени орталық және басқа да әлеуметтік сала нысандарын салу жоспарланған. Көлік және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жобалары іске асырылатын болады. Түркістан, Шымкент және Ташкент қалаларын байланыстыратын жоғары жылдамдықты теміржол магистралін салу, Түркістанда жаңа теміржол және авто вокзалдар салу жоспарлануда. Аталған шаралар жалпы өңірде өнеркәсіп көлемін 35%-ға, еңбек өнімділігін 52%-ға арттыруға жол ашады. Туристер ағыны жылына 1,2 млн-нан 2,5 млн адамға дейін артады. Кемінде 40 мың жаңа жұмыс орны құрылады. «Кешенді жоспарды іске асырудың 5 жылы ішінде 3,6 трлн теңгеге 142 іс-шара орындалады. Түркістан облысының экономикасы 5 жылда 1,5 есе өседі», — деді А. Мамин. Премьер-Министр Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бекітілген кешенді жоспары іс-шараларының уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

ҒАЛЫМДАР ТҮРКІСТАННЫҢ «ЖАСЫЛ АЙМАҒЫН» ҚҰРУ БОЙЫНША ӨЗ ҰСЫНЫСТАРЫН БІЛДІРДІ

Аптап ыстық, аңызақ жел. Климаты құрғақ аймаққа жататын Түркістанда егілген көшеттердің өзге өңірлермен салыстырғанда жерсінуі тым төмен. Әлемдегі жасыл желектің жерсіну көрсеткіші 70 пайызды құраса, шаһар аумағындағы деңгейі 50%-дан аспайды. Осылай деген ғалымдар көне қаладағы жасыл желектің көлемін арттыруды қос қолдап қолдауда. Киелі шаһарды жел эррозиясынан сақтап, экологиялық ахуалын тұрақтандыру және қолайлы климат қалыптастыру үшін қала айналасынан «Жасыл аймақ» құрылған.

Жасыл желекті күтіп-баптау жұмыстарына айрықша назар аударылған. «Қаланың өкпесіне» айналатын 30 мың гектар аймаққа сан түрлі ағаш отырғызылады. Әр ағаштың түбіне тамшылатып суару жүйесі жеткізілуде. Қала аумағында ұңғымалар қазылып, су арналары жүргізілуде. Бірнеше су қоймалары салынып жатыр. Жасыл желектің тамыр жайып, жерсінуі үшін бау баптаған бағбандар тартылған. Қоршаған ортаны жақсарту үшін Түркістан облысының елді мекендерінде тұрақты негізде жасыл желектер отырғызу бойынша акциялар өткізіліп тұрады. Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «|Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында Республика аумағында экологиялық жағдайды жақсарту үшін 2 млрд. түрлі ағаш көшеттерін отырғызу белгіленген.

Осыған сәйкес, облыс әкімдігі Қазақстан Республикасының Экология министрлігімен бірлесіп, Кешенді жоспар қабылдады, онда 5 жыл ішінде 110 210 га аумақты көгалдандыруға 170 млн. ағаш көшеттерін отырғызу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Сапалы және толық орындау үшін қосымша штат бірліктері мен техника сатып алынады. А. Н. Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми зерттеу институты басқармасының төрағасы Әлімжан Нұрсұлтанұлы Рахымжанов өз пікірімен бөлісті:

Түркістанның «Жасыл аймағы Нұр-Сұлтан қаласының “Жасыл аймағының» аналогы ретінде құрылуда.

Бүгінгі таңда елді мекендерде көгалдандырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аталған Жасыл аймақ құрылған. Тек климаттың қолайсыздығы кедергі. Жазда ауаның температурасы 35 градустан асады. Ылғалдылық өте төмен. Жауын-шашын өте аз. Үлкен жұмыс атқарылуда. Питомниктер құрылуда. Түркістан маңында 30 мың гектар алқапта «Жасыл аймақ» құрылады. Мұнда ыстыққа төзімді ағаш түрлері отырғызылады», — деді сарапшы.

Қазақ орман шаруашылығы және агроорман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ормандарды молайту және орман өсіру бөлімінің бастығы Светлана Кабанова ғалымдарға «Жасыл аймақ» құруда ақыл — кеңесімен бөлісті.

«Қалалардың айналасында «жасыл аймақтар» құру — өте маңызды іс-шара. Біз Қазақстан қалаларының айналасында «жасыл аймақтар» құру және сақтау жөнінде ғылыми негізделген ұсыныстар бере аламыз. Түркістанның айналасында атқарылған жұмыстар, бұл — титаникалық еңбек, қажырлы жұмыс. Себебі осындай климаттық жағдайында бұл «жасыл аймақты» құру өте қиын. Ауа температурасы өте жоғары, құрғақшылық. Бұл жайттар кері әсерін тигізері сөзсіз. Көгалдандыру жұмыстарында барлық қажетті нормалар сақталған. Сондықтан бұл үлкен еңбек өз жемісін беруде», — деді Кабанова.

ЖАҢА ТҮЗЕТУ КАБИНЕТІ ЖЫЛЫНА 150 «ЕРЕКШЕ» БАЛАҒА КӨМЕК БЕРЕ АЛАДЫ

Түркістан облысының Қарабұлақ ауылында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылды. Түзету кабинеті «Дара» қорының, «Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының және Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының серіктестігі нәтижесінде жүзеге асты.

Мұнда әрбір «ерекше» бала мен оның отбасы дефектолог, психолог, логопед, сурдопедагог, ЕДШ нұсқаушысы, музыкалық-ырғақтық сабақтар мұғалімі және баланың дамуына қолдау көрсететін басқа да мамандар тобынан білікті көмек ала алады. Түзету кабинетінде қажетті заманауи жабдықтар бар: емдік дене шынықтыруға арналған ған кешендер, Монтессори бөлмесі, балама коммуникация құралдары, дидактикалық және әдістемелік материалдар, сондай-ақ баланың дамуына жан-жақты баға беруге және өткізілетін сабақтардың тиімділігіне мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін бағдарламалық қамтамасыз ету де бар.

«Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерін ашу – инклюзивті қоғам құру жолындағы маңызды қадам. Жыл сайын бір түзету кабинеті әртүрлі диагноздары бар 150-ден астам балаға қызмет көрсете алады. ППТК-де балалар мен олардың отбасыларына қызметтер тегін көрсетіледі. Біздің Қордың қолдауымен бүкіл Қазақстан бойынша, Қарабұлақта ашылып жатқан ППТК-ті қоса алғанда 15 түзету кабинеті және16 ресурстық орталық ашылды», – дейді «Samruk-KazynaTrust» қорының ресми өкілі Мирас Іргебаев.

Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының мәліметінше, Сайрам ауданында ерекше білім беру қажеттілігі бар 3552 бала тұрады, оның ішінде 1 676-сы мүмкіндігі шектеулі балалар.

«Түзету кабинетінің қызметіне деген жоғары қажеттілікті ескеретін болсақ, ерекше баланың отбасына көмектесетін ұйымдар желісін одан әрі кеңейту мәселесі өзекті болып қала береді. Қарабұлақ ауылында ППТК ашылуы барлық балаларға тиімді және кешенді психологиялық-педагогикалық қолдау алуға мүмкіндік береді», – деді «Дара» қорының өкілі Сәуле Бексұлтанова.

Айта кетейік, бұл «Әр алуан – бірақ тең: Қазақстанда инклюзивті қоғамқұру» жобасы аясында Түркістан облысындағы «Дара» қоры ашқан төртінші ППТК.

«КЕҢ ДАЛА» БАҒДАРЛАМАСЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

«Кең дала» көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын несиелеу бағдарламасы аясында биыл «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тартылған 3,8 млрд. теңге қаражатты «ОҢТҮСТІК» АИО» ЖШС-мен оның еншілес мекемесі «Ырыс» МҚҰ» ЖШС қысқа уақыт аралығында Түркістан облысы ауылшаруашылығы тауарөндірушілерге таратты. Бұл — облыстағы қаржы институттарына бөлінген жалпы 6,8 млрд. теңгенің 55 пайызы.

2021 жылдың наурыз айында «Ырыс» микроқаржы ұйымы мен «Аграрлық несие корпорациясы» арасындағы келісімшартқа сәйкес, республика бюджетінен 2,8 млрд. теңге қаражат көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға бөлінген болатын. Межеленген міндеттер уақытында орындалды.

Атқарылған жұмыстардың аясында көктемгі егін егу және жинау жұмыстары бойынша барлығы 3,8 млрд. теңгеге 809 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, өңірде 900-ден астам жаңа жұмыс орындарының ашылуына өз үлесін қосты. Қаражат мақта, бақша, жүгері, бидай, мақсары, көкөніс және арпа дақылдарын өсіруге үлестірілді. Аталған бағыттар бойынша барлығы 80,6 мың га егін егілді.

КЕЛЕС АУДАНЫНДА ТЕМІРБЕТОН ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Келес ауданында биыл жылына 700 мың дана темірбетон өнімдерін өндіретін зауыт іске қосылады. Жобаның жалпы құны – 227,4 млн теңге. «Қашқынбаев Б.Ж» серіктестігі қолға алған өндіріс орнының құрылысы 2019 жылы басталған. Биыл іске қосылып 30 адамды жұмыспен қамтиды. Онда құрылыс блоктары мен арықтардың бетон өнімдері дайындалады. Бұл туралы брифингте Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев мәлімдеді.

Сондай-ақ, ауданда «Индустриалды инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде, кәсіпкерлікті қолдау картасына жалпы құны 998,4 млн теңгені құрайтын 3 жоба ұсынылса, оның ішінде 2 жоба 2020 жылы іске қосылған. Атап айтқанда, жылдық қуаттылығы 20 млн дана қыш өндіретін «ТМстрой 21» ЖШС-ң зауыты мен жылына 30 млн дана қыш өндіретін «AIBI-I (АИБИ-АИ)» ЖШС.

«Өткен жылы Келес ауданында аумақтық жалпы өнім көлемі 74 млрд. 4 млн теңгені құраса, 2021 жылы 78,4 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда. Ауданға тартылған инвестиция өткен жылы 12,6 млрд. теңгеге жетсе, биыл 13 млрд. 5 млн теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Бұдан өзге, ауданда жалпы 83 елді мекеннің 45 елді мекені табиғи газбен қамтылған. Ол халық санына шаққанда – 79,5%. Сондай-ақ, ауданда халық санының 69,9%-ы таза ауыз сумен қамтылған», — деді Ақментай Үсенұлы.

ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДАҒЫ ЖОЛДАРДЫҢ САПАСЫ АРТҚАН

Қазығұрт ауданында 52 шақырым жол жөндеуден өтуде. Жыл соңына дейін 30 шқ. астам көлік жолдарының құрылысы толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Соның нәтижесінде аудандағы жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 70%-дан асады. Облыстық маңызы бар жолдардың ұзындығы 250 шақырымнан асады. Автомобиль жолдарының жалпы жағдайы жайлы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің ауданға жасаған жұмыс сапары барысында баяндалды. Облыс басшысы Шарапхана-Жаңабазар автожолының күрделі жөндеу құрылысымен танысты. Жолдың ұзындығы 16 шқ. Облыс әкімі аймақта салынып жатқан жаңа нысандарды аралады. Жаңабазар ауыл округі, Үшбастау елді мекеніндегі 200 орындық «К.Әзербаев» атындағы жалпы орта мектебінің құрылыс алаңында болды. Білім ұясы биылғы оқу жылына қарсы ашылмақ. Түркістан облысында құрылысы жүріп жатқан 50-ге жуық орта мектептің төртеуі Қазығұрт ауданында бой көтерген. Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өз үйінің жанынан мал бордақылау алаңын ашып, кәсібін дөңгелетіп отырған жеке кәсіпкердің жұмысымен танысты. Небәрі 10 мал басымен тірлік бастаған Жаңабазар ауылының тұрғыны қысқа уақыт ішінде мал басын 200-ден асырған. Қазығұрт ауданындағы жалпы аналық мал басының саны 54 мыңға жеткізілген. Тұқымдық түрлендіру үлесі биыл 170 %-ды құраған.

ТҮЛКІБАСТА АУЫЗ СУ ҚҰБЫРЫ ЖАҢАРТЫЛУДА

Түлкібас ауданы Азаттық ауылының 55 шақырым құрайтын ауыз су құбырын жаңарту жұмыстары қарқын алды. Төрт мыңнан астам тұрғыны бар елді мекенге су құбырын жүргізу жұмыстарының 7 шақырымы аяқталған. Шақпақ-баба елді мекенінде де бір ай бұрын басталған құрылыс жұмыстары 40 пайызға аяқталған. Яғни, 28 шақырым су құбырының 12 шақырымнан астамы жаңартылған. Сондай-ақ, биыл Балықты ауылының көп жылдан бері шешімін таппай келген 3,5 шақырымды құрайтын көшелерінің ауыз су құбырлары толығымен жаңартылмақ. Мүлдем су құбыры тартылмаған Рахымов, Алаң және Балықты көшелеріне де су құбыры тартылып, қосымша 2 бірдей су мұнарасы орнатылатын болады.

БӘЙДІБЕК АУДАНЫН ГАЗБЕН ҚАМТУ 46 ПАЙЫЗҒА ЖЕТЕДІ

Бәйдібек аудандағы елді мекендерді табиғи газбен қамту деңгейі өткен жылы 20,8 пайызды құраған. Биыл ауданды табиғи газбен қамтамасыз ету үлесі 45,8%-ға жеткізу көзделген. Атап айтқанда, 2 елді мекеннің (Жолғабас, Жыланды) жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылса, 16 елді мекеннің (Бәйдібеката, Ж.Боралдай, Тайманов, Теректі, Таңатар, Қошқарата, Кеңестөбе, Ақтас, Бірлік, Жаңаталап, Жиенқұм, Алғабас, Шақпақ, Қазата, Ағыбет, Кеңес) жобалық сметалық құжаттары әзірленуде. Ал 8 елді мекеннің (Тұрақты, Жұлдыз, Қаратас, Ақжар, Кеңсай, Шұқыршақ, Жарықбас, Алмалы) сәулеттік жоспарлау тапсырмалары әзірленуде.

Ал ауыз сумен қамту бойынша аудандағы 52 елді мекеннің 43-не орталықтандырылған ауыз су құбырлары жүргізілген. Аудан тұрғындарының 82,7 пайызы ауыз су құбырымен қамтылып отыр.

Бұдан өзге, аудандағы автомобиль жолдары мен елді мекен ішкі көшелерінің жалпы ұзындығы 886,8 шақырымды құрайды. 2021 жылы аудандық маңызы бар Қаратас-Теректі бағытындағы 10 шақырым жолға ағымдағы жөндеуге жобалық сметалық құжаттары әзірленуде. Сонымен қатар, ішкі көшелер бойынша Шалдар елді мекенінен 2 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге ұсыныс жасалған. Елді мекен шегіндегі 22,15 шақырым топырақ жолға шағал тас төсеуге аудан бюджетінен қаржы қаралып, жұмыстар басталатын болады.

ЖЕТІСАЙДА ТАУЫҚ ЕТІН ӨНДІРЕТІН ФАБРИКА САЛЫНАДЫ

Жетісай ауданында құрылған индустриалды аймақта ағымдағы жылы «Adal Agro Group» ЖШС жалпы құны 2,8 млрд. теңгеге жылына 9 мың тонна өнім өндіретін «Сиыр етін өңдеу цехының» құрылысын бастайды. Сондай-ақ, биыл тәулігіне 30 тонна ет өндіретін аталған серіктестіктің «Құс фабрикасының» құрылысы жүреді. Сонымен қатар, серіктестіктің жалпы құны 7,6 млрд. теңгелік «Жүгеріден крахмал-сірне өнімін және лимон қышқылының өндірісі» жобасын іске қосу жұмыстары жүреді. Бұл туралы Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек мәлімдеді.

Оның айтуынша, аудандағы өңірлік өнім көлемі биыл 4 айда 11 млрд. 421,5 млн теңгені құраған.

«Жетісай ауданындағы өнеркәсіп өнімінің көлемі биыл қаңтар-сәуір айлары бойынша 1 млрд. 882,1 млн теңгеге жетті. Аталған кезеңде негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 1 млрд. 177,2 млн теңгені құрады. Ал шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнім көлемі 3,6 млрд. тенге. Сондай-ақ, 2021 жылдың 4 айында 5 млрд. 756,3 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген», — деді Мұрат Болатұлы.

Инфрақұрылыммен қамту бойынша аудандағы қала, кент және ауылдық округтерге қарасты 113 елді мекенің 103-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Ал газдандыру саласында 113 елді мекеннің 54-і газбен қамтылған, бұл аудандағы елді мекендердің жалпы санының — 47,7%. Сонымен қатар, аудандағы ішкі көшелердің жалпы ұзындығы 899,1 шақырым, оның ішінде 661,1 шақырымы – асфальт, 227 шақырымы – шағал тас, 11 шақырымы – топырақ жол. 2021 жылы субвенция және жергілікті бюджет есебінен бөлінген 445 млн теңгеге жалпы ұзындығы 25,7 шақырымды құрайтын 32 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *