ӨГЕЙ БАЛАНЫҢ КҮЙІН КЕШКЕН ЖҰРТ

Мәселе Қоғам
378 Views

Шымкентте шешімін таппаған күрделі мәселе көп. Соның бірі – шеткері шағын аудандардағы жарық,газ, су, жол мәселесі. Қайбір жылы қала орталығының астаң-кестеңін шығарып,тәп-тәуір тротуарлар мен жарамды жолдар жаңартылды. Ал орталықтан қашықтау«ауылдар» әлі де мегаполис атына сай инфрақұрылымға қол жеткізе алмай келеді.Осындай мәселенің бірін Алишер Сатвалдиев көтерген екен. Қалаға кейінненқосылған аумақтардың әлі күнге «иесіз үйдегі жетім баланың» күйін кешіп жүргеніжайлы желідегі жазбасында автор былай дейді:

ЖОЛ МЕН ЖАРЫҚ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАППАЙ ЖАТЫР

Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновке!

Құрметті Мұрат Дүйсенбекұлы, «қасіретті қаңтар» қиындықтарын еңсеріп, бүгінгі таңда аудандарды аралауға шыққаныңызды, бірқатар елдімекендерге барғаныңызды көріп, осы хатты жазып отырмын. Аралау барысында Қаратау ауданына қарасты Сайрам тұрғын үй алабында да боласыз, тұрғындарымен кездесесіз деген үміттемін.

Исі мұсылманға Қожа Ахмет Яссауиді берген, сансыз Баптардың сүйегі жатқан, кезінде Орталық Азияның ең үлкен орталықтарынан бірі саналған Исфиджаб-Сайрамның Шымкент қаласының құрамына енгеніне он жыл толуда. Қаратау ауданының құрамдас бөлігі болып құрылуы 2014 жылда орны алғанымен, бүгінгі таңға дейін іс жүзінде Түркістан облысынан Шымкент қаласына толық өтпегенін көріп отырмыз. Жергілікті халық соның салдарынан көптеген қиындықтарға кезігуде. Қиындық тудырып отырған өзекті мәселелер деп отырғаным – жол, жарық, ауызсу және ағын су.

Мұрат Дүйсенбекұлы, Сайрамға келіп жатсаңыз жол мәселесіне ден қойып, аралап көріп, сұрау салыңызшы. Сайрамның күре тамыры саналған Әл Фараби, Әмір Темір, Ибрагим ата, Ю.Сарями көшелерінің қайта құру, күрделі жөндеу жұмыстары 2018 жылдан бері жыр болып, бүгінде «сақалды құрылысқа» айналды. 2019-2020 жылдарда пайдалануға тапсырылуы керек болған нысандар бүгінгі таңға дейін бітпеген. Осы төрт нысанның барлығында тапсырыс беруші ретінде Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы көрсетілген. Жеке басым түркістандық басқарма өкілдерінің Шымкентке келіп, жұмыс сапасымен танысатынына сенбеймін. Онсыз да облыстағы тірліктері жетерлік. Орта жолда нысандарды тапсыру уақыты үшінші жылға қарай кешігуде. Жолдар мемлекеттік қабылдауға алынбай жатып бүлініп жатыр. Автокөлік жолындағы бүлінген жерлері мен тапсырылмай тұрып жамалған тұстарын өзіңіз көріңіз. Тіпті жолаушыларға арналған жолақтың өзі шұрқ тесікке айналды. Жарық бағаналары орнатылғанымен жарық берілмейді. Ол бағаналар тұрып-тұрып, ақыры қирап, жоқ болуда. Ал бұл нысандарға бюджеттен қыруар қаржылар бөлінген. Бір ғана Ибрагим ата және Ю.Сарями көшелерін күрделі жөндеу үшін «Алем Транс Жол» ЖШС не 4,567 млрд. теңге бөлінген. Халық осы қаржылардың игілігін көрсе деймін. Бала-шағамыз мектептен қара түнекте қайтпаса дейміз.

Әкім мырза, осы мәселенің оң шешілуіне өзіңіз бас болсаңыз деген өтінішіміз бар. Тапсырыс беруші Түркістан облысы болғанымен, қиналып жүрген шымкенттіктер, яғни Сіздің халқыңыз. Халықтың наразылығын тудырып жатқан нысандар – Шымкент қаласының жолдары. Сіздер қозғау салмасаңыздар он жылға созылып кетуі мүмкін.

Жел тұрғаннан, жаңбыр тамшылай бастағаннан өшіп қалатын жарық мәселесі де өзекті. Мекемелердің байланыс нөмірлеріне хабарласып, мардымды жауап ала алмаймыз. Жолды сұрасаң Түркістан дейді, жарықты айтсаң Сайрам ауданы дейді.

Ағын су мәселесін айтсақ, биылғы жауынның аз болғанын айтасыздар. Оны біліп, түсініп отырмыз. Бірақ ауыз суды сағатымен беруді жою амалдарын қолға алу керек.

Соңғы үш-төрт жылдан бері елу мыңға жуық халқы бар Сайрам, Исфиджаб тұрғын үй алаптарында қала-аудан әкімдерінің есеп беру кездесулері өтпегенін ескерсек, халық мұң-мұқтажын кімге айтарын білмей дал. Алдағы уақытта кездесулерді жоспарлаған кезде осыны да ескерсеңіздер деп үмітпен өзіңізге жазып отырмын.

Аталған елді мекендердің тұрғындары өзіңізден көп үміт күтеді», – деп жазады Алишер Сатвалдиев.

200 ОТБАСЫ 22 ЖЫЛДАН БЕРІ   АУЫЗ СУСЫЗ ОТЫР

… Түркістан облысынан бөлініп, Шымкент қаласының аумағына берілген Сайрам тұрғын алабының тұрғындары бұл мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Нәтижесіз. Шымкентте 2021 жылы 15 инженерлік инфрақұрылым нысандарының жұмысы жүргізілген: 3,6 миллиард теңгеге «Бозарық», Тұран», «Шымкент Сити», «Стандарт Сити» сосын, әдеттегідей, әкімшілік іскерлік орталық төңірегінде біраз жұмыстар жасалған. Ал Сайрам тұрғындарына кезек қашан жететіні белгісіз.

«Өте дұрыс мәселе көтердіңіз! Сол көшелердің қатарына Фурқат көшесінде қоссақ. Фурқат көшесінде 10 шақты өткен (проезд) бар. Ол шағын көшелерге есім де берілмеген. «Фурқат көшесі 1, 2, 7 проезд» деп атайды. 200 отбасы 2000 жылдан бері ауыз сусыз отыр. Құдықтан су бірде шықса, кейде мүлдем шықпайды. Жолдары нашар. Көшелерді жарықтандыру керек. Қаратау ауданының әкімі Абзал Шымкентбайұлы бұл жерлерде халық бар екенін де білмейтін секілді, сол қалалық әкімшілік қасындағы территориядан шықпайды.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ағамыз айтпақшы, етік киіп, халықты аралайтын уақыт келді. (Негізі, баяғыда солай істеу керек еді!) Сайрам тұрғын алабында бұдан басқа да шешімін таппаған мәселе көп. Қоғамдық көлік керек. Кәріз жүйелерін жасау қажет. Сайрамда орталық жолдары өте тар. Сайрамдағы сансыз бапқа тәу етіп, әулиелерге зиярат етуге барлық жерден адамдар қысы-жазы келіп жатады. Сайрам – шағын туризм орталығы деуге болады. Шымкент пен аудан әкімдері міндеттерін толық атқарса дейміз», – дейді Сабыр Низамиддинов.

Сайрам тұрғын алабы, шынтуайтына келгенде, Шымкенттің жауһары! Сансыз баптар мекені күллі Орта Азия халқы үшін киелі де көне қала. Ұлы Жібек жолы бойындағы осы көне қаланың екінші тынысының ашылуы тікелей қала әкіміне байланысты. Түркі әлемінің тұмары – Түркістанға зиярат етуге баратын халық ат басын алдымен Сайрамға бұрады. Жарығы жоқ, суы жоқ, жолы жарамсыз Сайрам болса Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев айтқан Жаңа Қазақстанға «ілесе» алмайтындай жыларман күйде. Талай тарих тұнған мекеннің ғасыр көшіне ілесе алмаған аянышты кейпі келген қонақтардың алдында жүзімізді жерге қаратпай ма, М. Әйтенов мырза?

Нұр-Қасым ӘЛІМБАЙ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *