Терең су үндемей ағады,
Саяз сарқырап миыңды шағады.
* * *
Ақиқат айқайлап тұрады.
* * *
Көкек көлеңкесіне мақтанады.
* * *
Көзіңше мақтайды,
Жоғыңда даттайды…
* * *
Биікке шығу қиын,
Түсу оңай.
* * *
Шындық көрініп тұрады,
Өтірік білініп тұрады.
* * *
Өмір шексіз боп көрінеді,
Шегіңде жүргеніңді сезбейсің.
* * *
Көлеңкесіз бәйтерек кімге керек?
* * *
Бақа менің көлшігімнен басқа,
Көлшік жоқ деп ойлайды.
* * *
Күрегіне сай емес сап,
Тез сынады.
* * *
Дария — бұлақтан басталады,
Сөз — құлақтан басталады.
* * *
Білмесең үндемегенің дұрыс,
Сөйлеуші сені білгір екен деп қалады.
* * *
Байдың айқайы білінбейді бар болған соң,
Кедейдің айқайы білінеді ішер асқа зар болған соң.
* * *
Әр құс — өзінше сайрайды.
* * *
Ең құдіретті күш — сөз.
* * *
Ашудың бір жақсы жері бар,
Айта алмаған сөзіңді айтқызады.
Ақылдың бір жаман жері бар,
Айтайын деген сөзіңді тежеп қалады.
* * *
Жастар қарттарға:
Өмірінің соңғы кезеңін сүріп жатыр деп,
Аяушылықпен қарайды.
Қарттар жастарға,
Өмірін қалай бастар екен деп,
Аяушылықпен қарайды.
* * *
Көп адамдар ақыл айтқыш келеді,
Бірақ өздері айтқан ақылымен жүрмейді.
* * *
Жүрек сезеді — оны үміт жібермейді.
* * *
Айтар сөзіңді ірікпе,
Сенің айтпаған сөзің,
Айтылар сөздің өзі боп қалуы мүмкін.
* * *
Көпшіліктің көңілін табуда қиын,
Алдымен күлсең ұшқалақ атанасың.
Соңында күлсең момын атанасың.
* * *
Бізде бір жаман әдет бар.
Өзіміз айтсақ сенбейміз,
Конфуций айтты десе сенеміз.
* * *
Біреу артық сөйлеп еді,
Орнына қойдым деп мақтанамыз,
Сенің ойың ақырғы өлшем емес,
Әркім әртүрлі ойлайды.
* * *
Қаншама әрекет жасағаныңмен,
Алланың белгілеген,
Күні, сағаты жақындай береді.
* * *
Итке қожайынынан артық адам жоқ.
* * *
Адамның жаманы жоқ,
Жаман ететін істеген ісі мен сөзі.
* * *
Түннің артынан күн шығарын ұмытпа!
* * *
Бәлені алыстан іздеме,
Ол қасыңда жүр.
* * *
Ыстық суықтан,
Суық ыстықтан қорқады дейміз.
Бірақ екеуінің де арғы атасы,
Күн екенін білмейміз.
* * *
Адамдарда бір мінез бар.
Айтпа десең айтуға асығады,
Айт десең,
Айтпауға асығады.
О, несі?
* * *
Сөз де оқ сияқты — жаныңды жаралап кетеді.
* * *
Ыдысты ұрып көр,
Даңғырласа бос болғаны.
Дыбыссыз болса ішінде бір нәрсенің болғаны.
Осы емес пе мысалы,
Ақылдың кемелденіп толғаны.
* * *
Ағаш балғаның алдында дәрменсіз,
Себебін біліп тұрса да,
Не демейді көргенсіз.
* * *
Өзің біреусің,
Қиялыңмен екеусің.
* * *
Жеңілтек алдымен ұшады,
Қаңбақ соның мысалы.
* * *
Көңілде жасырғаныңды,
Көзің айтып қояды.
* * *
Ортада ой.
Үміт алға жетелейді.
Күдік артқа,
Төреші өзің,
Тәуекелің не дейді?!
* * *
Өмір – сахна,
Біреуге күлсең,
Ертең соның рөлін өзің ойнап қалуың мүмкін.
Ералхан ЖЫЛҚЫАЙДАРҰЛЫ