ЕЛ ЕҢСЕСІ БИІК, ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗ МӘҢГІ БОЛСЫН!

Қоғам
1 591 Views

Құрметті Отандастар! Қымбатты Қазақ елі!

Азаттықтың ақ таңы атып, көк байрағымыз бейбіт күннің аспанында асқақтағанына 30 жыл толды! Мереке баршамызға құтты болсын!

Отыз жылдық белестегі жетістіктеріміз бен жеңістерімізге оңай қол жеткізген жоқпыз. Еліміздің медицина саласы талай-талай сан тараулы жолдардан өтті. Тоқсаныншы жылдардың басында Денсаулық сақтау министрлігі жабылып, комитет деңгейіне дейін түсіп кеткен кездері болды. Ауруханаларда электр жарығы болмаған, дәрігерлер жарты жылдап жалақы алмаған кезеңдерді де өткіздік. Бірақ, біз осы қиындықтардың барлығын еңсере білдік.

Отандық медицина саласында жылдар жылжып біршама оң өзгерістер болды. «Қазақстан 2030», «Дені сау ұлт – дені сау мемлекет» атты мемлекеттік бағдарламалар аясында медицина саласы алға жылжып дами бастады.

Біздің орталықтың құрылғанына бір жыл толды. Аутизмге шалдыққан, дамуы тежеліп тұралап қалған балаларды емдейтін Қазақстандағы алғашқы орталықтардың бірі деп айтсақ қателеспейміз. Шымкент қаласы өз алдына мегаполис статусын алғаннан кейін наркологиялық диспансер, психиатриялық диспансер және мәжбүрлеп емдеу мекемесімен бірігіп орталыққа айналдық. Қалалық Психикалық денсаулық орталығында биыл көптеген істер атқарылды. Ерекше балаларды оңалту мақсатында жүргізілген тәжірибелеріміз оң нәтиже беріп, ЮНЕСКО бағдарламасына енді. Осы әдіспен өзге де 17 өңірдің мамандарымен бөлісіп, республика деңгейіне шығарғанымыз біздің ұжым үшін үлкен мәртебе. Жыл басынан бері оңалту орталығымызда ем алған балалардың 60 пайызы бүгінде өздерін жақсы сезінетіне сенімдіміз. Осылай орталық халықпен бірге біте қайнасып, елге қызмет ету жолында еңселі еңбек атқарып жатқан жайымыз бар.

Еліміздің іргесі сөгілмесін, аспанымыз ашық, жұртымыз тыныш болсын! Қуатты, экономикасы қарышты, қарымды мемлекетке айнала берейік!

Серік Ибрагимұлы МЫҢБАЕВ,

Шымкент қалалық «Психикалық

денсаулық орталығының» бас дәрігері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *