Әлішер ҚҰРБАНОВ: БАСТАУШЫҒА ЖОЛ, ІСКЕРГЕ ҚОЛ БОЛҒАН ЖОБА

Қоғам
413 Views

Қажетті бизнес – идеяны таңдау, бизнес-жоспар әзірлеу, салықтарды түсіну, сатуды жолға қою – мұның бәрі кәсіпті енді қолға алған кәсіпкерге қиын шаруа. Кәсіпкерлікке баулитын «Бастау бизнес» жобасы бизнес бастауға көмектеседі. Бұл күнде халықты нәтижелі жұмыспен қамту өз жемісін беруде. Жалпы бизнес бастаймын деген адамдарға жеке кәсіп ашып, нәпақасын табуға үкімет барынша қолдау көрсетуде. Қасиетті саналатын Түркістан облысының да бұл бағытта өзіндік салмағы бар. Облыста кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекеттен қолдау білдірілетін кәсіптің өзінен қыруар пайда табуға болатыны анық. Ендеше, осы мақсатта есепсіз еңбек ету керектігі түсінікті. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен өңірлердегі жаңа бизнес көздерін ашу мақсатында «Bastau Бизнес» жобасы кәсіпкерліктің негіздері бойынша тегін оқытатын семинарларды өткізуге ұйытқы болып отыр. Бүгінгі таңда оқу курсын аяқтаған азаматтар бизнес-жобаларын қызу жүзеге асырып жатыр.

Жастардың көбі түрлі себептермен оқу орнына түсе алмай қалады. Басты себеп — жастардың құлшынысы емес, мүмкіндігі жоқтығында. Мемлекет бөлетін гранттар бәріне жете бермейтіні сөзсіз. «Ал дипломсыз жақсы жұмысқа орналаса алмайтыны әмбеге аян», деген қатып қалған қағида бар. Жалақыңыз төмен не жұмыссыз жүруден шаршадыңыз ба? Өзіңе-өзің жұмыс істеу, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгергіңіз келе ме? Бұл мүмкіндікті «Bastau Бизнес» жобасының оқу бағдарламасы арқылы жүзеге асыруға болады.

Аталған жоба барысында «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы екінші бағыты: «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бойынша Мақтаарал ауданы, Иржар ауылдық округі, Дихан елді мекенінің тұрғыны Курбанов Алишер Куралбайұлы – 2019 жылы АҰКП-нің Бастау-Бизнес кәсіпкерлік негіздері бойынша оқу курстарын аяқтап, 2020 жылы Мақтаарал ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығына «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант беру туралы комиссия отырысына 29 жасқа дейінгі жастар ретінде қатысып «Бал ара» шаруашылығын дамытып, аудан тұрғындарын сапалы бал өнімдерімен қамту мақсатында, комиссия шешімімен 200АЕК (530 200 тг) көлеміндегі грантқа ие болған. Бұл қаражатқа бал ара аналығы мен ұяларын сатып алып, қазіргі таңда бал өнімдерін өндірумен айналысуда. Жас кәсіпкер Алишер Құралбайұлы мемлекеттің қолдауының арқасында жеке кәсібін ашты. Өз қабілеттеріне күмәнданған кейбір жас кәсіпкерлерге қарағанда, біздің кейіпкеріміз бизнес әлеміне осылайша батыл қадам басты.

«Мен «Бастау Бизнес» бағдарламасына қатыстым. Байқаудағы тәлімгерлердің бірі мені оқуға шақырған соң қолымда сертификат болғандықтан, грантқа өтініш білдірдім. Жобаны сәтті қорғап шықтым да грант қаражатын пайдаланып қажетті жабдық сатып алдым»,- дейді жас кәсіпкер.

«Бастау Бизнес» бағдарламасының көптеген артықшылықтарын қоспағанда, бал ара кәсібіне қажетті жабдықтар сатып алуының өзі Алишердің кәсібіне айтарлықтай оң әсер етті.

– Бүгінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мені түрлі шараларға жиі шақыратын болды. Бұл, әрине, жаңа таныстықтар арқылы жаңа клиенттердің келуіне мүмкіндік береді және жалпы бизнестің дамуына оң әсер етеді, — деп кейіпкеріміз сөзін сабақтады.

Кәсіпкер өзінің жеке ісін өркендету үшін білімін жетілдіретін «алтын кеніш» тапқандай болды.

– Айтайын дегенім, бүгінде көптеген жобалар бар, бірақ, олардағы ақпараттар жиі қайталанады. Ал мен үшін «Бастау Бизнес» расымен де бизнесімнің бастауы болды. Бұл менің кәсіпкер ретінде есеюуім деп білемін, — деді Алишер Курбанов.

«Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылды. Оқуға қабылданған азаматтар өз ісін ашуға және ілгерілетуге гранттар мен микрокредиттер алды. Осылайша, жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал ететін кәсіпкерлік субъектілерді мүмкіндігінше көп қамту жоспарлануда.

– Бізге бизнес-жоспар, қаржы жоспары не екенін және оларды қалай жасайтынын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Сол кезде бизнеске жаңадан қадам басқан мен үшін ол өте маңызды болды. Менің кәсіпкерліктегі алғашқы мектебім десем де болады. Бүгінде басқа жобаларға келгенде мен бәрін біліп отырамын, — деп Алишер сөзін қорытындылады.

Ағымдағы жылы бағдарламаға көп балалы отбасылар мен жастарды қолдауға бағытталған өзгерістер енгізілді.

Мәселен, 2019-2021 жылдары жастардың жаңа бизнес-идеяларын іске асыру үшін аз қамтылған көп балалы отбасыларға, аз қамтылған мүгедектігі бар еңбекке жарамды адамдарға 505 мың теңгеге дейінгі мөлшерде тегін грант беріледі.

Бұдан басқа, жыл сайын жастарға, көп балалы аналарға, мүгедектігі бар адамдарға жеке кәсібін ашу үшін микрокредиттер берілуде.

Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша «Бастау-бизнес» жобасы аясында 3650 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған.

Қорытындылай келе айтарымыз, Түркістан облысы бойынша кәсіпкерлікті қолдау бағытында ілкімді шаралар қолға алынған. Бағдарлама аясында ең үздік бизнес-жобалар қаржыландырылады. Кәсіпкерлік пен бизнестің негіздері, маркетинг пен менеджмент, өз уақытыңды тиімді пайдалану, іскерлікке баулитын психологиялық сабақтар, еліміздегі үздік бизнес-тренерлерден жеке сабақ алу мүмкіндігі облыс азаматтарының бойындағы жаңа қабілетті ашуға сеп жасауда. Тиімді тегін білім алу, жеке кәсіп ашып, табысты болудың алғашқы қадамы. Мемлекеттен осындай қолдау көріп отырған азаматтарымыз жетерлік. Олардың «Бастау бизнес жобасына алғысы шексіз. Жетістікке жетіп, кәсібін дөңгелетіп отырған бүгінгі кейіпкерімізге қызыға қарайтындар қаншама. Осындай еңбекқор азаматтардан кейінгі жастар үлгі алса құба-құп.

Ендеше, іскер Қазақстанды бірге құрайық!

Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА,

Түркістан-Шымкент-Түркістан

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *