КЕК (РОМАН)

Әдебиет
986 Views

Сабылтайдың әкесінің асында

«…Уа, Омарбек, күллі Жетісудағы ерлердің әруағы көтеріліп жатқанда, сенікі не жатыс, бір үн қатпай?! Ел басына күн туған осындай заманда сендей намысты ерлер қол бастамайтын ба еді?! Әлде, шапыраштының ұраны атанған ер Қарасайдың қазіргі ұрпақтары бөтенге жем, бөгдеге құл болуға мойынсұнды ма? Тұр, беліңді бекемдеп атқа қон, аттандап, езілген жұртыңның еңсесін көтер! Баста жұртыңды, озбыр жұртқа қарсы! Тап бүгін тұяқ серпер күндерің, бас көтерер сәттерің келді! Тұр деймін саған!..».

Омарбек оқыс оянып, атып тұрды. Атып тұрғанда, тікесінен тұрып кетпеді, жартылай көтеріліп, екі қолын екі тізесіне сала, қабағын түксите отырды. Сосын заматта екі қолын артқа тіреп, басын шалқайтты. Әп-сәтте тіктелді де, екі шекесін қыса, түсіне енген, бірақ та тура жақыннан, өңіндегідей жанды естілген әлгі дауыстың кімдікі екенін есіне түсіре алмай біраз есеңгіреп отырды. Саңқылдаған үн кімдікі болса да, тым қатал, әрі өктем. Бұрын бұған ешкім бұлай әмір беріп, бұлайша бұйрықты сөз айтпайтын. Бұл жолы әлгі қатал дауыс иесі бұған қатаң бұйрық берді. Бірақ соншама өктем бұйыратындай – ел арасын соғыс жайлаған жоқ, Омарбек қол бастап, найза көтеріп, жұртты соңына ертетіндей ауыл шетіне жау тиген жоқ. Сонда бұл не бұйрық?..

Омарбек өзін дел-сал күйге түсірген түсіндегі дауыстың сырына түсінбеген қалпы жан-жағына қарады. Жатқан жері – таудағы тас үңгірдің іші. Бұл жер – қазақ-қырғыз қонысын қақ айырып тұрған Алатаудың Белтау шың-шоқысының ең биік тұсы. Осы бір адам аяғы сирек тиетін шың басындағы үңгірге аялдағанына екі күн болған. Кеше шығыс беттегі қырғыз жеріне аттанып тұрып, ойына әлдебір қиял келіп, осы үңгірде қайта қалған. Атты адам еркін сиятын, іші кең әрі биік осы үңгір аузындағы шетеннің біріне байлап, өзі төрдегі жайпаң тастың үстіне тоқым сап, көрпе төсеп жатқан. Сосын осында қалайша тап болғанын ойша електен өткізген.

* * *

Бір айдан аса уақыт бұрын Күртінің болысы Сабылтай кезінде бүкіл Қаскелең-Ұзынағаш жеріндегі руларға қадірі артқан би әкесі Орынтайға ас берген. Сабылтай қадірменді әкеге тартпай, басқаша адам боп өскен. Әкесінің тірі кезінде-ақ оның малына ие болып, жігіт шағынан-ақ олардың басын көбейтуге барын салған. Ұзамай бақ-дәулеті тасып, осы өлкедегі ірі байлардың қатарына қосылған. Сол-ақ екен, ол жан-жағындағы қарапайым елден өзін зор санап, тек өзінен жоғары тұратын ұлықтарға ғана жанасатын әдет тапқан. Осындай жылмақай да жылпос әдеті мен мінезінің арқасында әкесінің көзі кетпей тұрып-ақ, орыстың парақор ояздары мен түрлі дәрежедегі ұлықтарының тілін тез тауып, жиырма алты жасында Күртінің болысы атанған. Содан орыс шенеуніктерінің демеуімен қатарынан үш сайлауда болыс сайланып келді.

Қазақта «Жақсы әкенің аты жаман баланы қырық жыл асырайды» деген сөз бар. Әлбетте, он екі жылдан бері болыс болып келе жатқан Сабылтай былай қараған адамға жаман ұл емес. Әрі дүниесі де жеткілікті.

Алайда ол жоғары ұлықтарға ғана жақсы адам. Ал қатардағы шаруа мен қарапайым елге озбыр. Жақын жамағат-жұрағаттары түгілі, бір туған ағайындарына да аса залымдық көрсететін жан. Елдегі ең момын деген адамның өзін қуырып жеуге дайын тұратын залым. Есік алдындағы малшы-жалшыларын күнде қамшы жұмсап, жазықсыз дүреге жығатын нойыс. Сәл нәрсеге шатынап тұратын қатыгез Сабылтай – дүние жинаудың және керек кезде елге жағынудың түрлі әдіс-айласына да шебер болып алған. Осыдан бес жыл бұрын әкесі өлген. Содан бір жылдан кейін оған арнап ас берген. Бірақ ол ас ел есінде жүретіндей айтулы жиын болмаған. Енді Орынтай жарықтықтың өмірден өткеніне алты жыл толғанда күллі Жетісудағы қазақ руларының игі жақсылары мен Алатаудың арғы бетіндегі қырғыздың қаймақтарына сауын айтып, ас ұйымдастырған. Бұл астан Сабылтайдың қамқоршы орыс ұлықтары да шет қалмаған.

Зауза айының бел ортасы ауа, әлі ыстық онша басталмаған әрі тау етегіндегі көк шалғынның басы сарғая қоймаған кезде берілген аста Дегерес тауының етегіндегі жазықта отыз шақырымдай қашықтықты шауып өтетін аламан бәйге ұйымдастырылған. Оған қоса, 17 қазақ-қырғыз арасында көкпар шаптырылған. Сабылтай әу баста бәйгеге де, көкпарға да тігілетін бұйым-заттар мен тоғыз бастарын, салымдарды шақырылған қонақтар әкелген асқа малдардан беріледі деп ойластырып қойған. Расында, әкелген малдарда есеп болмаған. Түптеп келгенде, асқа келушілердің көпшілігі Орынтай марқұмның әруағын сыйлап келген кісілер-тін. Әлбетте, олармен қоса, Сабылтайдың болыстық дәрежесін, байлық-беделін сыйлағандар да көп еді.

Ел арасында көптен бері кембағал мен кедейдің сөзін сөйлеп, момынның мүддесін жақтайтын батыр Омарбек, лауазымды дәуге бас ұрып шенді ұлыққа жағынуды мәртебе көріп жүрген Сабылтайды өзге де жұрт сияқты шын жақтырмайтын. Бұрындары ел көзінше екеуі бір-екі мәрте сөзге келіп қалғаны бар. Әттең-ай, сонда болыстығына қарамай, оның сазайын берудің сәті келіп-ақ еді. Бірақ сол жолы Сабылтайды жазалауға жанындағы қарулы орыс солдаттары жол бермеді. Екінші ерегісте ат үстіндегі оны жағасынан алып, бар пәрменімен жұлып алуға ұмтыла бергенде, шапыраштыға сөзі мен үкімі өтімді Үмбетәлі ақын араға түсе қалған. Содан бері болыспен кездеспей жүрген.

Сабылтай әкесінің асына келетін қонақтарды екі-үш ай бұрын шақырған. Суықтөбе бауырындағы Өтеп руына жіберген шақырушы шабарманы арқылы Омарбекке арнайы сәлем айтыпты. Сәлемінің өзі мысқылға толы: «Анау өзінше батыр боп, елді дүрліктіріп жүрген Омарбек деген де келсін асқа! Бар күшін өзіне жақсылығы мен қайтарымы жоқ кембағалдарды мықтылардан арашалауға жұмсағанша, ер болса, астағы көкпарда додаға түссін, палуан сайысында күш сынасын!» — депті. Тағы бір жағынан қазақтың жақсы-жайсаңдарымен бірге орыс ұлықтары жиналып келген де беделімді көрсін дегені ғой…

Омарбек осыны естігенде қаны басына шауып, қатты ашуланған. Ашу үстінде Сабылтайдың сөзін жеткізген шабарманды аттан жұлып алуға сәл-ақ қалған. Алайда оның тек сөз тасушы міскін екені есіне түсіп, өзін зорға тежеген. «Мені мұқатып, мейманасы тасып сөйлеген жарылқаушы болысыңа айта бар! Астағы палуан сайысында соның өзін боз кілем үстінде күресуге шақырам! Өзі ер болса, соған дайындалсын!» — деген тістеніп тұрып.

Ас уақыты жақындағанда Қаскелең-Қастектегі жиынға баруға дайын қауымның бәрі атқа қонып, Сабылтайдың ауылына жол тартқан. Болыстың өзін белдесуге шақыруға мықтап бекінген Омарбек бозкүреңіне мініп, жиынға барушыларға ерген. Жоқ, Омарбектің соңына талай жігіт ілескен. Бұлардың арасында баяғыдан бері Омарбекпен бірге сонау Ферғана мен Қашқарға, Түркістан мен Ташкентке кіре тартқан, талай қиын-қыстау күндерді қосыла бастан кешкен Адырбай, Толымбай, Саяқ сияқты неден болса да тайынбайтын мықты жігіттер бар еді.

Омарбектің өз көзімен көргені бойынша, Жетісу жерінде ең үлкен ас мұның бала кезінде болған. Ол ас – бір кездері күллі шапыраштының тұтқасы атанған Сарыбай биге берілген еді. Сонда Көкібел жазығына екі мың үй тігілген. Асқа жиналғандардың көптігінен қара жер қайысқандай еді. Бес күн бойы ат жарыс, көкпар, жамбы ату, палуан күрестіру, қыз қуу, тиын ілу, бәйге шаптыру болған. Одан кейін бозбала шағында қырғыз жеріндегі Жантай манапқа берілген ұлан-асыр асты көрген. Онда да Талас басындағы қыратта жиналған адамдардың есебінен жұрт жаңылысқан. Беріректе Қызылбөрік болыстығында албанның Асаубай деген байы ата-бабасына арнап берген аста да, күллі қазақ-қырғыз жиылып, бес күн бойы сапырылысқан жұрт бірінің үстін бірі басқан.

Сол жиындардың даңқынан хабары бар мақтансүйер Сабылтай да, өз әкесінің асын дәл солардай етіп өткізуге ниеттеніпті. Бірақ бұның әкесі Орынтай ақсақал өмірінде қанша беделді болғанымен, Сарыбай бидің шеніне жеткен емес. Әмбе қырғыздың тұлғасы атанған Жантай манаптың атақ-даңқына шендесе алмағаны да қазақ-қырғызға түгел аян. Оның үстіне жақсы әкенің әруағын жақсы ұл көтермек керек екені тағы бар. Сабылтай Сарыбайдың ұрпақтары сынды көргенділіктен алыс, тектіден туған тексіз-тін. Ал албанның Асаубай байының балалары сияқты әке әруағы жолында дүниесін шашып-төккен жомарттықтан тіптен ада. Асына кеткен шығынның бәрін өзіне сый ретінде келетін мал-мүліктермен жабуды ғана ойлаған қарау байдың қылығы мен ниетін Құдай да құп көрместей.

Дегенмен болыстың аты – болыс. Сабылтайдың жиынына да жиылған жұрт қарақұрым болды. Жетісу болысындағы жеті үйезге қарасты бір жүз қырық бір болыстықтың болыстары мен олардың соңына ерген қырғын жандайшаптары, сондай-ақ, басқа да көрші үйездерден келген болыс-билердің, бай-бағландардың және облыс пен ояздың түрлі бастықтарының санының өзі төрт мыңнан асып жығылыпты. Оған қоса, «той дегенде қу бас домалайды» дегеннің керіне түсіп, қызық көруге әуес қауым да есепсіз. Бұлармен қатар қу нәпсіні бір тойдыру ниетімен, мұнда ағылған кедей-кепшік, аш-жалаңаштар да сансыз.

Не керек, бірінші күні-ақ ас қызығы басталып, Сабылтай ауылы қып-қызыл дүрмекке түскен. Сол күні бәйгенің алдыңғы тобы шаптырылған. Көкпар берілген. Алғашқы күні Омарбек өз серіктерімен бәйгені тамашалап, содан түс ауа басталған көкпарға араласқан. Бұл өзі бала жастан көкпарға қатты қызығатын еді. Осы жасына дейін талай-талай додаларға түсіп, Жетісу өңіріндегі ең мықты шабандоздардың қатарына іліккен. Сол күні кіл аты шыққан шабандоздар қатысқан қазақ-қырғыз көкпарында қатарынан төрт салым салып, салымбасы – төрт түйені еншілеген.

 Ертесіне сәскеде жамбы ату мен палуан күресі басталған. Сабылтай ауылының тура ортасында Құдайдың жомарт ықыласымен жаралған үсті тегіс шағын төбешік бар болатын. Төбешіктің айналасы тай шаптырымдай тегіс жазық. Биіктігі теңжіп бойы келетін төбешіктің үсті айналасындағы жазықта тұрған адамға әдемі көрінеді. Асты ұйымдастырушылар күресті өткізуге осы төбешікті таңдапты. Ішінде Сабылтайға деген қатқан кегі бар, әрі болыстың өзін күреске шақырам деп өз-өзіне серт берген Омарбек, мұнда жұрттың алды боп келіп, сайысқа шығатындардың тізіміне жазылды. Бас қазы болып жүрген кісі мұның аты мен жасын қағазына жазып алды да, бұған тесіле қарады:

– Иә, отыз алты жастамын дейсің бе? Негізі, күреске жасы отызға жетпейтін палуандар түсіп жатыр. Бірақ, мейлі, өзің қаласаң, түсе бер. Ай, осы, мен сені қай жерде көрдім? Жүзің таныс сияқты…

– Осы елденбіз ғой. Бір жерде кездескен шығармыз, – деді Омарбек.

– О да мүмкін. Біз күрес шарты бойынша, өзара қарсыластарды анықтап алуымыз керек. Түріңе қарасам, сүйегің ірі, тұлған мықты, палуан тектес жан екенсің. Салмағың… Құдай біледі, алты-жеті пұттан кем болмаса керек. Анау тұрған жігітті көріп тұрсың ба? Түргеннен келген сол жігіт саған лайық сияқты. Алғашқыда сонымен жұптасып күресесің. Ұтылсаң – бірден жарыстан шығасың. Ұтсаң – келесі белдесуге түсесің.

– А-а-а, мен өз қарсыласымды өзім таңдасам болмай ма?

– Бізде жалпы ондай тәсіл қарастырылмаған. Дегенмен бұл жерде қара күрестің түрі өтеді. Сондықтан да, бірінші күресте жеңіп шықсаң, екінші сайыста өзің белдесуді қалаған палуаныңды шақыруыңа болады.

– Ә, мұныңыз жақсы тәсіл екен, қазы-еке.

 Сәлден соң кешеден бері жұрт көзіне көрінбеген, тек өздеріне ғана арналып тігілген оңаша үйлерде бас қосқан астың ең сыйлы деген қонақтары төбешік маңына жинала бастады. Арасында Жетісу облысының бастығы Фольбаумның құзырына тікелей қарайтын переселендер һәм болыстықтар жөніндегі комитеттердің басшылары мен облыс жандармының бастығы, Верный, Қапал ояздары, тағы да түрлі дәрежедегі орыс ұлықтары, оларға ерген қазақ, татар тілмаштары және үлкен шенділермен қатар жүруге лайықты деген бірнеше қадірменді болыстар келді.

Жан-жақтарында бірнеше қарулы орыс солдаттары бар ұлықтар келгенде Омарбектің қасында тұрған бас қазы жүгіріп, олардың алдынан шықты. Сабылтай болыс қасқа бас, түсі зәрдей суық, белінде ұзын қылышы, иықтарында сары жібек шашақты пагоны бар бір орысты қолтықтап алыпты. Сірә, ұлықтардың ең мәртебесі жоғары дөкейі сол болса керек. Қазы сол орыс пен Сабылтайға жақындай бергенде, мылтығын көлденең ұстаған бір солдат оның алдын кесе көлденеңдеді. Сабылтай солдатқа бірдеңе айтуға оқталып еді, ол сөзді елең қылмай, қазының көкірегінен кері итермеледі.

Осы сәтте арғы жақтағы топ арасынан орысша киінген, ап-арақ, жақтары суалған, ұсқынсыз қарасұр әлпетінде ойнақтаған үлкен көздері бар, рәпәтсіз бір қазақ суырылып шықты да, ұлыққа бір сөздер айтты. Басын болар-болмас изеген ұлық солдатқа ақырып берді. Заматта қалшиып тұра қалған солдат қазыға өтіңіз деген ишаратын иегімен білдірді. Қазы ұлық пен Сабылтайға таяп, жаңағы тілмаш арқылы бірауық әңгімелесті. Аздан соң ұлық қазыға риза болғандай, оның иығынан қағып, мұртын ширатып қойып, алға қарай жүрді. Ал қазы болса, төбешіктің бір шетінде иіріліп тұрған отыз шақты палуандарға қарай жанұшыра жүгірді. Тіпті оларға жақындамай жатып, айқайға басты:

– Қане, қане, бәрің сап түзеп тұра қалыңдыр! Сендерге жандаралдың ең үлкен ұлығы келе жатыр.Түрлеріңді, тұрқыларыңды көрмекші.

Араларында қазақ, қырғыз, тараншы, өзбек, дүңген тіпті, бірді-екілі орыстары бар – қырыққа жуық палуандар бір сәтте абдырап, ұлық алдында қалай сап түзейтіндерін келістіре алмай аңтарылып, сапырылысты да қалды. Бұлардың қарбаласып, аптығып аңтарылып қалғанын көріп, жаны шығып кете жаздаған қазы тағы ышқына айқайлады:

– Һо-ой, сендер адамсыңдар ма, несіңдер? Өй, өңкей малғұн, қатар тұруды да білмейсіңдер ме? Әй, тілмаш, ана орыс палуандарға сөзімнің мәнісін түсіндірші!

Палуандар абыр-сабыр күйі бойларына да қарамай қатарласа бастады. Бірақ бәрі бір сапқа тізіліп үлгергенше, алдарына ұлық бастаған топ та таяды. Ентігіп кеткен денелі қазы ырсылдаған күйі оған палуандарды қарадүрсін сөздермен таныстыра бастады:

– Міне, мырза, бүгінгі сайысқа жиналған палуандар. Бәрі бұрын күреске түсіп жүрген жігіттер. Құдай біледі, Сіз бүгін бұлардың күрестеріне разы болатын шығарсыз. Енді сіз мұрсат берсеңіз, күресті бастайық.

 Тілмаштың аударуымен қазының ойын ұққан жандарм бастығы басын изеді де, өздеріне дайындалып қойылған жайдақ ағаш орындықтарға қарай жүрді. Ірілі-ұсақты ұлықтар орындарына жайғасып болғанда, қазы төбешік басына ентелеп шықты да, жаюлы кілемнің ортасында тұрып, екі қолын екі жаққа жайды. Сосын біресе ұлықтарға, біресе қарақұрым болып жиналған қауымға, одан соң палуандарға қарап, тамағы жыртыла айқайлап, бүгінгі күрестің тәртібін түсіндірді:

– Қадірменді ұлықтар мен осы тойдың құрметті қонақтары! Верныйдан келген мәртебелі ұлықтарымыздың рұқсатымен бәрімізге қадірлі Сабылтай болыс беріп отырған дүрмекті астың күрес сайысын бастаймыз. Күрес шарты былай: мынау жиналып тұрған отыз екі палуан біз белгілеген жұптарымен алғашқы күреске шығады. Жеңілгендер бірден сайыстан шеттетіледі. Жеңген он алты палуан өз қарсыластарын өздері таңдайды. Он алты палуаннан сегіз жеңімпаз анықталған соң олар да кіммен күресетіндерін өз ықтиярларына қарай шешеді. Соңғы жеңімпаз төрт палуан бір-бірімен күресіп, одан жеңімпаз атанған екеуі – қадірменді Сабылтай болыс тіккен бас бәйгеге таласатын болады. Тағы бір ескерткетінім – күресте арнайы ереже жоқ. Егер де күрес үстінде палуандардың бірінің бір жері сынып, болмаса майып болып қалса, онда оған біз жауапты болмаймыз. Ал, енді, бірінші жұпты ортаға шақырайық.

Қазы шетке ысырылып үлгермей-ақ, алғашқы жұп ортаға атып шықты. Бірақ бірінші жұптың күресі онша ұзаққа созылмады. Самсы жақтан келген бір жігіт меркілік палуанды оңай жықты. Екінші жұптың да күресі жұрттың айызын қандыра алмады. Басқа жұптардың да күрестері ұзаққа созылмады. Ең соңғы кезек Омарбек пен бағанағы қазы көрсеткен түргендік жігітке тиді.

Осы кезде манадан бері онша қызбай тұрған жұрт бірден гу етісті. Топ арасынан «Омарбек!», «Омарбек!» деген дауыстар естілді. Халықтың табан астынан мұншалықты шулай кеткеніне таңданды ма, қасқа бас ұлық Сабылтайға қарап, «бұл қалай?» дегендей, иегін көтерді. Болыс та түк түсінбедім дегендей, иығын қиқаңдатты. Қазы екі қолын көтеріп, жұрттың шуын басуға кірісті:

– Халайық, халайық, бұл не дабыр?! Әлі басты палуандардың күрестері басталған жоқ қой. Әлден не көрінді сендерге…

– О-о, Омарбек! Омарбек!

– Е, міне, енді нағыз палуан ортаға шықты!

– Қайдағы біреулердің алысқанын тамашалағанша, Омарбек сияқты шын мықтылардың күресін көрейік те! – деп дабыраға басқан жиналғандар қазының сөзін жөнді естірпей кеткен.

– Мейлі, Омарбектерің шын палуан болсын-ақ. Енді оның күресін шуламай көрсеңдер болмай ма?! – деп айқайлады амалы таусылған қазы.

Әсілі, жұрт дабыра қылғандай, Омарбек күресті кәсіп қылған нағыз палуан емес-ті. Бірақ қара күш иесі екені рас. Ат үстінде болсын, жердегі қолма-қол алыс-жұлыста болсын, кез келген қарсыласын жеңетін мығым күшке ие. Ол негізі, былайғы өмірде біртоға, өздігінен ешкімге соқтықпайтын бірсыдырғы жігіт. Бірақ қандайда бір әділетсіздікке төзбейтін, біреудің біреуге көрсеткен зорлығына шыдап тұра алмайтын қайсар жан.

Тура мінезділігімен бірге жамандық пен өтірікке жаны қас, басбұзар, бұзақылықтың кері ісіне керегінше қарсылық білдіре алатын һәм күшімен де жауап беретін жүректілігі де бар. Оған бұл әдет – ауыл қазағының тілімен айтқанда – Құдай берген, ана сүтімен келген қасиет.

Аты аңызға іліккен Омарбектің шыққан тегі де, өзі де соған лайық. Өйткені арғы атасы бір кездері әсіресе жаудың қанды жорығы заманында күллі қазақтың айбыны болған – Ер Қарасай! Иә, ер Қарасай! Одан соңғысы – бүкіл Жетісуға атағы жайылған Өтеп батыр. Одан бергі аталары да осал емес – батыр, би, шешен, көсем… шетінен елді аузына қаратқан белді әулет. Мыңды айдаған, мыңмен бірге жауды айдаған, кез келген дауды шешкен, даумен қоса, бейбіт те, сергелдең де күнді қатар кешкен, біресе Қоқанмен, біресе қырғызбен айқасқан, дұшпанға есесін жібермеген дәулеті асқан Итен атасының өзі неге тұрарлық деңіз.

Әкесі Жантай сөзі жерде қалмайтын әрі бір басына жетерлік мал-мүлкі бар, ел үлкенінің бірі-тін. Омарбек осындай әкенің арқасында ешқандай кемістік көрмей, «шайқап ішіп, тартып жейтіндей» жағдайда өсті. Мұндай тұрмыста ержеткен бала әдетте тіршілікке икемсіз, тірлікке бейімсіз келетін. Болмаса, тек бір басының қамы үшін тірлік жасайтын, одан қалды, жақсылығы өз басынан аспайтын пысық біреу болып қалыптасады.

Ал Омарбек ес біліп, етек жапқаннан қарны тоқ баланың ермегі – күні бойғы бос ойынға, әуейі қызыққа беріліп кетпеді. Бала кезден айналадағы өзіне жұмбақ, белгісіз құбылыстардың сырын білуге құмартты. Сол ынта, сондай жігермен есейе келе, оны әсіресе ауылындағы адамдардың тағдыры қызықтырды. Ала таңнан қара кешке дейін мал соңында, қора маңында, жылқы қосында тырбанып еңбек ететін малшы мен жалшының, не ішіп тамаққа, не киіп киімге жарымайтыны таңдандыратын. Ал сондай міскін жандар мен кедейлерге ат үстінен бұйрық беретін, оларды құлша жұмсайтын, қолдарына бір айыр мен күрек ұстап, жұмыс істемейтін, мал күзетпейтін, қой бақпайтын, бірақ әлгіндей сормаңдайлар бағатын бүкіл төрт түлікке, солар қарап жүретін дүние-мүлікке ие мешкей байлар арасындағы айырмашылық туралы ойланатын.

Бала кезінде көзімен көретін, құлағымен еститін: ішінара кейбір қатаған ауыл байлары малшы-жалшыларын үнемі: «Ей, жеті атасынан бері шыр бітпеген қуаяқ неме!», «Қолынан түк келмейтін сұмырай!», «Сорлы қу шұнақ кедей, сөзіңді сөйлейтін бір адам табылса, қанеки», «Уа, ата-бабаңнан жарымаған, тексіз малай!» деген сөздермен сыбап балағаттайтын.

Сондай кей қарау байлар малшы-жалшыларды аузына келгенін айтып балағаттап жататынын бала Омарбек байқай жүретін, жаны ашитын. Іштей таңданады, содан ойлайды: «Кедейлік деген пәлекет атадан атаға жалғасатын нәрсе ме сонда?» деп; «сонша еңбек қылатын, тынбай жұмыс істейтін кедей сорлы неге жалқау болады?» деп; «неге олардың еңбектерінің өтеуі болмайды?» деп.

Бірақ мұндай сұрақтардың жауабын табуға балалық, жастық санасы жетпейді, тереңіне бойлауға өресі кемдік қылады. Тек «неге, неге?» деп өз-өзіне іштей сауал қояды, қамығады. Сондай турашыл ойлары кедей жағына жақтастыратын.

Ауылында өзі құралпы кедей балалары көп болатын. Бұл өзімен теңдес бай балаларынан гөрі, сол кедей балаларымен көбірек достасатын. Шама-шарқынша соларға қамқорлық көрсетуге бейім тұратын. Үйінен ет пен нан алып шығып, солардың қарнын тойдырса көңілі орнына түскендей болатын. Бірдеме бергеніне қуанатын, көңілі өсіп жүретін.

Тағдыр тауқыметі болар, кедей балаларының көпшілігі жасық, жасқаншақ, тартыншақ, қорқақ, жалтақ келетін. Дегенмен араларында өжет, тапқыр, қайсар балалар да болатын. Есесіне, бай балалары шетінен көкірек, сонысына қарамай, батылдыққа, тіресуге бара алмайтын, көп жүгіріс пен артық қимылға шыдамайтын босбелбеу еді. Омарбек олардан гөрі жүректі, батыл кедей балаларын жанына жақын тартатын. Әрі қатарластарының арасындағы бәсекеде ең мығымы да өзі-тұғын.

Момын мен жуасқа, шарасыз жалшы мен қорғансыз малшыға бала кезден жаны ашып өскен ол, есейе келе, әділдік пен әділетсіздіктің ара жігін ажырата бастады. Содан жуас пен жуанның арасына түсе бастаған. Жуанның жөнсіз зорлығын бетіне басты, керек кезде күшке күшпен жауап қайтарды. Жуастың сөзін сөйлеп, рухын оятуға, намысын қайрап, жігерін жануға әрекеттенді.

Жігіт шағында ауылының тура іргесіндегі Алатаудың шыңдарынан ұшып шығып, аспанда қалықтап жүретін қыранға қызыға қарап, ұзақ көз салатын. Жалпы табиғат бұның ажырамас серігі тәрізді еді. Барша жаратылыс көрінісінен күш алғандай болатын. Анау ақсауыт қарлы шыңдарды өзінің төл тау-тасындай іштей иемденіп жүретіні бар. Көз талдырар шың-құз осы үшін жаралғандай көрінетін. Жан дүниесінде тасқындап тұрған бір асқақ жігер-қуат тұратын. Сондай шат жігермен кеудесін кере ешкімге бас ұрмайтын, ешкімнің пәрменімен жүрмейтін, бәрінен азат, әмбеден еркін болуды аңсайтын. Сосын анау күншығыстағы ұшы-қиырсыз кеңістікке созылып жатқан алып Тәңіртаудың ар жағында, мынау күн қонатын көкжиектің көз жетпес қиырында не бар екенін, ол жақтарда қандай елдер, қандай халықтар тұратынын көрсем деп көп қиялданатын.

Жалпы, Омарбек бала кезі мен бозбала шағындағы жетсем деп, көрсем деп қиялданған армандарына жігіттік кезеңінде толық болмаса да, жартылай қолы жетті. Алыс-алыс қалаларға кіре тартқан, мал айдаған керуеншілерге ілесіп, Қытайдағы сонау Тұрфанға барды, Қоқан мен Ферғананы көрді, Түркістан мен Ташкент жерін аралады.

Осындай сапарларда жүріп ысылды. Адамдар арасындағы теңдік пен теңсіздіктің сырына қанықты. Верный қаласындағы келімсек ұлықтармен, тау асып келіп, қазақ ауылдарынан мал ұрлайтын қырғыз барымташыларымен, өз ауылындағы басбұзар тентектермен, озбыр болыс-старшындармен ашық алысқа түсті. Сөйтіп, кешегі бай баласы Омарбек келе-келе, байлар үшін «қарақшы», кедей үшін – батыр атанды. Талай рет Верный полицейлері қуғынға түсірді. Болыс-старшындар үстінен арыз жазып, ояз приставына қаматты. Бірақ та, маңдайына абақтыда ұзақ жатпайтын бақ біткен бе, әлде, тіреуші әруағы мықты ма, қай уақытта болса да, тас қапаста екі жетіден артық жатқан емес. Болмысы, батырлық-серілігі өз заманына сыймаған атақты Мәди ақынның тағдырына ұқсайтын.

Осы күнге дейін кедейге көрсеткен жақсылығы – көпшілік би-болыстар мен байлар тарапынан жамандық болып қайтып, әділдік үшін күрестім дегені – үкімет тарапынан «бұзықтық» болып танылып, қанша қиыншылықты көрсе де, сүйегіне біткен қайсарлығынан қайтпады. Жала жабушы бай-манаптың қысымына қайысқан жоқ, ұлық кескен жазаға мойыған жоқ. Шындық пен әділет жолында күресем деген сертінен тайған жоқ.

Адам өз жаратылыс-туылысынан, жан-рухындағы өлшем бейнесінен ешқайда қашып құтыла алмайтыны – Омарбектің осы сұлбасынан табылғандай.

ПАЛУАНДАР КҮРЕСІ

Міне, осындай Омарбек болыс асындағы күрес жарысында боз кілемге бет алғанда оны ежелден қолдайтын қара халық үнсіз қалсын ба. Көпшілік бір ауыздан «Омарбек!», «Омарбек!» ұрандап бергенге, мұнымен белдесуге шыққан түргендік жігіттің намысы қозып кетті ме, кім білсін, кілемнің екінші шетінде тұрған ол бар дауысымен сілкініп: «Я-а, әруақ!» деп айқайлап жіберді. Содан көз ілеспес жылдамдықпен атылып келді де, сол екіпінімен еңкейген күйі шап етіп Омарбектің тура беліне жармасты. Ойы – қарсыласын жамбасқа алып, жерге бір-ақ ұру болды. Бірақ Омарбек те дереу ес жиып, денесін демде серіппедей ширықтырып алды да, оның жамбасының сыртына жармасты. Түргендіктің айбыны болғанымен, қара күшіне көбірек сенетін сияқты. Денесі ірі болғанымен, күшті орнымен жұмсайтын әдіс-тәсілі кемшіл болып шықты. Омарбектің қолы жамбастан асып, мықынның тұсынан бүре қысып алғанда, денесін игере алмай, салмақпен аяғы шатқаяқтап, тыпырлай берген…

 Осы сәттіпайдаланған Омарбек оның белінен салмақпен нығырлай басып, еңкейте тықсырды. Түргендік аяқтары талтая, бүгіле майысқан кеудесі жерге таяды. Мұнан арғысымәлім еді. Омарбек енді ананың тізе тұсынан шап беріп, екі тізесінен бірдейқапсыра ала кетіп, сол күйі оңай көтеріп алды. Жұртқа күшін көрсете аз тұрдыда, артқа қарай иығынан асыра лақтырып қалды. Жерге оңбай түскен түргендіктіңдауысы қатты шыға бір «ыңқ» етіп, үнсіз қалған.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *