«АТЛАНТИДАЛЫҚ» АҚПАРАТ

Билік
671 Views

Өзге емес, өзім айтам өз жайымда,

Жүрегім жалын атқан сөз дайында.

Тереңде тұнып жатқан дауыл күйді,

Тербетіп, тулатып бір қозғайын да…

Қасым АМАНЖОЛОВ

Мен Қазақстан Республикасы Үкіметіне, оның құқық қорғау, жоғарғы қадағалау және сот органдарына бірнеше жылдан бері өзімнің және отбасым мүшелерінің саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендіктен, оның құрбандары ретінде ақтау немесе ақтауға мүмкіндік беретін, ҚР «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңының (әрі қарай мәтін бойынша «Заң») 1,3-баптарына «толықтырулар» енгізіп, басқа баптарын соған ыңғайластыру жөнінде өтініштер мен арыздар жазып келемін. Бірақ, олар 2020 жылға дейін қанағаттандырылмаған. Ал, қаралғандарының өзі әртүрлі себептермен, жасалған ұсыныстың мән-мағынасынан ауытқып кетіп, созбалаңға салынуда.

Соларды ескеріп, ондай ұсыныспен ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың, Бас Прокуроры Ғ.Д.Нұрдәулетовтің және Мәжіліс төрағасы Н.З.Нығматуллиннің атына 2020.11.20 күні арыз жолдаған болатынмын. Президент аппаратынан хабар болмағандықтан, Парламент депутатынан «қойылған нысанадан» ауытқыған түсіндіру хаты келгендіктен, жалпы жағдайды жариялыққа беру мақсатында, осы республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің 23.01.2021 жылғы №02(117) санындағы «Архивтік ақиқат» атты мақаланы солардың назарына ұсынғанмын.

Оны Қазақстан Республикасы Президентінің аппараты менің 29.03.2021 ж. №ЖБ-К-6015,1 шағымымнан кейін, қарап жауап беру үшін, құзыреттеріне жатпайтын Шымкент қаласының әкімшілігіне жолдаған (14.05.2021 ж.). Сондықтан, мен оған наразылық ретінде, ұсынылған «толықтыруды» Заңға енгізу мәселесін зерттеу және шешуді Президент аппараты өз құзыреті шегінде қарауды немесе Жарлыққа сәйкес құрылған Мемлекеттік комиссияға тапсыруды өтіндім (06.08.2021 ж.).

Бас Прокуратураның «Құқықтың статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті» мемлекеттік мекемесі ғана менің Заңға толықтыру енгізу туралы ұсынысымды зерделеу, қорытынды жасау және тиісті ұсынымдар дайындау қажеттілігін көрсетіп (11.02.2021 №2-20-21-01330), Мемлекеттік комиссияның «Жұмысшы органы» – Білім және Ғылым министрлігіне жолдаған.

Дәл осындай ұсынысымды Бас Прокурордың тапсырумен қараған Шымкент қаласы прокуратурасының қызметкері Н.Тоқтаров менімен сөйлескенде: «…Жаза бересің, жаза бересің. Нақты дәлелің жоқ. Сот шешімінде сені саяси негіздер бойынша есепке алғаны көрсетілген ба? Оған дәлелді сот шешімдерін әкел…», — деп телефондық тергеу жүргізген. Оның Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 226-бабындағы сот шешімінің кіріспе, сипаттау, уәждеу және қарар бөліктерінде қойылған талаптарда, ондағы мәселелердің мән-мағыналарының қалай анықталып, дәлелденіп, шешімде соттың талап қоюды қанағаттандыру, талап қоюдан толық немесе бір бөлігінен бас тарту туралы түйіндеме жасайтынын нақты білмеді ма, әдейі ескермеді ма, жоқ әлде біле тұра… жіберді ма деп қалғанмын. Бірақ, оның тергеуін «тығындайын» деп, өзімнің саяси-психиатриялық тұрғыдағы ар-намысымды қорғау талап арыздарымды қараған және толығымен қанағаттандырған Шымкент қаласы, әл-Фараби аудандық сотының шешімдерін алып барып, қолма-қол табыстағанмын. Бірақ, соттың сол шешімдерін Н.Тоқтаров зерделемеді ма, жоқ зерделесе де олардың мазмұнынан басшысын хабардар етпеді ма, әйтеуір қала прокуроры М.Қожабаев: «…Сізді сот актісіне сәйкес психиатриялық мекеменің есебіне саяси негіздер бойынша қойғандығы туралы көрсетілмеген және ол туралы нақты мәлімет жоқ екенін хабарлаймын…», — деген жауап хат жазған.

Ал, депутат, фракция басшысы А.Перуашев менің аталған Заңға «толықтыру» енгізу туралы ұсынысымды қарап, жүзеге асыру үшін, құзыретіне жатпайтын Әділет министрлігіне жолдап (2021.02.02 №10-8-82/ФЛ-К193), бұл мәселені бұрын қараған және «қойылған нысанадан» ауытқып кеткен депутат Б.Кесебаеваның іс-әрекетін қайталаған (2020.04.12 №5-8-1864/ЖБ-К-1784).

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі біздің саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі айтқан құнды пікірлеріміз бен ел ертеңіне деген азаматтық белсенділігіміз үшін зор алғыстарын білдірген, әрине біз оған ризамыз. Алайда, қандай заңды күші бар құжаттарға негізделгені белгісіз, бұл министрлік пен Білім және Ғылым министрлігі мазмұндары ұқсас: «…Мемлекеттік комиссияның негізгі міндеті – 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық заңды және саяси тұрғыдан оңалтып/ақтап, қалпына келтіру».

А.Күмісбектің өтініштерінде 1960 жылдардан бергі кезеңде саяси-психиатриялық қудалау құрбандары құқықтарының бұзылғаны туралы айтылған.

Осыған орай, автордың ұсыныстары Мемлекеттік комиссия жұмысының қызметіне кірмейтінін хабарлаймыз, — деген (09.02.2021 №03-18/ЗТ-Д-38 және 24.02.2021 №ЗТ-60/-7-11).

Біріншіден, Қазақстан Республикасының аталған Заңы мен Президент Қ.К.Тоқаевтың Жарлығында, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау және ол ақтауды толық аяқтау 1920-1950 жылдармен шектелетіні көрсетілмеген.

Бұрын КСРО құрамында болған 15 (он бес) республикалар тәуелсіздіктерін алғаннан кейін, олардың 11-і (Литва, Тәжікстан, Өзбекстан, Эстония туралы дереккөз табылмады) өздерінің «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңдарын қабылдағаны белгілі. Онда олар Заңдарының Одақ құрамына кірген және одан шығып тәуелсіздіктерін жариялаған, оны Мәскеу мойындаған жыл, ай мен күнге дейінгі (РСФСР-дің өзі 26.12.1991 жылы) аралықта қолданылатынын бекіткен. Сондықтан, біздің тәуелсіз Қазақстан да өз Заңы мен Президент Қ.К.Тоқаевтың Жарлығының іс-жүзінде қолданылу мерзімі 1920-1991.12.26 күніне дейінгі аралықты қамтитыны заңдастырылып, одан кейінгі уақытта да күшінің сақталатыны нақты көрсетілуі тиіс.

Ол заңдылық, тарихи, әділеттілік, азаматтық, қажеттілік және логикалық тұрғыдан орынды болады деп есептейміз.

Екіншіден, Жарлықтың 4-бөлімінде: Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының іс жүзінде ақталмаған санаттарының толық тізбесін, оның ішінде: қолданыстағы заңнамада қамтылмаған құрбандар санаттарын; заңнамада аталған, бірақ іс-жүзінде ақталмаған құрбандар санаттарын айқындау бойынша ұсыныстарды тұжырымдау және енгізу. …Қазақстанның азаттығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күрескендерді; өздерінің идеологиялық, ғылыми, шығармашылық, рухани-мәдени құндылықтары мен пайымдары үшін қуғын-сүргінге ұшырағандарды айқындау бойынша ұсыныстарды тұжырымдау және енгізу қажеттілігіне баса назар аударылған.

Соны ескерген болса керек, ҚР Бас прокуратурасының «Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитетінің» мемлекеттік мекемесі, менің «ұсынысымды» қарап, зерттеп, тиісті қорытынды жасау туралы талап-тілекпен ҚР Білім және Ғылым министрлігіне қызметтік хат жолдаған (11.02.2021 жыл). Оның қаралғаны немесе бас тыртылғаны жөнінде әлі жауап берілген жоқ. Бірақ оны асықпай, жалықпай күтудеміз.

Егер, ол әрі қарай да созбаланса немесе жауап жазылмаса, оның себеп-салдары аталған Комитет тарапынан анықталып, редакцияның тереңдетілген журналистік зерттеу жүргізуін қажет ететін сияқты…

Аталған Заңның тиісті баптарына толықтыру енгізу бойынша жасаған ұсынысымның орындылығы мен қажеттілігін айқындай түсетіндей ақпараттар алу мақсатында, Денсаулық сақтау министрі А.Цой мырзаның атына 22.06.2021 жылы, бірегей №18000000230000 678 санды арыз табысталған. Енді, оқырмандардың назарына сол «арыздың» және медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің ондағы сұрақтарға жазылған жауаптардың мәтінін қаз-қалпында ұсынамыз. Қалғандары мен басқа да сұрақтар бойынша қайтадан министрлікке арыздануымызға тура келеді.

АРЫЗ

Құрметті Алексей Васильевич!

Кезінде, КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы А.Н.Косыгинмен пікірлескенде, ол «…Бас хатшыдан сұраңызшы…», — дегеннен кейін, Л.И.Брежневке арнайы барып, сөйлескен Д.А.Қонаев: «… халықты туған жерінен, елінен аластатылғандарға, «жүйке ауруын емдейтін ауруханаларға еріксіз жатқызылғандарға», Андроповтың ақпараттарына қалай қарайсыз»? – деп сұрағанына, ол: «Андропов қара аспанды төндіріп, тұнық суды лайлап бітті. Бүлдіріп жатыр. Бітеу жара сыздап, жарылғалы тұр. Халық толқу үстінде…», — деп айтқаны белгілі (Д.А.Қонаев «Өтті дәурен осылай» 316-318 беттер).

Ондай жағдайдың орын алғаны жөнінде 1989 жылдың 12-19 қазанында Афиныдағы Дүниежүзі психиатрлар ассоциациясының Бас Ассамблеясында БДСҚ Халықаралық қатынастар бөлімінің меңгерушісі В.П.Морозов ашық жариялаған. Оны КСРО ДСМ ресми түрде мойындаған…

Сол және басқа да «теріс факторларға» байланысты КСРО-ның ыдырап, КОКП-ның тартылуына шешуші «старт» берілген 1991.08.19-нан кейінгі жылдары тәуелсіздіктерін алған 15 (он бес) ұлттық республикалардың қатарында, Одақ құрамынан шыққан, тәуелсіз Қазақстанның «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңы қабылданды (1993.04.14 №2200) және оны толық аяқтау жөнінде Президенттің Жарлығы шықты (2020 жыл, қараша айының 24 күні).

Аталған Заңның 1, 3-баптарында «…саяси қуғын-сүргіндер ретінде адамдарды саяси себептер бойынша психиатриялық мекемелерде күштеп емдеуді қоса алғанда, саяси сенімдерінің белгілеріне қарап, соттан… тыс әкімшілік тәртібінде әлеуметтік қауіпті адамдар ретінде қудалаумен ұштасқан басқа да құқықтары мен бостандықтарынан айыру немесе шектеу танылады және олардың барлығы ақталған адамдар деп жарияланады» деген, ал Жарлықта оларды ақтауды толық аяқтау керектігі көрсетілген.

Жоғарыдағылар негізінде және ҚР Конституциясының 1-бабының 1-бөлігін, 20-бабының 1.2-бөліктерін, «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдау, тіркеу және есепке алу туралы» заңның 8, 9, 10-баптарын, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның 18, 20-баптарын, «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңының 1,3-баптарын, Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қазақстандағы саяси құрбандарды ақтауды толық аяқтау жөніндегі Жарлығын және БҰҰ «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының» 19-бабын жетекшілікке алып, Сізден сұранамын (1955-1991 ж.ж. және 1991 жылдардан бергі кезеңге деп қойылған сұрақтарға нақты жазылған жауаптарды ғана назарларыңызға ұсынамыз (хатта):

Республикалық «Ұлт тағдыры» ҚБ

облыстық филиалының төрағасы,

«Әділет. Рухани жаңғыру»

газетінің бөлім меңгерушісі

А.К. Күмісбекке

Шымкент қ. Темірлан тас жолы, №34, 31 пәтер

Құрметті Аманқұл Күмісбекұлы!

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті (бұдан әрі Департамент) Сіздің арызыңызды құзыреті шегінде қарап, мынаны хабарлайды.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің (бұдан әрі — Кодекс) 168-бабына сәйкес стационарға мәжбүрлеп емдеуге жатқызуға соттың шешімі негізінде жол беріледі.

Соттың шешімімен келіспеу (мәжбүрлеп емдеу, мерзімі және т.б.) бойынша арыз-талаптар сұрақтары Департаменттің құзыретіне кірмейді.

Осыған қоса, 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдайға соттың шешімі бойынша «арнайы» типті стационарда мәжбүрлеп емдеуде 756 адам болды.

2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдайға соттың шешімі бойынша «жалпы» типті стационарда мәжбүрлеп емдеуде 143 адам болды.

Г) Жоғарыдағыдай жағдайдағы адамдарға қойылатын психиатриялық диагноздарың негізгі түрлері (бізге белгілілері: шизофрения мен оның «сылбыр өтетін» түрлерінің варианттары, паранояның шизофрениямен байланысты сатылары, тұлғалық болмысы мен ойлау қабілеті дөрекі бұзылған, мінез-құлық ерекшелігі психиатрлардың араласуын талап ететін, даукестік,… деген сияқтылар) қандай?

«Адамдар үшін психиатриялық диагноздардың негізгі түрлері» жоқ. Кодекске сәйкес психикалық, мінез-құлық бұзылуы (ауру) диагнозын аурулардың халықаралық жіктеушінің өлшемшарттарына сәйкес психиатр дәрігер анықтайды (167-бап).

Г-1) Олардың конституциялық қандай құқықтарының шектелетіні (бізге белгілілері: шетелге кету, сайлау және сайлану, жылжымайтын мүлікке меншіктік құқық, перзент асырап алу немесе перзентті болу, жауапты материалдық-қаржылық жұмыс, әскери қызмет, қарулы күшке қолжетімділік, моторлы және реактивті қозғалмалы құрлық, су және әуе транспорты және тағы да басқалар) туралы толыққуатты ақпарат берсеңіз (заңнамаларға сілтеме жасап)?

Құқықтың шеттелетініне қатысты сұрақтар Департамент құзыретіне кірмейді.

3. Бұрынғы Қазақ КСР мен қазіргі Қазақстан Республикасында

«арнайы» және «жалпы түрдегі» психиатриялық ауруханалардың жалпы саны қанша болған? Қазір қанша?

1989 жылғы 1 қаңтарда Қазақ КСР-де жалпы түрдегі 17 және арнайы I психиатриялық аурухана тіркелген.

2020 жылғы 1 қаңтарда Қазақстан Республикасында жалпы түрдегі 17 және арнайы I психиатриялық аурухана тіркелген.

3.1. Оларда саяси, ұлттық, діни және тағы басқа көзқарастары мен нақты әрекеттері үшін тұрақты емделуде жатқан, ПНД есебінде тұратын және қоғамдық қауіпті адам ретінде динамикалық бақылау жүргізілетін адамдардың жалпы саны қанша?

3.1.1. Ондай адамдардың емделу мерзімдерінің ең қысқасы және ең ұзағы қанша айды немесе жылды құрайды?

Емделу мерзімі пациенттің денсаулық жағдайына, диагнозына байланысты индивидуалды түрде шешіледі.

3.1.2. Емделген адамдардың «ауруларынан» толығымен айығып кеткендері бар ма?

Пациентті динамикалық байқауға алу оның ұлттық, саяси, діни және тағы басқа көзқарастарға байланысы жоқ.

«Психикалық денсаулық саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсетудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 25 қарашадағы № ҚР ДСМ-203/2020 бұйрығына сәйкес психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (бұдан әрі — ПМБ) (аурулары) бар адамдарды динамикалық байқау созылмалы ПМБ ағымының өршуі мен нашарлауының алдын алу мақсатында жүзеге асырылады, оған: емдеу-диагностикалық іс-шаралар, денсаулық сақтау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді ұйымдастыру. оңалтудың жеке бағдарламасын әзірлей отырып оңалту әлеуетін айқындау. қоғамдық қауіпті іс-қимылдың алдын алу кіреді.

2020 жылдың қорытындысы бойынша психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтарымен динамикалық байқауда 189 546 науқас тұр.

4.«Жоғарыдағыдай адамдарды» дәрігер-психиатрлардың комиссиялық және арнайы ұйымдастырылған консилиумдық шешімдерімен ПНД есебінен шығарылуы, оны психиатриялық аурумен зардап шекпейді әрі архивтік деректер жоқ деген анықтама бергені, оған бұрын қойылған психиатриялық диагноздың саяси мақсаттағы жаламен жабылғанына, яғни рухани денінің сау болғанын білдіреді ма?

Тексерілуші адамға психикалық, мінез-құлық бұзылуларына (ауруларына) психиатриялық куәландыруды, аурулардың халықаралық жіктеушінің (АХЖ-10) өлшемшарттарына сәйкес психиатр дәрігер жүргізеді.

Мәжбүрлеу тәртібімен стационарға емдеуге жатқызылған адамды шығару психиатр дәрігерлер комиссиясының қорытындысы. соттың шешімі немесе прокурордың қаулысы бойынша жүргізіледі («Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексі, 166. 168-баптар).

Осы жауаппен келіспеген жағдайда 2021 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабына сәйкес әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен әкімшілік актіні қабылдауға байланысты емес әкімшілік актіге. әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасауға құқылы. Осыған қоса, шағым әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға беріледі.

Директор А.ДЮСЕНОВ

Редакция мен филиал атынан айтарымыз:

1. Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңының 1,3-баптарындағы «…саяси қуғын-сүргін ретінде мемлекеттік органдар немесе олардың өкілдері болып табылатын лауазымды адамдары саяси себептер бойынша… психиатриялық мекемелерде күштеп емдеуді қоса алғанда» дегенмен қатар, біз Заңға толықтыру ретінде енгізуді ұсынған «қоғамдық қауіпті адам ретінде сот-психиатриялық сараптама қорытындысынсыз, сырттай заңсыз психоневрологиялық диспансер (әрі қарай мәтін бойынша «ПНД») есебіне алынған, негізсіз психиатриялық диагноз(дар) қойылған, орынсыз динамикалық бақылау жүргізілгенді қоса алғанда… әкімшілік тәртібінде қудалаумен ұштасқан, құқықтары мен бостандықтары шектелген деп танылған адамдардың ақталған адамдар деп жарияланып, Жарлықта көрсетілгендей «қолданыстағы Заңнамада қамтылмаған құрбандар санаттарының заңды және саяси тұрғыдан ақталып/оңалтырылуына мүмкіндік беретін құнды ақпараттардан хабардар еткеніне ризашылығымызды білдіреміз.

2. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі А.В.Цой мырза өз бастамасымен, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауды толық аяқтау туралы құрылған «Мемлекеттік комиссия» мен оның «Жұмысшы органының» құрамына өз өкілдерін ендіру жөнінде Президент Қ.К.Тоқаевқа өтінішпен шығуды ұсынамыз.

2.1. Министр тарапынан ондай өтініштің жасалуы, ал Президент жағынан қабылдануын, Заңның 1,3-баптарында көрсетілгендей және жасаған «ұсыныстағыдай» адамдарға қатысты психиатрияның медициналық емес, саяси мақсатта қолданылуының себеп-салдарының, зардабының, қатысушыларының анықталып, алдағы уақытта қайталанбауына заңды тосқауыл қоюдың сара жолын табудың негізін қалар еді.

3. Қазақстан Республикасының Заңында, Президентінің Жарғысында және біздің толықтыру ендіру туралы ұсынысымызда көрсетілгендей, психиатрияны медициналық емес, саяси мақсатта қолданудың құрбаны болған адамдарды ақтау, медициналық, құқықтық, азаматтық және ұйымдық-техникалық тұрғыдан күрделі болғанымен, қалайда шешілуге тиісті. Ол абыройлы әрі түйінін тек дәрігер-психиатрлар тарқатуға міндетті іс.

Сондықтан, кезінде КСРО ДСМ бас психиатрлары болған А.С.Карпов, А.А.Чуркин, В.П.Сербский атындағы жалпы және сот-психиатриялық БҒЗИ бөлім меңгерушісі, м.ғ.д., профессор Б.В.Шостакович және Шымкент қалалық психиатриялық ауруханасының бас дәрігері-психиатры Б.Е.Жұмалиева айтқандай, тек «орындаушылар» ғана емес, психиатрияны медициналық емес, саяси мақсатта қолдануды «ұйымдастырушы» мемлекеттік органдар, заңды және жеке тұлғалар анықталып, жасаған қылмыстық құрамы бар істері үшін кешірім сұрау немесе тиісті жауапкершілікке тартылу мәселесін қоюды ұсынамыз.

Әрине, марқұм болғандардан басқа, қазіргі кезде бар, әрекет қабілеттілігі қалыпты, азаматтық парызды, қарызды білетін, өзін «ер» деп есептейтін адамдарға қатысты екені түсінікті ғой.

А. КҮМІСБЕК,

республикалық «Ұлт тағдыры» ҚБ облыстық филиалының төрағасы, «Әділет. Рухани жаңғыру» республикалық газетінің бөлім меңгерушісі,

Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша өңірлік комиссиялардың «Жұмысшы тобының» мүшесі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *