АТАКЕНТТІК АБЗАЛ АҒА

Тұлға Өмір-өзен
1 134 Views

Өмірде тірі пенденің көңіліне қылау түсірмей, пәни ғұмырды өкінішсіз сүріп, ізіне жылы естелік қалдырып кететін ғажайып жандар болады. Ғұмырын адалдықпен, өнегемен өру – екінің бірінің қолынан келе бермейді. Егер өмірінің соңына дейін айналасына мейірімін төгіп, ақсақалдық келбетін жоғалтпай, ұрпағына ғибратын арнай білсе – міне, нағыз бақыт сол.

Біз кейде «Шын мәнінде бақыт деген не?» деген сауалдың астарына үңіліп, өмірлік мәнін іздеп, шарқ ұрамыз. Ал Орынбасар аға бақыттың үлгісін көрсетіп кеткен адам. Ол кейінгі бір жазбасында: «Мен бақыттымын! Себебі, мен шаршамаған адаммын» деп жазыпты. Біріншіден, ол өмірде өз орнын тапқан адам. Спортты жаны сүйген және бар саналы ғұмырын спортқа арнаған. Талай рет шәкірттері жоғары лигаға қатысып, жеңіс туын желбіретті. Екіншіден, адам ұрпағымен мың жасайды, сүйіп қосылған жары Мағрипамен қос ұлын ұлағатты етіп жетілдірді. Олар бұл күнде ата-анасы берген тәлім-тәрбиенің арқасында өз білімдерімен жетістіктерге жете білген нар азаматтар. Үшіншіден, Орынбасар Мерқұлұлы халықтың риясыз алғысына бөленген, ауылдағы үлкен-кіші сыйлайтын, алдынан жан баласы кесе-көлденең кесіп өтпеген абыройлы, өте сыйлы, қастерлі жан болды.

МЕН БАҚЫТТЫМЫН!
Өткен өміріме көзжүгіртсем, анау айтқандай өкінішім жоқ екен. Мамандығымды дұрыс таңдадым. Өмірбойы спорт саласында жүріп, ыстығына шыдап, суығына тоңдым. Жұмыста таңнанбастап түн уағына дейін жүрсем де мүлде шаршаған емеспін. Себебі спорт – меніңжан дүниемнің қалауы болды. Жұмысымнан рақат алатынмын. Жұмыс процесінде жанымжадырайтын.
Шәкірт тәрбиелеп,олармен талай жарыстарға бардық. Жеңілген кездер де болды. Жеңген сәттеріміз деаз болмады. Сол кездегі мұңайған және қуанған кездер әлі көз алдымда. Санамдажаңғырып тұр. Шәкірттерім КСРО тұсында Майкопта өткен ауыл жасөспірімдерініңарасындағы ойында І орын, Белоречьеде өткен «Летающий мяч» жарысында жүлделі 3орын алды. Бұл деген өте үлкен жетістік. Осы жеңістер ауыл жастарын ынталандыратүсті. Көп жастар спортқа шындап қызығып ден қоя бастады. Осыған себепкер болаалғаныма өзімді бақытты санаймын.
Өмірлік серігімМағрипамен мектепте таныстық. Сөзіміз жарасып үйлендік. Ол мені әрқашан қолдапжүрді. Қиын сәттерде жаныма жалау, көңіліме демеу болды. Мен жұмыста жүргендебала тәрбиесімен өзі айналысты. Құдайға шүкір, балаларымызға өнегелі тәрбиебере білді. Балаларым ешкімге арқа сүйемей жетістіктерге өзі жетті. Бүгіндеадал қызмет істеп, ел ықыласына бөленіп жүр. Көпшілік Мағрипа екеуімізгеұлдарымызды мақтап жатады. Ата-ана үшін бұдан артық қандай бақыт бар?
                                                                          Орынбасар ПАШИМОВ

Орынбасар ағаның тумысынан бойына біткен қасиеті – қарапайымдылығымен қоса парасаттылығы, адамгершілігі, қолындағы барын кісімен бөлісер жомарттығы, мейірбандығы, кең жүректілігі еді. Бұл құндылықтар Орекеңе әкесі Мерқұл мен анасы Күлдариғадан келген сияқты. Ардақты ата-анасы Мерқұл мен Күлдариға еңбекқор, жаңадан құрылып жатқан Ильич (қазіргі Атакент) ауылының іргесін бірге қалаған екен. Күлдариға ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдары егіс алқабында ауыр жүк көлігін айдап, елдің жүгін қайыспай көтереді. Тұңғыштары Орынбасар 1951 жылы Мақтаарал ауданы Ильич ауылында дүниеге келді. Кішкентайынан алғыр, зерек болып өскен ұлдары Орынбасар да өздеріне тартқан еңбексүйгіш, көпшіл болып шығады. Ізіне ерген іні-қарындастарына бауырмал, ақылшы аға бола білді.

Орынбасар бала кезде футбол десе ішкен асын жерге қоятын. Шаршы алаңда теңбіл допты теуіп жүріп, алдағы өмірін тек спортпен байланыстырды. Оның бала кезгі асқақ арманы қазақ спортының атын шығару еді. Айдай әлемге өз ұлтының туын аспандатқан небір даңқты спортшылар бар. Жалпы спорттағы ұлы жеңістер күндіз-түні жан аямай денені жаттықтырумен ғана келмейді. Оның бірден-бір сыры қиындықтарға мұқалмайтын, сынақтарға сынбайтын, қайыспас биік өр рухың! Орекеңде бұл қасиеттер туабітті бар, ол әрбір шәкіртіне қанат бітіруші әрі мықты жаттықтырушы, әрі адам жанын айтқызбай ұғатын педагог-психолог, әрі нағыз ақылман кеңесші-тұғын. 1972 жылы Жетісай педагогикалық кәсіптік мектебінің дене тәрбиесі факультетіне оқуға түсіп, 1975 жылы ойдағыдай тәмамдаған соң, ол Ильич, қазіргі Атакенттің Комаров атындағы мектебіне денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып орналасты. Кім біледі, алақандай ауылдың есімі елеусіз қалар ма еді, егер Орынбасар Пашимов болмағанда…

Өмірде асыл мұраты бар адам – теңіздегі желкені бар қайықпен тең, ол адуынды толқындар мен дауылдардан адаспай шыға алады. Сол секілді Орекең туған жерін, Отанын жүрегімен сүйетін ер ретінде Мақтаралдағы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің атағын дүркіретті. Тіпті, Орынбасар Мерқұлұылының еңбексүйгіштігі арқасында қыздар арасындағы Мақтаарал волейбол мектебін қалыптастырды. Сонау шөл далада бір тал шыбық қондырып, ну орманға айналдырған адамның аты қалай аңызға айналса, шет аймақтағы ауданның атын республика мен бүкілодаққа таныту да аңызға бергісіз ақиқат ғой. Комаров мектебінен бастап 1985 жылы Мақтаарал балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің аға бапкерлігінен директор қызметінде жүріп те, тіпті зейнет жасына жеткенше қалтқысыз еңбек етті. Орынбасар Мерқұлұлын футболдан волейболға ден қоюына ұстазы Эрвин Бланк қатты әсер етті, өйткені кеңес одағы тұсында яғни 1950 жылдардан бері қарай жаппай волейбол ойнау халықтық үрдіс алды. Тіпті, ХХ ғасырдың орта тұсынан былай қарай волейболдың алтын дәуірі деуге болар. Көпқабатты үйлердің аулаларында волейболды жас-кәрісі қызығушылықпен ойнайтын. Орекең спорт мектебінің жастарына ғана емес, ауыл жұртына ойын техникасын жалықпай үйретеді. Бапкердің кісіні үйіріп әкететін мінезінің арқасында бүкіл ауыл волейбол ойнады. Негізі волейбол аса жылдамдық пен ептілікті, әрбір шабуылға шалт шешім қабылдауды талап етеді. Әсіресе, волейболдан қыздар командасын дайындау және ауылдағы мінезі ұяң қыз балаларды ұшпа допқа баулу оңай емес. Дегенмен Орынбасар Мерқұлұлы дайындаған команда талай спартакиада мен олимпиадаларда жеңіс тұғырынан көрінді. Сол кезеңдерде республика көлемінде дәл Мақтааралдай волейболдан аты шыққан аудан кемде-кем шығар. Міне, нағыз сайыпқыран бапкер деп осыны айт! Бұл елімізге сіңірген орасан зор еңбек! Шіркін, қазіргі бапкерлер мен спортшыларымыздың бойынан нақ Орынбасар аға секілді спортқа жанын берген, елдік намыс үшін басын бәйгеге тіккен, жоқтан бар жасаған жанкештілікті көргің келеді. Орекеңнің уақытында бүгінгідей спортқа саудырлап миллиардтаған қаржы да бөлінбеген. Тіпті, тоқсаныншы жылдары тоқырау заманында қыл аяғы доп сатып ала алмаған, мамандар алты айлап жалақының жүзін көрмеген қиын шақтар туды. Спорт мектебінің өзі жабылып қалудың алдында тұрды, ат шаптырым спорт залы жекенің қолына өтіп кете жаздады. Ел ерге, ер жерге қараған сәтте намысты қолдан бермей, Орекең басы бүтін спорт мектебін жекеге бермей қызғыштай қорғап алып қалды, табаны тозып кәсіпкерлерді іздеп тауып, оқушыларға су жаңа доп әкеліп қуантты. Қанша жерден өтпелі кезеңнің дағдарысы десек те, ол спорттық үйірмелерді бір сәтте тоқтатқан емес. Балаларды жаттықтырудан еш шаршамайтын, керісінше бұл жұмыс жанына ләззат сыйлайтын. Зейнет жасына жеткенше бапкерлік қырынан айныған жоқ. Тек Орекеңнің жан-дүниесін тілгілеген бір оқиға болды. Зейнеткерлікке шығуға тура бір жыл қалғанда Орынбасар ағаның өзіне еш ескертпестен директорлықтан босатып, орнына жоғары жақтағы басшылық бір жас жігітті жібереді. Таңертең қаннен-қаперсіз жұмысқа келсе, өздігінен есік ашық, қолында бір жапырақ қағазы бар өзіне тесіле қарап тұрған бейтаныс жігіттен:

– Кімсіз? – деп сұрайды.

– Орныңызға келген жаңа директормын, – дейді әлгі адам. Әдеттегідей Орынбасар аға бұған дейін команданы жарысқа дайындап жатқан. Спорт әлсіздікті көтермейді. Балалардың көңіл-күйі бұзылады деп ешкімге ештеңе білдірместен әрі қарай жәй ғана бапкер ретінде жаттықтыруын жалғастырған. Директорлықтан алдың деп ешкімге арыз айтып та бармаған, әрі қарай істі қазбаламаған. Сондағысы бір дөкейдің баласына жұмыс керек болды, жаңа келген директор жігіт спорттан мүлде хабары жоқ болып шықты. Әттең, мұндай пенделік ғадеттер қоғам арасында әлі күнге дейін тұсалмай келеді.

Адами құндылықтан гөрі нарықтың тілі үстемдік еткен өлшеммен безбендесек, Орынбасар ағаның қандай жағдай болмасын атақ-абырой, қызметті емес, спортты алдыңғы орынға қоюы нағыз ерліктің көрінісі. Ол өз елінің патриоты екенін осылай өз ісімен дәлелдеп кеткен.

Орынбасар аға көпшіл, әсте адам жатырқамайтын, тонның ішкі бауындай араласып кете беруші еді. Жары Мағрипа Комаров атындағы мектепте математикадан сабақ берді. Тәшкендегі танымал Низами атындағы мемлекеттік педагогикалық университетін жаңа бітіріп келген сыпайы бойжеткен ісіне тыңғылықты, тиянақты, мінезі жұмсақ Орынбасармен сөздері жарасып, 1979 жылы шаңырақ көтерген. Жас жұбайлардың есігі әрдайым жора-жолдас, көрші-қолаң, туыс-тумаға айқара ашық болды. Ильич жолдың бойында, Жетісайға өтіп бара жатқан жолаушы біткен жолшыбай қонатын үй іздейтін. Қазіргідей сап тізіліп тұрған қонақ үйлер жоқ. «Құдайы қонақпыз, кімнің үйі бар түнететін?» десе, көп жұрт «қос мұғалімнің үйі бар» деп Орынбасар мен Мағрипаның үйіне сілтеп жіберетін… Бастапқыда бірді-екілі ағайын-жекжат бас сұғатын болса, кейін қаймана қазақ «қос мұғалімнің үйі осы ма?» деп іздеп келіп тұратын болыпты. Келін болып түскен шағынан қазақы салт-дәстүрді берік ұстанған Мағрипа апай кешегі күнге дейін қырық жыл бойы отағасы екеуі шәй деспей тату-тәтті өмір сүрді. Қос құлыншағы Асқар мен Маратты қатардан қалдырмай өсірді.

Бұл күнде жетпістің жотасына аяқ артқан Мағрипа апай жұбайы Орынбасар ағаны жанарына жас іркіле еске алады:

– Орекеңнің спортқа баулыған шәкірттері бұл күндері Грекия, Германия, Ресей, АҚШ-та жүр. Күні кеше Орынбасар дүниеден қайтқанда олар әлеуметтік желі арқылы қалың көпшілікпен бірге көңіл айтты. Ағайларын құрмет тұтты. Орекең өте балажан, мейірбан, достыққа адал болды. Ол өзі араласқан ортада кісінің қызметін, абыройын пайдаланып қалайын, сол арқылы өзім де жетістікке жетейін деген пендешілік ойдан ада еді. Барлығына еңбегі, біліктілігі, ізденісі, өзінің сыйы арқылы жетті. Ұлдарымыз Асқар мен Маратты кішкентайынан спортқа баулыды. Күнде таңалагеуім жүгіртіп, қыстыгүндері үстеріне бір шелек мұздай су құйып, екеуін шынықтыратын. Балаларды осылай өмірге де шынықтырды. Ылғи «ер-азаматқа лайық іс қылыңдар, біреуге қиянат жасамаңдар, кісі ақысын жемеңдер» деп ақыл-кеңесін айтып отыратын, әкелерінің өмірде сөзі мен ісі қабысып өтті. Бұл күндері екеуі де апталдай азамат. Асқар ұлттық қауіпсіздік қызметінде, Маратым қазір Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы, білікті дәрігер. Қос ұлымыздан жеті немере сүйген жайымыз бар.

«Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген, көненің көзін көрген Мағрипа апай сол баяғы биязылығын жоғалтпаған. Бұл күндері Пашимовтар отбасының шырағын сөндірмей, келіндеріне келісті ене, немерелеріне ақ жаулықты ардақты әже болып отыр. Орекеңмен өткен күндерін әдемі әсерлі естелікпен еске алады.

Орынбасар Мерқұлұлы Түркістан облысы Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер. Ол өмірінің соңғы күндеріне дейін таза ауада серуендеп, спортпен шұғылданған, қашан көрсең балалардың ортасында жүретін. Үй алдындағы аулада асыр сап доп ойнап жүрген бір топ баланы көрсе, топ ішіне кіріп кетіп, ойын тактикаларын үйрету әдеті қалмаған. Көрші-қолаң әлі күнге дейін қаумалап келіп, ақыл-кеңестерін сұрайды, арада біраз күн өткенде олардың да таңғы шық түсе Орекеңмен жүгіре бастағанын байқайсың. Салауатты өмір салтын жанына серік еткен жан осылай есімін ел ұмытпайтындай жаңғыртып кетті.

Міне, өмірі өнегеге толы жан осындай болар!

Оның спортта қалдырған жарқын іздері қазақ спортының тарихында мәңгі есте қалары сөзсіз. Әсіресе, оның волейболдан Бүкіл Одақтық ауыл командалары қатысқан Мәскеудегі жеңісі оның қазақ волейбол спортындағы биік белесі, мұзарт шыңы. Талантты бапкер жеткен мұндай жетістіктерді бүгінгі спортшыларымыз да бағындыра берсін деп тілейміз.

Қуанышбек БОТАБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *