ЖақындаЛ.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің баспасөз және баспа ісі кафедрасында жүрек тебірентерлік оқиға болды. Осы кафедраның профессорыМұратбек Тоқтағазиннің ұйымдастыруымен еркін тақырыптағы эссе конкурсыныңнәтижелері шығарылып, жүлдегерлерді марапаттау салтанаты өткізілді.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Баспасөз және баспа ісі кафедрасы студенттері арасында өткізілген еркін тақырыптағы эссе конкурсының шығармашылығымен дараланған журналистика және саясаттану факультетінің 4 курс студенті Әсем Таңатар Гран-при жүлдесімен марапатталды. Ал Айна Алпысбай, Дина Барат, Ханзада Жаңабаева тиісінше алғашқы үш орынды бөлісті. Жазу потенциалы бар төрт студент ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Олар: Нұржан Гүлжан, Серік Аружан, Зекенова Мадина, Бағдат Айымгүл.
Шығармашылық конкурс барысында студенттерге белгілі журналистер Бауыржан Омарұлы, Шархан Қазығұл, Мұратбек Тоқтағазин, Дәурен Омаровтың кітаптары топтама түрінде сыйға тартылды. Сондай-ақ «кітап-дестенің» ішінде «Бүтін бітім» (академик Зейнолла Қабдолов туралы жинақ), «Бекзат болмыс» (ф.ғ.д., профессор Мырзабек Дүйсенов туралы жинақ) болды. Ал ерекше атап көрсетерлік жайт, елімізге әйгілі журналист-публицист, жазушы Шархан Қазығұлдың «Палитрасыз портреттер», «Оңашадағы онлайн ойлар», «Футбол фрагменттері» атты кітаптары конкурсқа қатысқан 30-дан астам студенттерге және барша қатысушы қонақтарға тегін таратылды. Белгілі қаламгердің креативті стильде жазылған туындылары білім алушылардың ерекше қызығушылығы мен ризашылығын тудырғаны сонша, олар шара аяқталмай жатып қолдарындағы кітап жазбаларынан көз ала алмай қалды.
Тағы бір сүйсіне айтарлық жайт, Шархан ағаның публицистикалық кітаптары баяғыдағы «Махаббат, қызық мол жылдар» секілді университетіміздегі мыңдаған студенттер арасында қолдан-қолға көшіп жүр. Қаламгер бақыты деген осы шығар.
Біздер, студенттер осындай тамаша байқау өткізіп, қазақ журналистикасының жұлдызының қолдарымызға тиюіне мұрындық болған Мұратбек ағайымызға шексіз алғысымызды білдіргіміз келеді. Болашақта мұндай сайыс жүйелі өтіп тұрса жақсы болар еді.
Сара САХЫНБЕК,
Диана ОРЫНТАЙ,
ЕҰУ-нің журналистика және саясат
факультетінің 4-курс студенттері