Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Мемлекетбасшысы өз сөзінде елімізде қалыптасқан ахуалды талқылап, халық игілігі үшінбилік пен бизнестің өзара ықпалдастығына қатысты жолдарды айқындау қажет екенінайтты. Президенттің пайымдауынша, бүгінде біздің алдымызда бүкіл қоғамдықтыныс-тіршілікті түбегейлі трансформациялау міндеті тұр. Мұның стратегиялықмәні бар.
– Қағаз жүзіндегі әлеуметтік-экономикалық мәселе мен оның қазіргі шынайы жағдайының арасындағы алшақтық сын көтермейді. Сондықтан шұғыл түрде экономикалық саясатты қайта қарау жұмысына бірлесе кірісу керек. Таза, ашық және әділ іс-әрекеттердің жаңа тәртібін анықтаған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, аз ғана элиталық топтар ықпалының артуы және халықтың басым бөлігінің табысының азаюы қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндірді. Бұл қоғамның экономикалық, әлеуметтік, содан кейін саяси бөлінуіне әкеп соқтыруы мүмкін.
– Ұлттық табыстың әділ бөлінуі бойынша теңгерімсіздік пен проблеманың бар екені айдан анық. Халықаралық сарапшылар (KPMG, 2019 жыл) Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін растап отыр. Осы ретте халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл – жылына 1300 доллардан сәл ғана асады деген сөз. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес. Бұлай жіктелу мен теңсіздіктің қауіпті екенін айтқан болатынмын. Жағдайды дереу өзгерту керек, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес-қауымдастықты осыдан сабақ алып, Жаңа Қазақстанның негізі болуға тиісті жаңа экономикалық саясатты қалыптастыру үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Президенттің сөйлеген сөзінде мынадай маңызды қағидаттар айтылды: – әділ бәсекелестік; – қабылданатын шешімдердің ашықтығы; – мемлекеттік саясаттың болжамдылығы; – бизнестің салықтық тазалығы; – кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі. Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді патриотизм мен әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсетуге, капитал, тәжірибе, басқарушылар тобы мен нарықты дәл пайымдау сияқты ресурстарды экономиканы қайта құруға жұмсауға шақырды.
– Бүгінгі сөз болып отырған реформа «тартып алуды және қайта бөлуді» көздемейтінін тағы да қайталап айтамын. Бұл ақымақтық және жауапсыздық болар еді. Міндет – сіздерді, ұлттық буржуазияны еліміздің әлеуметтік-экономикалық моделін трансформациялау үдерісіне белсене атсалысуға тарту. Өндіріске инвестиция салу, сапалы жұмыс орындарын ашу және экспорттық әлеуетті арттыру бағытындағы игі істерге жауап ретінде мемлекет жеке меншікті қорғау бойынша кепілдікті арттыруға, тұрақтылық пен мемлекеттік реттеудің болжамдылығын қамтамасыз етуге, бәсекелестікті әкімшілік ресурстардың араласуынан, жемқорлық пен фаворитизмнен қорғауға дайын, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Жаңа экономикалық бағытының негізін қалайтын басты қағидаттарға жан-жақты тоқталды. Оның пікірінше, бірінші – жеке меншікке қол сұқпау. Бұл мәселеде ашық әрі әділ сот кепіл болуы тиіс.
– Сот жүйесін жаңғырту – маңызды мәселе. Біз тиісті шараларды, соның ішінде заңнамалық тұрғыдағы шараларды қабылдадық. Соттарға құқықтың әртүрлі салаларынан, оның ішінде корпоративтік сектордан жаңа мамандар тартылуда. Осының негізінде Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі жаңа сот алқасы құрылды. Сот ісіне мықты корпоративтік заңгерлер мен адвокаттардың тартылуы, әсіресе, өңірлерде инвесторлар мен бизнесмендердің мүдделерін сапалы қорғауын мейлінше қамтамасыз етеді.
Жоғарғы Сот кеңесін және Жоғарғы Соттан судьялар корпусын жаңарту жұмысын белсенді жүргізуді сұраймын, – деді Мемлекет басшысы.
Жаңа экономикалық бағыттың екінші бөлігі – инвестициялық климат. Президент мемлекеттің барлық инвестициялық міндеттемелерді мінсіз орындайтынын тағы да мәлімдеді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы бизнесмендерді қаржысын өз елімізге салуға шақырды.
– Егер, Сіздер, болашақтарыңызды Қазақстанмен байланыстыратын болсаңыздар, онда қаражаттарыңызды өз елімізге салыңыздар. Бұл – Сіздердің Қазақстан алдындағы әлеуметтік және саяси жауапкершіліктеріңіз. «Мұнда табыс табамыз, ал басқа жерде жұмсаймыз» деген қағидатқа жол берілмейді. Сондықтан жұмыс екі бағытта жүргізіледі: капиталды елге қайтарғаны үшін ынталандыру және қаражаттың офшорларға кетуіне жол бермейтін тосқауылдар қою, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент атаған үшінші қағидат – шынайы бәсеке. – Мұнда, ең алдымен, қолдан жасалған монополияларға талдау жасау қажет. Операторлардың, әсіресе, жеке операторлардың қызметі мүлдем тоқтатылады. Естеріңізде болса, бұрын «өтеп алушы» деген термин болатын. Жеке компаниялар тиісті төлем арқылы мемлекеттің бірқатар экономикалық функцияларын орындауды сатып алатын. Бұл жақсылыққа апармады. Үкіметке мұндай қызметке заңды түрде тыйым салуды тапсырамын. Барлық орындар бәсекеге ашық болуы тиіс. Нарықтарда қолдан жасалған көптеген делдалдық тізбектерді жою қажет. Бұл қордаланып қалған мәселені ешкімнің шешуге құлқы жоқ. Экономиканы деолигополизация бойынша қатаң саясат қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Одан бөлек ірі кәсіпорындардың салық төлеу және есеп беру мәселелерін ретке келтіру қажеттігі туралы айтылды. — Ірі компаниялардың салық төлеуі – күрделі мәселе. Қолымызда түрлі себептерді сылтауратып, салықты толық төлеуден жалтарып отырған алпауыттар жөнінде арнаулы органдар ұсынған мәліметтер бар. Премьер-Министрге осы мәселені түбегейлі шешуді және қазынаны тиесілі қаражатпен қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиімді салық саясаты туралы айта келіп, 2020 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің кірісі 34,6 млрд доллар (14,6 трлн теңге) болғанын және бұл ІЖӨ-нің 20 пайызы екенін атап өтті.
— Аса маңызды мемлекеттік міндеттерді шешу үшін бұл жеткіліксіз. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде мемлекеттік бюджеттің кірісі 40-50 пайызға дейін жетеді. Тіпті, біздің жақын көршілеріміздің өзінде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Мәселен, Украинада — 31%, Ресейде — 35,4%, Қырғызстанда — 31%. Соңғы 10 жылда елдің ІЖӨ-дегі салықтың үлесі 9,9 пайыздан, 7,3 пайызға дейін төмендеп кеткен. Міне, сол себепті Ұлттық қордан бөлінетін трансфер де тым көбейіп кеткен. 2019 жылдан 2021 жылға дейін 12 трлн теңге, яғни 30 млрд долларға жуық қаржы жұмсалған, — деді Мемлекет басшысы.
Осы жағдай аса маңызды шешімдер қабылдауды талап етіп отыр. – Бізге жаңа салық саясаты қажет. Ол астыртын қитұрқы әрекеттерге жол бермейтін, бизнеске де, Үкіметке де ашық, түсінікті саясат болуы керек, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев атаған тағы бір маңызды мәселе – сатып алуларды реформалау.
– Мемлекеттік сатып алулар – өте үлкен экономикалық ресурс. Оны дұрыс пайдалану керек. Бізде бұл үлкен проблема. Сатып алуларды бәсекесіз жолмен алып жүргендердің үлесі әлі де басым. «Самұрық-Қазына» қорының компанияларындағы сатып алуларды ерекше назарға алу керек. Сатып алулар саласындағы сыбайластық, жасырын өткізу және бағаны жоғары қою мәселелерімен шұғыл түрде айналысу керек. Бір ай уақыт беремін. Егер шешімі табылмаса, өте қатаң шаралар қолданылады. Менің «Платон менің досым, бірақ, ақиқат қымбат» деген қағиданы берік ұстанатыныма көздеріңіз жеткен болар, – деді Президент. Мемлекет басшысы жүктеген алтыншы міндет – мемлекеттің экономикаға араласуын төмендету. – Квазимемлекеттік секторды реформалау бойынша түбегейлі шаралар қабылдау керек. Бүгінгі таңда бұл 6,5 мың ұйым деген сөз. Кәсіпкерлік қызметке мемлекеттің араласуына негіз болатын жағдайларды азайту мәселесін қайта қарау керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент «Самұрық-Қазына» қорын реформалаудың перспективасына баса мән берді. – Қазір Қор – өте үлкен құрылым. Жабықтық, «саяси маңызы бар адамдарды» тағайындау, сатып алулардың тиімсіздігі, еңбек қатынастарындағы дау-дамай, ауқымды жобалардың аяқсыз қалуы және тиімсіздігі, компанияны ұстап тұру шығындары – бұлардың бәрі қоғамның наразылығын тудырып отырған мәселелер.
Күні бүгінге дейін мұнайхимия саласын қалыптастыра алмадық. Кеңес дәуірінде салынған зауыттарды қайта жөндеумен келеміз. Директорлар Кеңесі рөлі мен тәуелсіз директорлардың қатысуы көп жағдайда ештеңе шешпейді. Қорды түбегейлі реформалау міндетін жүктеймін. Бұл мәселе бойынша Алмасадам Сәтқалиевпен сөйлестім. Егер ол жүктелген міндетті атқара алмаса, өзі де, Қор да бірге кетеді, – деді Мемлекет басшысы.
Жаңа экономикалық саясаттың жетінші элементі – әкімшілік кедергілерді азайту. – Былтыр прокуратура органдары кәсіпкерлердің 2,5 мыңнан астам шағымын қарады. Бәрі де қылмыстық қудалау органдарындағы лауазымды тұлғаларының іс-әрекеттерімен және шешімдерімен келіспеу туралы шағымдар. Оның 1 мыңнан астамы қанағаттандырылды. Кәсіпкерлер (негізінен) полиция қызметкерлеріне, Экономикалық тергеу қызметіне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке, Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлеріне шағымданған, – деді Мемлекет басшысы.
Бас прокуратураға осындай заң бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтап, кінәлі адамдардың іс-әрекеттеріне принципті түрде баға беру тапсырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы диалог билік пен бизнес арасындағы консенсусты қамтамасыз етуге тиіс.
– Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрып жатырмыз. Біздің кездесуіміз бизнестің үнін билік еститінің, салалық және құрылымдық саясатта барлық конструктивті ұсыныстардың ескерілетінінің белгісі, – деді Президент.