(Жалғасы. Басы өткен сандарда).
104
Қыдырып біздің үйге кеп кетіңдер,
Соғымнан бұйырғанын жеп кетіңдер.
Мас болмай, мылжың болмай шарап ішіп,
Көкеме «рахмет» деп кетіңдер.
105
Ашуың басылады «сабыр» десең,
Ата-ана, жаратушы тәңірге сен.
Мерейің әркез сенің үстем болар,
Халыққа қызмет етіп қадірлесең.
106
Елімде таптырмайтын тұр тыныштық,
Күніміз бір күн суық, бір күн ыстық.
Елде көп есітпеген, бұл не сұмдық,
Некеге тұру деген бір жыныстық.
107
Дегенге «мәдениет» сеніп жатыр,
Біртіндеп елімізге еніп жатыр.
Батыстың жын ойнағы, бұзылғандар,
Жастарды еліктетіп келіп жатыр.
108
Болмайды күреспесек сіз-бәріміз,
Сасытпас етке сепсек тұз-дәріміз.
Еліктеп батыс жаққа тәнін сатып,
Бұзылып бара жатыр қыздарымыз.
109
Бұзылған жетпей жатып балағатқа,
Ілінді қыздарымыз жаман атқа.
Тигенін басқа ұлтқа мақтаныш қып,
Болмай жүр лайықты «ғажап атқа».
110
Әрдайым елім үшін ақпын дер ем,
Бөтенмін, арамдыққа жатпын дер ем.
Тұрмысқа өзге ұлтқа шыққан қызды,
Опасыз, ұлтын сатқан сатқын дер ем.
111
Зұлымдар бір-бірімен арбасуда,
Кезекпен «орынтағын» алмасуда.
Сыбайлас жемқор жандар бір-бірімен,
Білдірмей жең ұшынан жалғасуда.
112
Қазақ үшін Өл! десе өлер едім,
Басыма не салса да көрер едім.
Кетсемде бұл өмірден, керек кезде,
Мен қайта «Бәйтерек» боп өнер едім.
113
Бар болса, не сұрасаң берер едім,
Ботаң боп көшіңеде ерер едім.
Жарқ етіп алдаспандай –алмас қылыш,
Жауменен алысуға келер едім.
114
Аңқыған жұпар исі далам қандай,
Зәулім үй, көктіреген қалам қандай.
Елбасы «Нұрлы жол» ды көрсетіп тұр,
Өмір сүр, Ей, қазағым! алаңдамай.
115
Шалқыған байлығымыз теңіз дер ем,
Бақ құсы елге келген егіз дер ем.
Қымбаты алдыңдағы «тағам» емес,
Айтылған жылы-жылы лебіз дер ем.
116
Орындау жауапты іс көп тілегін,
Езілер қиындықтан ет-жүрегің.
Ішімді жарып шыққан өлеңдерім,
Өзімнің шын перзентім деп білемін.
117
Демеймін зәулім сарай орнатамын,
Ерте тұрам, атады жолда таңым.
Бір өлең туу үшін жан қиналып,
Шынымен «Ана» болып толғатамын.
118
Бірінші тілеп жүрем амандықты,
Білікті әр салада мамандықты.
Елдер бар бірін-бірі қырып жатқан,
Қазаққа жуытпасын жамандықты.
119
Баршылық көп қиянат жасағандар,
Егер де «шаш ал десе, бас алғандар».
Келеді ақырында тобасына,
Бүгінгі байлығына мас адамдар.
120
Тосқауыл бола алмадық тасқандарға,
Шет елден есеп шотын ашқандарға.
Түсінбей дал боламыз, жолдары ашық,
Жымқырып ел байлығын қашқандарға.
121
Азайды ісін үлгі тұтатындар,
Баршылық алдап сені ұтатындар.
Көбейіп бара жатыр ел байлығын,
Судай қып құмға сіңген жұтатындар.
122
Көп елмен достығымыз бекіп жатыр,
Тасыған ел байлығы жетіп жатыр.
Есепсіз ел байлығы мұнай мен газ,
Ағылып шет елге де кетіп жатыр.
123
Көрдім мен бай боп өмір сүргендерді,
Қыздармен ойнап-күліп жүргендерді.
Айырылып ақырында бар байлықтан,
Ит болып әркімдерге үргендерді.
124
Мен саған ақыл айтсам жақтырмайсың,
Іздесем керек кезде таптырмайсың.
Асырап тамағыңды көршілерден,
Үйіңнен бір ауыз дәм таттырмайсың.
125
Бұл өмір талайлармен тіресесің,
Біреулер қайтара алмай жүр есесін.
Зұлымдық саған біреу жасамаса,
Сен қалай зұлымдықпен күресесің.
126
Бостан босқа тұғырыңа қона алмайсың,
Шипасыз ауыр дерттен оңалмайсың.
Мықтымен алыспасаң, күреспесең,
Өмірде сен де мықты бола алмайсың.
127
Мен қалай жемқорларды ақтап алам,
Арыңды өле-өлгенше сақта балам.
Өсірген ел мерейін азаматпен,
Мен әркез шын жүректен мақтана алам.
128
Ақыннан ұмытылмас жыр қалады,
Ашылмас данышпаннан сыр қалады.
Шенеунік марапатты өздері алып,
Еңбекқор қара халық құр қалады.
129
Мән жатыр даналардың ойлауында,
Сол ойдың тереңіне бойлауында.
Қазақтың «қазақ» болып ел болғаны,
Тарихтың жатыр терең қойнауында.
130
Білмейміз өлі кімдер тірі кімдер,
Көрінер ұсақ кімдер ірі кімдер.
Бөлінбей ру, жүзге мұсылман боп,
Баласы «Алты алаштың» бірігіңдер.
131
Жүретін жаңалыққа елең етпей,
Жандар бар салмағы жоқ ебелектей.
Табам деп оңай олжа жатыр бүгін,
Қырылып отқа түскен көбелектей.
132
Жігіт бол тұлпар мініп шабатындай,
Талмай ұш қыран бүркіт қанатындай.
Ел қорға, жерді қорға, халқыңды сүй,
От болып керек кезде жанатындай.
133
Өтті өмір талай жаумен арпалысқан,
Бойынан «Тәуелсіздік» арман ұшқан.
Көк туын желбіретіп қазағымның,
Жаралсын тұла бойың ар намыстан.
134
Келін көп үлкендерден ығыспайтын,
Енемен келіспейтін, ұғыспайтын.
Мынау тыныш заманда ажырасып,
Жастарға не жетпейді шығыспайтын.
135
Деп ойла мақсатыма жетем бүгін,
Білінсін дүйім жұртқа мекемдігің.
Бабалар айтып кеткен әлдеқашан,
«Ақ жайлау» аға үйі екендігін.
136
Ұмытпа ең керегі «ар» екенін,
Қамқоршы ата-анаңның бар екенін.
Өмірден күнделікті көріп жүрміз,
Інінің үйі іннен тар екенін.
137
Ақылсыз жөн ісіңді былықтырар,
Жаман ит күндіз-түні ұлып тұрар.
Басқаның тамағын жеп күн көретін,
Сараңның есігінде «құлып» тұрар.
(Жалғасы бар).
Ағман САБЫРХАНОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.