ЖАҢБЫР СУЫНА БАТЫП КЕТПЕСЕК БОЛҒАНЫ

Мәселе Қоғам
823 Views

Бірнеше күннен бері Шымкентте аспан түнеріп, жаңбыр толастамай тұр. Егер бұл жағдай тағы бірер күн жалғасатын болса, Шымшаһар тұрғындары қала ішінде, тура мағынасында, жүзіп кетуі әбден мүмкін.

Қазақстандағы миллионнан астам тұрғыны, екі мың жылдан астам тарихы бар көне де жаңа қала – үшінші мегаполистің жаңбыр жауғандағы жағдайы қиын: шет жақтағы асфальт жол арман болып, тас жолға шүкіршілік айтып отырған мөлтекаудандар туралы жақ ашпай-ақ қоялық. Орталыққа жақын көшелердің өзі жаңбыр төпелеп кеп берсе бағдаршамы өшіп, жарығы жалп етіп, көшесі суға толып шыға келеді. Ал содан бәтіңкең былш-былш, балағың лай. Себебі жауын суы арнайы арық-атызбен ағып кету орнына аяқжол мен күре жолдың бетінде көлкіп, көлікке де, жаяу жүргіншіге де аса қолайсыз жағдай туғызады. Абырой болғанда, коронавирус өршіді деп карантин талаптарын күшейту себебімен оқушылар онлайн оқу форматына көшкен. Олай болмағанда балалардың киімдері көлік доңғалағынан шашыраған лай сумен былғанып, аяқ киімнен өткен су суықтатып, ауру көрсеткіші қазіргіден де өршіп кетуі әбден мүмкін еді-ау.

Қалалық әкімдік қамсыз емеспіз дейді. Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір қалалық коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұмыс істеп жатыр екен. Тәулік бойы!!! Олар көшелер мен жолдардағы суды сору жұмыстарын жүргізуде. Төпелеп жаумай, жай ғана сіркіреген жауынға тәулік бойы кезекшілік қоюға тура келсе, көктемнің сіркіреп келіп, селдете жөнелетін тоқтаусыз төкпе жаңбырында қайтер екенбіз, жүзуді үйрене берейік пе әлде?

Бір жақсысы, Шымкентте қар қалың емес. Жалпы, Оңтүстік жұрты тізеден келетін қарды ұмытқалы қашан, тобықтан келетін қар түссе таң қалып, суретке түсуге үлгеру жағын ойлап жататынымыз жасырын емес. Қар қалың түсетін болса, Құдай сақтасын, көктемде күн күрт жылынғанда еріген қар суына жаңбыр қосылып, адам түгіл автобустар жүзіп кететін түрі бар.

Шымкенттің Әл-Фараби ауданында ирригациялық арықтарды судан тазартуға 5 ассенизаторлық машина, 2 мотопомпа құрылғысы және 57 жұмысшы тартылған. Жауын-шашынның салдарынан жиналған арық-жылғалардағы суды сору жұмыстары үшін 7 секторда кезекшілік құрылған.

Абай ауданында да жағдай қалыпты дей алмаймыз: су басу қаупі бар аумақтарда кезекші бригадалар жүр. 112 орамда орналасқан Шынар, Юнатов және Аққараған көшелері, Қатынкөпір, Шұғыла, Тельман, Ақниет шағын аудандарындағы және өзге де елді-мекен көшелерінде арнайы су тартатын техникалар жұмыс тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Бұл жұмыстарға 34 техника және 105 жұмысшы қызметкер жұмылдырылған.

Еңбекші ауданындағы жағдай да осындай – су басу қаупі бар және су үймелейтін аумақтарға бақылау бригадалары қойылған.

Су басқан көшелерге, атап айтқанда, 1 автожол көшесі (темір жол көпірінің асты), Арғынбеков, Дизельная, Ата заң, Қызғалдақ, Мамбетов көшелеріне арнайы су тартатын 8 дана АС машина, 4 дана Зил-130 көлігінде мотопомпа техникасы және бекітілген ирригациялық арықтарды тазалауға 83 жұмысшы жіберілген. Бұл бағыттағы жұмыстарды атқару үшін Еңбекші ауданы әкімдігі қызметкерлерінен арнайы кезекшілер ұйымдастырылыпты.

Бірнеше күн бойы себелеген жаңбырдағы жағдайымыз мынау, көктемде жаңбыр суына батып кетпесек болғаны да.

Н. ЕРҒАРА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *