ЕҰУ-ДА «ҚАЗАҚ РАДИОСЫ» СТУДИЯСЫ АШЫЛДЫ

Қоғам
879 Views

2021 жылы 30 қыркүйек күні ЕҰУ-да Қазақ радиосының 100 жылдығы және ЕҰУ-дың 25 жылдық мерейтойына орай, «Ғасыр радиосы» апталығы аясында «Қазақ радиосы» студиясының ашылу салтанаты өтті.

Тұсаукесерге ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі өкілдері, ҚР Парламенті Сенаты мен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ «Хабар» агенттігі, «Қазақстан» ТРК, «Qazaq Radiolary» ЖШС, ЕҰУ басшылығы, радиотанушы ғалымдар, радио ардагерлері мен зиялы қауым, докторанттар, магистранттар, студенттер қатысты.

Салтанатты жиында сөз алған «Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы – ректор, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов бүгін тарихи сәт екенін жеткізе келіп, әсіресе болашақ журналистер үшін, осы саланы зерттеп жүрген ғалымдар мен оқытушылар үшін бұл студияның берері мол екеніне тоқталды.

– Біздің студенттеріміз алысқа бармай, осы университеттің ішінде жүріп біліктілігін арттырып, тәжірибесін күшейтетін болады. Бұл үлкен мүмкіндік.

Бір жыл бұрын «Qazaq Radiolary» ЖШС мен Еуразия ұлттық университеті арасында кадрлар даярлау және тәжірибе алмасу саласында шығармашылық және өндірістік қатынастарды нығайтуға бағытталған меморандумға қол қойылған болатын. Сондықтан «Qazaq Radiolary» ЖШС басшылығына және Еуразия ұлттық университетінің ұжымына атқарған жұмыстары үшін үлкен алғыс білдіремін. Енді біздің студенттеріміздің заманауи радиостудияда білімін шыңдауға бірегей мүмкіндігі бар, осы орайда мен бір жыл бұрын бірлескен онлайн-радио құру туралы ұсыныс-идеяның міндетті түрде жүзеге асарына сенімдімін» деді.

Содан кейін лента қию рәсімі басталып, салтанатты шараға Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының профессоры Намазалы Омашұлы мен ақын, телерадио саласының ардагері Жүрсін Ерман шақырылды.

Қазақ радиосы тарихындағы айтулы сәт «Ғасыр жасаған Қазақ радиосы: бүгіні мен болашағы» атты дөңгелек үстелмен жалғасын тапты. Жиынға бұқаралық ақпарат құралдарының аймақ тілшілері онлайн форматта қатысып, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай сөз сөйледі.

– Қазақ радиосының 100 жылдығы мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдығына орай бүгінгі шарада өздеріңізбен аман-есен жолығысып отырғанымызға қуаныштымын,– деп бастады сөзін төрайым. Содан кейін алдағы уақытта «Қазақстан» телерадиокорпорациясы жанынан университеттерде білім алып жүрген жоғары курс студенттеріне арналған тегін оқу алаңын ұсынатынын, салада мықты мамандардың даярланып шығуына «Қазақстан» РТРК» АҚ әрдайым мүдделі екенін жеткізді.

Сондай-ақ ЕҰУ-дың Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, академик Дихан Қамзабекұлы жиналған қауымды «1-қазан – Радио қызметкерлері» күнімен құттықтай келіп, алдағы уақыттарда атқарылатын игі істерге сәттілік тіледі.

Әділет-ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *